Сандиммун® Неорал® (100 мг/мл)

МНН: Циклоспорин
Производитель: Дельфарм Юнинг С.А.С.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ciclosporin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№121828
Информация о регистрации в РК: 19.06.2020 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 41 671.4 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Сандиммун® Неорал®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Циклоспорин

Дәрілік түрі

Ішуге арналған ерітінді, 100 мг/мл

Құрамы

1 мл құрамында

белсенді зат - 100 мг циклоспорин,

қосымша заттар: DL--токоферол, абсолютті этанол, пропиленгликоль, жүгері майының моно-ди-глицеридтері, полиоксил 40 гидрогенделген майсана майы (Cremophor RH 40), азот.

Сипаттамасы

Сарыдан бозғылт сарыға дейінгі немесе қоңыр-сарыдан бозғылт қоңыр-сары түске дейінгі мөлдір ерітінді. Ерітінді құрамында төмен температураларда қатайып кететін табиғи текті май компоненттері бар.

Температураның 30 С дейін жоғарылауында қалыпқа келетін желе тәрізді масса түзілуі 20 С төмен кезде байқалады. Аздаған үлпектері немесе жеңіл шөгінді әлі де байқалуы мүмкін, бірақ бұл препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігінен көрініс бермейді және тамшуыр көмегімен дозаланады.

Судағы препарат ерітіндісі – сәл бозаңданады, шөгіндісіз.

Фармакотерапиялық тобы

Иммуномодуляторлар. Иммунодепрессанттар. Кальцийнейрин тежегіштері. Циклоспорин.

АТХ коды L04AD01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Дозаларының бүкіл клиникалық диапазоны бойынша, Сандиммун® Неорал® препараты циклоспорин экспозициясының (AUC) оның дозасына желілік тәуелділігін, өтке төмен тәуелділігін, тұрақты сіңірілу бейінін және қатарлас ас ішу және циркадты биоырғақтар тарапынан болатын мардымсыз әсерін көріністейді. Бұл қасиеттер жекелеген пациенттерде (бүйрек трансплантаты бар пациенттерде 10-22%) циклоспориннің төмен фармакокинетикалық ауытқымалылығын және қандағы препараттың ең аз концентрациясы мен оның жалпы экспозициясы (AUC) арасындағы жоғары өзара байланысты қамтамасыз етеді, сондықтан Сандиммун® Неорал® препаратын қолданғанда ас ішуге көңіл бөлу қажет емес.

Әртүрлі зерттеулер нәтижелері дозаны қабылдаудан кейінгі алғашқы 4 сағат ішінде (AUC0-4) циклоспорин үшін AUC қисығына мониторинг жасаудың, дозаны енгізу кезіндегі осы параметрді бақылауға қарағанда, Сандиммун® Неорал® препаратының экспозициясын дәлірек болжау мүмкіндігін беретінін (C0 мониторинг) көрсетті.

Басқа зерттеулер нәтижелері трансплантация жасалған пациенттерде доза қабылдаудан кейін 2 сағаттан соң бір рет жасалған мониторингтің (С2 мониторинг) AUC0-4-пен өзара байланысының жақсы екенін көрсетті. Жұмсақ желатинді капсулалар мен ішуге арналған ерітінді биобаламалы.

Сіңірілуі

Ағзалар трансплантациясы жасалған пациенттерде препарат қабылдаудан кейін циклоспорин тез сіңіріледі (Tmax = 1-2 сағат). Абсолютті биожетімділігі 30-60% құрайды. Бүйрек трансплантаты бар тұрақты реципиенттерде орташа Cmax және AUC мәндері тепе-тең жағдайда (доза 100 мг/тәулікке дейін стандартталған), тиісінше, 793 нг/мл және 2741 нг/мл×сағ. құрайды.

Таралуы

Циклоспориннің көп бөлігі қан арнасынан тыс таралады. Қанда 33-47% плазмада, 4-9% лимфоциттерде, 5-12% гранулоциттерде және 41-58% эритроциттерде болады. Лейкоциттер мен эритроциттердің жоғары концентрацияларында сіңірілуі қаныққан күйде болады. Циклоспориннің плазма ақуыздарымен байланысуы (көбінесе липопротеиндермен) шамамен 90% құрайды.

Метаболизмі

Циклоспорин елеулі дәрежеде биотрансформацияға ұшырайды. Метаболизмнің басты орталығы Р450 цитохромы (CYP450 3А4)-тәуелді монооксигеназалық жүйесі болып табылады. Қазір 15-тен аса метаболиттері белгілі. Негізгі метаболизм жолдары молекулалардың әртүрлі бөліктеріндегі моно- және дигидроксилдену және N-деметилдену болып табылады. Р 450 цитохромы (CYP450 3А4)-тәуелді ферменттік жүйелеріне ықпал ететін препараттар табылған, соның салдарынан циклоспорин деңгейі артады немесе азаяды. Барлық cәйкестендірілген метаболиттер құрамында бастапқы пептид құрылымдары өзгеріссіз күйде болады. Олардың кейбіреулері болымсыз иммуносупрессиялық әсер көрсетеді (циклоспоринмен салыстырғанда, 10% дейін).

Шығарылуы

Циклоспориннің соңғы жартылай шығарылу кезеңінің шамалары мейлінше ауытқымалы, бұл қолданылатын анықтау әдісіне және тексерілетін пациенттер контингентіне байланысты. Ол дені сау еріктілердегі 6,3 сағаттан бастап, бүйрек трансплантаты бар пациенттерде 7-16 сағатқа дейін және бауыр ауруы ауыр сипаттағы пациенттерде 20,4 сағатқа дейін өзгереді. Препарат көбінесе өтпен шығарылады. Ішу арқылы енгізілген дозадан 6% ғана несеппен шығарылып, 1%-дан азы өзгеріссіз күйде шығарылады.

Пациенттердің ерекше топтарындағы фармакокинетикасы

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы пациенттерде препараттың сіңірілуі жөнінде деректер жоқ. Осындай пациенттерде циклоспорин таралуы орта жастағы пациенттердегі таралуынан ерекшеленбейді.

Балалар

Циклоспориннің балаларда шығарылуы, орташа алғанда, ересектердегіден жылдам жүреді. Сондықтан қанда препараттың дәл сондай деңгейлерін алу үшін жоғарырақ дозаларын қолдану (дене салмағына қарай) қажет болуы мүмкін.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігінің болуы фармакокинетикасына елеулі клиникалық ықпал етпейді, өйткені циклоспориннің шығарылуы негізінен өтпен жүреді.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр жеткіліксіздігі циклоспориннің шығарылуын баяулатады. Сондықтан бауыр функциясының бұзылулары ауыр пациенттерде сарысудағы креатинин деңгейіне және қандағы циклоспорин деңгейіне мұқият мониторинг жасап, дозаны тиісінше түзету қажет.

Нефроздық синдром

Препаратты нефроздық синдромы бар пациенттерде ішу арқылы қабылдау фармакокинетикасындағы өзгерістерге әкелмейді. Сондықтан дозаны түзету қажет емес.

Фармакодинамикасы

Циклоспорин (циклоспорин А) 11 амин қышқылынан тұратын циклдық полипептид түрінде болады. Циклоспорин тері, жүрек, бүйрек, ұйқы безі, сүйек кемігі, жіңішке ішек, өкпе аллогенді трансплантаттарының тіршілік уақытын ұзартатын әсер етуі күшті иммуносупрессиялық препарат болып табылады. Циклоспорин аллотрансплантатқа қатысты жасушалық реакциялардың, баяу типті аса жоғары сезімталдық реакциясының, аллергиялық энцефаломиелит, Фройнд адъювантынан болатын артрит, «қожайынға қарсы трансплантат» реакциясының (ҚҚТР) және антиденелердің Т-лимфоциттерге тәуелді түзілуінің дамуын бәсеңдетеді. Жасушалық деңгейде ол, интерлейкин 2 (Т-лимфоциттердің өсу факторы) қамтылатын лимфокиндердің түзілуі мен босап шығуын бәсеңдетеді. Циклоспорин жасушалық циклдың G0 немесе G1 фазасында тыныш күйдегі лимфоциттерді бөгейді және Т-лимфоциттермен белсенділенген лимфокиндердің антигенге тәуелді босап шығуын бәсеңдетеді. Циклоспорин лимфоциттерге спецификалық және қайтымды әсер етеді. Цитостатиктерден ерекшелігі, ол гемопоэзді бәсеңдетпейді және фагоциттер функциясына ықпал етпейді.

Қолданылуы

  • Трансплантация

Ауқымды ағзалар трансплантациясы

  • бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі аллотрансплантаттарының, сондай-ақ біріктірілген жүрек-өкпе трансплантатының қабылданбай ажырауының алдын алу

  • бұрын басқа иммуносупрессиялық препараттар алған науқастарда трансплантаттың қабылданбай ажырауын емдеу

Сүйек кемігі трансплантациясы

  • сүйек кемігін ауыстырып салудан соң трансплантаттың қабылданбай ажырауының алдын алу

  • «қожайынға қарсы трансплантат» реакциясының алдын алу және емдеу

  • Трансплантациялық емес көрсетілімдер

Эндогенді увеит

  • дәстүрлі ем әсер етпеген жағдайлардағы немесе ауыр жағымсыз әсерлер дамыған жағдайлардағы шығу тегі инфекциялық емес белсенді, көру қабілетіне қатер төндіретін, ортаңғы немесе артқы увеит

  • торқабықтың тартылуымен қайталанатын қабыну ұстамалары бар Бехчет увеиті

Нефроздық синдром

  • аздаған өзгерістер нефропатиясы, ошақтық және сегменттік гломерулосклероз, жарғақшалы гломерулонефрит сияқты шумақтар патологиясынан болатын ересектердегі стероидқа тәуелді және стероидқа төзімді нефроздық синдром

  • нефроздық синдром кезінде ремиссияны индукциялау және сақтап тұру үшін.

  • стероидтар туындатқан ремиссияның сақталуы үшін, бұл оларды тоқтатуға мүмкіндік береді

Ревматоидты артрит

  • белсенді ревматоидты артриттің ауыр түрлері

Псориаз

  • дәстүрлі ем тиімсіз болған немесе мүмкін болмаған кездегі псориаздың ауыр түрлері

Атопиялық дерматит

  • жүйелі ем қажет болатын атопиялық дерматиттің ауыр түрлері

Қолдану тәсілі және дозалары

Сандиммун® Неорал® препаратының тәуліктік дозасын үнемі 2 реттік дозаларға бөлу керек.

Сіңірілуі мен шығарылуындағы елеулі жекеше айырмашылықтарға орай, сондай-ақ препараттың фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі мүмкін екендіктен, дозалар клиникалық жауабына және көтерімділігіне қарай әркімге жеке таңдалуы тиіс.

Трансплантаты бар пациенттерде циклоспориннің жоғары деңгейінен болатын жағымсыз әсерлерден сақтанып, циклоспориннің төмен деңгейіне байланысты ағзаның қабылданбай ажырауына жол бермеу үшін циклоспорин деңгейіне жүйелі мониторинг жасау қажет. Трансплантациялық емес көрсетілімдер бойынша ем алған пациенттерде, қабылдау режимін қадағаламаудан немесе асқазан-ішек жолында сіңірілудің бұзылуынан немесе фармакокинетикалық өзара әрекеттесулерден болуы мүмкін деңгейінің тым төмен-төмен еместігін тексеру керек болатын қайталану туындайтын немесе емделудің күтпеген сәтсіздіктері жағдайларын қоспағанда, қандағы циклоспорин деңгейіне мониторинг жасау маңызы зор емес.

Ауқымды ағзалар трансплантациясы

Сандиммун® Неорал® препаратымен емдеу екі қабылдауға бөлінген 10-нан 15 мг/кг дейінгі дозада операциядан 12 сағат бұрын басталуы тиіс. Операциядан кейінгі 1-2 апта ішінде препарат күн сайын дәл сол дозада тағайындалып, одан кейін дозаны қандағы циклоспорин концентрациясын бақылаумен 2-6 мг/кг (2 қабылдауға) демеуші дозасына жеткенше біртіндеп азайтады.

Сандиммун® Неорал® препаратын басқа иммуносупрессанттармен (мысалы, кортикостероидтармен немесе біріктірілген үш немесе төрт компонентті ем құрамында) бір мезгілде қолданылғанда дозаны азайтуға болады (емнің бастапқы сатысында 2 қабылдауға 3-6 мг/кг/тәулік).

Сүйек кемігі трансплантациясы

Бастапқы дозаны ауыстырып салу алдындағы күні енгізу керек. Ұсынылатын тәуліктік дозасы - 2 қабылдауға 12,5-15 мг/кг. Осы дозамен емдеуді ауыстырып салудан соң 2 апта бойы жалғастырады, артынан 12,5 мг/кг жуық тәуліктік дозада Сандиммун® Неорал® препаратымен демеуші емге көшеді. Демеуші емді кемінде 3 ай (дұрысы 6 ай) жүргізіп, одан кейін дозаны 1 жыл ішінде нөлге дейін біртіндеп азайтады.

Сіңудің төмендеуіне әкелген асқазан-ішек жолының аурулары болғанда Сандиммун® Неорал® препаратының аса жоғары дозалары немесе Сандиммун® препаратымен көктамырішілік ем қолдану қажет болуы мүмкін.

Кейбір емделушілерде Сандиммун® Неорал® препаратын тоқтатудан кейін «қожайынға қарсы трансплантат» реакциясы туындауы мүмкін, әдетте, бұл емді жаңғыртқан соң басылады. Ондай жағдайларда ішу арқылы бастапқы 10-12,5 мг/кг дозасын, ал артынан бұрын қанағаттанарлық деп танылған күнделікті демеуші дозасын тағайындау керек. Осы жағдайды емдеу үшін оның айқындылығы әлсіз түрдегі созылмалы ағымында төмен дозалардағы Сандиммун® Неоралды® қолдану керек.

Трансплантациялық емес көрсетілімдер

Сандиммун® Неорал® препаратын трансплантациямен байланыссыз белгіленген кез келген көрсетілімде қолданғанда келесі ережелер қадағалану керек:

Емдеуді бастар алдында, кем дегенде, екі өлшемдегі бүйрек функциясы параметрлерінің бастапқы сенімді деңгейі белгіленеді. MDRD формуласы бойынша айқындалатын шумақтық сүзіліс жылдамдығын (ШСЖ) ересек пациенттерде де, балаларда да бүйрек функциясын бағалау үшін пайдалануға болады. Сандиммун® Неорал® препаратының бүйрек функциясына әлеуетті теріс әсер етуін ескеріп, бүйрек функциясын жүйелі бағалау талап етіледі. Егер ШСЖ деңгейінің төмендеуі біреуден астам өлшемдегі бастапқы мәнінің 25%-дан астамын құраса, Сандиммун® Неорал® препаратының дозасы 25-50% азайтылуы тиіс. Егер ШСЖ деңгейінің төмендеуі бастапқы мәннің 35%-дан астамын құраса, Сандиммун® Неорал® препаратының дозасын көбірек азайту мәселесін қарастыру керек. Ондай нұсқауларды, тіпті пациенттің зертханалық көрсеткіштері қалып шегінде болса да, ескеру керек. Егер дозасын азайту бір ай ішінде ШСЖ жоғарылауына алып келмесе, Сандиммун® Неорал® препаратымен емдеуді тоқтату керек.

Қан қысымына жүйелі мониторинг жасау талап етіледі.

Билирубин деңгейі және бауыр функциясын сипаттайтын параметрлердің мәндері ем басталғанша анықталып, әріқарай ем барысында мониторинг жасалады. Емдеуді бастар алдында және ем кезінде жүйелі түрде қан сарысуы липидтерінің, калий, магний және несеп қышқылының деңгейін өлшеу ұсынылады.

Қандағы циклоспорин деңгейіне жасалатын жүйесіз мониторинг трансплантациялық емес көрсетілімдерде, мысалы, Сандиммун® Неорал® препаратын циклоспорин фармакокинетикасына әсер ететін заттармен бірге қолданғанда немесе әдеттен тыс клиникалық жауап (мысалы, препараттың жеткіліксіз тиімділігі немесе бүйрек функциясының бұзылуы сияқты жоғары көтерімсіздігі) жағдайларында орынды болады.

Препарат қабылдаудың стандартты тәсілі - ішу арқылы қабылдау. Инфузиялық ерітінді үшін концентрат пайдаланылғанда ішуге арналған дозасына сәйкес келетін көктамыр ішіне құюға арналған дозаны мұқият белгілеу керек. Циклоспоринмен емдеу тәжірибесі бар дәрігермен кеңесу ұсынылады.

Көру қабілетіне қатер төндіретін эндогенді увеиті бар пациенттер мен нефроздық синдромы бар балаларды қоспағанда, жалпы күнделікті дозалануы 5 мг/кг-ден аспауы тиіс.

Тиісінше белгіленген кезеңде талапқа сай емдік жауабы болмаса (нақты ақпарат төменде берілген) немесе тиімді дозасы белгіленген қауіпсіздік ережелерімен үйлесімсіз болса, Сандиммун® Неорал® препаратымен емдеуді тоқтату керек.

Эндогенді увеит

Ремиссияны индукциялау үшін препарат белсенді қабыну белгілері басылғанша және көру өткірлігі жақсарғанша екі қабылдауға бастапқы тәуліктік 5 мг/кг дозасында ішке тағайындалады. Емге берілуі қиын жағдайларда дозаны ұзаққа созылмайтын кезеңге тәулігіне 7 мг/кг дейін арттыруға болады.

Егер тек Сандиммун® Неорал® препаратының көмегімен жағдайды бақылау сәтті болмаса, бастапқы ремиссияға жету үшін немесе қабынудың өршуін басу үшін жүйелі глюкокортикоидтарды (тәуліктік 0,2-0,6 мг/кг дозада преднизолон немесе баламалы дозада басқа ГКС) қосуға болады.

Демеуші ем барысында дозаны ең аз тиімді дозасына жеткенше баяу азайту керек, ол аурудың ремиссия кезеңінде тәулігіне 5 мг/кг-ден аспауы тиіс.

Иммунодепрессанттарды пайдаланар алдында увеиттің инфекциялық себептерінің бар-жоғын анықтау керек.

Нефроздық синдром

Ремиссияны индукциялауға ұсынылатын тәуліктік доза протеинурия есептелмейтін бүйрек функциясы қалыпты жағдайда ересектер үшін 5 мг/кг және балалар үшін 6 мг/кг (2 қабылдауға) құрайды.

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарда бастапқы доза тәулігіне 2,5 мг/кг-ден аспауы тиіс.

Егер бір ғана Сандиммун® Неорал® препараты қолданылса, әсіресе, стероидқа төзімді науқастарда қанағаттанарлық әсерге жетпесе, онда ішуге арналған глюкокортикоидтардың төмен дозаларымен біріктіру ұсынылады.

Жағдайдың жақсару мерзімі, гломерулопатия түріне қарай, 3-тен 6 айға дейін құрайды.

Осы уақыт ішінде жақсару болмаса, Сандиммун® Неорал® препаратын тоқтату керек.

Тиімділік (протеинурия) және қауіпсіздік (сарысу креатинині) көрсеткіштерінің ескерілуімен, дозалары жекеше таңдалуы тиіс, бірақ ересектерге тәулігіне 5 мг/кг дозадан асыруға болмайды.

Демеуші ем кезінде дозаны ең төмен тиімдісіне дейін біртіндеп азайту керек.

Ревматоидты артрит

Емдеудің алғашқы алты аптасында ұсынылатын дозасы екі қабылдауға 3 мг/кг/тәулік құрайды. Әсері жеткіліксіз жағдайда, егер көтерімділігі мүмкіндік берсе, тәуліктік дозасын біртіндеп арттыруға болады, бірақ 5 мг/кг-ден асыруға болмайды. Толық тиімділігіне жету үшін Сандиммун® Неорал® препаратымен 12 аптаға дейін емделу қажет болуы мүмкін.

Демеуші емге арналған дозаны препараттың көтерімділігіне қарай ең төмен тиімді деңгейіне дейін жекеше титрлеу қажет.

Сандиммун® Неоралды® глюкокортикоидтардың төмен дозаларымен және/немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен біріктіріп тағайындауға болады. Сандиммун® Неоралды® метотрексатпен монотерапияға қанағаттанғысыз жауап берген науқастарда төмен дозалардағы метотрексаттың бір апталық курсымен де біріктіруге болады. Сандиммун® Неорал® препаратының бастапқы дозасы 2,5 мг/кг/тәулік (2 қабылдауға) құрайды, бұл орайда дозаны көтерімділігі шектелетін деңгейге дейін арттыруға болады.

Псориаз

Сандиммун® Неорал® препаратымен емдеуді псориазды диагностикалау және емдеу тәжірибесі бар мамандар бастау керек.

Осы аурудың ауытқымалығына орай, емдеуді жекеше таңдау керек. Ремиссияны индукциялауға ұсынылатын бастапқы дозасы екі қабылдауға 2,5 мг/кг/тәулік құрайды. 1 ай емделуден кейін жақсару болмағанда тәуліктік дозасын біртіндеп арттыруға болады, бірақ 5 мг/кг-ден аспауы тиіс. Егер 5 мг/кг/тәулік дозасымен 6 ай емделуден кейін псориаз көріністері тарапынан қанағаттанарлық нәтижеге жетпесе немесе егер тиімді дозасы белгіленген қауіпсіздік параметрлеріне сәйкес болмаса, емдеу тоқтатылуы тиіс.

Жағдайы шұғыл жақсартуды талап ететін науқастарда бастапқы 5 мг/кг/тәулік дозасын қолдану мақсатқа сай. Егер қанағаттанарлық жауапқа жетсе, Сандиммун® Неоралды® тоқтатып, ал кейінгі қайталануын алдыңғы тиімді дозада Сандиммун® Неорал® препаратын қайта тағайындаумен емдеуге болады. Кейбір науқастарға ұзаққа созылатын демеуші ем қажет болуы мүмкін.

Демеуші емге арналған дозалары ең аз тиімді деңгейіне дейін жекеше таңдалады және тәулігіне 5 мг/кг-ден аспауы тиіс.

Атопиялық дерматит

Сандиммун® Неорал® препаратымен емді атопиялық дерматитті диагностикалау және емдеу тәжірибесі бар мамандар бастау керек.

Осы жағдайдың ауытқымалығы себебінен емдеу жекеше таңдалады. Ұсынылатын бастапқы дозасы - екі қабылдауға 2,5-5 мг/кг/тәулік. Егер тәулігіне бастапқы 2,5 мг/кг дозасы екі апта бойы қанағаттанарлық жауапқа жетуге мүмкіндік бермесе, тәуліктік дозасын ең жоғары 5 мг/кг дейін тез арттыруға болады. Өте ауыр жағдайларда тәулігіне бастапқы 5 мг/кг дозасын қолдана отырып, аурудың талапқа сай бақылануына жетуге болады. Қанағаттанарлық жауапқа жеткенде, доза біртіндеп азайтылуы тиіс, ал егер мүмкін болса, Сандиммун® Неорал® тоқтатылу керек. Қайталану туындаған жағдайда Сандиммун® Неорал® препаратымен қайталап емдеу курсын өткізуге болады.

Тері жабындарын тазалау үшін 8 аптаға созылатын емдеу курсының жеткілікті болуы мүмкін екеніне қарамастан, барлық қажетті көрсеткіштеріне міндетті мониторинг жасау шартымен 1 жылға дейін созылатын емнің тиімді және жақсы көтерімді болатыны дәлелденген.

Пациенттердің жекелеген топтары

Барлық көрсетілімдер

Бүйрек жеткіліксіздігі. Бүйрек жеткіліксіздігінің болуы фармакокинетикаға клиникалық тұрғыда маңызды ықпал етпейді. Алайда, циклоспориннің нефроуыттылық қуатына орай, бүйрек функциясына мұқият мониторинг жасау ұсынылады.

Трансплантациялық емес көрсетілімдер

Нефроздық синдромы бар пациенттерді қоспағанда, трансплантациямен байланыссыз көрсетілімдер бойынша бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттер циклоспорин қабылдамауы тиіс. Бүйрек функциясының бұзылуларымен нефроздық синдромы бар пациенттерде бастапқы дозасы тәулігіне 2,5 мг/кг-ден аспауы тиіс.

Бауыр жеткіліксіздігі. Бауыр функциясының бұзылулары ауыр пациенттерде қандағы циклоспорин деңгейін ұсынылатын диапазон шегінде сақтап тұру үшін дозаны азайту қажет болуы мүмкін.

Балаларда қолдану. Балаларда циклоспорин қолдану тәжірибесі шектеулі. Циклоспориннің стандартты дозаларын алған 1 жастан үлкен балалар емді жақсы көтерген. Бірнеше зерттеулерде балаларға, ересектердегі дозалармен салыстырғанда, циклоспориннің кг дене салмағына едәуір жоғары дозалары қажет болды. Нефроздық синдромды қоспағанда, трансплантациялық емес көрсетілімдер бойынша балаларда Сандиммун® Неорал® препаратын қолдану ұсынылмайды.

Егде жастағы адамдарда қолдану (65 жастағы және одан асқан).

Егде жастағы адамдарда Сандиммун® Неорал® препаратын қолдану тәжірибесі шектеулі. Циклоспорин ішке қолданылған ревматоидты артритті емдеуге клиникалық зерттеулер жүргізілгенде пациенттердің 17,5% бөлігі 65 жаста және одан үлкен болды. Осы пациенттерде ем жүргізуге жауап ретінде систолалық қысым көрсеткіштерінің жоғарылауына бейімділік, сондай-ақ 3-тен 4 айға дейін созылған емдеу курсынан кейін қалыпты көрсеткіштермен салыстырғанда, сарысудағы креатинин концентрациясының ≥ 50% жоғарылауы жиірек байқалды.

Егде жастағы пациенттерде, бауыр, бүйрек немесе жүрек функциясының жиірек төмендеуі, қатарлас аурудың немесе қатар жүргізілетін емнің болуы және инфекцияларға жоғары сезімталдық ескеріліп, дозаны таңдау абайлап атқарылу керек.

Сандиммун® дәрілік түрінен Сандиммун® Неоралға® ауысу

Қолда бар деректер Сандиммун® препаратын қабылдаудан Сандиммун® Неорал® препаратын қабылдауға ауысу кезінде 1:1 дозалар арақатынасы сақталғанда жаңа алынған қанда анықталған циклоспориннің базальді концентрация мәндерінің салыстырмалы болатынын көрсетеді. Алайда көптеген пациенттерден ең жоғары концентрациясының (Cmax) аса жоғары мәндерін және препараттың әсер ету ұзақтығының (AUC – «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан) артуын байқауға болады. Пациенттердің шағын пайызында осы өзгерістер аса айқын және клиникалық мәнді болуы мүмкін. Олардың шамасы, бұрын қолданылған биожетімділік ауытқуы жоғары Сандиммун® препаратымен салыстырғанда, циклоспориннің сіңірілу көрсеткішінің жекеше айырмашылықтарына едәуір шамада тәуелді болады.

Базальді концентрация мәндері анықталмаған және Сандиммун® препаратының өте жоғары дозаларын алатын пациенттерде циклоспориннің сіңірілуі төмен немесе тұрақсыз болуы мүмкін (мысалы, муковисцидозбен науқастарда, қатарлас холестазбен немесе өт секрециясы жеткіліксіз бауыр трансплантаты бар пациенттерде, балаларда немесе бүйрегін ауыстырып салған кейбір пациенттерде), алайда Сандиммун® Неоралға® көшкенде сіңірілуі жақсаруы мүмкін. Соның салдарынан, пациенттердің осы тобында Сандиммун® препаратынан Сандиммун® Неоралға® ауысу кезінде 1:1 дозалар арақатынасы сақталғанда циклоспорин биожетімділігі әдеттегіден көбірек болуы мүмкін. Осыны ескеріп, Сандиммун® Неорал® препаратының дозасын базальді концентрациялар диапазонына және тиісті көрсетілімдерге қарай жекеше тәртіпте азайту жағына титрлеу керек.

Сандиммун® Неорал® препаратынан циклоспориннің сіңірілуі аз ауытқымалы болады және Сандиммун® препаратын қолдану кезіндегіден базальді концентрация мен экспозиция (AUC мәндері бойынша) арасындағы байланыс анағұрлым тұрақтылау. Сондықтан қандағы циклоспориннің базальді концентрация көрсеткіші препараттың емдік бақылауы үшін өте нақты және сенімді параметр болып табылады.

Сандиммун® препаратынан Сандиммун® Неоралға® ауысу препарат экспозициясының ұлғаюына әкелуі мүмкін екендіктен келесі ережелерді ұстану керек.

Трансплантациядан кейінгі пациенттерде: препаратпен емдеуді Сандиммун® препаратын алдыңғы қолдану кезіндегі тәуліктік дозасынан бастау керек. Сандиммун® Неоралға® ауысқан соң 4-7 күн ішінде қандағы циклоспориннің базальді концентрациясына бастапқы бақылау жүргізген жөн. Бұдан басқа, қан сарысуындағы креатинин және артериялық қысым көрсеткіштері сияқты клиникалық қауіпсіздік параметрлерін ауысудан соң алғашқы 2 ай бойы бақылап отыру керек. Егер қандағы циклоспориннің базальді концентрациясы емдік диапазоннан тыс болса және/немесе клиникалық жағдайдың қауіпсіздік параметрлерінің нашарлауы байқалса, дозаны тиісінше түзету қажет.

Қолдануға трансплантациялық емес көрсетілімдері бар пациенттерде Сандиммун® Неорал® препаратымен емдеуді Сандиммунды® қолданған дозадан бастау қажет. Ауысудан соң 2, 4 және 8 апта өткенде сарысудағы креатинин концентрациясын және артериялық қысым көрсеткіштерін бақылау қажет. Егер сарысудағы креатинин концентрациясы немесе артериялық қысым ауысуға дейінгі көрсеткіштерден байқалатындай асып кетсе немесе егер бір өлшенуінен көбірек креатинин концентрациясы Сандиммун® препаратымен емнің басталуына дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда 30%-дан аса ұлғайса, дозаны 25-50% азайту керек. Егер сарысудағы концентрациясы 50%-дан аса ұлғайса, дозаны 50% азайту қажет. Препарат тиімсіз болғанда немесе уытты әсері дамығанда қандағы циклоспориннің базальді концентрациясын да бақылау қажет.

Циклоспориннің ішуге арналған бір дәрілік түрінен екіншісіне ауысу сақтанумен және дәрігердің бақылауымен атқарылу қажет. Жаңа дәрілік түр енгізілгенде циклоспориннің ауысуға дейін жеткен деңгейін қамтамасыз ету үшін қандағы циклоспорин деңгейін бақылау қажет.

Сандиммун® Неорал® препаратының ерітіндісін, дұрысы, апельсин немесе алма шырынымен сұйылту керек. Басқа алкогольсіз сусындарды (өзіне тән дәміне сәйкес) пайдалануға да болады. Тура қолданар алдында ерітіндіні жақсылап араластыру керек. Гейпфрут шырынының P450-тәуелді ферменттік жүйесімен өзара әрекеттесуі мүмкін екенін ескеріп, оны сұйылтуға пайдалануға болмайды.

Өлшегіш еккішті араластыруға арналған сусынға тигізіп алмаған дұрыс. Егер еккішті тазалау қажет болса, оны сумен, кез келген басқа сұйықтықпен жуып-шаюға болмайды, бірақ құрғақ матамен оның сыртынан сүрту керек.

Сандиммун® Неорал® препаратын, ішке қолдануға арналған ерітіндісін қолдану/жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық:

  • Пластик қақпағын ашу.

 

Прикрепленные файлы

814000771477976339_ru.doc 835.5 кб
644020971477977601_kz.doc 911.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники