Ципромед (капли ушные)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ципромед
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ципрофлоксацин
Дәрілік түрі
Құлақ тамшысы 3 мг/мл
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат – 3 мг ципрофлоксацин (лактат түрінде),
қосымша заттар: бензалконий хлориді, сүт қышқылы, пропиленгликоль.
Сипаттамасы
Түссізден ақшыл сары түске дейінгі мөлдір ерітінді
Фармакотерапиялық тобы
Отологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар
Микробқа қарсы препараттар. Ципрофлоксацин.
АТХ коды S02AA15
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Құлақ тамшысын ұсынылған клиникалық дозаларда қолданғанда, ципрофлоксациннің жүйелі концентрациялары анықталу шегінен төмен болған (0.05 нг/мл). Жергілікті қолданылғанда ципрофлоксацин үлкен қанайналым шеңберіне сіңеді, бірақ препарат клиникалық маңыздылыққа ие болу үшін сарысудағы деңгейлеріне өте баяу жетеді.
Фармакодинамикасы
Ципромед – фторхинолондар тобының бактерияға қарсы препараты, бактерияға қарсы әсер ету ауқымы кең, бактерицидтік әсер етеді. Препарат бактериялардағы ДНҚ-гираза ферментін тежейді, соның салдарынан ДНҚ репликациясы мен бактериялар жасушалары ақуыздарының синтезі бұзылады. Ципромед көбейіп жатқан микроорганизмдерге де, тыныштық күйіндегілерге де әсер етеді.
Ципромедтің бактерияға қарсы әсер ету ауқымына грамтеріс микроорганизмдер кіреді: Esherichia coli, Salmonella spp., Shigella spp., Proteus spp. (индолоң және индолтеріс), Morganella morganii, Citrobacter spp., Klebsiella spp., Enterobacter spp., Yersinia spp., Vibrio spp., Campylobacter spp., Hafnia spp., Providencia stuartii, Haemophilus influenzae, Pasteurella multocida, Pseudomonas spp., Gardnerella spp., Legionella pneumophila, Neisseria spp., Moraxella catarrhalis, Acinetobacter spp., Brucella spp., Chlamidia spp.
Ципромедке грамоң микроорганизмдер де сезімтал: Staphylococcus spp., Streptococcus pyogenes, St. Agalactiae, Corynebacterium diphtheriae, Listeria monocitogenes. Препараттың уыттылығы аз.
Қолданылуы
Ципромед ципрофлоксацинге сезімтал микроорганизмдерден туындаған құлақтың жедел және созылмалы жұқпалы ауруларын жергілікті емдеу үшін қолданылады:
- сыртқы отитте (сыртқы есту жолының қабынуында)
- жедел және созылмалы ортаңғы отитте
- хирургиялық араласуларға дейін және кейін жұқпалы отиттердің алдын алуда, құлақ жарақаты кезінде, құлақ тіндерінің зақымдануымен қатар жүретін сыртқы есту жолындағы бөгде денені алып тастауда
Қолдану тәсілі және дозалары
Ципромед құлақ тамшысын қолданар алдында сыртқы есту жолына санация жүргізу керек (сыртқы есту жолын жуып-шаю және құрғату).
Препаратты ересектер үшін күніне 2 рет 4 тамшыдан тамызады.
Балалар үшін Ципромедті 3 тамшыдан құлаққа күніне 2 рет. Тамшы дәрі жылы болуы тиіс (дене температурасындай болуы). Тамызуды жеңілдету үшін бір бүйірлеп жату немесе басты шалқайту қажет. Сыртқы есту жолына тамшы дәрінің көрсетілген мөлшерін тамызу керек. Құлақтың сырғалығын жоғары-төмен тартып, тамшы дәрінің есту жолына ағуына мүмкіндік беріңіз. Басты шамамен 2 минут шалқайтып ұстау керек. Сыртқы есту жолына мақта тампонын салуға болады.
Ауру симптомдары жоғалғаннан кейін препаратты қолдануды келесі 48 сағат бойына жалғастыру керек.
Жағымсыз әсерлері
Жергілікті:
- құлақтың ауыруы және қышуы, құлақтың бітелуі, асқын жұқпа
- кейбір емделушілерде зеңдік жұқпалардың дамуы
- Ципромед құлақ тамшысын жергілікті қолданумен байланысты құрысулар
Жүйелік:
- жүрек айнуы, іштің ауыруы, диарея және құсу
- бас ауыруы және бас айналуы, сананың шатасуы, елестеулер
- QT аралығының ұзаруы
- интерстициальді нефрит және бүйрек конкременттері
- бөртпе және фотосезімталдық
- аса жоғары сезімталдық реакциялары
- зертханалық көрсеткіштер бойынша өзгерістер: бауыр ферменттерінің немесе сарысудағы креатининнің уақытша жоғарылауы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне немесе басқа хинолондарға жоғары сезімталдық
- құлақтың зеңдік жұқпалары
- құлақ туберкулезі
- сыртқы есту жолының вирустық жұқпалары
- 1 жасқа дейінгі балаларға
- жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Ципрофлоксацин ерітіндісі физикалық немесе химиялық тұрғыдан тұрақсыз, рН мәні 3-4 дәрілік препараттармен үйлесімсіз.
Айрықша нұсқаулар
Ципромед тек қана құлақ ауруларында ғана қолданылады. Ауыр және тұрақты жұқпалар кезінде жергілікті емдеуді антибиотиктерді жүйелі қолданумен толықтыру қажет.
Ципромедті ұзақ уақыт қолдану жүргізіліп отырған емге резистентті асқын жұқпаның дамуына алып келуі мүмкін.
Ципромед құлақ тамшысын дабыл жарғағы жарылған емделушілерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені бұл кейбір емделушілерде құлақтың ауыруын тудыруы мүмкін.
Ципрофлоксацинді қоса, хинолондарды қабылдап жүрген кейбір емделушілерде орташа және ауыр түрдегі фотоуыттылық байқалуы мүмкін.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді.
Артық дозалануы
Артық дозаланған жағдайлар сипатталмаған
Шығарылу түрі және қаптамасы
Құлақ тамшысы 3 мг/мл
10 мл препараттан алғашқы ашылуы бақыланатын бұрандалы пластик қалпақшасы бар тамшылатқыш-құтыға немесе бұрандалы қалпақшасы бар тамшылатқыш-құтыға салынған.
1 тамшылатқыш-құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
25С-ден аспайтын температурада, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек.
Мұздатып қатыруға болмайды.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Құтыны ашқаннан кейінгі қолданылу кезеңі 45 тәулік.
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
СЕНТИСС ФАРМА Пвт. Лтд.
212/Д-1, Грин Парк, Нью Дели, Үндістан
Зауытта: Виллидж Кхера Нихла, Техсил Налагарх, Солан ауданы, Химачал Прадеш 174 101, Үндістан
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
СЕНТИСС ФАРМА Пвт. Лтд., Үндістан
Қаптаушы ұйымның атауы мен елі
СЕНТИСС ФАРМА Пвт. Лтд., Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Қазақстан Республикасы, 050000, Алматы қ., Бөгенбай Батыр к-сі 132, 309 кеңсе
Тел./факс: +7 (7272) 96-45-99
Email: sentiss_kz@land.ru