Флуконазол-СВС (100 мг)

МНН: Флуконазол
Производитель: СВС-Фармация ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№016576
Информация о регистрации в РК: 14.09.2018 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 102.22 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Флуконазол-СВС

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі

0.100 г және 0.150 г капсулалар

Құрамы

Бір капсула құрамында

белсенді зат – 0,100 г және 0,150 г флуконазол,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, картоп крахмалы, төмен молекулалы медициналық поливинилпирролидон, кальций стеараты.

капсула қабығының құрамы: қақпағы: 0,100 г – титанның қостотығы (Е 171), желатин;

қақпағы: 0,150 г – темірдің қара тотығы (Е 172), титанның қостотығы (Е 171), желатин.

корпусы: 0,100 г – темірдің қара тотығы (Е 172), титанның қостотығы (Е 171), желатин.

корпусы: 0,150 г – қанық қызыл (Е 124), титанның қостотығы (Е 171), желатин.

Сипаттамасы

Корпусы сұр түсті және қақпағы ақ түсті, өлшемі №3, қатты желатинді капсулалар (0,100 г доза үшін).

Корпусы қызғылт түсті және қақпағы қара түсті, өлшемі №2, қатты желатинді капсулалар (0,150 г доза үшін).

Капсуланың ішінде – ақ немесе ашық сары реңді ақ түсті ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Зеңге қарсы жүйелік қолдануға арналған дәрілер.

Триазол туындылары. Флуконазол

АТХ коды J02AC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Препарат жақсы сіңеді, оның биожетімділігі 90%-дан асады. Флуконазолдың 11–12%-ы қан плазмасы ақуыздарымен байланысады. Флуконазол ликворды қоса, организмнің барлық сұйықтығына жақсы өтеді. Терінің мүйізгекті қабатында, эпидермисте, дермада және тер сұйықтығында сарысудағыдан асып түсетін концентрацияға жетеді. Флуконазол терінің мүйізгекті қабатына жиналады, емдеуді аяқтағаннан кейін 6 айдан соң препарат тырнақтардан табылады. Қан плазмасында ең жоғары деңгейіне 0,5–1,5 сағат ішінде жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі 30 сағатқа жуықты құрайды, ол препаратты тәулігіне 1 рет немесе бір рет қолдануға мүмкіндік береді. Негізінен бүйректер арқылы бөлініп шығады; 80%-ы несепте өзгермеген күйінде анықталады. Препараттың клиренсі креатинин клиренсіне пропорционалды.

Фармакодинамикасы

Флуконазол-СВС — зеңге қарсы синтетикалық препарат, триазолдар тобы. Беткейлік және жүйелік микоздарды емдеу үшін қолданылады. Флуконазол - СВС зеңді жасушаның 14α-деметилаза ферментінің іріктелген күшті тежегіші болып табылады, саңырауқұлақ пен зең жарғақшаларының негізгі компоненті – эргостерол синтезін тежейді. Фунгистатикалық әсері бар және көптеген патогенді зеңдерге, мысалы, Candida spp. (C. albicans, С. tropicalis), Cryptococcus neoformans, Coccidioides immitis, Histoplasma capsulatum, Blastomyces dermatitidis, Sporothrix schenkii, Paracoccidioides brasiliensis, сондай-ақ көптеген дерматофиттерге қатысты белсенді. Мыналарға қатысты белсенділігі аз: Aspergillus spp. және Penicillium marneffei. Препаратқа С. krusei, С. glabrato, Fusarium spp. және зигомицеттер төзімді.

Қолданылуы

- криптококкозда, криптококктік менингитті және басқа да жерлерге (мысалы, өкпеге, теріге) орныққан жұқпаларды қоса есептегенде, соның ішінде иммундық жауабы қалыпты науқастарда және ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда, ағзалары алмастырылып салынған реципиенттерде және иммунитет тапшылығының басқа да түрлері бар науқастарда; ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда криптококкоздің қайталануының алдын алу мақсатында демеуші ем ретінде

- жайылған кандидозда, кандидемияны қоса есептегенде, диссеминирленген кандидозда және инвазиялық кандидозды жұқпалардың басқа да түрлерінде, мысалы, құрсақ, эндокард, көз, тыныс алу және несеп шығару жолдарының жұқпаларында, соның ішінде қатерлі ісіктері бар, қарқынды емдеу бөліміндегі науқастарда, цитостатикалық немесе иммуносупрессиялық емдеу курсын қабылдап жүрген науқастарда, сондай-ақ кандидоздың пайда болуына бейім ететін басқа да факторлары бар науқастарда

- шырышты қабықтардың кандидозында, ауыз қуысының, жұтқыншақтың, өңештің шырышты қабықтарын қоса есептегенде, инвазиялық емес бронхөкпе жұқпаларында, кандидурияда, иммундық қызметі қалыпты және төмендеген науқастарда ауыз қуысының тері-шырышты және созылмалы атрофиялық кандидозында (тіс протездерін киюмен байланысты), ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда орофарингеальді кандидоздың қайталануының алдын алуға

- генитальді кандидозда, жедел немесе қайталанатын қынаптық кандидозда, қынаптық кандидоздың қайталану жиілігін азайту мақсатында алдын алуға (жылына 3 және одан көп көріністер), кандидозды баланитте

- цитоуыттық химиялық емдеу немесе сәулемен емдеу нәтижесінде жұқпалардың пайда болуына бейім, қатерлі жаңа түзілімдері бар науқастарда зеңді жұқпалардың алдын алуға

- дерматомикозда, табан, кеуде, аяқ-қол тегіс терісінің микоздарын қоса алғанда, кебекті теміреткіде, онихомикозда және терінің кандидоздық жұқпаларында

- иммунитеті қалыпты науқастардағы терең эндемиялық микоздарда, кокцидиоидомикозда, паракокцидиоидомикозда, споротрихозда және гистоплазмозда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке күн сайын, тәулігіне 1 рет қабылдайды. Тәуліктік дозасы зеңді жұқпаның табиғаты мен ауырлығына байланысты және әр адамда жекелей анықталады. Емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық әсеріне байланысты.

Ересектер

  • криптококктік жұқпаларда алғашқы күні, әдеттегідей, 400 мг тағайындайды, ал содан кейін емдеуді 200-400 мг дозада тәулігіне бір реттен жалғастырады. Емдеу ұзақтығы әдетте 6-8 аптаны құрайды. ЖИТС-ке шалдыққан науқастарда криптококктік менингиттің қайталануының алдын алу үшін (алғашқы емнің толық курсын аяқтағаннан кейін) Флуконазол-СВС препаратымен емдеуді өте ұзақ уақыт бойы 200 мг дозада жалғастыруға болады;

  • кандидозды жұқпаларда доза алғашқы тәуліктерде 400 мг, содан кейін тәулігіне 200 мг құрайды, қажет болған кезде доза тәулігіне 400 мг-ға дейін арттырылуы мүмкін. Емдеу ұзақтығы клиникалық тиімділігіне байланысты болады;

  • орофарингеальді кандидозда – 7-14 күн бойы тәулігіне бір рет 100 – 150 мг-нан немесе қажет болған кезде одан да ұзағырақ уақытты құрайды. Ауыз қуысының шырышты қабығының атрофиялық кандидозында әдетте 14 күн бойы тәулігіне бір рет 100 мг доза тағайындайды, шырышты қабықтардың басқа кандидозды жұқпаларында (қынаптық кандидозды қоспағанда) емдеу ұзақтығы 14-30 күн болғанда тиімді доза әдетте 100 мг құрайды;

  • қынаптық кандидозда және баланитте Флуконазол-СВС препаратын бір рет 150 мг дозада қабылдайды;

  • иммунитет қызметі төмендеген науқастарда зеңді жұқпалардың алдын алу үшін, науқас қауіпті топқа жатқан кезде, доза тәулігіне бір рет 100 мг дозаны құрайды;

  • тері жұқпаларында, табан, шап аймағының терісінің микозын қоса есептегенде, және кандидозды жұқпаларда ұсынылатын доза аптасына бір рет 150 мг немесе тәулігіне бір рет 100 мг дозаны құрайды. Емдеу ұзақтығы әдетте 2-4 апта, алайда табан микозында өте ұзақ емдеу (6 аптаға дейін) қажет болуы мүмкін. Кеуекті теміреткіде ұсынылатын доза 2-4 апта бойы тәулігіне бір рет 100 мг құрайды. Онихомикозда аптасына бір рет ұсынылатын доза 150 мг құрайды. Емдеуді жұқпаланған тырнақ алмасқанға дейін (жұқпасы жоқ тырнақ өскенге дейін) жалғастырған жөн.

Егде жастағы емделушілер:

Бүйрек қызметі жеткіліксіздігінің белгілері жоқ болған кезде препаратты әдеттегі дозада қолданады. Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар егде жастағы емделушілер үшін бір рет қабылдаған кезде дозаны өзгертудің қажеті жоқ. Қайталап қабылдаған кезде препаратты бастапқы 100-ден 400 мг-ға дейінгі дозада тағайындайды. Осыдан кейін тәуліктік дозаны (креатинин клиренсінің көрсеткіштеріне байланысты) мына кесте бойынша белгілейді:

Креатинин клиренсі, мл/мин Ұсынылатын доза пайызы

> 50

100%

11–50

50%

Диализ жүйелі жасалатын науқастар

Әрбір диализден кейін бір доза

Емдеу теріс гемокультура алғаннан кейін немесе ауру көріністері жоғалғаннан кейін кем дегенде 2 апта жалғастырылуға тиіс. Аурудың алғашқы көріністерінде емдеу 7–14 күн бойына, ал иммунитет тапшылығы бар науқастарда 3 аптаға жалғастырылады. Өте ауыр жағдайларда 30 күндік ем жүргізу қажет. Криптококктік менингитті емдеу ұзақтығы — 6–8 апта, дерматомикоздарда — 2–4 апта, табан дерматофитиясында — 6 апта бойы.

Жағымсыз әсерлері

Флуконазолдың жағымдылығы әдетте жақсы

Жиі ( ≥1/100 – <1/10)

- бас ауыру

- жүректің айнуы, құсу, іштің ауыруы, диарея

- сілтілік фосфатаза деңгейінің, аминотрансферазаның (АЛТ және АСТ) сарысулық деңгейінің жоғарылауы

- бөртпе

Жиі емес (≥1/1,000 – ≤1/100)

- ұйқысыздық, ұйқышылдық

- құрысулар, бас айналу, парестезия, дәмнің өзгеруі

- вертиго

- диспепсия, метеоризм, ауыз ішінің құрғауы

- холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы

- қышыну, есекжем, қатты терлеу

- миалгия

- шаршау, дімкәстік, әлсіздік, қызба

Сирек ( ≥1/10,000 – ≤1/1,000)

- агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

- анафилаксия, ангионевротикалық ісіну

- гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия

- тремор

- тахикардия, қарыншалардың жыбырлауы/жыпылықтауы, QT аралығының артуы

- диспепсия, метеоризм, ауыз ішінің құрғауы

- гепатоуыттылық, өліммен аяқталатын сирек жағдайларды қоса есептегенде, бауыр қызметінің жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымдар

- уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, денеге жайылған жедел экзантематозды пустулез, эксфолиативті дерматит, беттің ісінуі, алопеция

ЖИТС немесе обыры бар науқастарда Флуконазол СВС және соған ұқсас препараттармен емдеген кезде қан көрсеткіштерінің, бүйрек пен бауыр қызметінің өзгерістері байқалды, алайда осы өзгерулердің клиникалық мәні және олардың емдеумен байланысы анықталған жоқ.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- флуконазолға, препараттың басқа да компоненттеріне немесе құрылымы флуконазолға ұқсас азольді заттарға жоғары сезімталдық

- Флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан көп дозаларда бірнеше рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау

- QT аралығын ұзартатын және CYP3A4 ферменті арқылы метаболизденетін, мысалы, цизаприд, астемизол, эритромицин, пимозид және хинидин сияқты дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылдау

- галактоза жақпаушылығы, лактоза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сирек тұқым қуалайтын проблемалары бар науқастар, өйткені флуконазол капсуласында лактоза бар

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Флуконазол СВС препаратына басқа дәрілік препараттардың ықпалы

Гидрохлоротиазид: гидрохлоротиазидті және Флуконазолды бір мезгілде қолдану плазмада Флуконазол концентрациясын 40%-ға арттырады. Осы арттырудың әсері диуретиктерді қатарластыра қабылдап жүрген емделушілерде Флуконазол дозасын өзгертуді қажет етпейді.

Рифампицин: Флуконазол мен рифампицинді бір мезгілде қолдану AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан) мәнінің 25%-ға төмендеуіне және Флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға төмендеуіне әкеледі. Рифампицинмен қатарластыра ем қабылдап жүрген науқастарда Флуконазол СВС дозасын арттыру қажет.

Флуконазолдың басқа дәрілік препараттарға ықпалы

Флуконазол P450 (CYP) 2C9 цитохромы изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген өзара әрекеттесуден басқа, Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда CYP2C9 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін басқа да қосылыстардың плазмалық концентрацияларының жоғарылау қаупі бар. Сондықтан, осы біріктірілімдерді пайдаланғанда сақтық танытқан жөн, ал науқастарды мұқият бақылауға алу қажет. Флуконазолдың фермент-тежегіш әсері, жартылай шығарылу кезеңінің ұзақ болуына байланысты, Флуконазолмен емдеуді тоқтатқаннан кейін 4-5 күн сақталады.

Альфентанил: Флуконазолмен бір мезгілде емдегенде клиренсінің және таралу көлемінің төмендегені, сондай-ақ альфентанилдің T½ (жартылай шығарылу кезеңі) ұзарғаны байқалады. Әсер етуінің ықтимал механизмі CYP3A4 ферментін Флуконазолмен тежеу болып табылады. Альфентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Амитриптилин, нортриптилин: Флуконазол амитриптилиннің және нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилин біріктірілген емнің басында және бір аптадан кейін өлшенуі мүмкін. Егер қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозалары түзетілуі тиіс.

Амфотерицин В: Флуконазол мен амфотерицин В бір мезгілде қолдану иммунитеті қалыпты және әлсіреген, жұқпа жұқтырған тышқандарда келесі нәтижелерді көрсетті: C. albicans әсерінен болған жүйелік жұқпаларда зеңге қарсы аздаған қосымша әсер, Cryptococcus neoformans әсерінен болған бассүйекішілік жұқпаларда ешқандай өзара әрекеттесулер, A. fumigatus әсерінен болған жүйелік жұқпаларда екі препараттың антагонизмі. Осы зерттеулерде алынған клиникалық тұрғыдан маңызды нәтижелер белгісіз.

Антикоагулянттар: Флуконазол варфаринмен бір мезгілде қолданғанда протромбинді уақытты (12%) арттырады. Постмаркетингтік зерттеулерде, зеңге қарсы басқа да азольді препараттардағы сияқты, Флуконазолды варфаринмен бір мезгілде қабылдаған науқастарда протромбинді уақыттың артуымен байланысты қан кету көріністерінің (гематомалар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішек жолынан қан кету, гематурия және мелена) болғаны жөнінде мәлімделді. Кумаринді қатардың антикоагулянттарын қабылдап жүрген науқастарда протромбинді уақытты мұқият бақылау қажет. Варфарин дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Азитромицин: Флуконазол мен азитромицин арасында ешқандай фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ.

Бензодиазепиндер (қысқа әсерлі): мидазоламмен бір мезгілде қолданғанда, Флуконазол мидазолам концентрациясының елеулі артуына және психомоторлы әсерлерге әкеп соғады. Мидазоламға бұл әсер Флуконазолды көктамыр ішіне енгізгеннен гөрі, пероральді түрде қабылдағаннан кейін өте айқын болды. Егер Флуконазол қабылдап жүрген науқастарға бензодиазепиндермен қатарластыра ем жүргізу қажет болса, бензодиазепиндердің дозасын төмендету, ал науқастарды мұқият бақылауға алу қажет.

Флуконазол, триазоламның метаболизмі тежелетіндіктен, триазоламның (бір реттік доза) AUC мәнін шамамен 50%-ға, Cmax 20-32%-ға және t½ 25-50%-ға арттырады. Триазолам дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Карбамазепин: Флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және соңғысының сарысудағы концентрациясын 30%-ға арттырады. Карбамазепиндік уыттылықтың пайда болу қаупі бар. Карбамазепиннің өлшенген концентрациясына/әсеріне қарай, оның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кальций өзекшелерінің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелік әсерін едәуір арттыруы мүмкін. Препараттардың жағымсыз әсеріне жиі мониторинг керек.

Флуконазолда кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелік әсерінің жоғарылау потенциалы бар. Жағымсыз құбылыстарына жиі мониторинг жасау керек.

Целекоксиб: Флуконазолмен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатарластыра емдеу кезінде, целекоксибтің Cmax және AUC мәндері тиісінше 68%-ға және 134%-ға артты. Флуконазолмен біріктірілген целекоксибтің жарты дозасы қажет болуы мүмкін.

Циклоспорин: Флуконазол циклоспориннің концентрациясын және AUC мәнін едәуір арттырады. Бұл біріктірілім циклоспориннің дозасын, оның концентрациясына байланысты, төмендету арқылы пайдаланылуы мүмкін.

Циклофосфамид: циклофосфамидті және Флуконазолды біріктіріп емдеу қан сарысуында билирубин және креатинин деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Біріктірілім қан сарысуындағы билирубин және креатинин деңгейлерінің арту қаупі пайда болғанша пайдаланылуы мүмкін.

Фентанил: Флуконазол фентанилдің элиминациясын едәуір кідіртеді. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тыныс алу қызметінің жеткіліксіздігіне әкеп соғуы мүмкін.

Галофантрин: Флуконазол плазмада, CYP3A4-те тежегіш әсеріне байланысты, галофантриннің концентрациясын арттыруы мүмкін.

A-редуктазаның гидроксиметилглутарил-коферментінің (ГМГ-КоA-редуктазаның) тежегіштері: Флуконазол ГМГ-КоA-редуктазаның CYP3A4 арқылы метаболизденетін, аторвастатин және симвастатин сияқты, немесе CYP2C9 арқылы метаболизденетін, флувастатин сияқты тежегіштерімен бір мезгілде тағайындалған кезде, миопатияның және қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозының (рабдомиолиз) пайда болу қаупі артады. Егер қатарлас ем қажет болса, науқас миопатия және рабдомиолиз симптомдарының пайда болуына бақылануы тиіс, сондай-ақ креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуі тиіс. ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды, егер креатинкиназа деңгейінің едәуір жоғарылауы байқалса, немесе егер миопатия/рабдомиолиздің пайда болғаны анықталса немесе оған күдік бар болса, тоқтатқан жөн.

Лозартан: Флуконазол лосартанның, Лозартанмен емдеу кезінде ангиотензин ІІ рецепторлары антагонизмінің үлкен бөлігі үшін жауап беретін белсенді метаболитке (Е-31 74) метаболизденуін тежейді. Науқастар артериялық қысымды ұдайы бақылап отыруы тиіс.

Метадон: Флуконазол қан сарысуында метадонның концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): Флуконазолмен бір мезгілде тағайындағанда, флурбипрофеннің өзімен ғана емдеумен салыстырғанда, флурбипрофеннің Cmax және AUC мәндері, тиісінше, 23%-ға және 81%-ға артады. Осыған ұқсас, Флуконазол ибупрофеннің рацемиялық қоспасымен бір мезгілде (400 мг) тағайындалғанда, соңғысының өзімен ғана емдеумен салыстырғанда, фармакологиялық тұрғыдан белсенді изомердің [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC мәндері тиісінше 15%-ға және 82%-ға артты.

Флуконазол CYP2C9 арқылы метаболизденетін басқа ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелік әсерін күшейтуі мүмкін. ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз әсер мен уыттылыққа жиі мониторинг жүргізу керек. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Пероральді контрацептивтер: Флуконазолдың 50 мг дозасының гормондар деңгейіне ешқандай елеулі ықпалы байқалған жоқ, сол кезде тәуліктік 200 мг дозадағыдай, этинилэстрадиол мен левоноргестрелдің AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан), тиісінше, 40%-ға және 24%-ға арттырылды. Осылайша, Флуконазолды осындай дозаларда көп рет қолданудың ұрықтануға қарсы біріктірілген пероральді препараттардың тиімділігіне ықпалын тигізуі екіталай.

Фенитоин: Флуконазол фенитоиннің бауырлық метаболизмін тежейді. Бір мезгілде қолданғанда, фенитоиннен уыттануға жол бермеу үшін, қан сарысуындағы фенитоин концентрациясы тексерілуі тиіс.

Преднизон: Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ уақыт емделіп жүрген науқастар, Флуконазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін, бүйрекүсті безі қыртысы жеткіліксіздігін анықтау үшін бақылауда болуы тиіс.

Рифабутин: Флуконазолмен бір мезгілде қолдану қан сарысуында рифабутин деңгейінің 80%-ға дейін жоғарылауына әкеледі. Флуконазол мен рифабутин бір мезгілде тағайындалған науқастарда увеиттің пайда болу жағдайлары жөнінде мәлімделді. Рифабутин мен Флуконазолды бір мезгілде қабылдап жүрген науқастардың жағдайын мұқият бақылау қажет.

Саквинавир: Флуконазол саквинавирдің AUC мәнін шамамен 50%-ға, Cmax шамамен 55%-ға арттырады және, CYP3A4 арқылы саквинавирдің бауырлық метаболизмін тежеу және Р-гликопротеинді тежеу арқылы, саквинавир клиренсін шамамен 50%-ға азайтады. Саквинавир дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Сиролимус: Флуконазол сиролимустың плазмалық концентрациясын, шамамен, сиролимус метаболизмін CYP3A4 және Р-гликопротеинмен тежеу арқылы арттырады. Бұл біріктірілім, өлшенген әсеріне/концентрациясына қарай, сиролимус дозасын түзеткенде пайдаланылуы мүмкін.

Сульфонилмочевина: Флуконазол сульфонилмочевинаның пероральді препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда сарысудан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қан глюкозасын жиі бақылау және сульфонилмочевина дозасын тиісінше азайту керек.

Такролимус: Флуконазол пероральді түрде қабылдағанда такролимустың сарысулық концентрациясын, CYP3A4 арқылы ішекте такролимустың метаболизмін тежеу есебінен, 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты көктамыр ішіне енгізгенде ешқандай елеулі фармакокинетикалық өзгерулер байқалған жоқ. Такролимус деңгейін арттыру нефроуыттылықпен байланысты болды. Пероральді такролимусты дозалау препарат концентрациясына байланысты төмендетілуі тиіс.

Теофиллин: 200 мг Флуконазолды 14 күн бойы қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығының 18%-ға төмендеуіне әкеледі. Флуконазол мен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдап жүрген науқастарды, немесе теофиллиннің уытты әсерінің қаупі жоғарылаған науқастарды, теофиллиннің артық дозалану симптомдарын дер кезінде анықтау мақсатында, мұқият қадағалауға алу қажет; олар пайда болған жағдайда емдеуді тиісінше өзгерткен жөн.

Қабыршөп алкалоидтары: Флуконазол қабыршөп алкалоидтарының (мысалы, винкристин және винбластин) плазмалық деңгейлерін арттыруы және, CYP3A4 тежегіш әсеріне байланысты, нейроуыттылыққа әкеп соғуы мүмкін.

А витамині: Бұл біріктірілімді пайдалануға болады, бірақ емделушілер ОЖЖ байланысты жағымсыз әсерлерді анықтау мақсатында бақыланғаны жөн.

Зидовудин: Флуконазол, пероральді түрде қабылданғанда зидовудин клиренсінің шамамен 45%-ға төмендеуіне байланысты, зидовудиннің Cmax және AUC мәндерін тиісінше 84%-ға және 74%-ға арттырады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі Флуконазолмен біріктіріп емдегеннен кейін шамамен 128%-ға ұзарады. Осы біріктірілімді қабылдап жүрген науқастар, зидовудинді қабылдаумен байланысты, жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында бақылануы тиіс. Зидовудин дозасын азайту қажет болуы мүмкін.

Тофаситиниб: тофаситинибті CYP3А4 орташа тежелуіне, сонымен қатар CYP2С9 күшті тежелуіне әкелетін дәрілермен (флуконазол) бір мезгілде қабылдағанда әсері жоғарылайды.

Флуконазолдың пероральді түрлерінің оны аспен, циметидинмен, антацидтермен бір мезгілде қабылдағанда, сондай-ақ сүйек кемігін ауыстырып салу үшін денені тотальді сәулелендіруден кейін, өзара әрекеттесуіне жүргізілген зерттеулер бұл факторлардың Флуконазолдың сіңуіне клиникалық тұрғыдан маңызды ықпал етпейтіндігін көрсетеді.

Флуконазолдың басқа дәрілермен өзара әрекеттесуі жөнінде зерттеулер әлі жүргізілген жоқ, бірақ мұндай өзара әрекеттесулер пайда болуы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Сирек жағдайларда Флуконазол СВС препаратын қолдану, негізінен, қатарласқан аурулары бар науқастарда бауырдағы уыттық өзгерістермен, соның ішінде өліммен қатар жүрді. Флуконазол СВС гепатоуыттық әсері әдетте қайтымды болды, емдеуді тоқтатқаннан кейін оның белгілері жоғалады. Флуконазол СВС-мен емделу кезінде бауыр қызметінің көрсеткіштері бұзылған науқастарды бауырдың зақымдану белгілерін анықтау мақсатында бақылауға алу қажет. Флоконазол СВС қолданумен байланысты болуы мүмкін бауыр зақымдарының клиникалық белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде препарат қабылдауды тоқтатқан жөн.

Флуконазол СВС сирек жағдайларда анафилактикалық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Флуконазол СВС препаратымен емделу кезінде науқастарда сирек жағдайларда Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативтік тері реакциялары пайда болды. ЖИТС-ке шалдыққан науқастар көптеген препараттарды қолданған кезде ауыр тері реакцияларының дамуына өте бейім болады. Науқастарда беткейлік зеңді жұқпалар болған жағдайларда Флуконазол СВС қолданумен байланысты болуы мүмкін бөртпе пайда болғанда препарат қабылдауды тоқтатқан жөн. Инвазиялық/жүйелік зеңді жұқпалары бар науқастарда бөртпе пайда болған кезде оларды мұқият бақылаған және буллезді зақымдар немесе көп пішінді эритема пайда болған кезде Флуконазол СВС қабылдауды тоқтатқан жөн.

Флуконазол СВС ЭКГ-да QT аралығын арттыруы мүмкін. Флуконазол СВС қолданғанда QT аралығының артуы және қарыншалардың жыбырлауы/жыпылықтауы жүректің органикалық аурулары, электролиттік теңгерімнің бұзылуы және осындай бұзылулардың пайда болуына мүмкіндік беретін қатарласқан емдер сияқты көптеген қауіпті факторлары бар науқастарда өте сирек байқалды. Сондықтан проаритмиялық жағдайдағы осындай емделушілерге Флуконазол СВС препаратын абайлап қолданған жөн.

Қынаптық кандидозға байланысты Флуконазол СВС 150 мг қолданғанда, емделушілерге, симптомдардың жақсаруы әдетте 24 сағаттан соң байқалатындығын, бірақ олардың толық жойылуы үшін бірнеше күн қажет болатындығы ескертілуі тиіс. Симптомдар бірнеше күн бойы сақталғанда дәрігерге қаралған жөн.

Флуконазол күшті әсер ететін CYP2C9 тежегіші және орташа әсер ететін CYP3A4 тежегіші болып табылады. CYP2C9 және CYP3A4 арқылы метаболизденетін емдік ауқымы қысқа дәрілермен қатарластыра ем қабылдап, флуконазолмен емделіп жүрген науқастар тексерілуі тиіс.

Бауыр, жүрек аурулары бар емделушілер Флуконазол СВС препаратын қолданар алдында дәрігерден кеңес алуы керек.

Флуконазол СВС препаратын бүйрек қызметі бұзылған науқастар абайлап қабылдауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Автокөлікті басқарғанда немесе техниканы пайдаланғанда сақ болған жөн, өйткені бас айналу немесе құрысулар пайда болуы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: жүректің айнуы, құсу, диарея, ауыр жағдайларда — құрысулар.

Емі: асқазанды шаю, симптоматикалық ем. Флуконазол негізінен несеппен бірге шығарылады, сондықтан қарқынды диурез препараттың шығуын тездетуі мүмкін. 3 сағаттық гемодиализ сеансы плазмадағы Флуконазол деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

0,100 г доза үшін: пішінді ұяшықты қаптамада 10 капсуладан.

Пішінді ұяшықты бір каптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекетттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

0,150 г доза үшін: пішінді ұяшықты қаптамада 1 капсуладан.

Пішінді ұяшықты бір каптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекетттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 250С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханадан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«СВС – Фармация» ЖШС,

030012 Ақтөбе қ-сы, Қазақстан Республикасы, Сәңкібай батыр д-лы, 171 Б

Эл.поштасы: svs-pharmacy@mail.ru

Тұтынушылардан өнім сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«СВС - Фармация» ЖШС, Қазақстан Республикасы, 030030, Ақтөбе қ-сы, Авиақалашық, 14.

Тел/факс (7132) 22 77 55

Эл.поштасы: svs-pharmacy@mail.ru

Прикрепленные файлы

980837211477976818_ru.doc 106 кб
914371441477977974_kz.doc 137 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники