Клописан®

МНН: Клопидогрел
Производитель: Санофи Винтроп Индустрия
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Clopidogrel
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№013881
Информация о регистрации в РК: 13.02.2019 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 135.85 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Клописан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Клопидогрел

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталғант таблеткалар, 75 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 97,875 мг клопидогрел гидросульфаты (75,000 мг клопидогрел негізіне баламалы),

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, маннитол, макрогол 6000, орын басуы төмен гидроксипропилцеллюлоза, гидрогенизделген майсана майы,

үлбірлі қабық құрамы: Опадрай 32 K 14834 II тип (лактоза, гипромеллоза, титанның қостотығы (Е 171), триацетин, темірдің (III) қызыл тотығы (Е 172), карнауб балауызы.

Сипаттамасы

Беті сәл дөңес, қызғылт түсті қабықпен қапталған, бір жақ бетінде “75” таңбасы және басқа жақ бетінде “1171” таңбасы бар дөңгелек пішінді таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Антикоагулянттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері. Клопидогрел. АТХ коды ВО1АС04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Тәулігіне 75 мг дозасын пероральді түрде бір рет және қайталап қабылдағаннан кейін клопидогрел жылдам сіңеді. Өзгермеген клопидогрелдің ең жоғары орташа плазмалық концентрациялары (75 мг дозасын бір рет пероральді түрде қабылдағаннан кейін шамамен 2,2-2,5 нг/мл) препаратты қабылдағаннан кейін шамамен 45 минуттан соң білінді. Несеппен бірге бөлініп шығатын клопидогрел метаболиттеріне қарағанда сіңуі кем дегенде 50%.

Таралуы

Клопидогрел және оның айналымдағы негізгі (белсенді емес) метаболиті адам плазмасының протеиндерімен in vitro байланыс түзеді (сәйкесінше 98% және 94%). Іn vitro байланысу кең ауқымда қанықпаған концентрация болып табылады.

Биотрансформациясы

Клопидогрел бауырда қарқынды метаболизмге ұшырайды. In vitro and in vivo клопидогрел негізгі екі жолмен метаболизденеді: бірі эстеразалар арқылы карбон қышқылының белсенді емес туындысы түзілетін гидролизге әкеледі (қан ағымында болатын 85% метаболит), басқасы әртүрлі Р450 цитохромдары арқылы. Алдымен клопидогрел аралық метаболит – 2-оксо-клопидогрелге дейін метаболизденеді. Аралық 2-оксо-клопидогрел метаболитінің әрі қарайғы метаболизмі белсенді метаболит – клопидогрелдің тиол туындысының түзілуіне әкеледі. In vitro осы метаболизм жолы CYP3А4, CYP2С19, CYP1А2 және CYP2В6 арқылы жүреді. In vitro белсенді тиол метаболиті тромбоциттер рецепторларымен тез және қайтымсыз байланысып, сол арқылы тромбоциттер агрегациясын бәсеңдетеді.

Белсенді метаболиттің Cmax мәні клопидогрелдің бір реттік 300 мг жүктеме дозасынан соң да, 75 мг демеуші дозасын 4 күн бойы қабылдағаннан кейін де 2 есе артады. Cmax препаратты қабылдағаннан кейін шамамен 30-60 минуттан соң байқалады.

Шығарылуы

14С таңбаланған клопидогрел қабылданған соң шамамен 50%-ы несеппен бірге және енгізуден соң 120 сағат ішінде шамамен 46%-ы нәжіспен бірге бөлініп шығады. Бір реттік пероральді 75 мг дозасын қабылдағаннан кейін клопидогрелдің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 6 сағат құрайды. Қан айналымындағы негізгі (белсенді емес) метаболиттің жартылай шығарылу кезеңі препаратты бір рет және қайталап қабылдаудан кейін 8 сағатты құрайды.

Фармакогенетикасы

CYP2C19 белсенді метаболиттің де, сондай-ақ аралық метаболит – 2-оксо-клопидогрелдің де түзілуіне қатысады. Клопидогрелдің белсенді метаболитінің фармакокинетикасы және антитромбоцитарлық әсерлері ex vivo тромбоциттер агрегациясына жүргізілген зерттеулерде бағаланғандағыдай, CYP2C19 генотипіне байланысты өзгереді.

CYP2C19*1 аллелі функционалдық метаболизмге толық сай келеді, ал CYP2C19*2 және CYP2C19*3 аллельдері функциональді емес. CYP2C19*2 және CYP2C19*3 аллельдері еуропалық (85%) және азиаттық (99%) баяу метаболизаторлардың функциясы төмендеген аллельдерінің үлкен бөлігіне себепші болады. Метаболизмнің болмауымен немесе төмендеуімен астасатын басқа да аллельдер сирек кездеседі және CYP2C19*4, *5, *6, *7 және *8 аллельдерін қамтиды. Баяу метаболизатор статусындағы емделушілерде, жоғарыда сипатталғандай, функциясын жоғалтқан тасымалдаушы екі аллельден бар. Баяу метаболизатор CYP2C19 генотиптерінің жиілігі еуропалықтарда шамамен 2%, африкалық нәсілдерде 4% және қытай тектілерде 14% құрайтыны жарияланған. Емделушінің CYP2C19 генотипін анықтауға арналған тестілер бар.

Метаболизаторлардың (ультражылдам, жылдам, орташа және баяу) 4 CYP2C19 тобының әрқайсысынан 10-нан барлығы 40 дені сау еріктінің қатысуымен жүргізілген айқаспалы зерттеулерде 300 мг клопидогрел қабылдауды әрі қарай тәулігіне 75 мг қабылдауға және 600 мг-ды әрі қарай 150 мг қабылдауға ұластырғандағы фармакокинетикалық және антитромбоцитарлық әсерлеріне, әрқайсысына 5 күн бойы (тепе-тең жағдай), баға берілді. Ультражылдам, жылдам және орташа метаболизаторлар арасында белсенді метаболиттің экспозициясында және тромбоциттер агрегациясының орташа бәсеңдеуінде (ТАБ) елеулі айырмашылықтар байқалған жоқ. Баяу метаболизаторларда белсенді метаболит экспозициясы жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда 63-71%-ға төмен болды. 300 мг/75 мг дозалық режимін қолданудан кейін тромбоцитке қарсы жауап реакциясы баяу метаболизаторларда төмен болды, мұндайда ТАБ 39% (24 сағат) және 58% (5 күн) болатын жылдам метаболизаторлармен және 37% (24 сағат) және 60% (5 күн) болатын орташа метаболизаторлармен салыстырғанда, орташа ТАБ (5 мкМ АДФ) 24% (24 сағат) және 37% (5 күн) құрады. Баяу метаболизаторлар 600 мг/150 мг режимінде болғанда, 300 мг/75 мг режимі кезіне қарағанда, белсенді метаболиттің экспозициясы көбірек болды. Бұдан басқа, ТАБ 32% (24 сағат) және 61% (5 күн) құрап, 300 мг/75 мг режимінде болған баяу метаболизаторлардан көбірек, бірақ 300 мг/75 мг режимінде болатын CYP2С19 метаболизаторларының басқа топтарына ұқсас болды. Науқастардың осы популяциясына сай келетін дозалық режим анықталған жоқ.

Белсенді метаболиттің экспозициясы орташа метаболизаторларда 28%-ға және баяу метаболизаторларда 72%-ға төмендеген, ал тромбоциттер агрегациясының (5 мкМ АДФ) бәсеңдеуі жылдам метаболизаторлармен салыстырғанда, сәйкесінше, ТАБ 5,9% және 21,4% айырмашылықпен төмендеді.

Ерекше популяциялар

Клопидогрелдің белсенді метаболитінің осы ерекше популяциялардағы фармакокинетикасы белгісіз.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйректің ауыр сырқаты (креатинин клиренсі минутына 5-тен 15 мл дейін) бар емделушілерде клопидогрелдің күніне 75 мг дозаларын қайталағаннан кейін АДФ (аденозиндифосфат) әсерінен тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау адамдардағыдан әлсіздеу (25%) болады, алайда қан кету уақытының ұзаруы күніне 75 мг клопидогрел қабылдаған дені сау адамдарда байқалғандарға ұқсас болды. Бұдан басқа, клиникалық жағымдылығы барлық науқастарда да жақсы болды.

Бауыр функциясының бұзылуы

10 күн бойы клопидогрелдің күніне 75 мг дозаларын қайталағаннан кейін бауыр функциясы ауыр бұзылған науқастарда АДФ (аденозиндифосфат) әсерінен тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуі дені сау адамдарда байқалғанға ұқсас болды. Екі топта да қан кету уақытының орташа ұзаруы ұқсас болды.

Нәсілі

CYP2С19 аллельдерінің басымдығы салдарынан болатын CYP2С19 орташа және нашар метаболизмі нәсілге/этникасына қарай өзгереді («Фармакогенетикасын» қараңыз). Осы CYP генотипінің құбылыстың клиникалық нәтижесіне ықпалының клиникалық зардаптарына баға беру үшін оқулықтарда азиялық популяциялардан алынған шектеулі ғана деректер бар.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Клопидогрел – метаболиттерінің біреуі тромбоциттер агрегациясының тежегіші болып табылатын дәрінің ізашары. Клопидогрел тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін белсенді метаболит түзу үшін CYP2С19 энзимдері арқылы метаболизмге ұшырауы тиіс. Клопидогрелдің белсенді метаболиті аденозиндифосфаттың (AДФ) оның тромбоцитарлық P2Y12 рецепторымен байланысуын және әрі қарай гликопротеиндік GPIIb/IIIa кешенінің АДФ арқылы белсенділенуін іріктеп тежейді, сондықтан тромбоциттер агрегациясына кедергі жасайды. Қайтымсыз байланысу салдарынан әсер етуге ұшыраған тромбоциттер өз тіршілігінің бүкіл қалған мерзімінде (шамамен 7-10 күн) зақымданады, ал тромбоциттердің қалыпты функциясының қалпына келуі тромбоцитарлық айналымға сай келетін жылдамдықпен жүзеге асырылады. АДФ-тан ерекшеленетін агонистер әсерінен болатын тромбоциттер агрегациясы да босап шығатын АДФ-тің әсер етуімен жүзеге асатын тромбоциттер белсенділігінің күшеюін бөгеу арқылы бәсеңдейді.

Белсенді метаболит кейбіреулері полиморфты болып келетін немесе өзге дәрілік қосылыстармен бәсеңдейтін CYP450 энзимдерінің жәрдемімен түзілетін болғандықтан, науқастардың барлығында бірдей тромбоциттердің тежелу дәрежесі жеткілікті болмайды.

Фармакодинамикалық әсерлері

Тәулігіне 75 мг-ден қайталанған дозалар бірінші күннен-ақ АДФ әсерінен болған тромбоциттер агрегациясының едәуір бәсеңдеуіне әкелді. Тежегіш әсері үдемелі түрде күшейіп, және 3-7 күннен соң тепе-тең жағдайға жетті. Тепе-тең жағдай сатысында күніне 75 мг дозада байқалған орташа тежелу дәрежесі 40%-дан 60%-ға дейінді құрады. Тромбоциттер агрегациясы және қан кету уақыты емдеуді тоқтатқаннан кейін 5 күннен соң, әдеттегідей, бастапқы деңгейіне біртіндеп оралды.

Қолданылуы

Атеротромбоздық оқиғалардың алдын алу

- миокард инфарктісінен (бірнеше күннен 35 күннен азға дейін), ишемиялық инсульттен (7 күннен 6 айдан азға дейін) зардап шегетін ересек науқастарда немесе шеткергі артериялар ауруы диагностикаланған науқастарда

- жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегіп жүрген ересек науқастарда:

- ST сегментінің жоғарылауынсыз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромы (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісшесінсіз миокард инфарктісі), соның ішінде тері арқылы коронарлық араласым барысында қантамырларға стент орнатылған науқастарға ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) біріктіріп;

- дәрі-дәрмекпен емделіп жүрген және тромболитикалық ем жүргізуге болатын науқастарда ST сегменті жоғарылаған жедел миокард инфарктісінде АСҚ-мен біріктіріп;

Жыпылықтағыш аритмия кезіндегі атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғалардың алдын алу

- қантамырлық оқиғалардың ең болмаса бір қауіп факторы болатын жыпылықтағыш аритмиясы бар ересек науқастарда, К витаминінің антагонистері (КВА) жақпайтын және қан кету қаупі төмен науқастарда, ми инсультін қоса, атеротромбоздық және тромбоэмболиялық оқиғаларды болдырмау үшін АСҚ-мен біріктіріп.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдауға арналған. Тамақтануға қарамай-ақ қолдануға болады.

Ересектер және егде жастағы науқастар

Клопидогрелді тәулігіне бір реттік 75 мг дозадан қабылдаған жөн.

Жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромынан зардап шегіп жүрген науқастарда:

- ST сегментінің жоғарылауынсыз жедел коронарлық жеткіліксіздік синдромы (тұрақсыз стенокардия немесе Q тісшесінсіз миокард инфарктісі): клопидогрелмен емдеу бір реттік 300 мг жүктеме дозадан басталып, ал содан кейін тәулігіне бір рет 75 мг дозамен (тәулігіне 75-325 мг дозадағы ацетилсалицил қышқылымен) жалғастырылуы тиіс. АСҚ-ның жоғары дозалары қан кету қаупін арттыратындықтан, АСҚ дозасын 100 мг-ден асырмау ұсынылады. Емдеудің оңтайлы ұзақтығы ресми анықталған жоқ. Клиникалық зерттеу деректері препаратты 12 айға дейін қолдануға негіз бола алады, ең жоғары оң әсері 3 ай емделген соң байқалады.

- ST сегменті жоғарылайтын жедел миокард инфарктісі: клопидогрелді 300 мг жүктеме дозадан бастап, 75 мг бір реттік тәуліктік дозада АСҚ-мен және басқа тромболитикалық дәрілермен біріктіріп немесе оларсыз қабылдау керек. 75 жастан асқан науқастарда клопидогрелмен емдеуді жүктеме дозасыз бастаған дұрыс. Біріктірілген емді, симптомдары білінгеннен кейін, мүмкіндігінше, ертерек бастап, кем дегенде, 4 апта бойы жалғастырған жөн. Осы жағдайда клопидогрелді АСҚ-мен біріктіріп 4 аптадан астам емдегеннен кейін болатын оң әсері зерттелген жоқ («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Жыпылықтағыш аритмиясы бар науқастарға клопидогрел 75 мг-ге тең тәуліктік дозада тағайындалуы керек. АСҚ (тәулігіне 75-100 мг) қабылдаудан бастап, және оны клопидогрелмен біріктіріп қолдануды жалғастырған жөн («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Егер дозаны өткізіп алса:

- әдеттегі дәрі қабылдаудың жоспарланған уақытынан соң 12 сағаттан аз уақыт өтсе: науқастар дозаны дереу қабылдап, және одан кейінгі келесі дозаны әдеттегі жоспарланған дәрі қабылдау уақытында қабылдау керек

- 12 сағаттан көп уақыт өтсе: науқастар келесі дозаны әдеттегі жоспарланған дәрі қабылдау уақытында қабылдауы керек, бірақ дозаны қосарлап қабылдауға болмайды.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды емдеу тәжірибесі шектеулі («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Бауыр функциясының бұзылуы

Ауырлығы орташа дәрежедегі аурулары бар емделушілерді емдеу тәжірибесі, геморрагиялық диатез мүмкін болатындарда, шектеулі («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Жағымсыз әсерлері

Қан кету клиникалық зерттеулерде де, постмаркетингтік кезеңде де тіркелген, сондай-ақ емнің алғашқы айында тіркелген ең жиі реакция болып табылады.

Клиникалық зерттеулерде байқалған немесе кездейсоқ мәлімдемелерде мәлімделген жағымсыз реакциялар төменде берілген.

Жиі (≥ 1/100, <1/10)

- гематома және жарақаттық соғылу

- мұрыннан қан кету

- асқазан-ішектен қан кету, диарея, іштің ауыруы, диспепсия

- пункция жасалған жерден қан кету

Жиі емес (≥ 1/1000, <1/100)

- тромбоцитопения, лейкопения, эозинофилия

- бассүйекішілік қан құйылу (өліммен аяқталған бірнеше жағдайлар жөнінде мәлімделді), бас ауыру, парестезия, бас айналу

- көзге қан құйылу (конъюнктивальді, окулярлы, ретинальді)

- асқазанның және он екі елі ішектің ойық жарасы, гастрит, құсу, жүректің айнуы, іш қату, метеоризм

- бөртпе, қышыну, теріге қан тебу (пурпура)

- гематурия

- қан кету уақытының ұзаруы, нейтрофильдер санының кемуі, тромбоциттер санының азаюы

Сирек (≥ 1/10000, <1/1000)

- нейтропения, соның ішінде ауыр түрі

- вертиго (вестибулярлы бас айналу)

- ретроперитонеальді қан кету

Өте сирек (<1/10000)

- тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП), апластикалық анемия, панцитопения, агранулоцитоз, ауыр тромбоцитопения, жүре пайда болған гемофилия А, гранулоцитопения, анемия

- сарысу құю ауруы, анафилактоидтық реакциялар

- елестеулер, сананың шатасуы

- дәм сезудің бұзылуы

- ауыр қан кету, операциялық жаралардан қан кету, васкулит, гипотензия

- респираторлық жолдан қан кету (қан түкіру, өкпеден қан кету), бронхтың түйілуі, интерстициальді пневмонит, эозинофильді пневмония

- асқазан-ішектік және ретроперитонеальді қан кетудің өліммен аяқталуы, панкреатит, колит (соның ішінде ойық жаралы немесе лимфоцитарлық), стоматит

- бауыр функциясының жедел жеткіліксіздігі, гепатит, бауыр функциясы талдауларының патологиялық көрсеткіштері

- буллёзді дерматит (уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, көп пішінді эритема), ангионевротикалық ісіну, дәрі қабылдаудан болатын жоғары сезімталдық синдромы, эозинофилиямен және жүйелік көріністермен (DRESS-синдром) қатар жүретін дәрілік бөртпе, эритематозды немесе эксфолиативті бөртпе, есекжем, экзема және жалпақ теміреткі

- қаңқа-бұлшықеттен қан кету (гемартроз), артрит, артралгия, миалгия

- гломерулонефрит, қанда креатинин деңгейінің жоғарылауы

- қызба

Жиілігі белгісіз

- айқаспалы реактивтілік нәтижесінде дамыған тиклопидин және прасугрел сияқты тиенопиридинді препараттарға жоғары сезімталдық («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Күмәнді жағымсыз реакцияларды хабарлау

Күмәнді жағымсыз реакцияларды хабарлау препаратты тіркеуден кейін де маңызды болып табылады. Бұл дәрілік заттың «пайда/қаупі» арақатынасына ұдайы мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау қызметкерлерінен ұлттық жария ету жүйесі арқылы кез келген күмәнді жағымсыз реакциялар жөнінде мәлімдеп отыруын өтіну қажет.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- бауыр функциясының ауыр бұзылуы

- пептидтік ойық жарадан қан кету немесе бассүйекішілік қан құйылу сияқты жедел патологиялық қан кету

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Пероральді антикоагулянттар: клопидогрелді пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде қолдануға кеңес берілмеген, өйткені мұндай біріктірілім қан кетуді күшейтеді («Айрықша нұсқауларын» қараңыз). Тәулігіне 75 мг клопидогрел қабылдау варфаринмен ұзақ ем қабылдаған науқастарда S-варфариннің фармакокинетикасын немесе халықаралық қалыптасқан қатынасты (ХҚҚ) өзгертпегеніне қарамастан, клопидогрелді варфаринмен бір мезгілде қолдану, екі препараттың да гемостазға көрсететін өзіндік әсерлеріне байланысты, қан кету қаупін арттырады.

IIb/IIIа гликопротеин тежегіштері: клопидогрелді бір мезгілде IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерін қабылдап жүрген науқастарда сақтықпен қолданған жөн («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Ацетилсалицил қышқылы (АСҚ): АСҚ клопидогрелдің әсерінен АДФ-пен индукциялаған тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуін өзгертпейді, алайда клопидогрел коллагенмен индукцияланған тромбоциттердің агрегациясына АСҚ әсерін күшейтеді. Дегенмен де, тәулік бойына күніне екі мәрте 500 мг-ден АСҚ бір мезгілде қабылдау клопидогрел қабылдау әсерінен болатын қан кету уақытын айтарлықтай ұзартқан жоқ. Клопидогрел мен ацетилсалицил қышқылының арасында жоғары қан кету қаупіне әкелетін фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Демек, осы препараттарды бір мезгілде қолдануды сақтықпен жүзеге асырған жөн («Айрықша нұсқауларды» қараңыз). Дегенмен, клопидогрел мен АСҚ бір жылға дейін бірге тағайындалды («Фармакодинамикасын» қараңыз).

Гепарин: дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген клиникалық зерттеулерде клопидогрел дозасын өзгертуді қажет етпеді немесе гепариннің коагуляцияға әсерін өзгерткен жоқ.

Гепаринді бір мезгілде қолдану клопидогрел әсерінен болатын тромбоциттер агрегациясының бәсеңдеуіне әсер етпеді. Клопидогрел мен гепарин арасында қан кету қаупінің артуына әкелетін фармакодинамикалық өзара әрекеттесу болуы мүмкін. Сондықтан осы препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықпен жүзеге асырылуы тиіс («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Тромболитикалық дәрілер: клопидогрелді фибринспецификалық және фибринспецификалық емес тромболитикалық дәрілермен және гепариндермен бірге қолданудың қауіпсіздігі жедел миокард инфарктісі бар науқастарда зерттелді. Қан кетудің клиникалық тұрғыдан маңызды жиілігі тромболитикалық дәрілер мен гепаринді АСҚ-мен біріктіріп қолданған кезде байқалғанмен ұқсас болды («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД): дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулерде клопидогрел мен напроксенді бірге қолдану асқазан-ішек жолынан жасырын қан кетуді арттырды. Алайда, басқа ҚҚСД-мен өзара әрекеттесулер жөніндегі клиникалық зерттеулердің жеткілікті болмауы салдарынан, қазіргі уақытта асқазан-ішектік қан кетудің жоғары қаупі барлық ҚҚСД үшін тән екені-еместігі анық емес. Демек, ҚҚСД (соның ішінде ЦОГ-2 тежегіштерін) мен клопидогрелді бір мезгілде қолдану сақ болуды қажет етеді («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

СКҚСТ (серотонинді кері қармайтын селективтік тежегіштер): СКҚСТ тромбоциттердің белсенділенуіне ықпалын тигізетін және қан кету қаупін ұлғайтатын болғандықтан, оларды клопидогрелмен бірге тағайындау сақтықты қажет етеді.

Бір мезгілде жүргізілетін басқа ем: клопидогрел ішінара CYP2C19 жәрдемімен өзінің белсенді метаболитіне дейін метаболизденетін болғандықтан, осы энзим белсенділігін бәсеңдететін дәрілік заттарды қолдану белсенді метаболит – клопидогрелдің дәрілік концентрацияларының төмендеуіне әкеледі деп күтіледі. Осы өзара әрекеттесудің клиникалық маңыздылығы анық емес. Сақтық шарасы ретінде, күшті немесе орташа CYP2C19 тежегіштерін бір мезгілде қолданудан бас тартқан дұрыс («Айрықша нұсқауларды» және «Фармакологиялық қасиеттерін» қараңыз).

CYP2С19 бәсеңдететін дәрілік препараттарға омепразол және эзомепразол, флувоксамин, флуоксетин, моклобемид, вориконазол, флуконазол, тиклопидин, ципрофлоксацин, циметидин, карбамазепин, окскарбазепин және хлорамфеникол жатады.

Протонды помпа тежегіштері (ППТ):

Клопидогрелмен бір мезгілде қабылданған, не осы екі дәрілік препараттарды қабылдаулар арасында 12 сағаттық аралық сақталған, тәулігіне бір реттік 80 мг дозадағы омепразол белсенді метаболиттің экспозициясын 45%-ға (жүктеме доза) және 40%-ға (демеуші доза) төмендетті. Төмендеу тромбоциттер агрегациясының 39% (жүктеме доза) және 21% (демеуші доза) бәсеңдеуімен байланысты болды. Клопидогрелмен бір мезгілде қабылданған эзомепразол сондай-ақ белсенді метаболиттің экспозициясының төмендеуіне әкеледі деп күтіледі.

Маңызды кардиоваскулярлық оқиғаларда көрінетін осы фармакокинетикалық (ФК) / фармакодинамикалық (ФД) өзара әрекеттесудің клиникалық маңызы жөніндегі қарама-қайшы деректер бақыланатын да, сондай-ақ клиникалық зерттеулерде де болғаны айтылған. Сақтық шаралары ретінде, омепразолды немесе эзомепразолды клопидогрелмен бір мезгілде қолдануға болмайды («Айрықша нұсқауларды» қараңыз).

Метаболит экспозициясы айқындылығының азырақ төмендеуі пантопразол және лансопразол жағдайында байқалды.

Белсенді метаболиттің плазмалық концентрациялары тәулігіне бір рет 80 мг дозадағы пантопразолмен емдеу кезінде 20%-ға (жүктеме доза) және 14%-ға (демеуші доза) төмендеді. Бұл тромбоциттер агрегациясының орташа тежелуінің, сәйкесінше, 15%-ға және 11%-ға төмендеуімен қатар жүрді. Бұл нәтижелер клопидогрелді пантопразолмен бірге қолдануға болатынын білдіреді.

Асқазан қышқылдылығын азайтатын Н2-рецепторларының блокаторлары сияқты басқа да дәрілік заттар (CYP2C19 тежегіші болып табылатын циметидинді қоспағанда) немесе антацидтер клопидогрелдің антитромбоцитарлық белсенділігіне әсер етеді деуге айғақтамалар жоқ.

Басқа дәрілік препараттар: ықтимал фармакодинамикалық және фармакокинетикалық (ФК) өзара әрекеттесулерін білу мақсатында клопидогрелмен және басқа да бір мезгілде тағайындалатын препараттармен бірқатар басқа да клиникалық зерттеулер жүргізілді. Клопидогрел атенололмен немесе нифедипинмен немесе осы заттардың екеуімен де бірге қолданылған кезде клиникалық тұрғыдан маңызды фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Фенобарбиталды немесе эстрогенді бір мезгілде қолдану клопидогрелдің фармакодинамикалық белсенділігіне елеулі ықпалын тигізген жоқ. Дигоксин мен теофиллиннің фармакокинетикасы клопидогрелді бір мезгілде қолданған кезде өзгерген жоқ. Антацидтік дәрілер клопидогрелдің сіңірілу дәрежесін өзгертпеді. CAPRIE зерттеулеріндегі деректерге сәйкес, CYP2C9 жәрдемімен метаболизденетін фенитоин мен толбутамидті клопидогрелмен бір мезгілде қауіпсіз қолдануға болады.

Жоғарыда сөз болған препараттармен бірге, клопидогрелдің әдетте атеротромбозы бар емделушілерге тағайындалатын басқа да дәрілік заттармен өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда клиникалық сынақтарға қатысқан, клопидогрелмен қатар өте алуан түрлі препараттарды қабылдаған емделушілерде клиникалық тұрғыдан маңызды жағымсыз өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Аталған препараттарға диуретиктер, бета-адреноблокаторлар, ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері (АӨФ тежегіштері), кальций антагонистері, холестерин деңгейін төмендетуге арналған препараттар, коронарлы вазодилататорлар, диабетке қарсы препараттар (соның ішінде инсулин), эпилепсияға қарсы дәрілер, сондай-ақ GPIIb/IIIa-рецептор блокаторлары жатады.

Айрықша нұсқаулар

Қан кетулер және гематологиялық бұзылулар

Емделу кезінде қан кету және гематологиялық жағымсыз реакциялар қаупіне байланысты, қан кетуді көрсететін клиникалық симптомдар пайда болған кезде бірден жалпы қан талдауын және/немесе басқа да тиісті талдаулар жасаған жөн («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз). Сондай-ақ басқа да антитромбоцитарлық дәрілер сияқты, клопидогрелді жарақатпен, хирургиялық немесе өзге патологиялық жай-күйлермен байланысты науқастарда қан кетудің күшею қаупіне ұшырауы мүмкін болған жағдайда, сондай-ақ науқастар АСҚ-мен, гепаринмен, IIb/IIIа гликопротеин тежегіштерімен немесе, ЦОГ-2 тежегіштерін немесе серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштерін (СКҚСТ) қоса, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілермен (ҚҚСЕД) емделіп жүрген жағдайда абайлап қолданған дұрыс. Әсіресе емнің алғашқы апталарында және/немесе жүрекке жасалатын инвазивті шаралардан немесе хирургиялық араласымнан кейін, жасырын қан кетуді қоса, қан кетудің кез келген белгілерінің бар-жоқтығын анықтау үшін науқастарды мұқият бақылау қажет. Клопидогрелді пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, өйткені бұл қан кетуді күшейтуі мүмкін («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

Егер науқастың алдында элективті хирургиялық араласымды бастан өткеру тұрса, және антитромбоцитарлық әсер уақытша қажетсіз болса, клопидогрел қабылдауды операциядан 7 күн бұрын тоқтату керек. Жоспарланған кез келген операцияның және кез келген жаңа дәрілік препаратты қабылдаудың алдында науқастар клопидогрел қабылдап жүргенін дәрігерлерге және стоматологтарға алдын ала ескертуі тиіс. Клопидогрел қан кету уақытын ұзартады және қан кетуге (әсіресе асқазан-ішектік және көзішілік) бейім патологиялық өзгерістері бар науқастарға абайлап қолданылуы керек.

Науқастарды Клописан қабылдау кезінде (жеке өзін немесе АСҚ-мен біріктіріп) қан кетуді тоқтату үшін әдеттегіден көбірек уақыт қажет болуы мүмкін екендігінен, және егер оларда ойламаған жерден әдеттен тыс (орналасуы немесе ұзақтығы бойынша) қан кету пайда болса, өз емдеуші дәрігеріне айту керектігінен хабардар еткен жөн.

Тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП)

Клописанды қолданғаннан кейін, ал кейде ұзаққа созылмайтын экспозициядан кейін тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП) жағдайлары өте сирек болды. Ол неврологиялық өзгерістермен, бүйрек дисфункциясымен немесе қызбамен қатар жүретін тромбоцитопениямен және микроангиопатиялық гемолитикалық анемиямен сипатталады. ТТП, плазмаферезді қоса, шұғыл емдеуді қажет ететін, өлімге әкеп соғатын потенциальді жағдай болып табылады.

Жүре пайда болған гемофилия

Клопидогрелді қабылдау жүре пайда болатын гемофилияның дамуына әкелетіні мәлімделді. Қан кету болатын немесе онсыз белсенділендірілген ішінара тромбопластинді уақыттың (БІТУ) жекелей артуы айғақталғанда жүре пайда болған гемофилияның дамуы ықтимал екендігін қарастырған жөн. Жүре пайда болған гемофилия диагнозы айғақталған науқастарды емдеу және олардың жағдайын тексеруді мамандар жүргізуі тиіс; және клопидогрел қабылдауды тоқтатқан жөн.

Жедел ишемиялық инсульт

Деректер жоқ болғандықтан, Клописан препаратын жедел ишемиялық инсульттен кейінгі алғашқы 7 күн ішінде қолдануға ұсынылмауы мүмкін.

Р450 2С19 цитохромы (CYP2С19)

Фармакогенетикасы: CYP2С19 баяу метаболизаторлары болып табылған жағдайда, науқастарға ұсынылған дозаларда клопидогрелде белсенді аз метаболиттер түзіледі, және ол тромбоциттер функциясына аз әсерін тигізеді. Науқастарда CYP2С19 генотипін анықтауға арналған тестілер бар.

Клопидогрел аздап CYP2C19 арқасында өзінің белсенді метаболитіне дейін метаболизденетін болғандықтан, осы ферменттің белсенділігін бәсеңдететін дәрілік препараттарды қолдану, күтілгендей, клопидогрелдің белсенді метаболиті деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Осы өзара әрекеттесулердің клиникалық маңыздылығы анықталған жоқ. Сақтық шарасы ретінде осы препаратпен бір мезгілде күшті немесе орташа әсері бар CYP2C19 тежегіштерін пайдалану ұсынылмайды («Дәрілік өзара әрекеттесуіндегі» CYP2C19 тежегіштерінің тізімін қараңыз; сондай-ақ «Фармакокинетикасын» қараңыз).

Тиенопиридиндер ішіндегі айқаспалы реакциялар

Тиенопиридиндер ішінде айқаспалы реактивтіліктің дамуы жөнінде мәлімдемелердің болуына байланысты, емделушілердің сыртартқысында тиенопиридиндерге (мысалы, клопидогрел, тиклопидин, празугрел) жоғары сезімталдықтың бар-жоқтығын тексеру қажет («Жағымсыз әсерлерін» қараңыз). Тиенопиридиндер бөртпе, ангионевротикалық ісіну сияқты жеңілден ауыр дәрежедегіге дейінгі аллергиялық реакциялардың немесе тромбоцитопения және нейтропения сияқты гематологиялық айқаспалы реакциялардың дамуына себеп болуы мүмкін. Сыртартқысында тиенопиридиндердің біріне аллергиялық реакция және/немесе гематологиялық реакция көрініс берген емделушілерде басқа да тиенопиридиндерге осындай немесе басқа да реакцияның дамуының жоғары қаупі болуы мүмкін. Тиенопиридиндерге аллергиялық реакциялары бар екені мәлім емделушілерде жоғары сезімталдық белгілеріне мониторинг жүргізу ұсынылады.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Бүйрек функциясы бұзылған науқастарды Клописан® препаратымен емдеу тәжірибесі шектеулі. Сондықтан осындай науқастар жағдайында Клописан препаратын сақтықпен қолдану керек.

Бауыр функциясының бұзылуы

Бауыр функциясының ауырлығы орташа дәрежедегі бұзылуы бар, геморрагиялық диатезге бейім науқастарға препаратты қолдану тәжірибесі шектеулі. Осыған байланысты, бұл популяцияда Клописан сақтықпен қолданылуы тиіс.

Қосымша заттар

Клописан препаратының құрамында лактоза бар. Бұл препаратты сирек тұқым қуалаған галактоза жақпаушылығы, Лапп лактаза тапшылығы және глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромы бар науқастардың қабылдамағаны жөн. Бұл дәрілік препаратта асқазанның бұзылуы мен диареяны тудыруы мүмкін гидрогенделген майсана майы бар.

Педиатрияда қолданылуы

Клописанды 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ.

Жүктілік

Жүктілік кезеңінде клопидогрелдің әсер етуі жөнінде клиникалық деректер жоқ болғандықтан, жүктілік кезінде сақтық шарасы ретінде клопидогрелді қолданбаған дұрыс.

Клиникаға дейінгі зерттеулер препараттың жүктілік барысына, эмбриональді/фетальді дамуына, босануына немесе постнатальді дамуына тікелей де, жанама да жағымсыз әсерлерін анықтаған жоқ.

Лактация кезеңі

Клопидогрелдің адамның емшек сүтіне өту-өтпеуі белгісіз. Клиникаға дейінгі зерттеулер клопидогрелдің емшек сүтіне өтетінін көрсетті. Сақтық шаралары ретінде, Клописанмен емделу кезінде емшек емізуді жалғастырмаған жөн.

Фертилділігі

Клиникаға дейінгі зерттеулерде клопидогрелдің фертилділікке ықпал етуі дәлелденген жоқ.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Клописан автомобильді және жұмыс механизмдерін басқару қабілетіне ықпалын тигізбейді немесе ықпалын тигізуі айтарлықтай емес.

Артық дозалануы

Симптомдары: клопидогрелді қабылдағаннан кейінгі артық дозалану қан кету уақытын ұзартуы және әрі қарай қан кетудің асқынуларына әкеп соқтыруы мүмкін.

Емі: қан кеткен жағдайда тиісті ем қажет болуы мүмкін. Клопидогрелдің фармакологиялық белсенділігін басатын у қайтарғы табылған жоқ. Егер ұзақ қан кету уақытын тез түзету қажет болса, тромбоциттер трансфузиясы клопидогрелдің әсерлерін тоқтата алады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 14 таблеткадан салынған.

Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Санофи Винтроп Индустрия, Франция

Тұрғылықты мекенжайы: 1, rue de la Vierge, Ambares et Lagrave, 33565 Carbon Blanc Cedex, France

Тіркеу куәлігінің иесі

Санофи Клир эСНСи, Франция

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«Санофи-авентис Қазақстан» ЖШС

Қазақстан Республикасы, 050016, Алматы, Фурманов к-сі, 187 Б

телефон: +7 (727) 244-50-96

факс: +7 (727) 258-25-96

e-mail: quality.info@sanofi.com

Прикрепленные файлы

402446991477976725_ru.doc 112.5 кб
063867931477977880_kz.doc 141 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники