Тризивир®
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Тризивир®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 300 мг абакавир (абакавир сульфаты түрінде)
150 мг ламивудин,
300 мг зидовудин,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, А типті натрий крахмалы гликоляты, магний стеараты,
қабықтың құрамы: Опадрай® жасыл 03В11434: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), полиэтиленгликоль, FD&C Blue №2/Indigo Carmine Aluminium Lake (E132), темірдің сары тотығы (Е172).
Сипаттамасы
Капсула пішінді, көк-жасыл түсті бір жағында «GX LL1» жазуы бар, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған вирусқа қарсы препараттар. АИТВ инфекциясын емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар, біріктірілімдер. Зидовудин+ламивудин+абакавир.
АТХ коды J05AR04
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикаcы
Сіңірілуі
Ламивудин, абакавир мен зидовудин ішке қабылдағаннан кейін асқазан-ішек жолынан тез және жақсы сіңіріледі. Ламивудин, абакавир мен зидовудиннің абсолютті биожетімділігі ересектерде ішу арқылы қабылдағаннан кейін, тиісінше, 80-85%, 83% және 60-70% жуық құрайды. Абакавир, ламивудин мен зидовудиннің фармакокинетикалық параметрлері, олар Тризивир® препаратының құрамында немесе бөлек Комбивир және Зиаген® препараттарының құрамында тағайындалған кезде ерекшеленбеген.
Қан плазмасындағы жалпы концентрациясының (AUC) және қан сарысуындағы ең жоғары концентрациясының (Сmax) концентрация-уақыт арақатынасының қисық астындағы аудан көрсеткіштері бойынша, Тризивир® 150 мг дозадағы ламивудинге, 300 мг дозадағы зидовудинге және 300 мг дозадағы абакавирге олар әр бөлек қабылданған кезде биобаламалы. Ас ішу Тризивир® препаратының сіңірілу жылдамдығын азайтады (Сmax, орта есеппен, 18-32% аздап төмендеуі) және Tmax ұзартады (шамамен 1 сағат), бірақ сіңірілу шамасына әсер етпейді. Бұл деректердің клиникалық мәні жоқ, ал Тризивир® препаратын ас ішуге байланыссыз қолдануға болады.
Тризивир® емдік дозаларда тағайындалғанда ламивудин, абакавир және зидовудин үшін Сmax жоғары шекті көрсеткіштері, тиісінше, 1.33, 3.49 және 1.56 мкг/мл құрайды.
Сmax көрсеткішінің орташа жоғарылауы зидовудинді ламивудинмен бірге қолданғанда байқалған (28%), дегенмен AUC шамасы елеулі өзгермеген. Зидовудин ламивудиннің фармакокинетикасына әсер етпейді. Абакавир бірге қолданылғанда Сmax зидовудинде 20% және ламивудинде 35% төмендейді.
Таралуы
Ламивудин, абакавир мен зидовудин үшін орташа таралу көлемі, тиісінше, 1.3; 0.8; 1.6 л/кг құрайды. Ламивудин емдік дозалардың бүкіл ауқымында дозаға байланысты фармакокинетика және қан плазмасының альбуминімен байланысатын онша жоғары емес қабілет (in vitro 36%-дан аз) иеленген. Зидовудиннің қан плазмасы ақуыздарымен байланысы 34%-дан 38% дейін, ал абакавирдікі шамамен 49% in vitro құрайды. Бұл Тризивир® үшін дәрілік препараттарды қан плазмасының ақуыздарымен байланыстан ығыстыру механизмі арқылы өзара әрекеттесу ықтималдығының жоғары еместігін айғақтайды.
Ламивудин, абакавир мен зидовудин гематоэнцефалдық бөгет (ГЭБ) арқылы өтеді және жұлын сұйықтығынан (ЖС) табылады. Ламивудин мен зидовудиннің ЖС және сарысудағы концентрация қатынасының орта шамасы ішке қабылдағаннан кейін 2-4 сағаттан соң, тиісінше, 0.12 және 0.5 құрады.
Абакавирдің ЖС және қан плазмасындағы (AUC) концентрацияларының қатынасы 30-44% құрады. Абакавирдің ЖС-дағы орташа концентрациясы 300 мг дозаcын қабылдағаннан кейін 1.5 сағаттан соң 0.14 мкг/мл болды. 600 мг дозасын қабылдағаннан кейін 0.5-1 сағаттан соң ол 0.13 мкг/мл құрап, 3-4 сағат өткенде 0.74 мкг/мл дейін ұлғайды.
Абакавир тәулігіне 600 мг дозада қабылданғанда жоғары шекті концентрацияларының алынған мәндері абакавир IC50, 0.08 мкг/мл абакавир мәндерімен салыстырғанда, 9 есе асып түседі.
Метаболизмі
Ламивудин организмнен бүйрек арқылы өзгеріссіз күйде шығарылады. Бауырдағы аздаған метаболизміне (5-10%) және қан плазмасы ақуыздарымен әлсіз байланысуына орай, ламивудиннің дәрілермен өзара әрекеттесу ықтималдығы аз.
Зидовудиннің 50-80% қабылданған дозасы бүйрек арқылы 5’-глюкуронид түрінде экскрецияланады.
Абакавир бауырда алғаш метаболизденеді, онда алкогольдегидрогеназа ферментінің қатысуымен және глюкурондану арқылы препарат дозасынан 66% құрайтын метаболиттері 5’-карбол қышқылы мен 5’-глюкурон қышқылы түзіледі, ол организмнен несеппен шығарылады, 2%-дан аз абакавир несеппен өзгеріссіз күйде бөлінеді.
Шығарылуы
Ламивудиннің жартылай шығарылу кезеңі 5-7 сағат құрайды. Бүйректік клиренсі басым болып (70%), органикалық катиондарды тасымалдау жүйесі арқылы жүзеге асады, ал орташа жүйелі клиренсі шамамен 0.32 л/ сағ./кг тең. Ламивудин элиминациясы бүйрек жеткіліксіздігінде бұзылады, сондықтан креатинин клиренсі 50 мл/мин пациенттерге оның дозасын азайту қажет болады.
Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі, жүйелі және бүйректік клиренсі, тиісінше, 1.1 сағат; 1.6 л/сағ./кг; 0.34 л/сағ./кг құрады. Қан плазмасында зидовудин концентрациясы айқын бүйрек жеткіліксіздігінде ұлғаяды.
Абакавирдің жартылай шығарылуының орта кезеңі шамамен 1.5 сағат құрайды. Тәулігіне 2 рет 300 мг-ден көп рет қабылдағанда абакавирдің елеулі жинақталуы байқалмайды. Абакавир метаболизмі бауырда өтеді, ал метаболиттерінің кейінгі элиминациясы бүйрек арқылы жүзеге асады.
Абакавир мен оның метаболиттері несепте алынған дозаның 83% жуығын құрайды, оның қалған бөлігі нәжіспен шығарылады.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде Тризивир® препаратын пайдалану жөнінде деректер жоқ.
Бауыр циррозы бар пациенттерде глюкуронданудың төмендеуі салдарынан зидовудиннің жинақталуы байқалуы мүмкін.
Орташа және ауыр сипатты бауыр жеткіліксіздігінде ламивудин фармакокинетикасы онша бұзылмайды.
Абакавир бауырда алғаш метаболизденеді. Жеңіл бауыр жеткіліксіздігінде, орта есеппен, AUC 1.89 есе, ал жартылай шығарылу кезеңі 1,58 есе артуы байқалады. Оның метаболиттерінің түзілу және шығарылу жылдамдығы азаяды. Осылайша, жеңіл бауыр жеткіліксіздігінде абакавир дозасын азайту ұсынылады.
Абакавир фармакокинетикасы орташа және ауыр дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде зерттелмеген, сондықтан мұндай пациенттерде Тризивир® препаратын қабылдау ұсынылмайды.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Бүйрек жеткіліксіздігінде ламивудиннің бүйректік клиренсінің төмендеуі байқалады, соған сәйкес, оның элиминациясы бұзылады. Креатинин клиренсінің 50 мл/мин мәндерінде препарат дозасын азайту ұсынылады. Қан плазмасындағы зидовудин концентрациясы айқын бүйрек жеткіліксіздігінде ұлғаяды. Абакавир бауырда алғашқы метаболизмге ұшырайды және 2%-дан аз препарат несеппен өзгеріссіз күйде шығарылады. Абакавир фармакокинетикасы бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында және сақталған бүйрек функциясында бірдей. Ламивудин мен зидовудин дозасын түзету қажет болса (креатинин клиренсі 50 мл/мин), ламивудин, зидовудин және абакавирді әр бөлек тағайындаған дұрыс.
Фармакодинамикасы
Тризивир® – вирусқа қарсы біріктірілген препарат.
Ламивудин, зидовудин мен абакавир нуклеозидтер аналогтары және кері транскриптаза ферментінің тежегіштері, сондай-ақ адамдағы 1 және 2 типті адамдағы иммундық тапшылық вирустарының (АИТВ-1, АИТВ-2) қуатты таңдамалы тежегіштері болып табылады.
Бұл үш зат жасушаішілік киназалармен 5'-трифосфатқа (ТФ) дейін бірізді метаболизденеді. Ламивудин трифосфаты, абакавир трифосфаты және зидовудин трифосфаты АИТВ кері транскриптазасының субстраттары және бәсекелес тежегіштері болып табылады. Алайда, олардың вирусқа қарсы белсенділігінің басты механизмі бұл заттардың монофосфатты түрлерін кейіннен үзіліп кететін вирустық ДНҚ тізбегіне ендірумен жүзеге асады. Тризивир® адам жасушасының ДНҚ-полимеразаларына едәуір аз аффинді болып шығады.
Жасушалар өсіріндісіндегі Тризивир® препаратының вирусқа қарсы белсенділігі кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерімен (диданозин, эмтрицитабин, ставудин немесе тенофовир) және кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштерімен (невирапин) немесе протеаза тежегіштерімен (ампренавир) бірге қолданған жағдайда бәсеңдемейді.
Ламивудин мен басқа да вирусқа қарсы препараттар (абакавир, диданозин және невирапин,) тағайындалғанда іn vitro антагонизм әсері байқалмаған.
Зидовудин мен басқа да вирусқа қарсы препараттар (диданозин, интерферон-альфа) тағайындалғанда іn vitro антагонизм әсері байқалмаған.
Төзімділігі
Іn vitro абакавир мен ламивудинге төзімді АИТВ-1 штамдары алынған. Ламивудинге төзімділігі кері транскриптазаның M184VI, жиірек M184V кодондары аумағындағы спецификалық генотиптік өзгерістермен шартталған.
Абакавирге төзімділік кері транскриптазаның кейбір кодондарының (M184V, K65R, L74V және Y 115F кодондары) аумағында спецификалық генотипті өзгерістермен шартталған және салыстырмалы түрде баяу дамиды; вирустың көптеген мутацияларымен шартталған, соның нәтижесінде, жабайы АИТВ штамымен салыстырғанда, 8 есе IC50 ұлғаюына жетуге болады. Абакавирге төзімді штамдарда ламивудинге, зальцитабинге және/немесе диданозинге сезімталдықтың азаюы да байқалады, бірақ зидовудин мен ставудинге сезімталдық сақталады.
Бұрын нуклеозидтерді немесе оларға төзімді басқа тежегіштерді алған, вирустың бақыланбайтын репликациясы бар пациенттерден бөлінген ауруханалық АИТВ штамдарында абакавирге сезімталдықтың төмендеуі болды.
Тризивир® препаратымен біріктірілген бастапқы емнің тиімсіздігі, ең алдымен, бір M184V кодонындағы мутациялардан болады, бұл екінші желіде ем жүргізу қажеттілігі туралы пікірді растайды.
Абакавир, зидовудин немесе ламивудин мен протеазалар тежегіштерінің немесе кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштерінің арасындағы айқаспалы төзімділіктің даму ықтималдығы аз.
Қолданылуы
- ересектердегі АИТВ инфекциясын емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
АИТВ жұқтырған пациенттерді жүргізу тәжірибесі бар дәрігердің қадағалауымен ем жасалуы тиіс.
Ересектерге ұсынылатын дозасы - тәулігіне 2 рет 1 таблеткадан.
Тризивир® препаратын ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Егер пациенттердің дене салмағы 40 кг-ден аз болса, таблетканы бөлшектеуге болмайтындықтан, Тризивир® препаратын тағайындауға болмайды. Тризивир® ас ішуге байланыссыз ішке қабылдауға тағайындалады.
Тризивир® препаратын тоқтату немесе оның дозасын азайту қажет болатын жағдайларда оның белсенді компоненттерін абакавир (Зиаген®), ламивудин (Эпивир®), зидовудин (Ретровир®) препараттары түрінде әр бөлек қолдануға болады.
Егде жастағы пациенттер
65 жастан асқан пациенттердегі фармакокинетикасы зерттелмеген.
Тризивир® егде жастағы пациенттерге тағайындағанда бүйрек функциясының жас ерекшеліктік төмендеуіне және қан көрсеткіштерінің өзгеруіне ерекше назар аударған жөн.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі 50 мл/мин) ламивудин немесе зидовудин дозасын азайту талап етіледі, сондықтан Тризивир® орнына абакавир, ламивудин және зидовудинді бөлек тағайындаған дұрыс.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауыр функциясы болымсыз дәрежеде бұзылған (Чайлд-Пью шкаласы бойынша А дәрежесі) пациенттерде абакавир мен зидовудин дозасын азайту қажет болуы мүмкін. Тризивир® препаратының құрамындағы осы компоненттерді азайту мүмкін болмағандықтан, абакавир, зидовудин және ламивудин препараттарын әр бөлек тағайындау қажет. Тризивир® препараты бауыр жеткіліксіздігі орташа немесе ауыр дәрежедегі (Чайлд-Пью шкаласы бойынша В және С дәрежесі) пациенттерде тағайындауға ұcынылмайды.
Қан көрсеткіштері тарапынан жағымсыз реакциялары бар пациенттер
Зидовудин дозасын түзету талап етіледі. Гемоглобин мөлшері 9 г/л-ден (5.59 ммоль/л) аз немесе нейтрофильдер саны 1.0 x 109/л төмен болса абакавир, зидовудин мен ламивудин әр бөлек тағайындалуы тиіс.
Жағымсыз әсерлері
Тризивир® препаратының құрамында үш белсенді компонент – абакавир, зидовудин мен ламивудин бар, ал оларды қолданғанда кездесуі мүмкін жағымсыз реакциялар төменде берілген. Аталған реакциялардың Тризивир® препаратын қабылдаумен, қатарлас еммен байланысты екені немесе жалпы аурудың салдары болып табылатыны түсініксіз.
Кездесу жиілігі: өте жиі (>1/10), жиі (>1/100, <1/10), жиі емес (>1/1,000, <1/100), сирек (>1/10,000, <1/1000), өте сирек (<1/10,000).
Қою әріппен белгіленген жағымсыз реакциялар кемінде 5 % жағдайда кездесті.
Маңызды! Абакавирге аса жоғары сезімталдық туралы ақпаратпен танысу үшін төмендегі ақпаратты оқыңыз («Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары»).
Абакавирге реакциялар
Жиі
- аса жоғары сезімталдық реакциялары
- анорексия
- бас ауыру
- жүрек айну, құсу, диарея
- бөртпе (жүйелі зақымдану симптомдарынсыз)
- қызба, ұйқышылдық, шаршау, анорексия
Сирек
- панкреатит
- сүт қышқылды ацидоз, гиперлактатемия, майдың қайта таралуы/жиналуы
Өте сирек
- мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз
Ламивудинге реакциялар
Жиі
- бас ауыру, ұйқысыздық
- жөтел, мұрын симптомдары
- жүрек айну, құсу, іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, диарея
- бөртпе, алопеция
- артралгия, бұлшықеттердің бұзылуы
- әлсіздік, қажу, қызба
Жиі емес
- бауыр ферменттері (АСТ, АЛТ) белсенділігінің транзиторлы жоғарылауы
- анемия, нейтропения (кейде ауыр дәрежелі); тромбоцитопения
Сирек
- сарысулық амилаза белсенділігінің жоғарылауы, панкреатит
- гепатит
- рабдомиолиз
- сүт қышқылды ацидоз, гиперлактатемия, майдың қайта таралуы/жиналуы
Өте сирек
- эритроцитарлық аплазия
- шеткергі нейропатия (парестезия)
Зидовудинге реакциялар
Өте жиі
- жүрек айну
- бас ауыру
Жиі
- құсу, іш аумағындағы ауырулар, диарея, диспепсия, іштің кебуі
- бауыр ферменттері белсенділігінің және билирубиннің жоғарылауы
- миалгия, миопатиялар
- дімкәстану
- анемия, нейтропения, лейкопения
- бас айналу
Сирек
- анорексия
- гипоксия болмаған кездегі сүт қышқылды ацидоз, гиперлактатемия, майдың қайта таралуы
- мазасыздық, депрессия
- ұйқысыздық, парестезиялар, бас айналу, ұйқышылдық, ойлау шапшаңдығының төмендеуі, құрысулар
- кардиомиопатия
- жөтел, диспноэ
- ауыз қуысы шырышты қабығының пигментациясы, дәм сезудің бұрмалануы
- панкреатит
- бауыр функциясының бұзылуы (стеатозбен айқын гепатомегалия)
- тырнақ пен тері жабындары пигментациясы
- бөртпе, есекжем, қышыну
- қатты тершеңдік
- несеп шығарудың жиілеуі
- гинекомастия
- жалпы ауыру синдромы, дімкәстану, қалтырау, кеуде қуысының ауыруы, тұмау тәрізді симптомдар, астения
Өте сирек
- апластикалық анемия, панцитопения және эритроцитарлық аплазия
Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары
Клиникалық зерттеулердегі скрининг үдерісінде шамамен 5% зерттелушіде сирек жағдайларда өліммен аяқталған абакавирге аса жоғары сезімталдық реакцияларын дамытатын елеулі қауіппен астасқан HLA B*5701 аллельдерінің болуы анықталды. Бұл реакциялар көп ағзалық зақымдануды айғақтайтын симптомдармен көрініс береді. Көпшілік жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакциялары көріністерінің бірі қызба және бөртпе (макула-папулезді немесе есекжем) болды, алайда аса жоғары сезімталдық реакцияларын осы симптомдар болмаған кезде де байқауға болады.
Аса жоғары сезімталдық симптомдары абакавир қабылдау аясында кез келген уақытта білінуі мүмкін, бірақ бұл емнің алғашқы 6 аптасы ішінде жиірек болады (орта есеппен – емнің 11-ші күні). Осы аса жоғары сезімталдық реакциясының белгілері мен симптомдары төменде берілген. Кем дегенде 10% пациентте кездескен белгілер қою әріппен бөліп көрсетілген:
- бөртпе (әдетте макула-папулезді немесе уртикарлы)
- ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы, іштің ауыруы, жүрек айну, құсу, диарея
- ентігу, жөтел, тамақтың ауыруы, тыныс алу жеткіліксіздігі, респираторлық дистресс-синдром
- қызба, шаршау, дімкәстану, ісінулер, лимфоаденопатия, гипотензия, конъюнктивит, анафилаксия
- бас ауыру, парестезиялар
- лимфопения
- функционалдық бауыр сынамалары көрсеткіштерінің жоғарылауы, бауыр жеткіліксіздігі
- креатинин деңгейінің жоғарылауы, бүйрек жеткіліксіздігі
- миалгиялар, миолиз, артралгиялар, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы
Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакцияларын респираторлық жүйенің аурулары (пневмония, бронхит, фарингит), тұмау тәрізді аурулар, гастроэнтерит немесе басқа дәрілік препараттарға реакциялар сияқты сипаттауға болады. Аса жоғары сезімталдық реакциялары диагностикасындағы кідіріс абакавир қабылдауды жалғастыруға және, тиісінше, қабылдау аясында аса жоғары сезімталдықтың аса ауыр реакцияларының дамуына әкелуі мүмкін. Осылайша, аса жоғары сезімталдық реакцияларына күдіктенгенде, тіпті басқа диагноз болу мүмкіндігі жоққа шығарылмаған жағдайларда да, аталған симптомдардың бәрі аса жоғары сезімталдық реакциясымен болжамды өзара байланыс тұрғысынан мұқият қарастырылуы тиіс. Егер аса жоғары сезімталдық реакциясы жоққа шығарылмаса, Тризивир® препараты мен құрамында абакавир бар өзге өнімдер (КИВЕКСА®, Зиаген®) қабылдау тоқтатылып, олар келешекте ешқашан тағайындалмауы тиіс.
Аса жоғары сезімталдық реакциясымен байланысты симптомдар емді жалғастырғанда нашарлай түседі, ал абакавир мен құрамында абакавир бар препараттар қабылдауды тоқтатқаннан кейін әдетте жоғалып кетеді. Аса жоғары сезімталдық реакциясы аясында абакавир қабылдауды жаңғырту симптомдардың бірнеше сағат ішінде қайта оралуына әкеледі.
Тризивир® препаратын қабылдауды жалғастыру аясында дамитын симптомдар препаратты алғаш қабылдау аясында білінген симптомдардан көп күрделі болып, әрі өмірге қауіп төндіретін гипотонияның дамуына және өлімге әкелуі мүмкін.
Пациенттің HLA B*5701 статусына қарамастан, кез келген аса жоғары сезімталдық симптомдары дамығанда Тризивир® препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек. Аса жоғары сезімталдық реакциясы дамыған жағдайда Тризивир® және құрамында абакавир бар кез келген өзге өнімдерді (Зиаген®, КИВЕКСА®) алдағы уақытта ешқашан тағайындауға болмайды.
Аса жоғары сезімталдықтың қандай да бір симптомының (бөртпе, қызба, дімкәстану/шаршау, гастроинтестинальді немесе респираторлық симптомдар) дамуы аясында оны тоқтатқаннан кейін абакавир қабылдауды жаңғыртқанда аса жоғары сезімталдық реакциясы дамыған бірнеше жағдайлар анықталған.
Сирек жағдайларда аса жоғары сезімталдық дамуының алдыңғы белгілері мен симптомдары болмаса, абакавирмен емдеуді жаңғыртқанда аса жоғары сезімталдық реакциясы дамуы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- Тризивир® препаратына немесе препараттың кез келген белсенді (абакавир, ламивудин немесе зидовудин) немесе қосымша компонентіне аса жоғары сезімталдық
- бауыр жеткіліксіздігі, бауыр циррозы
- бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысы
- нейтропения ( 0,75 х 109 /л), гемоглобин мөлшерінің төмендеуі ( 75 г/л немесе 4,65 ммоль/л)
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
- жүктілік
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Абакавир, зидовудин және ламивудин арасында клиникалық мәнді өзара әрекеттесулер байқалмаған. Тризивир® препаратының құрамына үш белсенді зат кіретіндіктен, осы препараттардың әрқайсысында кездесетін дәрілік өзара әрекеттесулер Тризивир® препаратында да сақталады.
Төменде берілген дәрілік өзара әрекеттесулер осымен шектелмейді, тағайындалғанда сақтық шарасын қадағалау керек болатын дәрілік заттың сәйкесті класы ұсынылады.
Абакавирдің өзара әрекеттесулері
Абакавир UDP-глюкуронилтрансфераза және алкогольдегидрогиназа ферменттерінің көмегімен сіңіріледі; UDP-глюкуронилтрансфераза ферменттерінің индукторларын немесе тежегіштерін бірге немесе алкогольдегидрогеназа арқылы шығарылатын құрамдастарымен үйлестіріп қабылдау, абакавирдің әсерін өзгертуі мүмкін. Зидовудин негізінен UDP-глюкуронилтрансфераза ферменттерінің көмегімен сіңіріледі; UDP-глюкуронилтрансфераза ферменттерінің индукторларын немесе тежегіштерін бірге қабылдау зидовудиннің әсерін өзгертуі мүмкін. Ламивудин бүйрек арқылы шығарылады. Ламивудиннің несептегі белсенді бүйректік секрециясы органикалық катиондар тасымалдағыштарының көмегімен жүреді; ламивудинді органикалық катиондар тасымалдағыштарының тежегіштерімен бірге қабылдау ламивудиннің әсерін арттыруы мүмкін.
Абакавир Р450 цитохромдары жүйесіндегі 3А4, CYP 3A4, CYP 2C9, CYP 2D6 энзимдерімен байланысты метаболизмді тежемейді және бауыр метаболизмін күшейтпейді, сондықтан антиретровирустық протеазалар тежегіштерімен және P450 цитохромы жүйесіндегі ферменттердің қатысуымен метаболизденетін препараттармен өзара әрекеттесу ықтималдығы онша емес.
Этанолмен
Абакавир метаболизмі этанолмен бірге қолданғанда бұзылып, AUC көрсеткішінің 41 % артуымен қатар жүреді, әрі клиникалық мәнді болмайды. Абакавир этанол метаболизміне әсер етпейді.
Метадонмен
Тәулігіне 2 рет 600 мг дозадағы абакавир мен метадонды бір мезгілде қолданғанда абакавир Сmax 35% төмендеген, ал Тmax 1 сағатқа ұзарған, AUC көрсеткіші өзгермеген. Бұл деректердің клиникалық мәні жоқ. Абакавир метадонның жүйелі клиренсін 22 % арттырады, сондықтан кейде метадон дозасын қайта түзету қажет болуы мүмкін.
Ретиноидтармен
Ретиноидты қосылыстар организмнен алкогольдегидрогеназа ферменті арқылы шығарылады. Абакавирмен өзара әрекеттесу болуы мүмкін, бірақ зерттелмеген.
Ламивудин өзара әрекеттесулері
Ламивудиннің қатысуымен өзара әрекеттесу ықтималдығы оның шектеулі метаболизмі мен плазма протеиндерімен төмен байланысуы мен бүйрек клиренсі арқылы толық дерлік шығарылуына орай тым аз. Бүйрек механизмі арқылы да шығарылатын препараттарды қатарлас тағайындағанда сақ болу қажет.
Триметоприммен
Триметоприм/сульфаметоксазолды 160 мг/800 мг дозада (ко-тримоксазол) тағайындау ламивудин экспозициясын 40% жоғарылатады. Егер бүйрек функциясы бұзылмаған болса, ламивудин дозасын ешқандай түзету талап етілмейді. Ламивудин триметоприм немесе сульфаметоксазол фармакокинетикасына әсер етпейді. Пневмоцисттік пневмония мен токсоплазмозды емдеу үшін ламивудинді ко-тримоксазолдың жоғары дозаларымен қолданудың әсері зерттелмеген.
Зальцитабинмен
Ламивудин зальцитабиннің жасушаішілік фосфорлануын бәсеңдетуі мүмкін. Тризивир® препаратын зальцитабинмен бірге қолдану ұсынылмайды.
Эмтрицитабинмен
Ламивудин эмтрицитабиннің жасушаішілік фосфорлануын осы препараттар бірге қолданылғанда бәсеңдетуі мүмкін. Сонымен қатар, препараттардың екеуіне де тән вирустық төзімділіктің даму механизмі вирустық транскриптаза генінің бірдей бөліктерінің мутациясы (М184V) арқылы жүреді, тиісінше, оларды біріктіріп пайдаланғанда осы өнімдердің емдік тиімділігі шектелуі мүмкін. Ламивудинді эмтрицитабинмен немесе құрамында эмтрицитабиннің бекітілген дозалары бар препараттармен бірге қолдану ұсынылмайды.
Зидовудин өзара әрекеттесулері
Зидовудин белсенді емес метаболиттер түрінде негізінен бауыр метаболизмі арқылы шығарылады. Препараттар баламалы элиминация жолдарымен, әсіресе, глюкурондану үдерісінің қатысуымен зидовудин метаболизмін төмендетуі мүмкін.
Атоваквинмен
Зидовудин атоваквиннің фармакокинетикасына әсер етпейді. Алайда, фармакокинетикалық деректер атоваквиннің зидовудин метаболизмін төмендететінін көрсетті (зидовудин AUC 33% ұлғаяды, ал глюкуронидтің жоғары шекті плазмалық концентрациясы 19% азаяды). Зидовудинді 3 апта бойы 500-600 мг/тәулік дозада атоваквинмен бірге қабылдаудың, зидовудиннің плазмалық концентрацияларының ұлғаюына орай, жағымсыз реакциялар пайда болу жиілігінің жоғарылауына әкелу ықтималдығы аз. Атоваквинмен ұзақ уақыт емдегенде сақ болу қажет.
Кларитромицинмен
Кларитромицин зидовудиннің сіңірілуін төмендетеді. Препараттар қабылдаулар арасындағы кемінде екі сағат аралықпен тағайындалуы тиіс.
Ламивудинмен
Зидовудин мен ламивудинді үйлестіріп қолдану зидовудин экспозициясының 13% жоғарылауына және қан плазмасындағы жоғары шекті концентрациясының 28% ұлғаюына алып келеді, бірақ жалпы экспозиция (AUC) елеулі бұзылмайды. Бұл көрсеткіштердің артуы пациенттер қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді және дозаны түзетуді талап етпейді. Зидовудин ламивудиннің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Фенитоинмен
Зидовудин алған пациенттер қанындағы фенитоин концентрациясы әдетте төмен, бірақ кейбір жағдайларда ол көтерілуі мүмкін, сондықтан фенитоин деңгейі ол Тризивирмен® үйлестірілгенде бақылану қажет.
Пробенецидпен
Зидовудиннің жартылай шығарылуының орташа кезеңі мен AUC көрсеткіші глюкурондану төмендеуінің есебінен ұлғаяды, бұл орайда глюкуронидтің (және, мүмкін, зидовудиннің өзінің) бүйректік экскрециясы азаяды.
Рибавиринмен
Нуклеозидтік аналог - рибавирин зидовудиннің антагонисі болып табылатындықтан, бұл препараттарды біріктіруге болмайды.
Рифампицинмен
Зидовудин мен рифампицинді үйлестіріп қолданғанда зидовудин AUC 48%34% төмендейді, бірақ бұл өзгерістің клиникалық мәнділігі белгісіз.
Ставудинмен
Зидовудин ставудиннің жасушаішілік фосфорлануын олар бір мезгілде тағайындалғанда бәсеңдетуі мүмкін, сондықтан ставудинді Тризивир® препаратымен үйлестіру ұсынылмайды.
Тризивир® ацетилсалицил қышқылы, кодеин, морфин, метадон, индометацин, кетопрофен, напроксен, оксазепам, лоразепам, циметидин, клофибрат, дапсон, изопринозин сияқты препараттармен біріктірілгенде ерекше сақтықпен қолданылуы тиіс, өйткені олар глюкурондануды бәсекелі тежеу немесе бауыр микросомаларында метаболизмді тікелей бәсеңдету есебінен оның метаболизмін бұзады.
Тризивирді® пентамидин, дапсон, пириметамин, ко-тримоксазол, амфотерицин В, флуцитозин, ганцикловир, интерферон, винкристин, винбластин немесе доксорубицин сияқты нефроуыттылығы зор және миелосупрессиялық препараттармен үйлестіру зидовудинге жағымсыз реакциялардың даму қаупін арттырады. Мұндай біріккен ем қажет болатын жағдайларда, бүйрек функциясы мен қан көрсеткіштерін қадағалауға жоғары зейін бөлінуі тиіс, қажет болса, препараттар дозасын азайту керек.
Ко-тримоксазол, аэрозоль түріндегі пентамидин, пириметамин және ацикловир препараттарымен оппортунистік ауруларды қатарлас бактерияға қарсы және вирусқа қарсы емдеу зидовудинге жағымсыз реакциялар жиілігін арттырмайды.
Айрықша нұсқаулар
Ем АИТВ жұқтырған науқастарды қарау тәжірибесі бар дәрігердің қадағалауымен жүргізілуі тиіс.
Тризивир® препараты компоненттерінің бірін тоқтату немесе дозаны азайту қажет болатын жағдайларда абакавир (Зиаген®), ламивудин (Эпивир®), зидовудиннің (Ретровир®) жекелеген препараттарын қолдану қажет.
Абакавирге аса жоғары сезімталдық
Клиникалық зерттеулерде пациенттерде HLA B* 5701 аллель болуы сирек жағдайларда өліммен аяқталуға алып келетін абакавирге аса жоғары сезімталдық реакцияларының елеулі даму қаупімен астасатыны (5% зерттелушіде) анықталған.
Емдеуші дәрігер Тризивир® препаратымен емдеуді бастар алдында пациенттерде HLA B*5701 аллельдері болуына скрининг жүргізудің маңыздылығын ескеруі тиіс. Сондай-ақ, осы препаратты бұрын алған және абакавирге төзімділігі бар екенін көрсеткен HLA B*5701 статусы белгісіз пациенттерде Тризивир® препаратын қабылдауды жаңғыртар алдында скрининг жүргізу ұсынылады. HLA B*5701 аллельдері тасымалдағыштығында абакавир қолдану ұсынылмайды; құрамында абакавир бар препараттарды тек қана қатаң медициналық бақылаумен және әлеуетті пайдасы барлық болжамды қауіптерден асып түсетін жағдайда ғана тағайындауға болады.
Тризивир® препаратын қолданатын пациенттерде аса жоғары сезімталдық реакцияларының даму мүмкіндігі жөніндегі кез келген шешім препаратты тағайындау туралы шешім қабылдағанда ең басты орында қалуы тиістігін есте ұстау қажет. Тіпті HLA B*5701 аллельдерінің тасымалдағыштығы болмаған жағдайда да қолда бар клиникалық деректер негізінде аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамуын жоққа шығару мүмкін емес жағдайда Тризивир® препаратын тоқтату қажеттілігін есте ұстау маңызды және өліммен аяқталу ықтималдығы зор болуына байланысты келешекте құрамында абакавир бар өнімдерді (Зиаген®, Кивекса®) тағайындамау керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары көп ағзалық зақымдануларды айғақтайтын симптомдармен көрініс береді. Көптеген жағдайларда аса жоғары сезімталдық синдромы көріністерінің бірі қызба немесе бөртпе болған, алайда аса жоғары сезімталдық реакциялары басқа симптомдармен де (шаршау, дімкәстану, жүрек айну, құсу, диарея, іш тұсының ауыруы сияқты гастроинтестинальді симптомдар; диспноэ, тамақтың жыбырлауы, жөтел сияқты респираторлық симптомдар, кеуде қуысы аумағындағы инфильтраттардың рентгенологиялық белгілері) қатар жүруі мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары Тризивир® препаратымен емдеудің кез келген сатысында дамуы мүмкін, бірақ әдетте препарат қабылдаудың басталуынан алғашқы 6 апта ішінде көрініс береді. Тризивир® препаратын тоқтатқанда аса жоғары сезімталдық симптомдары, әдетте, басылған. Емдеуді жалғастырғанда симптомдар күшейіп, пациенттің өміріне қатер төндіруі мүмкін.
HLA B* 5701 статусына қарамастан, пациент аса жоғары сезімталдықтың кез келген симптомдары дамығанда бұл жөнінде емдеуші дәрігерге дереу хабарлауы тиіс. Аса жоғары сезімталдық реакциясы диагнозы расталса, Тризивир® препаратын қабылдауды дереу тоқтатқан жөн. Аса жоғары сезімталдық реакциясы дамыған жағдайда Тризивир® препаратын, кез келген басқа құрамында абакавир бар өнімдер (Зиаген®, Кивекса®) сияқты алдағы уақытта ешқашан тағайындауға болмайды, өйткені өмірге қатер үйіретін артериялық гипотонияны қоса, аса ауыр симптомдар бірнеше сағат ішінде қайта жаңғырып, өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық реакцияларына күдіктенгенде, тіпті басқа диагноз болу мүмкіндігі (мысалы, тыныс алу органдарының аурулары, тұмау тәрізді аурулар, гастроэнтерит немесе басқа дәрілік препараттарға реакциялар) жоққа шығарылмаған жағдайда да, Тризивир® препаратын қабылдауды тоқтату қажет. Егер баламалы ем тағайындалғанда аса жоғары сезімталдық симптомдары қайта жаңғырса, Тризивир® препаратын және құрамында абакавир бар өзге өнімдер (Зиаген®, Кивекса®) қабылдау жаңғыртылмауы тиіс.
Аса жоғары сезімталдық реакциясы сипатталатын дабыл картасы Тризивир® препаратының қаптамасына салынған.
HLA B*5701 аллельдері тасымалдағыштығына байланыссыз, егер Тризивир® препаратымен емдеу тоқтатылып, оны жалғастыру жөнінде шешім қабылданған жағдайда, аса жоғары сезімталдық реакциясы симптомдарының көрініс беру мүмкіндігін жоққа шығару үшін препараттың тоқтатылу себептерін тиянақты талдау қажет. Егер аса жоғары сезімталдық реакцияларын жоққа шығару мүмкін болмаса, Тризивир® препаратын немесе құрамында абакавир бар өзге өнімдерді (Зиаген®, КИВЕКСА®) қабылдау жаңғыртылмауы тиіс.
Аса жоғары сезімталдықтың қандай да бір симптомының (бөртпе, қызба, дімкәстану/шаршау, гастроинтестинальді немесе респираторлық симптомдар) дамуы аясында оны тоқтатқаннан кейін абакавир қабылдау жаңғыртылғанда аса жоғары сезімталдық реакциялары дамыған бірнеше жағдайлар анықталған. Егер емді жаңғырту жөнінде шешім қабылданса, препарат қабылдау емдеуші дәрігердің тікелей қадағалауымен атқарылуы тиіс.
Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдық дамыған алдыңғы белгілер және симптомдар болмағанда абакавирмен емдеу жаңғыртылғанда аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамуы мүмкін. Егер емді жаңғырту шешімі қабылданса, препарат қабылдау тек қана пациентке шұғыл жәрдем көрсету мүмкіндігі болғанда жүзеге асуы тиіс.
Статусы белгісіз және абакавирмен алдыңғы емдеуге төзімді пациенттерде HLA B*5701 тасымалдағыштығы тұрғысынан скрининг жасау ұсынылады. HLA B*5701 аллель тасымалдағыштығында абакавир қолдану ұсынылмайды; құрамында абакавир бар препараттарды тек қана қатаң медициналық бақылаумен және әлеуетті пайдасы барлық болжамды қауіптерден асып түсетін жағдайда ғана тағайындауға болады.
Тризивир® препаратын тағайындағанда дәрігер пациенттің аса жоғары сезімталдық реакцияларына қатысты мынадай деректерден хабардар екендігіне сенімді болуы тиіс:
- пациент Тризивир® препаратына өмірге қатерлі немесе өліммен аяқталатын симптомдармен көрініс беруі мүмкін аса жоғары сезімталдық реакцияларының болуы мүмкін екенін, сондай-ақ HLA B*5701 аллель тасымалдағыштығы жағдайында аса жоғары сезімталдық реакцияларының даму қаупі артатынын білуі тиіс
- пациент, тіпті HLA B*5701 аллельдері болмаса да, Тризивир® препаратын қабылдауға аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамуы мүмкін екенін білуі тиіс. Егер пациентте аса жоғары сезімталдық реакциясымен байланысты болуы мүмкін симптомдар немесе белгілер білінсе, ол дереу емдеуші дәрігерге қаралуы тиіс.
- Тризивир® препаратына аса жоғары сезімталдығы бар пациенттер, HLA B* 5701 статусына қарамастан, өздерінің енді ешқашан Тризивир® немесе құрамында абакавир бар басқа препарат (Зиаген®, КИВЕКСА®) қабылдамауы тиіс екенін білуі тиіс.
- Тризивир® препаратымен емделуді өздігінен жаңартуға жол бермес үшін аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуынан кейін пациент қалған таблеткаларды дәрігерге қайтаруы керек.
- қандай да бір себеппен, әсіресе, жағымсыз реакциялардың немесе аурудың даму себебінен Тризивир® препаратын қабылдауды тоқтатқан пациенттер препарат қабылдауды жаңғыртар алдында дәрігермен кеңесуі тиіс.
- пациенттер Тризивир® препаратының қолданылуы жөніндегі нұсқаулықты мұқият оқып шығуы және қаптамаға салынатын аса жоғары сезімталдық реакциялары туралы ақпарат бар арнаулы кәртішкені үнемі өзімен бірге алып жүруі тиіс.
Сүт қышқылды ацидоз/стеатозбен айқын гепатомегалия
Нуклеозидтер аналогтары тобының антиретровирустық препараттарын монотерапия ретінде немесе кешенді ем құрамында қабылдаған АИТВ жұқтырған пациенттерде (көбінесе әйелдерде) сүт қышқылды ацидоз және бауырдың майлы дистрофиясы бар гепатомегалия жағдайлары (соның ішінде өліммен аяқталған) сипатталған.
Сүт ацидоздың дамуын көрсететін клиникалық ерекшеліктеріне жалпы әлсіздік, анорексия және кенеттен түсініксіз салмақ жоғалту, асқазан-ішектік және тыныс алу симптомдары (ентігу және тыныс алудың жиілеуі) жатады.
Тризивир® препаратымен емделгенде, әсіресе, пациенттерде бауыр ауруларын дамытатын қауіп факторлары болғанда сақ болу керек. Гепатит белгілерімен немесе оларсыз (тіпті трансаминазалар деңгейлерінің жоғарылауы болмағанда да, гепатомегалия мен стеатозды қамтуы мүмкін) сүт қышқылды ацидоздың клиникалық немесе зертханалық белгілері білінген жағдайда Тризивир® препаратын қабылдауды тоқтату керек.
Липодистрофия/майдың қайта таралуы
Біріктірілген антиретровирустық ем жүргізілген кейбір пациенттерде жалпы семіру, дорсоцервикальді май басуды (Буффало өркеші) қоса, организмде майдың қайта таралуы/жиналуы, шеткергі май жиналған қабаттардың ыдырауы, беттің жүдеуі, сүт бездерінің үлкеюі, сарысудағы липидтер деңгейі мен глюкоза деңгейінің жоғарылауы болған.
Липодистрофияға қатысты жағымсыз әсерлер протеазалар тежегіштері немесе кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері кластарының кез келген препараттарын қабылдау кезінде дамуы мүмкін. Алайда, қолда бар деректер көрсетілген кластардың әртүрлі препараттарын қабылдағанда бұл жағымсыз әсерлердің даму қаупі бірдей емес екенін айғақтайды.
Бұдан басқа, липодистрофияның дамуына көптеген факторлар ықпал етеді.
АИТВ инфекциясының болуы, егде жас пен антиретровирустық ем жүргізу ұзақтығы маңызды және, мүмкін, өзара әлеуеттендіруші рөл атқарады.
Аталған бұзылулардың кейіннен білінетін зардаптары қазіргі уақытта белгісіз.
Клиникалық тексеру кезінде организмде майдың қайта таралу белгілеріне көңіл бөлу керек. Сарысудағы липидтер деңгейін және қанның глюкоза деңгейін мұқият бақылау қажет. Қажет болса, май алмасу бұзылуларына тиісті ем жүргізіледі.
Қан түзу ағзалары тарапынан болатын жағымсыз реакциялар
Зидовудинді, әсіресе, жоғары дозаларда (1200-1500 мг/тәулік) қабылдау емдеу басталғанша сүйек кемігі функциясының төмендеу белгілері бар пациенттерде, әсіресе, АИТВ инфекциясының толық клиникалық көрінісінде анемия, нейтропения және лейкопенияның дамуын туғызуы мүмкін. Тризивир® препаратын қабылдау аясында пациенттердегі қан көрсеткіштерін ұқыпты қадағалау қажет.
Қан тарапынан болатын жағымсыз реакциялар, әдетте, емнің 4-6 аптасы өткен соң дамиды. АИТВ инфекциясының толық клиникалық көрінісі бар пациенттерге емнің алғашқы 3 айы ішінде әр 2 апта сайын, сонан соң ай сайын қан талдауларын жасау ұсынылады. АИТВ инфекциясының ерте сатысында қан талдауларын сирек, әр 1-3 ай сайын бақылауға болады.
Айқын анемиясы және сүйек кемігінің зақымдануы бар пациенттерде (гемоглобин мөлшері 9 г/дл (5.59 ммоль/л) немесе нейтрофильдер саны 1.0 х 109/л) зидовудин дозасын түзету талап етіледі, сондықтан абакавир, ламивудин мен зидовудинді жекелеген препараттар түрінде қабылдау керек.
Панкреатит
Абакавир, зидовудин мен ламивудин қабылдау кезінде панкреатит сирек дамиды, әрі оның дамуының осы препараттарды қабылдаумен немесе АИТВ инфекциясымен байланысты екені анық емес. Егер панкреатиттің клиникалық және зертханалық симптомдары пайда болса, Тризивир® препаратын дереу тоқтату керек.
Қатарлас вирустық В гепатиті бар пациенттер
Қатарлас вирустық В гепатиті (HBV) бар кейбір пациенттерде ламивудин қабылдауды тоқтатқаннан кейін гепатит қайталануының клиникалық немесе зертханалық белгілері білінуі мүмкін, өз кезегінде, бұл декомпенсацияланған бауыр аурулары бар пациенттерде аса ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Қатарлас вирустық В гепатиті бар пациенттерге Тризивир® препаратын тағайындағанда функционалдық бауыр сынамалары көрсеткіштерін бақылап, HBV репликациясы маркерлерінің деңгейін ұдайы анықтап отыру керек.
Қатарлас вирустық С гепатиті бар пациенттер
Тризивир® препаратын рибавиринмен бір мезгілде тағайындағанда, әсіресе, сыртартқысында зидовудинмен емделу аясында анемиясы болған пациенттерде анемияның дамуы мүмкін, осыған орай, мұндай пациенттерге аталған біріктірілім ұсынылмайды.
Иммунитеттің қайта белсенділенуінің қабыну синдромы (ИҚБҚС)
Иммундық тапшылығы күрделі, АИТВ жұқтырған пациенттерде антиретровирустық емнің (АРЕ) басында асимптомды немесе қалдық шартты-патогенді инфекцияларға қабыну реакциясы қатарлас аурулардың клиникалық симптомдарының өршуін туғызуы мүмкін. Әдетте, АРЕ басталғаннан кейінгі алғашқы бірнеше апта немесе ай бойы цитомегаловирустық ринит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық инфекциялар мен пневмоцисттік пневмония байқалған. Кез келген қабыну симптомдары дер кезінде анықталып, ал қажет болғанда, қабынуға қарсы тиісті ем жүргізілуі тиіс. Тризивир® препаратын қабылдау кезінде де аутоиммундық бұзылулар (полимиозит, Джуллиан-Барр синдромы, диффуздық уытты зоб) кездескен, соның өзінде, ауру ұстамаларының уақыты мейлінше ауытқымалы және Тризивир® препаратымен емдеу басталғаннан кейін көп айдан соң басталуы мүмкін.
Миокард инфарктісі
Эксперименттік зерттеулер миокард инфарктісі мен абакавирді пайдалану арасында байланыс барын көрсетті. Негізінен антиретровирустық ем қабылдап жүрген пациенттер зерттелді. Клиникалық зерттеулердің мәліметтері миокард инфарктісі жағдайларының шектеулілігін көрсетті және қауіптің аздап жоғарылайтындығын жоққа шығармайды. Эксперименттік топтар мен рандомизацияланған зерттеулерден алынған қолда бар жалпы мәліметтер аздаған бірізділікті көрсетті, сондықтан, абакавирмен емдеу мен миокард инфарктісі дамуының қаупі арасындағы себеп-салдарлық байланысты растай да, жоққа шығара да алмайды. Қазіргі кезге дейін қауіптің жоғарылауы мүмкіндігін түсіндіру үшін белгіленген бірыңғай биологиялық механизмі жоқ. Зиаген® препаратын тағайындаған кезде, барлық өзгермелі қауіп факторларын (мысалы, шылым шегу, гипертония және гиперлипидемия) азайтуға тырысу үшін шара қолдану қажет.
Остеонекроз
Шығу тегі көп факторлы (кортикостероидтарды пайдалануды, алкоголь тұтынуды, иммунитеттің ауыр бәсеңдеуін, дене салмағы индексінің жоғарылығын қоса) болып саналатындықтан, әсіресе, АИТВ ауруының кешеуілдеген сатылары бар және/немесе біріктірілген антиретровирустық емді ұзақ уақыт қабылдап жүрген пациенттерде остеонекроз жағдайлары туралы хабарланды. Егер пациенттерде буындардың сырқырауы мен ауыруын, буындар қозғалысының шектелуін және қозғалған кездегі қиындықтарды бастан өткеріп жүрсе, дәрігерге қаралуы керек.
Шартты-патогенді инфекциялар
Тризивир® препаратын немесе басқа да антиретровирустық препараттарды қолданатын пациенттерде шартты-патогенді микроорганизмдер тудыратын инфекциялар және АИТВ инфекциясының басқа асқынулары дамуы мүмкін, сондықтан пациенттер АИТВ инфекциясын емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.
Инфекцияның берілуі
Пациенттер Тризивир® препараты қамтылатын қазіргі замандық антиретровирустық емнің жыныстық қатынастар немесе инфекция жұқтырған қан құю кезінде басқа адамдарға АИТВ берілуін бөгемейтінінен хабардар болуы тиіс. Тиісті қауіпсіздік шараларын сақтау қажет екенін есте ұстау керек.
Жүрек-қантамыр аурулары
Тризивир® қамтылатын антиретровирустық ем тағайындалғанда жүректің ишемиялық ауруының дамуын болдырмау үшін гипертония, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу сияқты барлық қауіп факторларын төмендетуге бағытталған алдын ала сақтану шаралары қабылдануы тиіс.
Қатарлас препараттар қолдану
Пациент емдеуші дәрігеріне мәлімдеусіз қосымша препараттар қабылдаудан аулақ болуы тиіс.
Препарат дозаcын түзету
Тризивир® препаратының дозасын түзету қажет болғанда, абакавир, ламивудин және зидовудинді жекелеген препараттар түрінде тағайындау қажет. Аталған жағдайларда әр жеке препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықпен танысып шығу қажет.
Фертильділік
Абакавир, ламивудин және зидовудиннің фертильділікке ықпалы туралы деректер жоқ. Зидовудин сперматозоидтар мөлшеріне, морфологиясы мен қозғалғыштығына әсер етпейді.
Жүктілік
Тризивир® препаратын жүкті әйелдерде пайдалану қауіпсіздігі анықталмаған. Препаратты жүктілік кезінде тағайындау мәселесі, егер ана үшін пайдасы ұрыққа төнетін ықтимал қауіптен асып түсетін жағдайда ғана қарастырылуы тиіс.
Аналары антиретровирустық емде жүрген жаңа туған нәрестелерде сүт қышқылы деңгейінің мардымсыз өткінші жоғарылауы анықталған, бұл митохондриялық дисфункциямен байланысты болуы мүмкін. Осы деректің клиникалық мәні белгісіз. Даму кідірісінің, құрысулар мен басқа неврологиялық ауытқулардың сирек жағдайлары анықталған, алайда, осы жағдайлар мен жатырішілік даму кезінде антиретровирустық препараттар қабылдау арасындағы байланыс анықталмаған. Аталған деректер инфекцияның вертикальді берілуін болдырмау үшін жүкті әйелдерде антиретровирустық препараттарды қолдануға берілетін ағымдағы ұсынымдарға ықпал етпейді.
Лактация кезеңі
АИТВ емшек сүтіне өтетіндіктен, вирус берілуін болдырмас үшін, әйелдерге ешбір жағдайда сәбиді емшекпен қоректендіру ұсынылмайды. Егер жасанды жолмен тамақтандыру мүмкін болмаса, антиретровирустық ем аясында бала емізуге қатысты жергілікті ресми нұсқауларға жүгіну қажет.
Ламивудин тәулігіне екі рет 150-300 мг дозада тағайындалғанда оның плазмадағы концентрациясы емшек сүтіндегі концентрациясына ұқсас болды (0.5-8.2 мкг/мл). Зидовудин 200 мг дозада тағайындалғанда оның ана сүтіндегі концентрациясының плазма сарысуындағы осындаймен сәйкестігін ескеру керек. Зидовудин тәулігіне екі рет 300 мг дозада қабылданғанда плазмадағы және ана сүтіндегі зидовудин концентрацияларының арақатынасы 0.4-3.2 құрады. Сарысудағы зидовудиннің орташа концентрациясы 24 нг/мл құрады.
Абакавир тәулігіне 300 мг дозада қабылданғанда плазмадағы және ана сүтіндегі абакавир концентрацияларының арақатынасы 0.9 құрады. Сәбилердің көпшілігінде плазмадағы абакавир деңгейі анықталмаған (сезімталдық шегі - 16 нг/мл). Зидовудин, ламивудин және карбовир трифосфаттың (абакавир, зидовудин және ламивудиннің белсенді метаболиттері) жасуша ішіндегі мөлшері анықталмағандықтан, сарысудағы осы заттар концентрацияларының клиникалық мәні белгісіз.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлік/механизмдерді басқару кезінде зейін шоғырландыру қабілетіне зидовудин, ламивудин мен абакавирдің әсер етуіне арнайы зерттеулер жүргізілмеген. Препараттың зейін шоғырландыруды, моторлық немесе когнитивтік дағдыларды талап ететін міндеттерді атқару қабілетіне теріс ықпал ету ықтималдығы аз. Дегенмен, пациенттің зейін шоғырландыру қабілетін бағалағанда оның жалпы жай-күйін, сондай-ақ Тризивир® препаратын қабылдау аясында білінуі мүмкін жағымсыз әсерлер сипатын ескерген жөн.
Артық дозалануы
Симптомдары: зидовудинмен немесе ламивудинмен жедел артық дозалану «Жағымсыз әсерлері» бөлімінде тізбеленгендерден ерекшеленетін қандай да бір спецификалық симптомдармен қатар жүрмеген және пациенттердің сауығуымен аяқталған. Абакавирдің 1200 мг дейін бір реттік дозада және 1800 мг дейін тәуліктік дозада жағымсыз әсерлерсіз тағайындалғаны белгілі.
Емі: пациенттер дәрігердің қадағалауында болуы тиіс, қажет болса, демеуші ем тағайындалады. Ламивудин организмнен гемодиализ арқылы шығарылатындықтан, артық дозалану кезінде ұзаққа созылатын гемодиализ қолдануға болады. Сонымен қатар, зидовудин элиминациясы үшін гемодиализдің және перитонеальді диализдің тиімділігі жеткіліксіз, бірақ оның метаболиті – глюкуронидтің шығарылуы күшейеді. Абакавирмен артық дозалану кезіндегі гемодиализдің және перитонеальді диализдің тиімділігі белгісіз.
Толығырақ ақпарат алу үшін ламивудин, абакавир және зидовудин үшін жеке тағайындалған нұсқауларға жүгіну қажет.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
12 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады
немесе
12 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден, алюминий фольга мен картоннан жасалған, балалардың ашуынан қорғалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
5 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
30 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша
(189 Grunwaldzka Street, 60-322 Poznan, Poland)
Қаптаушы
ГлаксоСмитКляйн Фармасьютикалз С.А., Польша
(189 Grunwaldzka Street, 60-322 Poznan, Poland)
Тіркеу куәлігінің иесі
ViiV Healthcare UK Limited, Ұлыбритания
(980 Great West Road, Brentford, Middlesex TW8 9GS, Ұлыбритания)
Тризивир ViiV Healthcare компаниялар тобының тіркелген сауда белгісі болып табылады
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
Қазақстандағы ГлаксоСмитКляйн Экспорт Лтд өкілдігі
050059, Алматы қ., Фурманов к-сі, 273
Телефон нөмірі: +7 727 258 28 92, +7 727 259 09 96
Факс нөмірі: + 7 727 258 28 90
Электронды поштасы: kaz.med@gsk.com
Медициналық қолдану жөніндегі бекітілген нұсқаулықты www.dari.kz сайтынан да қараңыз