Кальция хлорид 5мл (10%)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Кальций хлориді
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған ерітінді 10%, 5мл
Құрамы
5 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат - 500 мг кальций хлорид гексагидраты
қосымша зат – инъекцияға арналған су
Сипаттамасы
Мөлдір түссіз сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Плазмаалмастырғыш және перфузиялық ерітінділер. Электролиттік ерітінділер. Кальций хлориді.
АТХ коды B05ХА07
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Қанда кальций қосылыстарда және иондалған күйде (белсенді және иондалған кальций) болады. Көктамыр ішіне енгізгенде, кальций хлориді сүйек тінінде жинақталады, ол жерде организмдегі барлық кальцийдің 99 %-ы болады. Организмнен негізінен ішекпен, ішінара – бүйрекпен шығарылады.
Фармакодинамикасы
Препарат жүйке импульстерінің берілісі, қаңқа бұлшықеттері мен жүрек бұлшықеттерінің жиырылуы, сүйек тінінің қалыптасуы, қанның ұюы және басқа ағзалар мен жүйелердің қалыпты қызмет атқаруы үшін қажетті кальций иондары тапшылығының орнын толтырады. Кальций жасуша жарғақшалары мен тамыр қабырғаларының өткізгіштігін төмендетеді, қабыну реакциялары дамуының алдын алады, организмнің жұқпаларға төзімділігін арттырады және фагоцитозды едәуір күшейтуі мүмкін. Көктамыр ішіне енгізгенде вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық бөлігін стимуляциялайды, эпинефриннің бүйрекүсті бездерінен бөлініп шығуын күшейтеді, орташа диуретикалық әсер береді.
Қолданылуы
- аллергиялық ауруларды (есекжем, ангионевротикалық ісіну, аллергодерматоздар, сарысу құю ауруы), жәндіктер тістеп және шағып алғанда
- қан плазмасындағы кальций иондарының концентрациясын жылдам арттыруды қажет ететін (қалқанша маңы бездерінің функционалдық жеткіліксіздігі кезіндегі тетания, D витамині жеткіліксіздігі кезіндегі тетания, ауыстырып қан құю және цитраттық қан құю кезіндегі гипокальциемияда, алкалозда) гипокальциемия жағдайларында
- жедел қорғасынды шаншуды кешенді емдеу құрамында
- магнийдің артық дозалануы кезінде туындайтын магниймен уыттану жағдайларында
- жүрек функциясының бұзылуымен ЭКГ-да тіркелген гиперкалиемияда.
Қолдану тәсілі және дозалары
Көктамыр ішіне сорғалатып немесе тамшылатып 0,75-1,5 мл/минуттан аспайтын жылдамдықпен енгізеді. Енгізу аяқталғаннан кейін емделуші біраз уақыт "жатқан" қалыпта қалу керек.
Аллергиялық аурулар кезінде (есекжемде, ангионевротикалық ісінуде, аллергодерматоздарда, сарысу құю ауруында), жәндіктер тістеп немесе шағып алғанда, қорғасынды шаншуда, магний препараттарымен артық дозаланғанда – 7,5-15 мл.
Жедел гипокальциемияда – 1-3 күн бойы 7,5-15 мл, қажет болса енгізуді әр 1-3 күн сайын қайталайды.
Гипокальциемиялық тетания кезінде – 5-17,5 мл. Енгізуді емдік әсеріне жеткенше әр 8 сағат сайын қайталайды.
Гиперкалиемия кезінде (ЭКГ бақылауымен) – 2,45-15 мл, қажет болса қайталанатын дозасын 1-2 минуттан соң енгізеді.
Ауыстырып қан құю және цитраттық қан құю: ересектер мен балаларға әр 100 мл қанға 30 мг (0,3 мл).
1 жастан асқан балаларға:
Гипокальциемия: баяу, 0,5 мл/мин жылдамдықпен, кг дене салмағына 10-20 мг дозада енгізеді (кг дене салмағына 0,1-0,2 мл), қажет болса әр 4-6 сағат сайын қайталайды.
Тетания: 5-10 минут бойы кг дене салмағына 10 мг (кг дене салмағына 0,1 мл), қажет болса 6-8 сағаттан соң қайталайды немесе емдік әсеріне жеткенше инфузия түрінде жалғастырады.
Балалар үшін ең жоғарғы бір реттік дозасы – 0,3 мл/кг, ең жоғарғы тәуліктік дозасы – 10 мл.
Емдеу курсының ұзақтығы көрсетілімдер мен емнің тиімділігіне байланысты болады.
Көктамыр ішіне тамшылатып енгізу үшін ерітіндіні алдын-ала 5% декстроза ерітіндісімен немесе 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен сұйылтады.
Жағымсыз әсерлері
- депрессия
- ысыну сезімі, алдымен ауыз қуысының, содан кейін тұла бойдың шаншуы, бет терісінің гиперемиясы, ауыздың бор татуы, шеткергі вазодилатация, артериялық қысымның төмендеуі, аритмия (соның ішінде брадикардия), көктамыр тромбозы, жылдам енгізгенде естен тану және қарыншалардың дірілдеуі туындауы мүмкін
- гиперкальциемия сирек (бүйрек функциясы бұзылғанда) - жергілікті реакциялар: көктамыр бойының тітіркенуі; тері гиперемиясы, ауыру, бөртпе, кальцификация айналасындағы тіндердің некрозына және қабыршақ түзілуіне алып келуі мүмкін экстравазацияны көрсетуі мүмкін
- аллергиялық реакциялар, есекжем.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне аса жоғары сезімталдық
- гиперкальциемия, гиперкальциурия
- бүйректің созылмалы ауыр жеткіліксіздігі (БСЖ)
- қарыншалардың дірілдеуі, асистолия және электромеханикалық диссоциациялар
- артериялық окклюзия көріністерімен жүретін атеросклероз, тромбоздарға бейімділік
- несептас ауруы
- саркоидоз
- жүрек гликозидтерін бір мезгілде қабылдау
- цефтриаксонмен бір мезгілде қабылдау
- жүктілік және лактация кезеңі
- 1 жасқа дейінгі балаларға
- тері астына немесе бұлшықет ішіне енгізу.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Аллергиялық ауруларды емдеу үшін кальций хлориді мен гистаминге қарсы препараттарды бірге қолдану ұсынылады. Тетрациклиндердің, дигоксиннің, пероральді темір препараттарының сіңірілуін баяулатады (оларды қабылдаулар аралығы 2 сағаттан кем болмауы тиіс).
Кальций хлориді бір мезгілде қолданылғанда кальций өзекшелері блокаторларының әсерін әлсіретеді.
Хинидинмен бір мезгілде қолданғанда қарыншаішілік өткізгіштігі баяулауы және хинидиннің уыттылығы артуы мүмкін.
Кальций тұздары бисфосфонаттар, фтор, фторхинолондар, тетрациклиндер сияқты дәрілік заттардың сіңірілуін төмендетеді. Бұл препараттарды қабылдау кальций тұздарын қолданғаннан кейін 3 сағаттан ерте жүргізілмеуі тиіс.
Кальций хлоридінің инфузиясы добутаминнің кардиотонустық әсерін төмендетеді.
Кардиоуытты әсерінің күшеюіне және өліммен аяқталуы мүмкін жүрек аритмияларының даму мүмкіндігіне байланысты, жүрек гликозидтерімен емдеу кезінде Кальций хлоридін парентеральді қолдану ұсынылмайды.
Тиазидтік диуретиктер кальцийдің шығарылуын төмендетеді, сондықтан кальция хлоридімен немесе құрамында кальций бар басқа препараттармен қолданғанда сақ болу қажет.
Цефтриаксон-кальций преципитациясы реакциясы дамуының және өліммен аяқталатын асқынуларының қаупіне байланысты, құрамында кальций бар ерітінділерді өмірінің 1 жылындағы балаларда цефтриаксонмен бірге қолдану қарсы көрсетілімді.
Құрамында кальций немесе магний бар басқа препараттармен бір мезгілде қабылдау, әсіресе БСЖ бар емделушілерде сәйкесінше гиперкалиемия немесе гипермагниемия қаупін арттырады.
Деполяризацияланбайтын миорелаксанттардың тиімділігін төмендетеді. Тубокурарин хлоридінің әсер ету ұзақтығын арттыруы мүмкін.
Фармацевтикалық тұрғыдан тетрациклиндермен, магний сульфатымен, құрамында фосфаттар, карбонаттар немесе тартраттар бар дәрілік заттармен үйлесімсіз.
5% декстроза ерітіндісімен және 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісімен үйлесімді.
Айрықша нұсқаулар
Тітіркендіргіш және некроздаушы әсеріне байланысты, кальций хлоридін тері астына немесе бұлшықетке енгізуге болмайды.
Тиімді әсер етуі үшін дәрі-дәрмектік инфильтраттың аумағына бірізді түрде бастапқыда 5-10 мл 0,9% натрий хлориді ерітіндісі, содан соң 10 мл 0,25% новокаин ерітіндісі (тері астына 10% кальций хлориді инъекциясы анықталғаннан кейінгі алғашқы 10-15 минут) инъекциясын енгізу, одан кейін осы аумаққа жартылай полуспирттік компресс қою ұсынылады.
Препараттың ерітіндісі тері астына немесе бұлшықетке түсіп кеткен жағдайда, мүмкіндігінше, кальций хлоридін еккіштің көмегімен сорып алу, ал инъекция орнына 1 % новокаин ерітіндісін егу керек.
Емдеуді қандағы кальций концентрациясын бақылай отырып жүргізеді
Препараттың тамыр қабырғасына зақымдағыш әсер ету мүмкіндігін азайту үшін, инъекция үлкен көктамырға жіңішке ине арқылы жүргізілуі тиіс.
Препаратты балаларға, ауырлығы жеңіл және орташа дәрежелі бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі бар емделушілерге, дегидратацияда, электролиттік теңгерім бұзылуларында (гиперкальциемия қаупі), жүрек ауруларында (аритмия қаупі), бүйрек ауруларында, "өкпелік" жүректе, респираторлық ацидозда, тыныс алу жеткіліксіздігінде (кальций хлоридінің тотығуы салдарынан уытты реакциялар қаупі) сақтықпен қолданады.
Кальцийдің асқазанның қышқыл түзу функциясына стимуляциялаушы әсеріне байланысты, кальций хлоридін қабылдау асқазан-ішек жолының тітіркену симптомдарын туғызуы мүмкін, әсіресе пероральді қабылдағанда.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе аса қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препаратпен емдеу кезінде автокөлік жүргізу және қауіпті механизмдермен жұмыс жасау қарсы көрсетілімді.
Артық дозалануы
Гиперкальциемия симптомдары: әлсіздік, анорексия, іштің ауыруы, құсу, жүрек айнуы, іштің қатуы, полидипсия, полиурия, қатты қажу, ашушаңдық, өзін нашар сезіну, депрессия, дегидратация, жүрек ырғағы бұзылуы мүмкін, миалгия, артралгия, артериялық гипертензия.
Емі: елеусіз артық дозалануында (қан сарысуындағы кальций концентрациясы – 2,6-2,9 ммоль/л) енгізуді тоқтатады және құрамында кальций бар басқа дәрілік заттарды да тоқтатады. Ауыр артық дозалануында (қан сарысуындағы кальций концентрациясы 2,9 ммоль/л асады) кальцитонинді кг дене салмағына тәулігіне 5-10 ХБ дозада парентеральді енгізу (оны 500 мл 0,9% натрий хлориді ерітіндісінде сұйылта отырып), көктамыр ішіне 6 сағат бойы тамшылатып енгізу керек. Көктамыр ішіне сорғалатып баяу тәулігіне 2-4 рет енгізуге болады. Тиазидтік емес диуретиктер қолданылады; сарысудағы калий және магний концентрациясына бақылау жүргізеді, қажет болса – калий және магний препараттарын енгізеді, жүрек-қантамыр жүйесі функциясына бақылау жүргізу, аритмиялардың алдын алу үшін бета-адреноблокаторларды енгізу керек. Қажет болса гемодиализ жүргізіледі.
Шығарылу түрі және қаптамасы
5 мл-ден бейтарап шыныдан жасалған ампулаларда немесе еккішпен толтыруға арналған стерильді ампулаларда.
Әр ампулаға заттаңбалық немесе жазу қағазынан жасалған заттаңба жапсырылады немесе мәтінді тікелей ампулаға шыны бұйымдарға арналған терең баспа бояуымен жазады.
5 ампуладан поливинилхлоридті үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салады. Әр қаптамаға ампулалық скарификатор салынады.
Кертіктері, сақиналары және нүктелері бар ампулаларды қаптағанда скарификаторлар салынбайды.
Пішінді ұяшықты қаптамаларды медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бекітілген нұсқаулықтармен бірге картоннан жасалған қорапқа салады. Нұсқаулықтар саны қаптамалар санына сәйкес салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы,
Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81
Тіркеу куәлігінің иесі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Химфарм» АҚ, Шымкент қ., ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі 7252 (561342)
Факс нөмірі 7252 (561342)
Электронды поштасы infomed@santo.kz