Эрбитукс®

МНН: Цетуксимаб
Производитель: Мерк КГаА
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Cetuximab
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№013421
Информация о регистрации в РК: 22.11.2018 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 113 242.35 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эрбитукс®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Цетуксимаб

Дәрілік түрі

Ифузияға арналған ерітінді 5мг/мл

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат – 5 мг цетуксимаб,

қосымша заттар – глицин, полисорбат 80, лимон қышқылы моногидраты, натрий гидроксиді 1М, натрий хлориді, инъекцияға арналған су

Сипаттамасы

Мөлдір немесе аздап бозаңданатын түссізден ақшыл сарғыш түске дейінгі ерітінді

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Ісікке қарсы басқа да препараттар. Моноклональді антиденелер. Цетуксимаб

АТХ коды L01ХС06

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Цетуксимабты көктамыр ішіне инфузиялық жолмен енгізгенде дене бетінің бір квадрат метріне 5-тен 500 мг дейінгі апталық дозада дозаға тәуелді фармакокинетиканы көрсетті. Эрбитукстің® дене бетінің әр квадрат метріне 400 мг-ден бастапқы дозасын тағайындағанда таралудың орташа көлемі, зақымданған жерді қанмен қамтамасыз ететін тамыр аумағына (1,5-тен 6,2 л/м2 дейінгі диапазонда 2,9 л/м2 ) шамалас болды. Сmax орташа мәні 185±55 мкг/мл аралығында болды. Орташа клиренсі дене беткейінің 0,022 л/сағ./м2 ауданына тең болды. Аталған Эрбитукстің® дозасын қолданғанда жартылай шығарылу кезеңі ұзаққа созылады да мәні 70-тен 100- сағатқа дейін ауытқиды.

Эрбитукстің® қан сарысуындағы концентрация деңгейі Эрбитуксті® монотерапия ретінде қолданғанда тұрақты мәнге 3 аптадан кейін жетті. Эрбитукстің® ең жоғарғы орташа концентрация деңгейі 3 апталық емдеуден кейін 155,8 мкг/мл 8 аптадан кейін 151,6 мкг/мл болды, төмендетілген концентрация деңгейінің орташа мәні тиісінше 41,3 және 55,4 мкг/мл-ді құрады. Эрбитуксті® иринотеканмен біріктіріп қолдануда төмендетілген концентрация деңгейінің орташа мәні 12 аптадан соң 36 аптадан соң тиісінше 50,0 және 49,4 мкг/мл-ді құрады.

Эрбитукстің® фармакокинетикалық сипаттамасы емделушілердің нәсіліне, жынысына, жасына, бүйрек және бауыр функциясына байланысты емес.

Фармакодинамикасы

Цетуксимаб эпидермальді өсу факторының рецепторына (EGFR) химерлік моноклональді IgG1 антидене болып табылады.

EGFR дабылды жолдары жасушалардың тірі қалуын, жасушалық циклді, ангиогенезді, жасушалардың жылжуын бақылауға, сондай-ақ жасушалық инвазияны және метастаздануды бақылауға қатысады.

Цетуксимаб EGFR –мен жоғары афиннділікпен байланысады, ол осындай эндогенді лигандтардан шамамен 5-10 есе артық болады. Нәтижесінде цетуксимаб EGFR мен эндогенді лигандтардың байланысуын бөгейді, бұл осы рецептордың функциясы тежелуіне алып келеді. Бұдан соң препарат EGFR интернализациясын туындатады, бұл оның экспрессиясының төмендеуіне алып келеді. Бұдан басқа, цетуксимаб ісік жасушаларының экспрессиялаушы EGFR олардың реакциясын стимуляциялай (ADCC-антиденелер арқылы жүретін жасушалардың цитоуыттылық механизмі аясында) отырып, иммундық жүйенің цитостатикалық эффекторлық жасушаларына әсер етеді.

Цетуксимаб HER тектес басқа рецепторлармен байланыспайды.

Протоонкоген RAS экспрессиясының (егеуқұйрық саркомасы) өнімі болып табылатын ақуыздың EGFR-ден дабыл берілісінде негізгі рөлі бар. EGFR арқылы RAS активацияланумен сипатталатын ісіктерде пролиферацияның, жасушалардың тіршілік қабілетінің және проангиогендік факторлардың өндірілуінің артқаны анықталды.

RAS адам ісігіндегі жиі белсендірілетін онкогендер тектестігінің бірі болып табылады. RAS гендерінің, атап айтсақ 2, 3 және 4 экзондағы мутациясы EGFR дабыл жолына байланыссыз, RAS ақуыздарының конституциональді белсенділенуіне алып келеді.

Фармакодинамикалық әсерлері

Цетуксимаб in vitro және in vivo эксперименттерде EGFR экспрессиялаушы адамның ісік жасушаларының пролиферациясын тежейді және апоптозын индукциялайды. Цетуксимаб in vitro эксперименттерде ангиогенез факторы өнімдерін ісік жасушаларымен тежейді және эндотелий жасушаларының көшуін бөгейді. Цетуксимаб in vivo эксперименттерде ангиогенді фактор экспрессиясын ісік жасушаларымен тежейді және неоваскуляризацияның төмендеуін әрі ісіктің метастаздалуын туындатады.

Колоректальді обыр

Зерттеулер нәтижесі RAS мутациялы метастаздалатын колоректальді обыры бар емделушілерде цетуксимабпен немесе цетуксимаб пен химиялық емнің (атап айтқанда, FOLFOX4) біріктірілімімен емдеудің аурудың үдеуінсіз (PFS) тірі қалуына елеулі теріс әсерінде пайдасы төмен болуы ықтималдығымен сипатталатынын айғақтайды.

Иммуногенділігі

Адамдарда анти-химерлі антиденелердің (ААХА) дамуы осы фармакотерапиялық класқа тән моноклональді химерлі антиденелердің әсері болып табылады. Қазіргі кезде ААХА өндірілуі туралы мәліметтер шектеулі. Негізінен ААХА –ның өлшенетін титрі зерттеуге қатысқан емделушілердің 3,4%-да ғана анықталды; препаратты мақсатты қолданылуы бойынша қабылдауды зерттегенде бұл мәні 0 - ден 9,6%-ға дейінгі аралықта ауытқыған. Қазіргі уақытта цетуксимабқа қатысты ААХА –ның бейтараптандырушы әсері туралы қорытынды мәліметтер жоқ. ААХА-ның пайда болуы аса жоғары сезімталдық реакцияларының жиілігімен, сондай-ақ цетуксимабтың басқа да кез келген жағымсыз әсеріне байланысты емес.

Қолданылуы

  • метастаздалған колоректальді обыр, эпидермальді өсу факторы рецепторларының (EGFR) экспрессиясы және жабайы типті RAS:

  • иринотекан негізінде химиялық еммен біріктірілімде

  • бірінші линиядағы ем ретінде FOLFOX4 режимімен біріктірілімде

  • иринотекан мен оксалиплатин негізіндегі алдыңғы химиялық ем тиімсіз болған жағдайда,сондай-ақ иринотеканды көтере алмаған жағдайда монотерапия ретінде.

  • бас пен мойын мүшелерінің жалпақ жасушалы обыры:

  • жергілікті таралған үдерісте сәулелік еммен біріктірілімде

  • платина препараттары негізінде – қайталанатын және/немесе

метастаздалған ісіктерде химиялық еммен біріктірілімде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Эрбитукс® көктамыр ішіне инфузияның минутына 10 мг аспайтын ең жоғары жылдамдығымен енгізіледі.

Препараттың бірінші инфузиясының алдында, цетуксимаб енгізердің алдында 1 сағаттан кем емес уақыт бұрын емделуші антигистаминдік дәрілермен және кортикостероидты препараттармен премедикация қабылдауы тиіс. Премедикация сондай-ақ барлық кейінгі инфузияларда ұсынылады.

Барлық көрсетілімдерде Эрбитукс® аптасына 1 рет енгізіледі. Препараттың бастапқы дозасы дене беткейінің 1 м2 ауданына 400 мг цетуксимабты құрайды. Осыдан кейінгі барлық апта сайынғы дозалар 1 м2 250 мг цетуксимабты құрайды.

Бастапқы доза баяу енгізіледі, және инфузия жылдамдығы 5 мг/мин аспауы тиіс. Препараттың бірінші инфузиясының ұзақтығы – 120 минуттан кем болмайды. Соңынан апта сайынғы енгізу ұзақтығы – 60 минутқа дейін болады. Инфузия жылдамдығы 10 мг/мин аспауы тиіс.

Колоректальді обыр

Метастаздалған колоректальді обыры бар емделушілерде цетуксимаб химиялық препараттармен біріктірілімде немесе монотерапия ретінде қолданылады. Жабайы типті RAS (KRAS және NRAS) экспрессиясы барын Эрбитукс® препаратымен ем бастағанға дейін анықтау керек.

Мутациялық статусты бағалау KRAS және NRAS мутациясын анықтау (2, 3 және 4 экзондарында) валидацияланған әдістерін пайдалануда тиісті тәжірибесі бар зертханада орындалады.

Қатарлас жүргізілетін химиялық ем дәрілерінің ұсынылатын дозалары мен дозаны модификациялауды есептеу ұстанымдары осы дәрілік препараттар бойынша ақпараттарда келтірілген. Бұл препараттар цетуксимабтың инфузиясы аяқталған соң 1 сағат өтпей енгізілмеуі тиіс. Цетуксимабпен емдеуді фондық аурудың үдеу белгілері басталғанға дейін жалғастыру ұсынылады.

Бас пен мойынның жалпақ жасушалы обырында

Бас пен мойын органдарының жергілікті таралған жалпақ жасушалы обыры бар емделушілерде цетуксимаб сәулелік еммен біріктірілімде қолданылады.

Цетуксимабпен емдеуді сәулелі еммен емдеу басынан 1 апта бұрын бастау және сәулелік емдеу аяқталғанша жалғастыру ұсынылады. Бас пен мойын органдарының қайталанатын және/немесе метастаздалатын жалпақ жасушалы обыры бар емделушілерде цетуксимаб платина препараттарының негізіндегі химиялық еммен біріктірілімде қолданылады; содан соң цетуксимабпен ауру үдегенше демеуші ем жүргізіледі. Химиялық препараттарды цетуксимаб инфузиясы аяқталған соң 1 сағат өтпей енгізуге рұқсат етілмейді.

Дозалық режимін түзету бойынша ұсыныстар

Уыттылығының дәрежесі ≥ 3 тері реакциялары дамығанда, АҚШ Ұлттық Обыр Институтының (қолайсыз құбылыстар үшін уыттылықтың жалпы критерийлері (СТСАЕ)) жіктемесіне сәйкес Эрбитукс® қолдануды тоқтата тұру керек. Емді жаңғыртуға тек 2 дәрежелі тері реакцияларында ғана жол беріледі. Егер ауыр тері реакциялары алғаш рет туындаса, емді препарат дозасын өзгертпей жаңғыртуға болады.

Екінші және үшінші эпизодты айқын тері реакциялары дамығанда цетуксимабпен емдеуді қайтадан уақытша тоқтату керек. Емдеуді қайта жаңғырту айқындықтың 2 дәрежесіне дейінгі реакциялар қайтқаннан кейін тек төмендетілген дозада (200 мг/м2 –екінші эпизодтан кейін және 150 мг/м2 – үшінші эпизодтан кейін) жүргізілуі мүмкін.

Емдеуді уақытша тоқтату кезеңінде терінің ауыр реакцияларының төртінші эпизоды дамығанда немесе айқындықтың 2 дәрежесіне дейінгі қайтуы болмағанда цетуксимабты толық тоқтату керек.

Пайдалану жөніндегі нұсқаулық

Эрбитуксті® инфузиялық жүйенің, инфузиялық немесе еккіш помпаның көмегімен енгізуге болады. Препаратты енгізу үшін жеке инфузиялық жүйені пайдалану қажет, ол инфузия соңында жүйені натрий хлоридінің стерильді 9 мг/мл (0,9%) концентрациялы ерітіндісімен шайылуы тиіс.

Эрбитукс®,5 мг/мл инфузияға арналған ерітінді төмендегілермен:

  • Полиэтиленнен (ПЭ), этилвинилацетаттан (ЭВА) және поливинилхлоридтен (ПВХ) жасалған инфузиялық пакеттермен,

  • Полиэтиленнен (ПЭ), полиуретаннан (ПУ), этилвинилацетаттан (ЭВА), полиолефинді термопластиктен (ПТП) және поливинилхлоридтен (ПВХ) жасалған инфузиялық жинақпен,

  • Полипропиленнен (ПП) жасалған еккішпен және еккішті помпалармен үйлесімді.

Эрбитуксті® басқа дәрілік заттармен араластыруға болмайды.

Эрбитукс® 5 мг\мл төмендегі түрде дайындалуы тиіс:

Инфузиялық помпа немесе инфузиялық жүйенің көмегімен қолдану үшін:

(9 мг/мл 0,9 % концентрациялы натрий хлоридінің стерильді ерітіндісімен сұйылтқаннан кейін ):

9 мг/мл (0,9 %) концентрация натрий хлоридінің стерильді ерітіндісімен толтырылған инфузиялық пакеттің тиісті көлемін пайдаланады. Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін есептеп шығарады. Инфузиялық пакеттен тиісті стерильді еккішті және қолайлы инені пайдалана отырып, натрий хлориді ерітіндісінің тиісті көлемін алып тастайды. Қолайлы стерильді еккішті алып, оған тиісті инені жалғайды. Құтыдан Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін сорып алады. Эрбитукс® препаратын дайындалған инфузиялық пакетке ауыстырады.

Бұл шараны есептелген көлемге жеткенше қайталайды. Пакетті инфузиялық жүйемен біріктіреді, оны инфузияны бастар алдында сұйылтылған Эрбитукс® препаратының ерітіндісімен толтырады. Бұл препаратты енгізу үшін инфузиялық жүйені немесе инфузиялық помпаны пайдалану керек. Орнатады және енгізу жылдамдығын бақылауға алады.

Инфузиялық помпаның немесе инфузиялық жүйенің көмегімен қолдану үшін (сұйылтылмаған ерітінді):

Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін есептейді. Қолайлы стерильді (көлемінің ең кемі 50 мл) еккішті алады және оған тиісті инені жалғайды. Құтыдан Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін сорып алады. Эрбитукс® препаратын стерильді контейнерге немесе пакетке ауыстырады. Бұл шараны есептелген көлемге жеткенше қайталайды. Пакетті инфузиялық жүйеге біріктіреді, инфузияны бастардан бұрын оны Эрбитукс® препаратымен толтырады. Орнатады және енгізу жылдамдығын бақылауға алады.

Еккіштік помпаның көмегімен қолдану үшін:

Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін есептейді. Қолайлы стерильді еккішті алады және оған тиісті инені жалғайды. Құтыдан Эрбитукс® препаратының қажетті көлемін сорып алады. Инені ажыратады, еккішті еккіш помпасына орнатады. Инфузиялық жүйені еккішке қосып, орнатады және енгізу жылдамдығын ұсыныстарға сәйкес бақылайды. Инфузияны инфузиялық жүйені Эрбитукс® препаратымен және натрий хлоридінің 9 мг/мл (0,9 %) концентрация стерильді ерітіндісімен толтырғаннан кейін бастайды. Егер қажет болса бұл шараны есептелген көлем енгізілгенше қайталайды. Эрбитукс® құрамында антимикробтық консерванттар немесе бактериостатикалық дәрілер жоқ, сондықтан онымен жұмыс жүргізген кезде асептика ережелерін қатаң сақтау керек. Құтыны ашқаннан кейін препаратты тезірек пайдалану қатаң түрде ұсынылады.

Жағымсыз әсерлері

Эрбитуксті® қолданғанда белгіленген төменде көрсетілген жағымсыз әсерлер цетуксимабқа қатысты анықталған және олар пайда болу жиілігі бойынша төмендегі градацияларға сай берілген:

Өте жиі (>1/10)

- ең бастысы акне тәрізді бөртпе, прурит, терінің құрғауы, терінің түлеуі, гипертрихоз, паронихия сияқты көрінетін тері реакциялары

  • гипомагниемия

  • бауыр ферменттерінің (АСТ, АЛТ, сілтілік фосфатазаның) белсенділігінің артуы

  • жеңіл және орташа дәрежедегі инфузиялық реакциялар (қызба, қалтырау, бас айналуы, диспноэ, ол уақытша тығыз өзара әрекеттесуде, негізінен Эрбитукстің® бірінші инфузиясына қатысты пайда болады)

  • мукозит, кей жағдайларда ауыр болады. Мукозит эпистаксиске алып келуі мүмкін.

Жиі ( >1/100- ден <1/10-ге дейін)

- бас ауыруы

- жүрек айнуы, құсу, диарея

- конъюнктивиттер

  • ауыр инфузиялық реакциялар, сирек жағдайларда өліммен аяқталатын

  • салмақ азаюына алып келуі мүмкін анорексия

  • қажу

  • салдарлы диарея немесе мукозитпен байланысты дегидратация, гипокальциемия

Сирек ( > 1/1000-нан <1/100-ге дейін)

  • блефариттер, кератиттер

  • өкпе эмболиясы, өкпенің интерстициальді ауруы

  • терең көктамырлардың тромбозы

Өте сирек (< 1/10,000)

  • Стивен-Джонсон синдромы /уытты эпидермальді некролиз

Жиілігі белгісіз

- асептикалық менингит

- салдарлы асқынуларға, яғни целлюлитке, тілмелі қабынуға, немесе, потенциалды өлімге соқтыратын, стафилококкты күйікке ұқсас синдромға немесе сепсиске, алып келуі мүмкін тері зақымдануларының асқын жұқпалары

Біріктіре емдеген кезде пайда болатын басқа да жағымсыз әсерлер

  • бас пен мойын аумағына жергілікті сәулелі емде цетуксимабты біріктіріп қолданғанда сәулелік емге тән жағымсыз әсерлер (мукозит, сәулелік дерматит, көбіне лимфоцитопения түрінде пайда болатын дисфагия немесе лейкопения сияқты) қосымша дамығаны анықталды.

  • цетуксимабты платина препараттары негізіндегі химиялық еммен біріктіріп қолданғанда айқын лейкопения немесе айқын нейтропения жиілігі артуы мүмкін және осыған байланысты платина препараттары негізіндегі монотерапиямен салыстырғанда фебрильді нейтропения, пневмония және сепсис сияқты жұқпалардың асқыну жиілігі артуы мүмкін.

  • цетуксимабты фторпиримидиндермен біріктіріп қолданғанда фторпиримидиндердің монотерапиясымен салыстырғанда миокард ишемиясы, оның ішінде миокард инфарктісі және іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ алақан-табан синдромы (алақан-табан эритродизестезиясы) жиілігі артқаны анықталды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • Эрбитукс® цетуксимабқа 3-4 дәрежелі аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары анықталған (АҚШ Ұлттық Обыр Институтының (Қолайсыз құбылыстар үшін уыттылықтың жалпы критерийлері (СТСАЕ)) жіктемесі) емделушілерге қолдануға болмайды.

  • Эрбитукс® препаратын құрамында оксалиплатин бар химиялық ем біріктірілімінде RAS генінің статусы белгісіз RAS генінің мутантты типі бар метастаздалатын колоректальді обыры (мКРР) бар емделушілерде қолдануға болмайды

  • Эрбитукс® препаратын жүктілік және лактация кезеңінде қолдануға болмайды

  • 18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдік жас (қолдану қауіпсіздігі анықталмаған).

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Цетуксимабты платина препараттары негізіндегі химиялық еммен біріктірілімде қолданғанда айқын лейкопения немесе нейтропенияның жиілігі жоғарылауы мүмкін, бұл өз кезегінде платина препараттары негізіндегі монотерапиямен салыстырғанда фебрильді нейтропения, пневмония және сепсис сияқты жұқпалы асқынулардың жиілігі жоғарылауына алып келуі мүмкін.

Цетуксимабты фторпиримидиндермен біріктіріп қолданғанда фторпиримидиндердің монотерапиясымен салыстырғанда миокард ишемиясы, оның ішінде миокард инфарктісі және іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ алақан-табан синдромы (алақан-табан эритродизестезиясы) жиілігі артқаны анықталды.

Дәрілермен өзара әрекеттесуін формальді түрде зерттеу аясында цетуксимабтың иринотеканмен біріктірілімі (350 мг/м2 дозада бір рет енгізгенде) цетуксимаб фармакокинетикасының параметрлерінің өзгерісін тудырмайтынын көрсетті. Сонымен бірге, осындай біріктірілімде иринотекан фармакокинетикасының параметрлерінің өзгерісі тіркелмеген.

Эрбитукс® препаратын басқа дәрілік препараттармен бір уақытта қолдану үйлесімі бойынша зерттеу деректері жоқ болғандықтан араластыруға тыйым салынады.

Препаратты капецитабинмен және оксалиплатинмен (XELOX) біріктіре қолданғанда айқын диарея жиілігін жоғарылатуы мүмкін. Ұсынылған дозалауға қатысты берілген дәрілік заттың қысқаша сипаттамасына сүйеніңіз.

Айрықша нұсқаулар

Эрбитукс® ісікке қарсы дәрілік заттарды қолдану жөнінде тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен енгізілуі тиіс. Емделушілерге инфузия кезінде және ол аяқталғаннан кейін кемінде 1 сағат бойына мұқият мониторинг керек. Реанимациялық шараларын жүргізу үшін құрал-жабдықтар дайын болуы тиіс.

Анафилактикалық реакцияларды қоса,инфузиялық реакциялар

Цетуксимабпен ем аясындағы емделушілерде ауыр инфузиялық реакциялар, оның ішінде сирек жағдайларда өліммен аяқталатын анафилактикалық реакциялар туындауы мүмкін. Ауыр инфузиялық реакциялар дамуы цетуксимабты дереу немесе толық тоқтатуды талап етеді, сондай-ақ реанимациялық шаралар жүргізуді талап етуі мүмкін. Бұл реакциялардың кейбіреуі табиғатынан анафилактикалық немесе анафилактоидты болуы мүмкін немесе оларда цитокиндердің босап шығу синдромы болуы мүмкін (ЦБШС). Симптомдар бірінші инфузия кезінде пайда болуы мүмкін және кейінгі инфузиялар кезінде және одан кейін бірнеше сағатқа дейін созылады. Емделушілерді бұндай реакциялардың кейін дамуы мүмкіндігі туралы хабардар ету керек және инфузиялық реакциялар симптомы дамығанда дәрігерге қаралу қажеттігі туралы ескерту керек. Симптомдарға бронх түйілуі, есекжем, артериялық қысым жоғарылауы немесе төмендеуі, естен тану жатуы мүмкін. Сирек жағдайларда стенокардия, миокард инфарктісі және жүрек тоқтауы байқалды.

Анафилактикалық реакциялар, мысалы, цетуксимабқа айқаспалы реакция беретін бұрын қалыптасқан IgE (Е иммуноглобулині) антиденелерге байланысты бірінші инфузияда бірнеше минут ішінде-ақ дамуы мүмкін. Бұл реакциялар әдетте бронх түйілуімен және есекжеммен байланысты, және бұл премедикация енгізілуге қарамастан туындауы мүмкін.

Сыртартқысында қызыл етке немесе кененің шағып алуына аллергиялық реакциялары бар немесе цетуксимабпен (α-1-3-галактоза) айқаспалы реакция беретін IgE антиденесіне тестілеудің оң нәтижесі бар емделушілерде анафилактикалық реакциялар қаупі елеулі ұлғаяды. Бұндай науқастар үшін цетуксимаб тек пайдасы мен қаупінің арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін, оның ішінде альтернативті емдеу әдістері бар және тек жақсы үйретілген маман қызметкердің қалтқысыз бақылауымен және реанимациялық шараларды жүргізуге арналған жабдықтар болғанда ғана енгізілуі тиіс.

Бірінші дозаны баяу енгізу керек, бұл арада жылдамдығы минутына 5 мг аспауы тиіс. Өмірлік маңызы бар көрсеткіштерге мониторинг кемінде 2 сағат ішінде жүргізілуі тиіс. Препаратты енгізуді бастағаннан кейін алғашқы 15 минут ішінде инфузиялық реакциялар туындаған жағдайда инфузияны тоқтату керек. Емделушінің кейінгі инфузияға дейін бұрын қалыптасқан IgE антиденесі бар болуы мүмкіндігін назарға ала отырып,пайдасы мен қаупінің арақатынасына мұқият бағалау жүргізілуі тиіс.

Егер инфузиялық реакция инфузия кезінде немесе кейінгі инфузия уақытында туындаса, одан әрі қарай бақылау реакциялардың ауырлығына байланысты болады:

а) 1 дәрежелі:

дәрігердің қатаң бақылауымен препараттың баяу инфузиясын жалғастырыңыз

б) 2 дәрежелі:

препараттың баяу инфузиясын жалғастырыңыз және симптомдардың емін дереу жүргізіңіз

в) 3 және 4 дәрежелі

препарат инфузиясын дереу тоқтатыңыз және симптомдарды емдеуге кірісіңіз. Цетуксимабты одан әрі пайдалану тоқтатылуы тиіс

Цитокиннің босап шығу синдромы (ЦБШС), әдетте, инфузиядан кейін бірінші сағат ішінде жүреді және сирек жағдайда бронх түйілуімен және есекжеммен астасады. ЦБШС бірінші инфузияда ауырлау реакция болып табылады.

Цетуксимабтың бірінші инфузиясы кезінде бақыланатын, препарат инфузиясына байланысты жеңіл немесе орташа дәрежедегі реакцияларға төмендегі симптомдар: қызба, қалтырау, бас айналуы немесе ентігу жатады.

Егер емделушіде жеңіл немесе орташа дәрежедегі инфузиялық реакция симптомдары пайда болса, инфузия жылдамдығы төмендетілуі мүмкін. Бұндай жағдайларда осы төмен жылдамдықты содан кейінгі барлық инфузия уақытында сақтау ұсынылады.

Емделушілерге, әсіресе препаратты бірінші қолдану уақытында мұқият мониторинг талап етіледі. Жалпы жай-күйі ауыр және жүрек-өкпе ауруларынан зардап шегуші емделушілерге ерекше назар аудару керек.

Тыныс алу жүйесі тарапынан бұзылулар

Ұлты жапон емделушілер арасында өкпенің интерстициальді аурулары дамыған жағдайлар белгіленген. Өкпенің интерстициальді ауруы диагнозы қойылған жағдайда цетуксимабты тоқтату керек және тиісті емді бастау керек.

Тері реакциялары

Тері реакцияларының шамамен 15% айқын болып табылады, оның ішінде тері некрозының жеке дара жағдайлары анықталды. Тері реакцияларының көбі емнің бірінші 3 аптасы ішінде дамиды. Олар әдетте препаратты дозалау режимін түзету бойынша ұсыныстарды сақтаған жағдайда ем аяқталғаннан кейін қалдық құбылыстарсыз шешімін табады

Электролиттік теңгерім бұзылуы

Қан сарысуындағы магний концентрациясының үдемелі төмендегені жиі анықталды, бұл ауыр гипомагниемия дамуына алып келуі мүмкін. Бұл жай-күй цетуксимабты тоқтатқаннан кейін қайтымды. Бұдан басқа, гипокалиемияның диарея өршуі ретінде дамуы мүмкін. Сондай-ақ гипокальциемия дамуы мүмкін; препаратты платина препараттары негізінде химиялық ем біріктірілімінде қолданғанда ауыр гипокальциемия жиілігі жоғарылауы мүмкін.

Қан сарысуындағы электролиттер концентрациясын цетуксимабпен ем бастағанға дейін және мезгіл-мезгіл ем барысында бағалау ұсынылады. Сондай-ақ клиникалық көрсеткіштер бойынша тиісті электролиттік демеу жүргізу ұсынылады.

Жүрек-қан тамырлары тарапынан бұзылулар

Өкпенің ұсақ емес жасушалы обырын, бас пен мойын органдарының жалпақ жасушалы обыры мен колоректальді обырды емдеуде айқын және кейбір жағдайларда жүрек-қан тамырлары тарапынан фатальді қолайсыз құбылыстар жиілігі жоғарылағаны анықталды. Кейбір зерттеулерде емделушінің жасы > 65 мен оның жалпы жай-күйі және аталған қолайсыз құбылыстар туындау қаупінің арасындағы өзара байланыс бары анықталды. Цетуксимабты емделушілерге тағайындағанда оларда жүрек-қан тамырлары аурулары барлығын, ауыр жай-күйлер, сондай-ақ емделушінің мысалы фторопиримидиндер сияқты кардиоуытты дәрілерді бірге қабылдауын ескеру керек.

RAS гендері мутантты типті колоректальді обыры бар емделушілер

Эрбитукс® RAS гендері мутантты типті колоректальді обырды немесе егер RAS гендерінің статусы анықталмаса емдеуге қолданылмауы тиіс.

Клиникалық зерттеулер нәтижелері препараттың RAS гендері мутантты типті ісіктерде, атап айтқанда цетуксимабты оксалиплатин негізіндегі біріктірілімде қолданғанда потенциалды пайдасының болжамды қаупіне теріс қатынасын айғақтайды. Зерттеулер нәтижелері RAS гендері мутантты типті метастазданатын колоректальді обыры бар емделушілерде аурудың үдеуінсіз (PFS) тірі қалуға елеулі теріс әсері болғанда цетуксимабпен немесе цетуксимаб біріктірілімімен және химиялық емнен (атап айтқанда, FOLFOX4) болатын пайдасының өте төмен ықтималдығымен сиптатталатынын көрсетті. Осыған ұқсас деректер цетуксимабты химиотерапияның XELOX режимінде бевацизумабпен (CAIRO2) үйлесімде пайдаланылған біріктірілімде алынған. Алайда бұл зерттеуде сондай-ақ жабайы типті KRAS экспрессиялаушы емделушілерде де PFS және OS оң әсері көрсетілмеді.

Нейтропения және оған байланысты жұқпалы асқынулар

Платина препараттары негізіндегі химиялық еммен біріктірілімде цетуксимаб қабылдайтын емделушілер фебрильді нейтропения, пневмония және сепсис сияқты жұқпалы асқынулар дамуына алып келуі мүмкін айқын нейтропенияның жоғары қаупі тобын құрайды. Әсіресе жұқпа дамуына алып келуге қабілетті тері зақымданулары, мукозит немесе диареясы бары анықталған емделушілерде мұқият мониторинг ұсынылады.

Көру органдары тарапынан бұзылулар

Кератит барын айқындайтын белгілер мен симптомдар дамуы анықталған емделушілер шұғыл түрде офтальмологке жіберілуі тиіс.

Кератит диагнозы қойылған жағдайда емді жалғастырудың пайдасы мен ықтимал қаупінің арақатынасы мұқият таразалануы қажет.

Цетуксимаб сыртартқысында кератиті, ойық жаралы кератиті немесе көздің айқын құрғауы бар емделушілерде сақтықпен қолданылуы тиіс.

Сондай-ақ жанаспалы линзаны пайдалану да кератит және мөлдір қабықтың ойық жаралануының даму қаупі факторы болып табылады.

Біріктірілген ем

Цетуксимабты химиялық препараттармен біріктірілімде қолданғанда аталған препараттардың қолданылуы бойынша нұсқаулықтарын оқу керек.

Педиатрия

Цетуксимабты тіркелген көрсеткіштер бойынша балалар жасында қолдану қажеттігі жоқ.

Ерекше популяциялар

Осы уақытқа дейінгі клиникалық зерттеулерге бүйрек және бауыр функциясы қалыпты (қалыптың жоғарғы шегінен қан сарысуындағы креатинин концентрациясы < 1,5 есе, трансаминаза белсенділігі < 1,5 есе, билирубин концентрациясы < 1,5 есе жоғары) емделушілер ғана алынған.

Цетуксимаб төмендегі зертханалық көрсеткіштер өзгерістерінің бір немесе бірнешеуі бар емделушілерде зерттелмеген:

• гемоглобин концентрациясы <9 г/дл;

• лейкоциттер саны <300 мм3;

• нейтрофилдердің абсолютті саны <1500/мм3;

• тромбоциттердің саны <100000/мм3.

Препаратты егде емделушілерде қолданғанда доза түзету талап етілмейді, алайда 75 жастағы және одан үлкен жастағы адамдарда қолдану тәжірибесі шектеулі.

Маңызды

Эрбитуксті® химиялық еммен біріктірілімде пайдаланғанда сондай-ақ бұл препараттардың қолданылуы жөніндегі нұсқаулықтарын оқып-білу керек.

Дәрілік заттарды көлік құралдарын және қауіпті деп саналатын механиздерді басқаруға тигізетін әсер ерекшеліктері.

Дәрілік заттардың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, көлік құралдарын және механизмдерді басқарғанда сақ болу керек.

Артық дозалануы

Қазіргі уақытта дене бетінің әр квадрат метріне 400мг-ден артық немесе апта сайын дене бетінің әр квадрат метріне 250мг дозадан артық бір реттік доза қолданудың тәжірибесі шектеулі.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Тефлонмен жабылған бромбутильді резеңкеден жасалған тығынмен тығындалған түссіз шыны құтыда 20мл және 100 мл-ден.

1 құтыдан қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

2°-ден 8°С дейінгі температурада сақтау керек.

Құты ашылған жағдайда препарат 2-ден 8С-ге дейінгі температурада сақталғанда 24 сағат ішінде пайдаланылуы мүмкін.

Мұздатып қатыруға болмайды!

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек !

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзім өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші

Мерк КГаА, 64293 Дармштадт, Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Мерк КГаА, 64293 Дармштадт, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«ВИВА Фарм» ЖШС

2-ші Остроумов к-сі., 33, Алматы қ., ҚР

тел.: +7 (727) 383 74 63, +7 (727) 311 00 42, факс: +7 (727) 383 74 56;

e-mail: PV@vivapharm.kz

 

Прикрепленные файлы

966549251477976850_ru.doc 112 кб
842374801477978002_kz.doc 130.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники