Лизиноприл (10 мг, Биохимик ОАО)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Лизиноприл
Халықаралық патенттелмеген атауы
Лизиноприл
Дәрілік түрі
5 мг, 10 мг, 20 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді зат: лизиноприл дигидраты (лизиноприлге шаққанда) – 5 мг, 10 мг, 20 мг.
қосымша заттар: маннитол, жүгері крахмалы, кальций фосфат дигидраты, повидон, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты.
Сипаттамасы
Ақ немесе ақ дерлік түсті, жалпақ цилиндр пішінді, 5 мг, 10 мг дозасында - кертігі бар, 20 мг дозасында - кертігі және сызығы бар таблеткалар.
Сәл мәрмәрлі болуы мүмкін.
Фармакотерапиялық тобы
Ангиотензин-конвертирлеуші фермент (АКФ) тежегіштері.
АКФ тежегіштері. Лизиноприл.
АТХ коды С09АА03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Препаратты ішке қабылдағаннан кейін лизиноприлдің 25%-ға жуығы асқазан-ішек жолынан сіңеді. Ас қабылдау препараттың сіңуіне ықпалын тигізбейді.
Сіңуі орта есеппен 30%-ды, биожетімділігі 29%-ды құрайды.
Қан плазмасы ақуыздарымен байланыспайды дерлік. Қан плазмасында ең жоғары (90 нг/мл) концентрацияға 7 сағаттан кейін жетеді. Гематоэнцефалдық және плаценталық бөгет арқылы өткізгіштігі төмен.
Лизиноприл организмде биотрансформацияланбайды. Бүйректер арқылы өзгермеген күйінде шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі 12 сағатты құрайды.
Жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар емделушілерде лизиноприлдің сіңуі және клиренсі төмендеген.
Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар емделушілерде лизиноприлдің концентрациясы ерікті адамдардың қан плазмасындағы концентрациясынан бірнеше есе артық болады, сонымен бірге қан плазмасында ең жоғары концентрацияға жету уақытының артқаны және жартылай шығарылу кезеңінің ұзарғаны білінеді.
Егде жастағы емделушілерде қан плазмасындағы препарат концентрациясы және «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан жас емделушілерге қарағанда 2 есе жоғары.
Фармакодинамикасы
АӨФ тежегіші, ангиотензин II-нің ангиотензин I-ден түзілуін азайтады. Ангиотензин II мөлшерінің төмендеуі альдостеронның бөлініп шығуының тікелей азаюына әкеледі. Брадикининнің деградациясын азайтады және простагландиндер синтезін арттырады. Жалпы шеткергі қантамырлық кедергіні, артериялық қысымды (АҚ), алдын ала түсетін жүктемені, өкпе капиллярларындағы қысымды төмендетеді, қанның минуттық көлемін ұлғайтады және жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар науқастарда жүктемеге миокардтың төзімділігін арттырады. Артерияларды көктамырға қарағанда үлкен дәрежеде кеңейтеді. Кейбір әсерлері тіндік ренин-ангиотензин жүйесіне әсер етуімен түсіндіріледі. Ұзақ уақыт қолданған кезде миокардтың және резистивті типтегі артерия қабырғаларының гипертрофиясы азаяды. Ишемияланған миокардтың қанмен жабдықталуын жақсартады.
АӨФ тежегіштері жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар науқастарда өмір сүру ұзақтығын ұзартады, жүрек қызметі жеткіліксіздігінің клиникалық біліністерінсіз миокард инфарктісін бастан кешкен науқастарда сол жақ қарынша қызметі бұзылуының өршуін бәсеңдетеді. Гипертензияға қарсы әсері шамамен 6 сағаттан соң басталады және 24 сағат бойы сақталады. Әсерінің ұзақтығы дозаның шамасына байланысты. Әсер етуінің басталуы – 1 сағаттан соң. Ең жоғары әсері 6-7 сағаттан кейін білінеді. Артериялық гипертензияда әсері емдеуді бастағаннан кейін алғашқы күндері білінеді, тұрақты әсері 1-2 айдан кейін пайда болады. Препаратты күрт тоқтатқанда АҚ айқын жоғарылауы байқалған жоқ.
Лизиноприл АҚ төмендетумен қатар, альбуминурияны азайтады. Гипергликемиясы бар науқастарда зақымданған гломерулярлы эндотелий қызметінің қалыпқа келуіне мүмкіндік береді.
Лизиноприл қант диабеті бар науқастарда глюкозаның концентрациясына ықпалын тигізбейді және гипогликемия жағдайларының жиілеуіне әкеп соқпайды.
Қолданылуы
- артериялық гипертензияда (монотерапия түрінде немесе гипертензияға қарсы басқа дәрілермен біріктіріп)
- жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігінде (оймақгүл препараттарын және/немесе диуретиктерді қабылдап жүрген науқастарды емдеу үшін біріктірілген ем құрамында)
- жедел миокард инфарктісінде (тұрақты гемодинамикалық көрсеткіштері бар емделушілерде алғашқы тәулікте)
- диабеттік нефропатияда (АҚ қалыпты, инсулинге тәуелді науқастарда және артериялық гипертензиясы бар, инсулинге тәуелді емес науқастарда альбуминурияның төмендеуі)
Қолдану тәсілі және дозалары
Ас қабылдауға байланыссыз ішке қабылдауға.
Басқа гипотензивті дәрілерді қабылдап жүрмеген науқастардағы артериялық гипертензияда тәулігіне 1 рет 5 мг тағайындайды. Әсері жоқ болғанда дозаны тәулігіне орташа емдік 20-40 мг дозаға әрбір 2-3 күн сайын 5 мг-нан арттырып отырады (дозаның тәулігіне 40 мг-нан астамға артуы АҚ-ның әрі қарай төмендеуіне әкелмейді). Әдеттегі тәуліктік демеуші дозасы – 20 мг.
Ең жоғары тәуліктік дозасы – 40 мг.
Толық әсер әдетте емді бастағаннан кейін 2-4 аптадан соң пайда болады, мұны дозаны арттырған кезде ескерген жөн. Клиникалық әсері жеткіліксіз болғанда препарат басқа гипотензивтік дәрілермен біріктірілуі мүмкін.
Егер емделуші диуретиктермен алдын ала ем алса, онда мұндай препараттарды қабылдауды Лизиноприлді қолданудан 2-3 күн бұрын тоқтату қажет. Егер бұл жүзеге асырылмаса, онда Лизиноприл препаратының бастапқы дозасы тәулігіне 5 мг-нан аспауы тиіс. Мұндай жағдайда алғашқы дозаны қабылдағаннан кейін бірнеше сағат бойы дәрігерлік бақылау керек болады (ең жоғары әсеріне шамамен 6 сағаттан соң жетеді), өйткені АҚ айқын төмендеуі мүмкін.
Реноваскулярлы гипертензияда немесе ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі белсенділігі жоғарылаған басқа да жағдайларда, күшті дәрігерлік бақылау жасай отырып (АҚ, бүйрек қызметін, қан сарысуында калий деңгейін бақылау), күніне бастапқы төмен - 2,5-5 мг дозаны (5 мг-дық 1/2 таблетка – 1 таблетка) тағайындаған жөн. Демеуші дозаны, қатаң дәрігерлік бақылауды жалғастыра отырып, АҚ динамикасына байланысты анықтаған жөн.
Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде, лизиноприлдің бүйректер арқылы бөлініп шығатындығы ескеріліп, бастапқы доза креатинин клиренсіне қарай белгіленуі тиіс. Әрі қарай доза, бүйрек қызметін, қан сарысуындағы калий, натрий деңгейлерін жүйелі бақылай отырып, әр емделушінің жекелей реакцияларына қарай таңдап алынуы тиіс.
Креатинин клиренсі Бастапқы дозасы
мл/мин мг/күн
30-70 5-10
10-30 2,5-5
10-нан кем 2,5
(гемодиализбен емделуге алынған науқастарды да қоса есептегенде)
Тұрақты артериялық гипертензияда тәулігіне 10-15 мг-дық ұзақ демеуші ем қолданылады.
Жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігінде – тәулігіне 1 рет 2,5 мг-нан (5 мг-дық 1/2 таблетка) бастап, кейін 3-5 күн сайын дозаны 2,5 мг-ға арттыра отырып, әдеттегі демеуші 5-20 мг дозаға дейін жеткізеді. Доза тәулігіне 20 мг-нан аспауы тиіс.
Егде жастағы емделушілерде ұзаққа созылатын өте айқын гипотензивті әсер байқалады, бұл лизиноприлдің шығарылу жылдамдығының азаюымен байланысты (емдеуді тәулігіне 2,5 мг-нан (5 мг-дық 1/2 таблетка) бастау керек).
Жедел миокард инфарктісі (біріктірілген ем құрамында)
Алғашқы тәулікте - 5 мг ішке, содан кейін күн ара 5 мг, екі тәуліктен кейін 10 мг және содан кейін 10 мг тәулігіне 1 рет. Жедел миокрад инфарктісі бар науқастарда препаратты кем дегенде 6 апта қолдану керек.
Емнің бас кезінде немесе жедел миокард инфарктісінен кейін алғашқы 3 тәулік ішінде систолалық АҚ төмен (120 мм с.б. немесе одан төмен) науқастарда аз дозада - 2,5 мг (5 мг-дық 1/2 таблетка) тағайындау керек. АҚ төмендеген жағдайда (систолалық АҚ төмен немесе 100 мм с.б. тең), тәуліктік 5 мг дозаны қажет болғанда 2,5 мг-ға дейін (5 мг-дық 1/2 таблетка) төмендетуге болады. АҚ ұзақ уақыт айқын төмендеген (1 сағаттан аса систолалық АҚ 90 мм с.б.-дан төмен) жағдайда препаратпен емдеуді тоқтатқан жөн.
Диабеттік нефропатия
Инсулинге тәуелді қант диабеті бар емделушілерде 10 мг Лизиноприл препараты тәулігіне 1 рет қолданылады. Қажет болғанда, «отыру» кезіндегі диастолалық АҚ мәнін 75 мм с.б.-нан төменге жеткізу мақсатында, доза тәулігіне 1 рет 20 мг-ға дейін арттырылуы мүмкін. Инсулинге тәуелді қант диабеті бар науқастарда «отыру» кезіндегі диастолалық АҚ мәнін 90 мм с.б.-нан төменге жеткізу мақсатындағы доза да осындай.
Жағымсыз әсерлері
Өте жиі ( ≥ 10%)
- бас айналу, бас ауыру, қатты қажу
- құрғақ жөтел
- жүрек айнуы, құсу, диарея
Жиі ( ≥ 1%,< 10%)
- артериялық қысымның айқын төмендеуі, кеуденің ауыруы
- көңіл-күйдің құбылмалылығы, сананың шатасуы, абыржу сезімі, парестезиялар, ұйқышылдық, аяқ-қолдар мен еріннің құрысып тартылуы
- лейкопения, нейтропения, агранулоцитоз, тромбоцитопения, анемия (гемоглобиннің, гематокриттің төмендеуі), антинуклеарлы антиденеге жүргізілген тестте оң нәтижелер, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылауы, эозинофилия, лейкоцитоз
- гиперкалиемия, гипонатриемия
- диспноэ, бронхтың түйілуі
- ауыз ішінің құрғауы, анорексия, дәмнің өзгеруі, іштің ауыруы, диспепсия, панкреатит, гепатоцеллюлярлы немесе холестатикалық сарғаю, гепатит
- есекжем, терлеудің күшеюі, терінің қышуы, тері бөртпелері, алопеция, фотосенсибилизация, беттің, аяқ-қолдардың, еріннің, тілдің, көмейдің және/немесе көмекейдің ангионевротикалық ісінуі, қызба
- олигурия, анурия, протеинурия, уремия, бүйрек қызметінің бұзылуы, бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі
- потенцияның нашарлауы
Сирек (≥ 0,01%,< 0,1%)
- ортостатикалық гипотензия, жүректің қағуы, тахикардия, брадикардия, жүрек қызметі жеткіліксіздігінің өршуі, атриовентрикулярлы өткізгіштіктің бұзылуы, миокар инфарктісі, цереброваскулярлы инсульт
- астениялық синдром
- артралгия/артрит, миалгия
- «бауыр» ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, гипербилирубинемия
- мочевина мен креатинин деңгейінің жоғарылауы
Өте сирек (< 0,01%)
- интерстициальді ангионевротикалық ісіну
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- лизиноприлге немесе АКФ басқа тежегіштеріне асқын сезімталдық, сыртартқыдағы ангионевротикалық ісіну, соның ішінде АКФ тежегіштерін қолданудан болған
- тұқым қуалайтын Квинке ісінуі немесе идиопатиялық ісіну
- бүйрек артерияларының екі жақты тарылуы
- жалғыз бүйрек артериясының тарылуы, азотемияға өршуі
- бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай
- бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі
- алғашқы гиперальдостеронизм
- жүктілік және лактация кезеңі
- балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер (тиімділігі және қауіпсіздігі анықталмаған)
Мыналарда сақтықпен қолданған жөн: қолқа тарылғанда/гипертрофиялық кардиомиопатияда, артериялық гипотензияда, сүйек кемігінің гипоплазиясында, гипонатриемияда (тұзды аз пайдаланатын немесе тұзсыз ем-дәмдегі емделушілерде артериялық гипотензияның пайда болу қаупі жоғары), гиповолемиялық жағдайларда (соның ішінде диарея, құсу), дәнекер тіндерінің ауруларында (жүйелік қызыл жегі, склеродермия), қант диабетінде, подаграда, гиперурикемияда, гиперкалиемияда, жүректің ишемиялық ауруында, цереброваскулярлы ауруларда (соның ішінде ми қан айналымының жеткіліксіздігі), жүрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігі, бауыр қызметінің жеткіліксіздігі және егде жастағы адамдарға.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Препаратты калий жинақтаушы диуретиктермен (спиронолактон, триамтерен, амилорид), калий препараттарымен, құрамында калий бар тұздың орнын алмастырғыштармен, циклоспоринмен бір мезгілде қолданғанда, әсіресе бүйрек қызметі бұзылғанда, гиперкалиемияның пайда болу қаупі артады, сондықтан оларды қан сарысуындағы калий деңгейін және бүйрек қызметін жүйелі бақылағанда бірге тағайындауға болады.
Лизиноприлді бета-адреноблокаторлармен, «баяу» кальций өзекшелері блокаторларымен (БКӨБ), диуретиктермен, трициклдік антидепрессанттармен/нейролептиктермен және басқа да гипотензивтік дәрілермен біріктіріп қолдану гипотензивтік әсердің айқындылығын күшейтеді.
Лизиноприл литий препараттарының шығарылуын баяулатады. Сондықтан бір мезгілде қолданғанда қан сарысуындағы литий концентрациясын жүйелі бақылап отыру қажет.
Антацидтер және колестирамин лизиноприлдің асқазан-ішек жолында сіңуін төмендетеді.
Инсулинмен және ішуге арналған гипогликемиялық дәрілермен бірге қолданғанда гипогликемияның пайда болу қаупі болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП) (соның ішінде (циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштері), эстрогендер, адреностимуляторлар лизиноприлдің гипертензияға қарсы әсерін төмендетеді.
АӨФ тежегіштерін және алтын препараттарын (натрий ауротиомалаты) бір мезгілде қолданғанда бет гиперемиясын, жүректің айнуын, құсуды және АҚ төмендеуін қамтитын симптомды кешеннің түзілгені мәлімделген.
Серотонинді кері қармап қалатын селективті тежегіштерімен бірге қолданғанда айқын гипонатриемияға әкеп соғуы мүмкін.
Аллопуринолмен, прокаинамидпен, цитостатиктермен біріктіріп қолдану лейкопенияға әкелуі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
Симптоматикалық гипотензия
АҚ-ның айқын төмендеуі көбіне диуретиктермен емдеуден, аста тұздың азаюынан, диализден, диареядан немесе құсудан айналымдағы қан көлемі (АҚК) төмендегенде пайда болады. Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігімен бірге немесе онсыз жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар науқастарда АҚ айқын төмендеуі мүмкін.
Жүректің ишемиялық ауруы, цереброваскулярлы жеткіліксіздігі бар, АҚ күрт төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкеп соғуы мүмкін науқастарда лизиноприлді қатаң түрде дәрігердің бақылауымен тағайындаған жөн. Транзиторлы артериялық гипотензия препараттың келесі дозасын қабылдау үшін қарсы көрестілім болып табылмайды.
Лизиноприлді қолданған кезде, жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар, бірақ АҚ қалыпты немесе төмендеген кейбір науқастарда АҚ төмендегені байқалуы мүмкін, бұл әдетте емді тоқтату үшін себеп болып табылмайды.
Препаратпен емдеуді бастағанға дейін, мүмкіндігінше, натрий деңгейін қалыпқа келтіру және/немесе АҚК толықтыру керек, Лизиноприлдің бастапқы дозасының науқасқа әсерін мұқият бақылаған жөн.
Бүйрек артериялары тарылған жағдайда (әсіресе екі жақты тарылғанда, немесе жалғыз бүйрек артериясы тарылғанда), сондай-ақ натрий иондарының және/немесе сұйықтықтың жеткіліксіз болуы салдарынан қан айналымы жеткіліксіз болғанда Лизиноприлді қолдану бүйрек қызметінің бұзылуына, бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігіне әкеп соғуы мүмкін, ол әдетте препаратты тоқтатқаннан кейін қайтымды болады.
Жедел миокард инфарктісі
Стандартты емді (тромболитиктерді, ацетилсалицил қышқылын, бета-адреноблокаторларды) қолдану керек. Лизиноприл көктамыр ішіне енгізу арқылы немесе нитроглицериннің емдік трансдермальді жүйелерімен бірге пайдаланылуы мүмкін.
Бүйрек қызметінің бұзылуы
Жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі бар науқастарда АКФ тежегіштерінің әсерінен артериялық қысымның айқын төмендеуі бүйрек қызметінің әрі қарай нашарлауына әкеп соғуы мүмкін. Бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі жағдайлары байқалды.
АКФ қабылдаған, бүйрек артерияларының екі жақты тарылуы немесе бүйрек артерияларының тарылуы бар науқастарда қан сарысуындағы мочевинаның және креатининнің жоғарылағаны білінді, олар әдетте емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтымды болады. Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі бар науқастарда жиі кездесті.
Лизиноприл, сарысудағы креатинин концентрацияларының 177 ммоль/л-ден астамға өзгергені және/немесе протеинурия анықталған, бүйрек қызметінің айқын бұзылуы бар емделушілердегі жедел инфарктте тәулігіне 500 мг-нан асатын дозаларда қолданылмайды. Егер бүйрек қызметінің бұзылуы препаратты қолданған кезде пайда болса (сарысудағы креатинин концентрациясы 265 ммоль/л-ден асып кетеді немесе мәні емді бастағанға дейінгі көрсеткіштермен екі еселенеді), дәрігер препаратты әрі қарай қолдану қажеттілігіне баға беруі тиіс.
Жоғары сезімталдық/Ангионевротикалық ісіну
Лизиноприлді қоса есептегенде, АКФ тежегіштерін қабылдаған науқастарда беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, көмекейдің және/немесе көмейдің ангионевротикалық ісінуі сирек білінді. Осы асқыну емдеудің кез келген кезеңінде пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда препаратпен емдеуді мүмкіндігінше тезірек тоқтату және симптомдардың толық регрессиясына дейін науқастарды бақылауға алу қажет. Ісіну тек бетте және еріндерде пайда болған жағдайларда жағдай көбіне емделусіз-ақ қайтады, алайда антигистаминдік дәрілер тағайындалуы мүмкін.
Көмейдің ісінуімен болатын ангионевротикалық ісіну фатальді болуы мүмкін. Тілдің, көмекейдің немесе көмейдің ісінуі тыныс жолдарының обструкциясына себеп болуы мүмкін, сондықтан тиісті емді (0,3-0,5 мл 1:1000 эпинефрин (адреналин) ерітіндісін тері астына) және/немесе тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ететін шараларды дереу жүргізу қажет.
Тежегіштерді қабылдап жүрген, нәсілі негроидты науқастарда ангионевротикалық ісіну басқа нәсілділерге қарағанда жиі пайда болғаны білінді.
Сыртартқысында АКФ тежегіштерімен емдеумен байланысты емес ангионевротикалық ісінуі бар болған науқастарда АКФ тежегіштерімен емдеу кезінде оның пайда болу қаупі жоғарылауы мүмкін.
Хирургиялық араласым/жалпы анестезия
Ауқымды хирургиялық араласымдарда, сондай-ақ АҚ төмендететін басқа да дәрілерді қолданғанда лизиноприл, ангиотензин II-нің түзілуін бөгей отырып, АҚ-ны болжанбайтындай айқын төмендетуі мүмкін.
Егде жастағы науқастарда сондай доза қанда препараттың өте жоғары концентрациясына әкелуі мүмкін, сондықтан дозаны белгілеген кезде аса сақ болу қажет.
Агранулоцитоздың пайда болуының потенциальді қаупін жоққа шығаруға болмайды, қан көрінісін әлсін-әлсін бақылап отыру қажет етіледі. Препаратты полиакрил-нитрил-жарғақшалармен диализ жағдайларында қолданғанда анафилактикалық шок пайда болуы мүмкін, сондықтан диализ үшін мембрананың басқа типі, немесе гипертензияға қарсы басқа дәрілерді тағайындау керек.
Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Препараттың жағымсыз әсерлерін ескеріп, көлікті немесе зейінді жұмылдыруды қажет ететін қауіпті механизмдерді басқарған кезде сақ болу қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: артериялық қысымның айқын төмендеуі, ауыз ішінің құрғауы, ұйқышылдық, несептің бөлініп шығуының іркілуі, іш қату, мазасыздық, қатты тітіркенгіштік, гиперкалиемия.
Емдеу: арнайы у қайтарғысы жоқ. Асқазанды шаю, энтеросорбенттерді және іш жүргізгіш дәрілерді қолдану. 0,9% натрий хлориді ерітіндісін көктамыр ішіне енгізу қолданылады. Емдеуге төзімді брадикардия жағдайында ырғақтың жасанды жетекшісін қолдану қажет. АҚ, су-электролиттік теңгерім көрсеткіштерін бақылау қажет. Гемодиализ тиімді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті немесе импортты үлбірден және баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты 2 немесе 3 қаптама медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
"Биохимик" ААҚ, Ресей Федерациясы, 430030, Саранск қ-сы, Васенко к-сі 15 А
Тел./факс (8342) 47-36-48, 47-36-78.
Тіркеу куәлігінің иесі
"Биохимик" ААҚ, Ресей Федерациясы
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«ЦентрАзияФарм» ЖШС, 050030, Қазақстан Республикасы
Алматы қ-сы, Сүйінбай д-лы, 290
тел. 727 290 27 80, 727 385 04 00,
e-mail: register@caph.kz