Дексаметазона фосфат

МНН: Дексаметазон
Производитель: Фармак ПАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Dexamethasone
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№015867
Информация о регистрации в РК: 10.06.2020 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 26.1 KZT
Предельная цена реализации в РК: 578.9 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Дексаметазон фосфаты

Халықаралық патенттелмеген атауы

Дексаметазон

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 4 мг/мл, 1 мл ерітінді

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат – дексаметазон натрий фосфаты, дексаметазон фосфаты

100% затқа шаққанда - 4 мг

қосымша заттар: натрий хлориді, натрий гидрофосфаты додекагидраты, динатрий эдетаты, инъекцияға арналған су

Сипаттамасы

Мөлдір түссіз немесе сарғыш түсті сұйықтық

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Дексаметазон

АТХ коды Н02А В02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасындағы дексаметазон фосфаты ең жоғары концентрацияларына небәрі 5 минутта, ал бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін 1 сағаттан соң жетеді. Буындарға немесе жұмсақ тіндерге инъекциялар түрінде жергілікті қолданғанда сіңуі баяу жүреді. Препараттар әсері көктамыр ішіне енгізгеннен кейін тез басталады. Бұлшықет ішіне енгізгенде клиникалық әсері енгізуден соң 8 сағат өткенде байқалады. Препарат ұзақ уақыт әсер етеді: бұлшықет ішіне енгізуден кейін 17-ден 28 күнге дейін және жергілікті қолданудан кейін 3 күннен 3 аптаға дейін. Дексаметазонның биологиялық жартылай шығарылу кезеңі 24-72 сағат құрайды. Плазмада және синовиальді сұйықтықта дексаметазон фосфаты дексаметазонға жылдам айналады.

Қан плазмасында шамамен 77 % дексаметазон ақуыздармен, көбінесе альбуминмен байланысады. Болымсыз ғана дексаметазон мөлшері қан плазмасының өзге ақуыздарымен байланысады. Дексаметазон майда еритін зат, сондықтан ол жасушалар арасындағы және ішіндегі кеңістікке өтеді. Орталық жүйке жүйесінде (гипоталамус, гипофиз) өз әсерін жарғақшалық рецепторлармен байланысу арқылы көрсетеді. Шеткергі тіндерде байланысады және цитоплазма рецепторлары арқылы әсер етеді. Дексаметазон өзінің әсер еткен жерінде, яғни жасушада ыдырайды. Дексаметазон көбінесе бауырда метаболизденеді. Дексаметазонның аздаған мөлшері бүйректе және басқа тіндерде метаболизденеді. Негізгі шығарылу жолы бүйрек болып табылады.

Фармакодинамикасы

Дексаметазон – глюкокортикоидты әсер көрсететін бүйрек үсті бездері қыртысының синтетикалық гормоны (кортикостероид). Қабынуға қарсы және иммунносупрессиялық әсер көрсетеді, сондай-ақ энергетикалық метаболизмге, глюкоза алмасуға (кері байланыстың теріс болуынан) және гипоталамустың белсенділену факторы мен аденогипофиз трофикалық гормонының секрециясына ықпал етеді.

Глюкокортикоидтардың әсер ету механизмі әлі күнге дейін толық түсіндірілмеген. Қазір глюкокортикоидтардың әсер ету механизмі туралы олардың жасуша деңгейінде әсер ететінін растайтын хабарламалардың жеткілікті саны бар. Жасушалар цитоплазмасында рецепторлардың жақсы айқындалған екі жүйесі болады. Глюкокортикоидтар рецепторларымен байланысуына орай, кортикоидтар қабынуға қарсы және иммунносупрессиялық әсер көрсетеді және глюкоза алмасуын реттейді, ал минералокортикоидтар рецепторларымен байланысуы салдарынан олар натрий, калий метаболизмін және су-электролит тепе-теңдігін реттейді.

Глюкокортикоидтар липидтерде ериді және жасушалық жарғақша арқылы нысаналы жасушаларға оңай өтеді. Гормонның рецептормен байланысуы оның ДНҚ-мен тектестігінің артуына ықпал ететін рецептор конформациясының өзгеруіне әкеледі. Гормон/рецептор кешені жасуша ядросына түседі және глюкокортикоидтық жауап (GRE) элементі деп те аталатын ДНҚ молекуласын реттеу орталығымен байланысады. GRE немесе спецификалық гендермен байланысқан белсенділенген рецептор ұлғайған немесе азайтылған болуы мүмкін м-РНҚ транскрипциясын реттейді. Жаңадан түзілген м-РНҚ рибосомаға тасымалданады, одан кейін жаңа ақуыздардың түзілуі жүреді. Нысаналық жасушаларға және жасушаларда жүретін үдерістерге қарай, ақуыздар синтезі күшейген (мысалы, бауыр жасушаларында тирозинтрансаминазалардың түзілуі) немесе азайған (мысалы, лимфоциттерде IL-2 түзілуі) болуы мүмкін. Глюкокортикоидтар рецепторлары тіндердің барлық типтерінде бар екендіктен, глюкокортикоидтар организм жасушаларының көпшілігіне әсер етеді деп санауға болады.

Қолданылуы

- әртүрлі генездегі шокта

- ми ісінуінде (ми ісіктерінде, бассүйек-ми жарақатында, нейрохирургиялық операцияларда, миға қан құйылуларда, менингиттерде, энцефалиттерде, сәулелі зақымдануларда)

- бронх демікпесі, демікпе статусы, ауыр аллергиялық реакциялар (Квинке ісінуі, бронх түйілуі, дерматоз, дәрілік заттарға жедел анафилактикалық реакция, сарысу және антибиотиктер енгізу), пирогенді реакциялар

- жедел гемолитикалық анемиялар, тромбоцитопения, жедел лимфобластты лейкоз, агранулоцитоз, ауыр жұқпалы аурулар (антибиотиктермен біріктіріп)

- бүйрек үсті бездерінің жедел жеткіліксіздігі

- балалардағы жедел стеноздаушы ларинготрахеит

- иық-жауырын периартриті, эпикондилит, бурсит, тендовагинит, остеохондроз, этиологиясы әртүрлі артриттер, остеоартроз

- ревматизм аурулары, коллагеноздар

Дексаметазон, инъекцияға арналған 4 мг/мл ерітіндісі парентеральді енгізу өмірлік қажеттілік болып табылатын жедел және шұғыл жай-күйлерде пайдаланылады. Препарат тіршілік көрсеткіштері бойынша қысқа мерзімді қолдануға арналған.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектерге және туғаннан бастап балаларға тағайындалады.

Дозалау режимі жекеше және көрсетілімдерге, аурудың ауырлығына және емделушінің емге реакциясына байланысты болады.

Препаратты бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне баяу сорғалатып немесе тамшылатып енгізеді, периартикулярлы немесе буын ішіне де енгізуге болады. К/і тамшылатқыш инфузия үшін ерітінді дайындау мақсатында натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін, 5 % глюкоза ерітіндісін немесе Рингер ерітіндісін пайдалану керек.

Ересектерге көктамыр ішіне, бұлшықет ішіне тәулігіне 3-4 рет 4-тен 20 мг дейін енгізіледі. Ең жоғары тәуліктік дозасы 80 мг құрайды. Өмірге қауіпті жедел жағдайларда жоғары дозалары қажет болуы мүмкін.

Парентеральді қолдану ұзақтығы 3-4 тәулік құрайды, артынан препараттың ішуге арналған түрімен демеуші емге ауысады. Әсеріне қол жеткізгенде дозаны емделушіні үздіксіз қадағалаумен демеуші емге жеткенше (аурудың ауырлығына қарай, орта есеппен, тәулігіне 3-6 мг) немесе емдеу тоқтатылғанша бірнеше күн бойы азайтады. Глюкокортикоидтардың ауқымды дозаларын көктамыр ішіне тез енгізу жүрек-қантамыр коллапсын туындатуы мүмкін; инъекция бірнеше минут бойы баяу жүргізіледі.

Ми ісінуі (ересектерге): бастапқы доза - көктамыр ішіне 8-16 мг, кейіннен қанағаттанарлық нәтижеге жеткенше көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне әр 6 сағат сайын 5 мг. Миға жасалатын хирургиялық операцияларда бұл дозалары операциядан кейін тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Бұдан кейін дозалануы біртіндеп азайтылуы тиіс. Үздіксіз емдеу ми ісігімен байланысты бассүйекішілік қысымның көтерілуіне қарсы әрекет етуі мүмкін.

Балаларға бұлшықетішілік тағайындалады.

Препарат дозасы, әдетте, тәулігіне 0.2 мг/кг-ден 0.4 мг/кг дейін құрайды. Емдеу ең қысқа уақыт кезеңінде ең төмен дозаларға дейін азайтылуы тиіс.

Буынішілік енгізгенде доза қабыну дәрежесіне, зақымданған аумақтың көлемі мен орналасуына байланысты болады. Препарат 3-5 күнде бір рет (синовиальді қалта үшін) және 2-3 аптада бір рет (буын үшін) енгізіледі.

Үлкен буындар

1.6 мг-ден 3.0 мг дейін

Ұсақ буындар

0.6 мг-ден 0.8 мг дейін

Синовиальді қалталар

1.6 мг-ден 3.0 мг дейін

Сіңірлер қынабы

0.3 мг-ден 0.8 мг дейін

Бір ғана буынға 3-4 реттен көп және бір мезгілде 2 буыннан артық енгізбеу керек. Дексаметазонды жиірек енгізу буын шеміршегіне зиян тигізуі мүмкін. Буынішілік инъекциялар қатаң стерильді жағдайларда жасалуы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

– тромбоэмболиялар, моноциттер және/немесе лимфоциттер санының азаюы, лейкоцитоз, эозинофилия (басқа глюкокортикоидтар қолдану кезіндегідей), тромбоцитопения және тромбоцитопениялық емес пурпура

– аса жоғары сезімталдық реакциялары, бөртпе, аллергиялық дерматит, есекжем, ангионевротикалық ісіну, бронх түйілу және анафилактикалық реакциялар, иммундық жауаптың азаюы және жұқпаларға сезімталдықтың артуы

– политопты қарыншалық экстрасистолия, пароксизмалық брадикардия, жүрек жеткіліксіздігі, жүректің тоқтауы, таяуда миокард инфарктісін өткерген емделушілердегі жүректің жарылуы

– артериялық гипертензия, гипертониялық энцефалопатия

– емделуден кейін көру жүйкесі дискісінің ісінуі және бассүйекішілік қысымның көтерілуі мүмкін (жалған ісік). Бас айналу (вертиго), құрысулар және бас ауыру, ұйқының бұзылуы, сананың шатасуы, күйгелектік, мазасыздық сияқты неврологиялық жағымсыз әсерлерді де байқауға болады

– көбіне эйфория сияқты жиірек көрініс беретін тұлғаның және мінез-құлықтың өзгеруі; мынадай жағымсыз әсерлері де хабарланды: ұйқысыздық, ашушаңдық, гиперкинезия, депрессия және психоздар, сондай-ақ маниялық-депрессиялық психоз, делирий, бағдарсыздық, елестеулер, паранойя, көңіл-күйдің құбылуы, өзін-өзі өлтіру туралы ойлар, шизофрения ағымының нашарлауы, амнезия, эпилепсия ағымының нашарлауы

– бүйрек үсті бездері функциясының бәсеңдеуі мен атрофиясы (стреске реакцияның азаюы), Кушинг синдромы, балалар мен жасөспірімдерде өсудің баяулауы, етеккір оралымының бұзылуы, аменорея, гирсутизм, жасырын диабеттің клиникалық белсенді түріне ауысуы, көмірсуларға төзімділіктің азаюы, тәбеттің артуы және денеге салмақ қосу, гипертриглицеридемия, семіздік, диабетпен науқастарда инсулинге немесе диабетке қарсы ішуге арналған дәрілерге қажеттіліктің жоғарылауы, ақуыздар катаболизмінен болатын теріс азоттық теңгерім, гипокалиемиялық алкалоз, организмдегі натрий мен су іркілісі, калийді көп жоғалту, гипокальциемия

– эзофагит, диспепсия, жүрек айну, құсу, ықылықтау, асқазан мен он екі елі ішектің пептидтік ойық жаралары, ас қорыту жолында да ойық жаралы тесілу мен қан кету болуы мүмкін (қан аралас құсу, мелена), панкреатит және өт қабы мен ішектің тесілуі (әсіресе, ішектің созылмалы қабынуы бар емделушілерде)

– бұлшықет әлсіздігі, стероидты миопатия (бұлшықет әлсіздігі бұлшықеттік катаболизмге себеп болады), остеопороз (кальцийдің көп шығарылуы) және омыртқаның компрессиялық сынулары, түтікше сүйектердің сынуы, асептикалық остеонекроз (жиірек – сан мен иық сүйектері ұштарының асептикалық некрозы), сіңірлердің үзілуі (әсіресе, кейбір хинолондарды қатар қолданғанда), буын шеміршегінің зақымдануы және сүйектер некрозы (буынішілік жұқпа салдарынан), эпифизарлық өсу аймақтарының мезгілінен бұрын жабылуы

– жаралардың баяу жазылуы, қышыну, терінің жұқаруы және сезімталдығының артуы, жолақтар, петехиялар және көгерулер, акне, телеангиоэктазия, эритема, тердің көп бөлінуі, тері тестілеріне реакцияның бәсеңдеуі

– көзішілік қысымның көтерілуі, глаукома, катаракта немесе экзофтальм, мөлдір қабықтың жұқаруы, көздің бактериялық, зеңдік немесе вирустық жұқпалардың өршуі

– оппортунистік жұқпалардың дамуы, белсенді емес туберкулездің қайталануы

– импотенция

– ісіну, терінің гипер- немесе гипопигментациясы, терінің немесе тері асты қабатының атрофиясы, стерильді абсцесс және терінің қызаруы, көктамыр ішіне енгізгенде немесе жоғары дозалар енгізілгенде шаттың ашытуын және шымылдатуын өткінші сезіну

– бұлшықет ішіне енгізу кезіндегі енгізген жердегі өзгерістер, енгізген жердегі ісіну, ашыту, ұю, ауыруды, парестезиялар мен жұқпаларды қоса, сирек – қоршаған тіндер некрозы, инъекция орнында тыртықтар түзілуі, бұлшықет ішіне енгізу кезіндегі терінің және тері асты шелінің атрофиясы (дельта тәрізді бұлшықетке енгізу ерекше қауіпті)

Көктамыр ішіне енгізгенде: аритмиялар, бетке қан тебу, құрысулар.

Интракраниальді енгізгенде – мұрыннан қан кету.

Буын ішіне енгізгенде – буын ауыруының күшеюі.

Глюкокортикоидтарды тоқтату синдромының белгілері

Дексаметазонмен ұзақ уақыт емделген емделушілерде дозаны жылдам азайту кезінде тоқтату синдромын және бүйрек үсті бездері жеткіліксіздігі, артериялық гипотензия жағдайларын немесе өліммен аяқталуды байқауға болады.

Кейбір жағдайларда тоқтату синдромының белгілері емделуші емделген аурудың нашарлау немесе қайталану белгілеріне ұқсас болуы мүмкін.

Егер ауыр жағымсыз реакциялар болса, емдеуді тоқтату қажет.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

– дексаметазонға немесе препараттың қандай да бір басқа ингредиентіне жоғары сезімталдық

– жедел вирустық, бактериялық немесе жүйелі зеңдік жұқпалар (егер тиісті ем қолданылмаса)

– Кушинг синдромы

– тірі вакцинамен вакцинация

– қан ұюының ауыр бұзылулары бар емделушілерге бұлшықет ішіне енгізу қарсы көрсетілімді

– асқазанның және он екі елі ішектің ойық жаралы ауруы

– остеопороз

– жүктілік және лактация кезеңі

– жедел психоздар

– көздің вирустық және зеңдік аурулары, мөлдір қабықтың эпителий ақауларына ұласатын аурулары

– трахома, глаукома

– туберкулездің белсенді түрі

– бүйрек жеткіліксіздігі

– бауыр циррозы және созылмалы гепатит

– эпилепсия

– жергілікті енгізу бактериемияда, жүйелі зеңдік жұқпаларда, орнықсыз буындары, қолданған жердегі жұқпалары бар емделушілерде, соның ішінде соз немесе туберкулез салдарынан болған сепсистік артритте қарсы көрсетілімді.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дексаметазон мен қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді қатар қолдану асқазан-ішектен қан кетулер мен ойық жаралардың түзілу қаупін арттырады.

Егер рифампицин, рифамбутин, карбамазепин, фенобарбитон, фенитоин (дифенилгидантоин), примидон, эфедрин немесе аминоглутетимид бір мезгілде қабылданса, дексаметазон тиімділігі азаяды, сондықтан ондай біріктірілімдерде дексаметазон дозасын көбейту керек.

Дексаметазон мен жоғарыда аталған барлық дәрілік заттар арасындағы өзара әрекеттесу дексаметазонның бәсеңсу тестісін бұрмалауы мүмкін. Бұл тест нәтижелерін бағалауда ескерілу қажет.

Дексаметазон миастения кезінде қолданылатын антихолинэстеразалық дәрілердің емдік әсерін азайтады.

Дексаметазон және кетоконазол, антибиотик-макролидтер сияқты CYP 3A4 ферменттік белсенділігін тежейтін препараттарды бірге қолдану қан сарысуында және плазмасында дексаметазон концентрацияларының артуын туындатуы мүмкін. Дексаметазон – CYP 3A4 орташа индукторы. CYP 3A4 арқылы метаболизденетін индинавир, эритромицин сияқты препараттармен бірге қолдану олардың қан сарысуындағы концентрацияларының төмендеуін туындататын клиренсін арттыра алады.

Кетоконазол глюкокортикоидтардың бүйрек үстілік синтезін бәсеңдете алады, осылайша, дексаметазон концентрациясының төмендеуі салдарынан бүйрек үсті безі жеткіліксіздігі дамуы мүмкін.

Дексаметазон қант диабетін, артериялық гипертензияны емдеуге арналған препараттардың, кумариндік антикоагулянттардың, празиквантел мен натрийуретиктердің емдік әсерін азайтады (сондықтан осы дәрілік заттар дозасын көбейту керек); ол гепарин, альбендазол және калийуретиктер белсенділігін арттырады (қажет болған жағдайда осы препараттардың дозасын азайту керек).

Дексаметазон кумариндік антикоагулянттар әсерін өзгерте алады, сондықтан препараттардың осындай біріктірілімін қолданғанда протромбин уақытын жиірек тексеру керек.

Дексаметазон және басқа глюкокортикоидтардың немесе β2-адренорецепторлар агонистерінің жоғары дозаларын қатар қолдану гипокалиемия қаупін арттырады. Гипокалиемиясы бар емделушілерде жүрек гликозидтері көп дәрежеде ырғақтың бұзылуына ықпал етеді және уыттылығы зор болады.

Антацидтер дексаметазонның асқазанда сіңуін азайтады. Ас ішумен және алкогольмен бір мезгілде қабылдау кезіндегі дексаметазон әсері зерттелмеген, алайда бір мезгілде дәрілер мен натрий мөлшері жоғары ас ішуге кеңес берілмейді. Шылым шегу дексаметазон фармакокинетикасына ықпал етпейді.

Глюкокортикоидтар салицилаттың бүйректік клиренсін күшейтеді, сондықтан кейде қан сарысуында салицилаттардың емдік концентрацияларын алу ауырлап кетеді. Кортикостероид дозасын біртіндеп азайтатын емделушілерге сақтық болу керек, өйткені осы орайда қан сарысуындағы салицилат концентрациясының артуын және уыттануды байқауға болады.

Егер ішуге арналған контрацептивтер қатар қолданылса, глюкокортикоидтардың жартылай шығарылу кезеңі ұзаруы мүмкін, бұл олардың биологиялық әсерін күшейтеді және жағымсыз әсерлер қаупін арттыра алады.

Босану кезінде бір мезгілде ритодрин мен дексаметазон қолдану қарсы көрсетілімді, өйткені бұл өкпе ісінуіне әкелуі мүмкін. Босанушы әйелде осындай ахуалдың даму салдарынан өліммен аяқталу хабарланды.

Бір мезгілде дексаметазон мен талидомид қолдану уытты эпидермалық некролиз туғызуы мүмкін.

Емдік артықшылықтары бар өзара әрекеттесу түрлері:

цисплатин, циклофосфамид, метотрексат, фторурацилмен химиялық емнен болатын жүрек айну мен құсудың алдын алу үшін тиімді дексаметазон мен метоклопрамидті, дифенгидрамид, прохлорперазин немесе 5-НТ3 рецеторлар антагонистерін (ондансетрон немесе гранисетрон сияқты серотонин немесе 5-гидрокситриптамин рецепторлары, 3 тип) қатар тағайындау.

Айрықша нұсқаулар

Кортикоидтармен парентеральді емдеу кезінде аса жоғары сезімталдық реакцияларын сирек байқауға болады, сондықтан аллергиялық реакциялар (әсіресе, сыртартқысында қандай да бір басқа дәрілік заттарға аллергиялық реакциялары бар емделушілерде) болуы мүмкіндігін ескеріп, дексаметазонмен емдеуді бастар алдында тиісті шаралар қабылдау қажет.

Дексаметазонмен ұзақ уақыт емделетін емделушілерде емдеуді тоқтатқан кезде (сондай-ақ бүйрек үсті бездері жеткіліксіздігінің көріністік белгілерінсіз) тоқтату синдромын (дене температурасының көтерілуі, тұмаурату, конъюнктиваның қызаруы, бас ауыру, бас айналу, ұйқышылдық немесе ашушаңдық, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, құсу, дене салмағының кемуі, әлсіздік, тағы да - жиі конвульсиялар) байқауға болады. Сондықтан дексаметазон дозасын біртіндеп азайту керек. Емдеуді күрт тоқтатудың өлімге ұшырататын зардаптары болуы мүмкін.

Егер емделуші ем кезінде ауыр стресс жағдайында болса (жарақаттану, операциялар немесе ауыр ауру салдарынан), дексаметазон дозасын арттыру керек, ал егер бұл емді тоқтатқан кезде орын алса, гидрокортизон немесе кортизон қолдану керек.

Дексаметазон ұзақ уақыт енгізілген және емді тоқтатудан кейін ауыр стресс сезінетін емделушілерге дексаметазон қолдануды қалпына келтіру керек, өйткені олар туындататын бүйрек үсті бездері жеткіліксіздігі емді тоқтатқаннан кейін бірнеше ай бойына созылуы мүмкін.

Дексаметазонмен немесе табиғи глюкокортикоидтармен емдеу бұрыннан бар немесе жаңа жұқпа симптомдарын, сондай-ақ ішектің тесілу симптомдарын бүркемелеуі мүмкін. Дексаметазон жүйелі зеңдік жұқпаны, латентті амебиаз бен өкпе туберкулезін өршітуі мүмкін.

Остеопороз, артериялық гипертензия, жүрек жеткіліксіздігі, туберкулез, глаукома, бауыр немесе бүйрек жеткіліксіздігі, қант диабеті, белсенді пептидтік ойық жара, таяудағы ішек анастомозы, ойық жаралы колит пен эпилепсияға шалдыққан науқастарға сақтану және медициналық бақылау ұсынылған. Миокард инфарктісінен кейінгі алғашқы апта ішіндегі емделушілер, тромбоэмболия, ауыр миастения, гипотиреоз, психоз немесе психоневроз бар емделушілер, сондай-ақ егде жастағы емделушілер ерекше күтімді талап етеді.

Емделу кезінде қант диабетінің өршуін немесе латентті фазадан қант диабетінің клиникалық көріністеріне ауысуын байқауға болады.

Ұзақ уақыт емделгенде қан сарысуындағы калий деңгейін бақылап отыру керек.

Дексаметазонмен емделу кезінде тірі вакцинамен вакцинация қарсы көрсетілімді. Белсенділігі жойылған вирустық немесе бактериялық вакцинамен вакцинация антиденелердің күтілетін синтезіне әкелмейді және күтілген қорғағыш әсерге ие болмайды. Дексаметазон фосфаты, әдетте, вакцинацияға дейін 8 апта бұрын тағайындалмайды және вакцинациядан кейін 2 апта өтпес бұрын қолдану басталмайды.

Дексаметазонның жоғары дозаларымен ұзақ уақыт емделген және ешқашан қызылшамен ауырмаған емделушілер жұқпа жұқтырған тұлғалармен қатынастан аулақ болуы тиіс; кездейсоқ қатынасуда иммуноглобулинмен алдын алу емі ұсынылған.

Операциядан немесе сүйектер сынуынан соң сауыққан емделушілерге сақ болуға кеңес беріледі, өйткені дексаметазон жарақаттардың жазылуын және сүйек тінінің түзілуін баяулатуы мүмкін.

Глюкокортикоидтар әсері бауыр циррозымен немесе гипотиреозбен науқастарда күшейеді.

Ауыр психикалық реакциялар кортикостероидтарды жүйелі қолданумен қатар жүруі мүмкін. Симптомдар, әдетте, емдеу басталған соң бірнеше күн немесе апта өткенде білінеді. Осы симптомдардың даму қаупі жоғары дозалар қолданылғанда артады. Реакциялардың көпшілігі дозаны азайту немесе препаратты тоқтату кезінде болады. Психикалық ахуалдың, әсіресе, депрессиялық көңіл-күйдің, суицидтік ойлар мен ниеттердің өзгерісін бақылау және дер мезгілінде анықтау керек. Аффектілі бұзылыстары бар немесе сыртартқысында болған емделушілерде, сондай-ақ жақын туыстарында кортикостероидтарды ерекше сақтықпен қолдану керек. Ең қысқа кезең ішінде ең төмен тиімді дозаларын қолданып немесе таңертең 1 рет препараттың күндізгі қажетті дозасын қолданумен жағымсыз әсерлердің туындауына жол бермеуге болады.

Дексаметазонды буын ішіне қолдану жүйелі әсерлерге әкелуі мүмкін.

Жиі қолдану шеміршектің зақымдануын немесе сүйек некрозын туғызуы мүмкін.

Буын ішіне енгізер алдында буыннан синовиальді сұйықтықты шығарып, оны зерттеу (жұқпаның бар-жоғын тексеру) керек. Жұқпа жұқтырған буындарға кортикоидтар енгізбеу керек. Егер буын жұқпасы инъекциядан кейін дамыса, антибиотиктермен тиісінше емдеуді бастау керек.

Емделушілерді қабыну толық емделіп болғанша олардың зақымданған буындарға жүк түсірмеу керектігінен хабардар еткен жөн.

Препаратты орнықсыз буындарға енгізуден аулақ болу керек.

Кортикоидтар терінің аллергиялық тестілері нәтижелерін бұрмалауы мүмкін.

Қосымша заттарға қатысты айрықша сақтандырулар. Препарат құрамында бір дозаға 1 ммоль (23 мг) натрийден бар, бұл өте мардымсыз мөлшер.

Үйлесімсіздігі. Препаратты мыналардан басқа препараттармен араластыруға болмайды: 0,9 % натрий хлориді ерітіндісі немесе 5 % глюкоза ерітіндісі.

Дексаметазонды хлорпромазин, дифенгидрамин, доксапрам, доксорубицин, даунорубицин, идарубицин, гидроморфон, ондансетрон, прохлорперазин, калий нитраты және ванкомицинмен араластырғанда шөгінді түзіледі.

Шамамен 16 % дексаметазон 2,5 % глюкоза ерітіндісінде және амикацинмен 0,9 % натрий хлориді ерітіндісінде ериді.

Лоразепам сияқты кейбір дәрілік заттарды пластик пакеттердегі емес, шыны құтылардағы дексаметазонмен (лоразепам концентрациясы бөлме температурасында поливинилхлоридті пакеттерде сақтаудан 3-4 сағат бұрын 90 %-дан төмен мәндерге дейін құлдырайды) араластыру керек.

Метапаминол сияқты кейбір дәрілік заттардың «баяу дамитын үйлесімсіздік» деп аталатын қасиеттері бар – дексаметазонмен араластырғанда тәулік бойына дамиды.

Дексаметазон гликопиролатпен: түпкілікті ерітіндінің рН мәні 6,4 тең, бұл тұрақтылық ауқымының шегінен шығып кетеді.

Жүктілікте және бала емізу кезеңінде қолдану

Препарат жүктілік кезінде немесе бала емізу кезеңінде қарсы көрсетілімді.

Педиатрияда қолдану. Балаларға туғаннан бастап аса қажеттілік жағдайында ғана қолдану керек. Дексаметазонмен емдеу кезінде балалардың өсуі мен дамуын мұқият қадағалау керек.

Препараттың көлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препаратты қолданғанда сезімтал науқастарда жағымсыз реакциялар (бас айналу, сананың шатасуы және т.б.) болуы мүмкін екенін ескеріп, препаратты қолдану кезеңінде автокөлік басқарудан және зейін шоғырландыруды талап ететін басқа жұмыстарды орындаудан бас тарту керек.

Артық дозалануы

Жедел артық дозалану немесе жедел артық дозалану салдарынан өліммен аяқталу туралы хабарламалар өте сирек түскен.

Артық дозалану, әдетте, тек шектен тыс дозаларын бірнеше апта қолданғаннан кейін «Жағымсыз әсерлері» бөлімінде көрсетілген көптеген жағымсыз әсерлерді, бәрінен бұрын Кушинг синдромын туғызуы мүмкін.

Емі. Арнайы у қайтарғысы жоқ. Ем демеуші және симптоматикалық болуы тиіс. Гемодиализ дексаметазон фосфатын организмнен жеделдетіп шығарудың тиімді әдісі болып табылмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Инъекцияға арналған 4 мг/мл 1 мл ерітінді.

Сындыратын сақинасы немесе сындыру нүктесі бар мөлдір шыны ампулада 1 мл. Ампулаларға өздігінен желімденетін заттаңбалар жапсырылады.

Медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге гофрланған аралық бөлігі бар картон қорапшаға 10 ампуладан салады.

Немесе сындыратын сақинасы немесе сындыру нүктесі бар 5 ампуладан полимерлі үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады. Ампулалармен пішінді ұяшықты 2 қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25 ˚С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Ампуланы жарықтың әсерінен қорғау үшін сыртқы қаптамада ұстау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Фармак» ЖАҚ, Украина, 04080, Киев қ., Фрунзе к-сі, 63.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Фармак» ЖАҚ, Украина

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., индекс 050012, Амангелді к-сі 59 «А» «Шартас» бизнес орталығы, 9 қабат.

Тел. +7 (727) 367 64 63, факс +7 (727) 267 63 73, электронды пошта:

а.lіаdobruk@g.mail.com

 

Прикрепленные файлы

830591551477976410_ru.doc 118 кб
384866491477977660_kz.doc 140 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники