Циклодол (Trihexyphenidyl)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Циклодол
Халықаралық патенттелмеген атауы
Тригексифенидил
Дәрілік түрі
2 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетка құрамында
белсенді зат - 2 мг тригексифенидил гидрохлориді (100 % құрғақ затқа шаққанда),
қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, магний стеараты.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, шеттері қиғашталған жалпақ бетті, сызығы бар, ақ түсті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Паркинсонизмге қарсы препараттар. Орталықтық холиноблокаторлар. Үштік аминдер. Тригексифенидил.
АТХ коды N04AA01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Препарат ішке қабылданғаннан кейін жылдам сіңеді, гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді. Орташа жартылай шығарылу кезеңі 6-10 сағатты құрайды. Таралуы, қан плазмасындағы ақуыздармен байланысуы, метаболизмі және тригексифенидил клиренсі, бауыр мен бүйрек қызметі бұзылуындағы препарат шығарылуының өзгерістері (оның ішінде гемодиализдегі де бар), плацента және ана сүті арқылы өтуі туралы деректер жоқ.
Фармакодинамикасы
Циклодол – орталықтық әсер ететін антихолинэргиялық препарат, орталық жүйке жүйесіндегі допамин мен ацетилхолин арасындағы байланысты бұзады.
Орталық жүйке жүйесінде тригексифенидил әсерінен, допамин тапшылығымен байланысты холинэргиялық тиімділігі әлсірейді. Препарат айқын орталықтық Н-холиноблокаторлық, сондай-ақ шеткергі М- холиноблокаторлық әсер етеді.
Паркинсонизмде Циклодол, басқа да холиноблокаторлық препараттар сияқты треморды азайтады. Препарат аздап бұлшықет сіресуіне және брадикинезияға әсер етеді. Препараттың холиноблокаторлық әсерінен сілекей бөлінуі, терлеу және терінің майлылығы азаяды. Сондай-ақ препараттың спазмды басатын әсері антихолинэргиялық белсенділігімен және тікелей миотроптық әсеріне байланысты.
Қолданылуы
- этиологиясы әртүрлі паркинсонизмде, Паркинсон және Литтл ауруларында
- нейролептикалық дәрілерден және әсері ұқсас препараттардан туындаған экстрапирамидті бұзылуларда (монотерапия түрінде немесе леводопамен біріктірілімде)
Қолдану тәсілі және дозалары
Циклодол ішке тағайындалады, тамақпен бірге немесе тамақтан соң. Таблетканы сұйықтықтың жеткілікті мөлшерімен (150-200 мл) ішу ұсынылады. Препарат дозасын ең төменгісінен бастап, ең төмен тиімді дозаға дейін жоғарылата отырып жеке таңдау керек.
Паркинсонизм синдромында бастапқы доза тәулігіне 1 мг циклодолды құрайды. Бұл дозаны әрбір 3-5 күнде оңтайлы емдік әсер алғанға дейін тәулігіне 1-2 мг біртіндеп жоғарылатады.
Демеуші доза тәулігіне 3-5 қабылдауға бөлінген 6-16 мг құрайды. Ең жоғары тәуліктік доза - 20 мг.
Дәрілік заттар қабылдауға байланысты туындаған экстрапирамидті бұзылыстарды емдеу үшін симптомдардың ауырлығына қарай тәулігіне 2-16 мг циклодолдан тағайындайды. Ең жоғары тәуліктік доза - 20 мг.
Басқа экстрапирамидті бұзылыстарды антихолинэргиялық емдеу үшін препарат дозасын күн сайын 2 мг циклодолдың бастапқы дозасын ең төмен тиімді демеуші дозаға дейін жоғарылата отырып, біртіндеп реттеу керек, бұл басқа көрсетілімдерге тағайындалатын ең жоғары мөлшерден асуы мүмкін.
Ең жоғары тәуліктік доза - 50 мг.
Препаратпен емдеуді аяқтауды дозаны 1-2 апта бойы төмендетумен, оны толық тоқтатқанша біртіндеп жүзеге асыру керек. Препаратты күрт тоқтату ауру симптомдарының асқынуы есебінен пациент жағдайының кенеттен нашарлауына алып келуі мүмкін.
Ем ұзақтығын әрбір жағдайда дәрігер жекелей анықтайды.
Жағымсыз әсерлері
- бас ауыруы, ашуланшақтық, сандырақ, елестеулер, психикалық бағдардан жаңылу (көбіне атеросклерозы бар пациенттерде).
Антихолинергиялық белсенділікке байланысты әсерлер: ауыз қуысының шырышты қабығының құрғақтығы, көрудің бұзылуы, көз ішілік қысымның жоғарылауы, іш қатуы, несеп шығарудың қиындауы, тахикардия.
Аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, тері гиперемиясы.
Басқалар: іріңді паротит (ксеростомия салдарынан).
Кездесу жиілігіне байланысты жағымсыз әсерлер байқалады
Жиі
- мидриаз, аккомодация бұзылулары, фотофобия
- ауыз құрғауы, тер бөлінуінің төмендеуі, іш қатуы
- асқазандағы ауырулар, жүрек айнуы
Жиі емес
- несеп шығару іркілісі
- тахикардия
- жоғары сезімталдық
Сирек
- көзішілік қысымның жоғарылауына байланысты жабық бұрышты глаукома, сондықтан көзішілік қысымды ұдайы бақылау керек
- шаршау, ұйқышылдық, бас айналуы, жүйке тозуы, ұйқысыздық, жадының нашарлауы
Өте сирек
- брадикардия
Үлкен дозаларды қолданғанда немесе бейімдік факторлары бар (атеросклероз, қарттық жастағы немесе қандай да бір дәрілік препаратқа идиосинкразиясы бар пациенттерде) пациенттерді емдегенде туындауы мүмкін:
- сананың тұмандануы және психиканың басқа да бұзылыстары
- көңіл күйдің себепсіз жоғарылауы, қозу, ашулану
- құсу
Бұл жағдайда емдеуді тоқтату керек. Дозалауды төмендеткенде немесе емдеуді тоқтатқанда жағымсыз әсерлер жойылады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- тригексифенидилге немесе препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдықта
- емделмеген несеп шығару іркілісі
- несеп іркілісі бар қуық асты безінің қатерсіз гипертрофиясы
- жабықбұрышты глаукома
- ас қорыту жолының тарылуы, ішек бітелуі
-өкпе ісінуі
- тахиаритмиялар
- алкогольмен, психотроптық дәрілік препараттармен немесе апиындармен жедел уыттану
- жедел делирий және мания, психоз, деменция
- кешеуілдеген дискинезия (tardive dyskinesia) – патологиялық қозғалыс –антипсихоздық дәрілік заттарды ұзақ қолданудың жағымсыз әсері
- жүктілік және лактация кезеңі
- балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдік жас
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Дифенгидраминмен немесе дипразинмен Циклодолды бір уақытта қолдану антихолинэргиялық әсердің күшеюіне байланысты жағымсыз реакциялар білінуіне алып келуі мүмкін.
Хинидин мен Циклодолды бір уақытта қолданғанда жүрек қызметіне антихолинэргиялық әсері күшейеді (атриовентрикулярлық өткізгіштігін тежеу).
Резерпин әсерінен тригексифенидилдің паркинсонға қарсы әсері азаяды, бұл паркинсонизм синдромының күшеюіне алып келеді.
МАО тежегіштері әсерімен паркинсонизмде қолданылатын М-холиноблокаторлардың антихолинэргиялық әсері күшеюі мүмкін.
Егер Циклодол паркинсонға қарсы басқа препараттармен (мысалы, леводопамен) біріктірілімде қолданылса, бұндай біріктірілім дискинезияны күшейтуі мүмкін болғандықтан, әсіресе емнің басында, оның дозасы едәуір азайтылуы тиіс.
Сондай-ақ транквилизаторлар қолданудан туындаған дискинезия Циклодолды бір уақытта қолданғанда күшейеді.
Циклодол бір уақытта қолданғанда метоклопрамид пен хлорпромазиннің тиімділігін әлсіретеді.
Циклодолдың алкогольмен өзара әрекеттесуі алкогольдің әсерін күшейтеді.
Айрықша нұсқаулар
Циклодолды қалдық несепсіз қуық асты безі (аденома) гипертрофиясында, артериялық гипертензияда, жүрек, бүйрек және бауыр ауруларында сақтықпен қолданады,
Ем барысында көзішілік қысымды ұдайы бақылау керек.
Жасы 60 асқан пациенттерде доза таңдау ерекше мұқият жасалады (жоғары сезімталдықтың жоғары қатері бар).
Екі есе аз дозаны қолдану күтілетін әсерді алу үшін жеткілікті болып табылады.
Гиперсаливацияда, егер ол ем басына дейін байқалса, тригексифенидилді тамақтан кейін қабылдаған дұрыс.
Емдеу барысында ауыз шырышты қабығының құрғақтығы дамығанда Циклодолды тамаққа дейін тағайындайды (егер бұл жерде жүрек айнуы туындамаса).
Циклодол қолдануда алкоголь тұтынуға болмайды.
Ұзағырақ емдегенде тригексифенидилдің антихолинэргиялық белсенділігінен болатын жағымсыз реакциялар қарқыны елеулі азаяды.
Препаратқа дәрілік тәуелділік туындау мүмкіндігін ескеру керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емделу уақытында зейінді жұмылдыру қабілеті төмендеп және психомоторлы реакциялар уақыты ұзаруына байланысты көлік құралдарын басқарудан және қауіпті механизмдермен жұмыс істеуден бас тарту керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: бет гиперемиясы, тері және шырышты қабықтардың құрғақтығы, жұтудың бұзылуы, дене температурасының төмендеуі және көз қарашығының кеңеюі. Жалпы бұлшықет әлсіздігі, несеп шығарудың бұзылуы, ішек жиырылуының төмендеуі, қозу немесе құрысу күйлері, сананың бұзылуы, кейде естен тану, тыныс алудың тоқтауы және жүрек қызметінің ауыр бұзылуы (тахикардия, ырғақ бұзылуы) ауыр уыттанудың белгілері болып табылады.
Емі: симптоматикалық: салқын компрестер, мол сұйықтық ішу. Холинэстераза тежегіштерін қолдануға болады (мысалы, физостигмин), жүрек асқынуларын емдеу үшін натрий бикарбонаты немесе натрий лактаты сәтті пайдаланылған, құрысуларда – диазепам, делирийде – физостигмин. Спецификалық антидоты жоқ. Асқазан шаю қажет және дәрілік препараттың сіңуін азайту үшін басқа да мүмкін тәсілдерді пайдалану керек.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.
4 пішінді ұяшықты қаптама медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, 250С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Борщагов ХФЗ» ҒӨО ЖАҚ
Украина, 03134, Киев қ., Мир к-сі, 17
Тіркеу куәлігінің иесінің атауы мен елі
«Борщагов ХФЗ» ҒӨО ЖАҚ, Украина
ҚР аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын, дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасы аумағындағы «Борщагов ХФЗ» ҒӨО ЖАҚ өкілдігі
050063, Алматы қ-сы, Әуезов ауданы, «Жетысу-3» ы/а, 25 үй, 27 кеңсе
Факс: +7(272) 313-23-34
E-mail: vadimt58@list.ru