Преднизолон (мазь 5 мг/г) (Prednisolone)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Преднизолон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Преднизолон
Дәрілік түрі
Сыртқа қолдануға арналған 5мг/г жақпамай
Құрамы
Бір сықпаның ішінде
белсенді зат - преднизолон – 0.05 г,
қосымша заттар: глицерин, ақ жұмсақ парафин, стеарин қышқылы, макроголдың цетостеарил эфирі (кремофор А 6, кремофор А 25), метилпарагидроксибензоат, пропилпарагидроксибензоат, тазартылған су
Сипаттамасы
Қоюлығы біртекті ақ түсті жақпамай
Фармакотерапиялық тобы
Тері ауруларын жергілікті емдеуге арналған глюкокортикостероидтар. Белсенділігі әлсіз глюкокортикостероидтар. Преднизолон.
АТХ коды D07AA03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Преднизолонның сіңірілуі жергілікті қолданған кезде жүзеге асады және белсенді заты қан ағымына түседі. Плазмада 90% преднизолон байланысқан күйде (транскортинмен және альбуминмен) болады. Көбінесе бауырда тотығу арқылы биоөзгеріске ұшырайды; тотыққан түрлері глюкуронданады немесе сульфаттанады.
Метаболиттер түрінде несеппен және нәжіспен, ішінара - өзгеріссіз күйде шығарылады. Плацентарлық бөгет арқылы өтеді және аздаған мөлшерлерде емшек сүтінен табылады.
Фармакодинамикасы
Сусыздандырылған гидрокортизонның аналогы. Сыртқа қолданған кезде қабынуға қарсы, аллергияға қарсы, қышынуға қарсы және антиэкссудаттық әсер көрсетеді.
Қабыну медиаторларының (гистамин, кинин, лизосомалық ферменттер) түзілуін, босап шығуын және белсенділігін бәсеңдетеді. Жасушалардың қабынған жерге көшуін бәсеңдетеді; қабыну ошағындағы тамырлардың вазодилатациясын және жоғары өткізгіштігін азайтады.
Вазоконстрикторлық әсерінің арқасында экссудацияны азайтады.
Қолданылуы
- шығу тегі микробтық емес терінің қабыну және аллергиялық ауруларын кешенді емдеуде: есекжем, аллергиялық дерматит, жанаспалы дерматит, атопиялық дерматит, диффузиялық нейродермит, қарапайым созылмалы теміреткі (шектеулі нейродермит), экзема, псориаз, дискоидты қызыл жегі, токсидермия, эритродермия
Қолдану тәсілі және дозалары
Сыртқа. Зақымданған жерлерге күніне 1-3 рет біртегіс қабат етіп жұқалап жағады. Емдеу ұзақтығы аурудың сипаты мен ем тиімділігіне байланысты және 6-дан 14 күнді құрайды. Көрсеткіштері бойынша ем жалғасуы мүмкін. Тиімділігін күшейту үшін шектеулі ошақтарда окклюзиялық таңғыштар пайдалануға болады.
Жақпамайды 1 жастан бастап және одан үлкен балаларда қолданған кезде емдеудің жалпы ұзақтығын шектеп, сіңуімен резорбциясын күшейтетін шараларды (қыздырғыш, бекітетін және окклюзиялық таңғыштар) жасамаған жөн.
Жағымсыз әсерлері
- гиперемия, препарат жағылған жер аумағындағы ісіну, қышыну, стероидты безеулер, телеангиэктазиялар, күйдірулер, тітіркену, терінің құрғауы, әсіресе жеке көтере алмаушылықпен емделушілерде
- терінің салдарлы жұқпалы зақымдануы, ондағы атрофиялық өзгерістер, гипертрихоз (препаратты ұзақ уақыт қолданған кезде)
- преднизолонның сіңірілу әсерінің көрінісі ретінде гиперкортицизм (әсіресе аумақты жерлерде ұзақ уақыт қолданған кезде). Бұл жағдайларда препарат тоқтатылады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
- туберкулез, мерез, тері ісіктері
- кәдімгі безеулер, қызғылт безеулер (аурудың өршуі мүмкін)
- терінің жарақатты, ойық жаралы зақымданулары
- терінің бактериялық, вирустық және зеңдік аурулары
- жүктілік және лактация кезеңі
- 1 жасқа дейінгі балалар.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Гирсутизмнің және безеулердің пайда болуына преднизолонмен басқа да глюкокортикостероидтарды, андрогендерді, эстрогендерді, пероральді контрацептивтерді және стероидты анаболиктерді бір мезгілде қабылдау ықпал етеді.
Преднизолон антикоагулянттардың ұюға қарсы әсерін күшейтеді. Салицилаттар қабылдау аясында қан кетулер ықтималдығын арттырады. Диуретиктермен бір мезгілде қабылдағанда электролиттік алмасудың бұзылу мүмкіндігін жоғарылатады. Жүрек гликозидтерімен уыттану қаупін күшейтеді. Диабетке қарсы препараттардың гипогликемиялық әсерін азайтады және рифампициннің бактерияға қарсы белсенділігін төмендетеді. Антацидті препараттармен үйлестіру ұсынылмайды.
Айрықша нұсқаулар
Терінің жұқпалы зақымдануының алдын алу үшін жақпамайды бактерияларға қарсы және зеңдерге қарсы дәрілермен біріктіріп тағайындау ұсынылады.
Дәрілік затты қолдану ұзақтығы 14 күннен аспауы тиіс. Балалар жасында бүйрек үсті безінің қыртысы қызметінің бәсеңдеуі жылдам дамуы мүмкін.
10 жасқа дейінгі балаларға преднизолонды қолданудан пайда мен асқыну қаупінің ара-қатынасын бағалай отырып аса сақтықпен қолдану керек. Бұған қоса өсу гормоны секрециясының азаюы байқалады.
Преднизолонды ұзақ уақыт бойы (14 күннен аса) қолданғанда дене салмағын, бой өсуін, плазмадағы кортизол деңгейін, стимуляциялық АКТГ-тест нәтижелерін қадағалау қажет.
Тек дәрігердің тағайындауы бойынша пайдалану керек.
Тек сыртқа қолдануға арналған.
Көзге түсірмеуге тырысу керек.
Бетке, шап аймағына және қолтық аймағына жағуға болмайды.
Преднизолонмен бірге окклюзиялық таңғыш немесе компресс қолдану тек дәрігердің тағайындауы бойынша.
“Жаялықтық” дерматитті емдеу үшін қолдануға болмайды.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Көлік немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер етпейді.
Артық дозалануы
Дәрілік затты көп мөлшерде ұзақ уақыт қолданғанда гиперкортицизм белгілерінің білінуі мүмкін.
Емі: дәрілік затты тоқтату және белгісіне қарай ем.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Препарат алюминий сықпаларға 10 г-ден салынған. Әрбір сықпа медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
5 ºС-ден 15 ºС-ге дейінгі температурада.
Балалардан қорғау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы, Беларусь Республикасы, Минск обл., Борисов қ., Чапаев к-сі, 64/27
тел/факс 8-(10375177)744280
Тіркеу куәлігінің иесі
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы, Беларусь Республикасы
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы, Беларусь Республикасы, Минск обл., Борисов қ., Чапаев көшесі, 64/27
тел/факс 8-(10375177) 744280, электронды поштасы market@borimed.com