Мегасеф® 500 (Нобел Илач Санаи ве Тиджарет А.Ш) (Cefuroxime)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Мегасеф® 250
Мегасеф® 500
Халықаралық патенттелмеген атауы
Цефуроксим
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 250 мг немесе 500 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 300,72 мг (250,0 цефуроксимге баламалы) және 601,44 цефуроксим аксетил (500,0 цефуроксимге баламалы),
қосымша заттар: желатинделген крахмал, кросповидон (Коллидон CI), натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы (Аэросил 200),
үлбірлі қабық: қабыққа арналған материал №1 Sepifilm LP 770, тазартылған су,
үлбірлі қабықтың құрамы: гипромеллоза
(метилгидроксипропилцеллюлоза) (Е 464), микрокристалды целлюлоза (Е 460), стеарин қышқылы (Е570), титанның қостотығы (Е171).
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, бір жағында «NOBEL» деп таңбаланған және екінші жағында сызығы бар ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Микробтарға қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар. Бактерияларға қарсы жүйелі пайдалануға арналған препараттар. Екінші буын цефалоспориндері.
АТЖ коды J01DС02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Цефуроксим аксетил асқазан-ішек жолынан тез сіңеді және ішектің шырышты қабығы мен қанның спецификалық емес эстеразаларымен цефуроксимге дейін гидролизденеді. Плазма ақуыздарымен байланысуы 50 % құрайды. Цефуроксим ағзаның тіндері мен сұйықтықтарында таралады. Ас ішкен соң қабылданған препараттың 125 мг, 250 мг және 500 мг дозаларының плазмадағы ең жоғары концентрациясы тиісінше 2,1 мкг/мл, 4,1 мкг/мл, 7 мкг/мл құрайды. Ең жоғары концентрациясына препаратты қабылдағаннан соң 3 сағаттан кейін жетеді. Ми-жұлын сұйықтығында емдік концентрациясы тек менингит кезінде ғана байқалады. Плацента арқылы өтеді, ана сүтімен бөлініп шығады. Несеп арқылы өзгермеген түрде шығалылды. Жартылай шығарылу кезеңі шамамен 1,2 сағат.
Фармакодинамикасы
Цефуроксим – әсер ету ауқымы кең екінші буынның цефалоспориндер антибиотигі. Бактериялар жасушасы қабырғасының синтезін тежеу арқылы бактерицидтік әсер береді. Цефуроксим жарғақшалы байланысқан транспептидазаларды ацетилдейді, осылайша жасушаның қабырғасын қатты және мықты етуге керекті пептидо-гликандардың айқаса байланысуын бұзады. Цефуроксим бактериялық бета-лактамазалардың көбінің әсеріне төзімді, осының нәтижесінде пенициллин мен амоксициллинге төзімді микроорганизмдердің көптеген түрлеріне қатысты белсенді.
Цефуроксим келесі микроорганизмдерге қатысты белсенді:
Грамтеріс бактериялар: Escherichia coli, Haemophilus influenzae (бета-лактамазаларды өндіретін түрлерімен қоса), Haemophilus parainfluenzae, Klebsiella pneumoniae, Moraxella catarrhalis (бета-лактамазаларды өндіретін түрлерімен қоса), Neisseria gonorrhoeae (бета-лактамазаларды өндіретін түрлерімен қоса), Salmonella spp., Shigella spp., Proteus mirabilis, Enterobacter spp.
Грамоң бактериялар: Staphylococcus aureus (бета-лактамазаларды өндіретін түрлерімен қоса), Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes.
Энтерококктардың белгілі түрлері, мысалы Enterococcus faecalis, цефуроксимге төзімді.
Анаэробтар: Peptococcus spp., Peptostreptococcus spp., Clostridium spp., Bacteroides spp., Fusobacterium spp.
Қолданылуы
- жедел бронхитте, созылмалы бронхиттің өршуінде, пневмонияда
- отитте, синуситте, тонзиллитте, фарингитте
-
пиелонефритте, циститте, уретритте
-
абдоминальді жұқпаларда
-
гинекологиялық жұқпаларда
-
сүйектер мен буындардың жұқпаларында
-
тері мен жұмсақ тіндердің жұқпаларында.
Қолдану тәсілдері және дозалары
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға ұсынылатын доза күніне 2 рет 250 мг құрайды. Ауыр жұқпаларда немесе сезімталдығы төмен микроорганизмдер туындатқан жұқпалар кезінде күніне 2 рет 500 мг ұсынылады. Несеп жолдарының асқынбаған жұқпалары кезінде ұсынылатын доза 250 мг күніне 1 рет. Қажет болса, несеп жолдарының жұқпалары бар кейбір науқастарға дозаны күніне 2 реттен 250 мг дейін жоғарылатуға болады. Ересектер үшін ең жоғары тәуліктік доза- 6 г.
Әдетте емнің ұзақтығы 7 күнді құрайды (5-тен 10 күнге дейін). Бета-гемолитикалық стрептококктан туындаған жұқпалары бар науқастарда жедел ревматикалық қызбаның туындауын немесе жедел гломерулонефритті болдырмас үшін емдеу курсы 10 күнге дейін ұзартылуы тиіс.
Бүйрек қызметі бұзылған науқастарға дозалау тәртібін креатинин клиренсі (КК) мәнін ескере отырып, тағайындайды.
Жақсы сіңірілуі үшін препаратты ас ішкеннен кейін қабылдаған жөн. Таблеткаларды шайнамай, бүтіндей жұту керек, сондықтан 12 жастан кіші балаларға препаратты инъекция түрінде қолдануға болады.
Жағымсыз әсерлері
Жиі (≥1/100, <1/10)
-
эозинофилия
-
бас ауыруы
-
жүрек айнуы, диарея
-
бауыр ферменттері деңгейінің қысқа мерзімді жоғарылауы (АЛТ, АСТ, ЛДГ)
Жиі емес (≥1/1000, <1/100)
-
құсу
-
экзема
-
оң нәтижелі Кумбс тесті, тромбоцитопения, лейкопения (кейде айқын білінетін)
Сирек (≥1/10000, <1/1000)
-
жалған жарғақшалы колит
-
есекжем, қышыма
Өте сирек (< 1/10000)
-
гемолитикалық анемия
-
дәрілік қызба, қан сарысуы ауруы, анафилаксия, мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз
- сарғаю (негізінен, холестатикалық), гепатит
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- цефалоспориндер қатары антибиотиктеріне, пенициллинге, карбапинемдерге жоғары сезімталдық
- 12 жасқа дейінгі балаларға
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
МЕГАСЕФ® АІЖ-да белсенді емес, ішек флорасына және К витамині синтезіне аздаған әсері бар. Бір мезгілде қолданғанда варфариннің антикоагулянтты әсерін күшейтеді.
Ілмектік диуретиктермен бір мезгілде қолданғанда нефроуытты әсерлердің даму қаупі артады.
Пробенецид МЕГАСЕФПЕН® бүйректік өзекшелердің сөлінісі кезінде бәсекелесетіндіктен, плазмадағы цефуроксим концентрациясының жоғарылауына әкеледі.
МЕГАСЕФ® қабылдайтын науқастардың қан плазмасындағы глюкоза деңгейін анықтау үшін глюкозоксидазалық немесе гексокиназалық әдістерді қолдану ұсынылады.
МЕГАСЕФ® сарысу мен несептегі креатинин деңгейіне әсер етпейді.
Айрықша нұсқаулар
Бүйрек қызметі бұзылған және сыртартқысында колит анықталған науқастарға сақтықпен қолдану керек.
Пенициллиндерге жоғары сезімталдығы бар науқастарда цефалоспориндер қатарының антибиотиктеріне аллергиялық реакциялары болуы мүмкін. МЕГАСЕФКЕ® айқын аллергиялық реакциялар пайда болған жағдайда препаратты тоқтатып, сәйкес ем тағайындау керек, аса ауыр жағдайларда реанимациялық іс-шаралар жүргізу қажет болуы мүмкін.
Препаратты ұзақ қабылдағанда басқа да әсер ету ауқымы кең антибиотиктер сияқты, препаратқа сезімтал емес микроорганизмдердің (мысалы, Candida, Enterococcі, Clostridium difficile) қарқынды көбеюіне әкелуі мүмкін, мұндай жағдайда препаратты қабылдауды тоқтату қажет етілуі мүмкін. Әсер ету ауқымы кең антибиотиктерді қолданғанда, жалған жарғақшалы колит дамуы мүмкін, сондықтан антибиотиктерді қабылдау кезінде немесе қабылдауды тоқтатқаннан кейін пайда болған диарея кезінде науқастардың осы диагнозын ескерген жөн.
Емдеу кезінде тікелей оң Кумбс реакциясы және несептің глюкозаға жалған оң реакциясы болуы мүмкін.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктіліктің ІІ-ІІІ триместрінде,сондай-ақ лактация кезеңінде, егер анасы үшін болжамды пайдасы ұрыққа төнетін ықтимал қатерден артық болатын жағдайда ғана қолдануға болады.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Анықталмаған.
Артық дозалануы
Симптомдары: ОЖЖ қозуы, құрысулар.
Емі: симптоматикалық емдеу, перитонеальді және гемодиализ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті үлбірден және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан. 1 пішінді қаптамадан мемлекеттік және орыс тіліндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге өндіруші фирманың голограммасы бар картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ
Қазақстан Республикасы
Алматы қ., Шевченко к-сі 162 Е
Тіркеу куәлігінің иесі
«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ
Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ
Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Шевченко к-сі 162 Е
Телефон нөмірі: (+7 727) 399-50-50
Факс нөмірі (+7 727) 399-60-60
Электронды поштасы nobel@nobel.kz