Витамин С + Цинк

МНН: Аскорбиновая кислота
Производитель: ВИВА ФАРМ ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Аскорбиновая кислота в комбинации с другими препаратами
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023825
Информация о регистрации в РК: 11.09.2018 - 11.09.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Витамин С + Цинк

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Шайнайтын таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді заттар: 500 мг аскорбин қышқылы (200 мг аскорбин қышқылы және 337 мг натрий аскорбаты түрінде)*, 15 мг мырыш (46,67 мг мырыш цитраты дигидраты түрінде);

қосымша заттар: маннитол, коповидон, кросповидон, аэросил, сукралоза, «Апельсин» хош иістендіргіші, магний стеараты.

*- 200.00 мг аскорбин қышқылы түрінде немесе этилцеллюлозамен жабылған 205.13 мг аскорбин қышқылы (200.00 мг аскорбин қышқылына баламалы) және 337.00 мг натрий аскорбаты (300.00 мг аскорбин қышқылына шаққанда) түрінде.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік түсті, тегіс беткейлі дөңгелек таблеткалар, ортаңғы бөлігіне қарай басыңқы, ойығы бар. Елеусіз теңбілдеріне жол беріледі.

Фармакотерапиялық тобы

Ас қорыту жолы және зат алмасу. Дәрумендер. Басқа препараттармен біріктірілімін қоса, аскорбин қышқылы.

АТХ коды А11GB

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Аскорбин қышқылы жіңішке ішекте белсенді сіңеді. Плазмада ең жоғары концентрациясына ішке қабылдағаннан кейін 4 сағаттан соң жетеді. Депо деңгейі организмде шамамен 1,5 г құрайды. 25% жуығы плазма протеиндерімен байланысады. Бауырда дезоксиаскорбин, ал одан әрі қымыздық-сірке және дикетогулон қышқылына биотрансформацияға ұшырайды. Метаболизденбеген аскорбат және метаболиттер бүйрекпен, ішекпен, сондай-ақ термен және емшек сүтімен шығарылады. С дәруменінің сіңуі асқазан-ішек жолы аурулары (гастритте, ойық жарада, іш қатуда, іш өтуде, ішек құрты инвазиясы, лямблиозда), жаңа сығылған жеміс және көкөніс шырындарын, сілтілік ішу кезінде бұзылуы мүмкін. Плазмада препараттың концентрациясын 1,4 мг/100 мл арттырғанда, оның шығарылуы артады. Темекі шегу және этил спиртін артық тұтыну аскорбин қышқылының ыдырауын тездетеді, әрі организмде оның қорларын күрт азайтады.

Мырыш ішекте сіңеді, тіндерде таралады және бірқатар ферменттер мен биологиялық белсенді заттардың құрамына енеді. Организмнен шығарылған мырыштың 90%-ы нәжіспен, 2–10% – несеппен бөлінеді. Кальций препараттары және кальцийге бай рацион мырыштың игерілуін 50%-ға дерлік төмендетуге қабілетті, ал кофеин мен алкоголь оның организнен шығуын күшейтеді.

Фармакодинамикасы

Аскорбин қышқылы (С дәрумені) антиоксиданттық, метаболизмдік және тотығу-тотықсыздану үдерістерін реттейтін дәрі ретінде организмнің бейімделу мүмкіндіктерін арттырады, оның инфекцияларға қарсыластығын күшейтеді. Тотығу-тотықсыздану үдерістерін реттеуге, көмірсу, амин қышқылдары, пигменттер және холестерин алмасуына, стероидты гормондар, катехоламиндер синтезіне, қан ұю үдерісіне қатысады. Коллаген синтезін күшейтеді, регенерация үдерістерін көтермелейді, капиллярлар өткізгіштігін қалыпқа түсіреді. Бауырда тыныс алу ферменттерін белсендіру есебінен оның детоксикациялық және ақуыз түзетін функциясын күшейтеді, коллаген және протромбин синтезін жоғарылатады. Өттің бөлінуін жақсартады, ұйқы безі секреторлық функциясын қалпына келтіреді. Гистаминнің босап шығуын тежейді және деградациясын жеделдетеді, простагландиндер және басқа қабыну медиаторлары түзілуі мен анафилаксияны бәсеңдетеді. Қабынуға қарсы әсер етеді. Иммунологиялық реакцияларды (антиденелердің синтезін белсендіреді, комплементтің С3-компонентін, интерферонды) реттейді, фагоцитозға ықпал етеді, организмнің инфекцияларға қарсыластығын жоғарылатады. Қабынуға қарсы әсер етеді.

Ересектерде аскорбин қышқылына тәуліктік қажеттілік 70–100 мг құрайды, жүкті әйелдерде және бала емізетін кезеңде – 100–120 мг, балаларда, жасына байланысты – 30–70 мг.

Мырыш биологиялық жарғақшалардың, жасушалық рецепторлардың, протеиндердің құрылымдық компоненті болып табылады, 200-ден астам энзиматикалық жүйелердің құрамына кіреді. Иммундық реакцияларға және антиоксидантты қорғанышқа, қан түзілуіне, амин қышқылдары синтезіне, генетикалық ақпараттың сақталуы мен берілуіне қатысады. Ақуыздың ретинол жағымды компоненті бола отырып, мырыш А дәрумені және С дәруменімен бірге антиденелер синтезін көтермелеумен және вирусқа қарсы әсерін жүзеге асырумен иммун тапшылығының туындауына кедергі жасайды. Ол эритроциттер мен басқа формалық қан элементтері үшін қажет. Мырыш май алмасуына қалыпқа түсіреді, эндокриндік бездердің қалыпты функциясын, оның ішінде инсулиннің, өсу гормонының, кортикотропин мен соматотропиннің синтезін қамтамасыз етеді. Жыныстық және ұрпақ өрбіту функциясын демейді – жыныс гормондарының ізашары болып табылатын E дәрумені метаболизміне қажет және тестостерон өніміне қосылады; мырыш сондай-ақ простатаның қалыпты қызмет етуі үшін маңызды. Мырышқа тәуліктік қажеттілік 15 мг құрайды.

Қолданылуы

Препарат профилактикалық мақсатта, сондай-ақ кешенді емде қолданылады:

  • С дәруменінің гипо- және авитаминозы

  • организмдегі мырыш тапшылығы

Қолдану тәсілі және дозалары

Витамин С + Цинк тамақтанудан кейін қабылдайды, таблетканы шайнап, аздаған мөлшердегі сумен ішеді.

Ересектерге күніне 1 рет 1 таблеткадан тағайындайды. Айқын авитаминоз кезінде 1 таблеткадан күніне 2 рет қысқа мерзімде (5–7 тәулік бойы) қабылдауға болады. Емдеу мерзімі аурудың сипаты мен ағымына байланысты.

Жағымсыз әсерлері

Жиі:

  • жүрек айнуы, құсу, қыжыл, диарея

Сирек:

  • бас ауыруы, орталық жүйке жүйесі қозғыштығының артуы, ұйқысыздық

  • конкременттер түзілуі

Өте сирек:

  • аллергиялық реакциялар: тері қышынуы, бөртпе

  • қан денешіктерінің глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі бар адамдарда эритроциттер гемолизін туындатуы мүмкін

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • тромбофлебит, тромбоздарға бейімділік

  • қант диабеті

  • несеп-тас ауруы

  • гемохроматоз, талассемия

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Витамин С + Цинк қанда салицилаттар, этинилэстрадиол, бензилпенициллин және тетрациклиндер концентрациясын арттырады, пероральді контрацептивтердің қандағы концентрациясын төмендетеді. Кумарин туындыларының антикоагуляциялық әсерін азайтады. Темір препараттарының ішекте сіңуін жақсартады. Этил спиртінің жалпы клиренсін ұлғайтады. Хинолон қатарының препараттары, кальций хлориді, салицилаттар, кортикостероидтар ұзақ қолданған кезде С дәруменінің қорын азайтады. Кортикостероидтар С дәрумені мен мырыштың деңгейін азайтады.

Аскорбин қышқылы мен дефероксаминді бір мезгілде қабылдау, әсіресе жүрек бұлшықетінде темірдің тіндік уыттылығын арттырады, бұл қан айналу жүйесінің декомпенсациясына әкелуі мүмкін. Оны дефероксамин инъекциясынан кейін 2 сағаттан соң ғана қабылдауға болады.

Препараттың үлкен дозалары трициклді антидепрессанттардың тиімділігін азайтады.

Айрықша нұсқаулар

Витамин С + Цинк препаратын үлкен дозада қолданғанда бүйрек функциясын және артериялық қысымды, сондай-ақ ұйқы безі функциясын бақылау қажет.

Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығында, бүйрек функциясы бұзылулары кезінде сақтықпен қолданады.

Препарат әртүрлі зертханалық тестілердің нәтижелерін (қанның құрамында глюкоза, билирубин, трансаминаза белсенділігін, лактатдегидрогеназа) өзгертуі мүмкін. Ұзаққа созылған емдеу кезінде глюкоза деңгейін бақылап отыру қажет.

Аскорбин қышқылы темірдің сіңірілуін жоғарылататын болғандықтан, оларды жоғары дозаларда қолдану гемохроматоз, талассемия, полицитемия, лейкемия және сидеробласты анемиясы бар пациенттерде қауіпті болуы мүмкін. Организмде темірдің мөлшері жоғары пациенттерде аскорбин қышқылын ең аз дозада қолдану қажет.

Витамин С + Цинк үдемелі обыр ауруына шалдыққан пациенттерге сақтықпен тағайындалуы қажет, өйткені оны қолдану үдеріс барысын жеделдетуі мүмкін.

Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану

С дәруменін жоғары дозада ұзақ қолдану шарананың дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Жүктілік кезеңінде қолдану ұсынылмайды. Аскорбин қышқылы емшек сүтіне енеді, препаратты лактация кезеңінде қолдану ұсынылмайды.

Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың әсер ету ерекшеліктері

Препараттың жүргізушілерге немесе күрделі техникамен жұмыс істейтін адамдарға теріс әсер етуіне қатысты нұсқаулар жоқ.

Артық дозалануы

Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, ішектің түйілуі, диарея, аллергиялық реакциялар, бүйрек функциясының бұзылуы, артериялық қысымның жоғарылауы, орталық жүйке жүйесі қозғыштығының жоғарылауы, ұйқының бұзылуы мүмкін.

Емі: симптоматикалық ем.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ақ түсті поливинилхлоридті/поливинилиденхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады. 30 немесе 50 таблеткадан алғашқы ашылуы бақыланатын полипропилен қақпағы бар тығыздығы жоғары полиэтиленнен жасалған құтыға салынады. Құтыға өздігінен желімделетін заттаңба жапсырылады. 1 немесе 2 пішінді ұяшықты қаптамадан, немесе 1 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамада, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецептісіз.

Өндіруші

«ВИВА Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ.

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«ВИВА Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы

2-ші Остроумов к-сі, 33, Алматы қ.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта):

«ВИВА Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы

2-ші Остроумов к-сі, 33, г. Алматы қ., 050030

тел.: +7 (727) 383 74 63, факс: +7 (727) 383 74 56

e-mail: pv@vivapharm.kz

Прикрепленные файлы

ИМП_Витамин_С+Цинк_рус_на_увтерждение_25.08_.2018_.doc 0.07 кб
Витамин_С+Цинк_каз_нов.doc 0.07 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту