Витамин В Complex
Инструкция
- русский
- қазақша
Дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық
В Complex дәрумені
Саудалық атауы
В Complex дәрумені
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Бұлшықет ішіне енгізуге арналған ерітінді, 2 мл
Құрамы
2 мл препараттың құрамында
белсенді заттар: тиамин гидрохлориді 100.00 мг
(100 % затқа шаққанда)
пиридоксин гидрохлориді 100.00 мг
(100 % затқа шаққанда)
цианокобаламин 1.00 мг,
(100 % затқа шаққанда)
қосымша заттар: лидокаин гидрохлориді (100 % затқа шаққанда), бензил спирті, натрий полифосфаты, калий гексацианоферраты (III), натрий гидроксиді, 1 М натрий гидроксиді ерітіндісі немесе 1 М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Ашық-қызғылттан ашық-қызыл түске дейінгі мөлдір ерітінді
Фармакотерапиялық тобы
Ас қорыту жолы және зат алмасу. Дәрумендер. В1 дәрумені және оның В6 және В12 дәрумендерімен біріктірілімі.
АТХ коды А11DB
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Тиамин гидрохлориді
Б/і енгізгеннен кейін тиамин гидрохлориді инъекция орнынан жылдам сіңіріледі және қанға (15 минуттан соң 484 нг/мл) түседі. Организмде дәруменнің едәуір қорлары болмағандықтан, ол организмге күнделікті пероральді тәсілмен түсуі тиіс. Күнделікті организмде 1 мг жуық тиамин ыдырайды. Дәруменнің кез келген артық мөлшері несеппен шығарылады.
Пиридоксин гидрохлориді
Б/і инъекциядан кейін пиридоксин гидрохлориді қан арнасына жылдам сіңіріледі және СН2ОН тобының 5-ші қалыпта фосфорлануынан кейін коэнзим рөлін атқара отырып, организмде тарайды. 80% жуық дәрумен қан плазмасының ақуыздарымен байланысады. Пиридоксин бүкіл организмде таралады, плацента арқылы өтеді және ана сүтінде анықталады, бауырда жинақталады және абсорбциядан кейін көп болса 2-5 сағаттан соң тәулігіне дене салмағының 0,05-0,1 мкмоль/кг мөлшерде несеппен шығарылатын 4-пиридоксин қышқылына дейін тотығады. Адам организмінде 40-150 мг В6 дәрумені бар және оның бүйрек экскрециясының күнделікті жылдамдығы 2,2-2,4% орындалу жылдамдығында 1,7-2,6 мг жуық.
Цианокобаламин
Цианокобаламин, негізінен, тәулігіне 0.5-5 мкг мөлшерде өтпен шығарылады, бұл ретте 70% жуығы реабсорбцияға ұшырайды және энтерогепатиттік циркуляцияға түседі. Жоғарғы дозаларды (0.1-1 мг жуық) тағайындағанда цианокобаламиннің едәуір мөлшерлері бүйрекпен (дені сау субъектілерде 48 сағат ішінде 50-90% жуық) шығарылады. Цианокобаламин жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) салыстырмалы түрде ұзақ, ол 123 сағатты құрайды.
Фармакодинамикасы
В тобының нейротропты дәрумендері жүйкенің және тірек-қимыл аппаратының қабыну және дегенеративті ауруларына жағымды ықпал етеді. Қан ағысының күшеюіне ықпал етеді және жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады.
В1 дәрумені (тиамин) көмірсулар метаболизмінде, сондай-ақ ПФ (тиамин пирофосфаты) және АТФ синтезіне қатысумен жалғасатын Кребс циклында негізгі рөл атқарады.
B6 дәрумені (пиридоксин) ақуыздар, майлар және көмірсулар метаболизмін реттейді.
Екі дәруменнің де физиологиялық функциясы бір-бірінің әсерін күшейту болып табылады, ол жүйке, нейробұлшықет және жүрек-қантамыр жүйесіне оң ықпал етуімен көрініс табады.
B12 дәрумені (цианокобаламин) жасушалық метаболизм, қалыпты қан түзілуі және жүйке жүйесінің қызмет етуі үшін қажет. Ол нуклеин қышқылының биологиялық синтезін және тиісінше жаңа жасушалардың ядро құрылымын катализдейді. Цианокобаламин миелинді қабықтың синтезіне қатысады, гемопоэзді көтермелейді, шеткері жүйке жүйесінің зақымдануымен байланысты ауыру сезімдерін азайтады.
Қолданылуы
Шығу тегі әр түрлі неврологиялық ауруларды кешенді емдеу құрамында:
-
неврит
-
невралгия
-
полинейропатия (диабеттік, алкогольдік және т.б.)
-
миалгия
-
түбіртектік синдромдар
-
плексопатия
-
ретробульбарлы неврит
-
белдемелі теміреткі
-
бет жүйкесінің парезі
Қолдану тәсілі және дозалары
Инъекцияларды терең бұлшықет ішіне жасайды.
Қандағы препарат концентрациясының жоғарғы деңгейіне қол жеткізу үшін айқын ауыру синдромы жағдайында емді 5-10 күн бойы күнделікті 2,0 мл-ден бастаған жөн. Ауыру синдромы жойылғаннан кейін және аурудың жеңіл формаларында не ішуге арналған дәрілік түрмен емдеуге, не ішуге арналған дәрілік түрмен емдеуге жалғасуы ықтимал анағұрлым сирек инъекцияларға (2-3 апта ішінде аптасына 2-3 рет) ауысады.
Дәрігер күнделікті тексергені жөн.
Ішуге арналған дәрілік түрмен емдеуге ауысуды барынша мүмкін қысқа мерзімде жүзеге асырған жөн.
Ең жоғарғы бір реттік доза: 2,0 мл,
Ең жоғарғы тәуліктік доза: 2,0 мл,
Енгізу жиілігі: тәулігіне бір рет.
Жағымсыз әсерлер
Жағымсыз кері әсерлердің көрініс табу жиілігі ДДҰ жіктемесіне сәйкестікке келтірілген:
Өте жиі: >1/10; Жиі: >1/100, <1/10; Жиі емес: >1/1000, <1/100; Сирек: >1/10000, <1/1000; Өте сирек: <1/10000
-
препарат компоненттеріне, атап айтқанда бензил спиртіне аса жоғары сезімталдық реакциялары
Сирек
-
аллергиялық реакциялар (терінің қызаруы, экзантема, бөртпе, қышыну, тыныс алудың қиындауы, анафилаксиялық шок, ангионевроздық ісіну)
Өте сирек
-
тахикардия
-
брадикардия
-
аритмия
-
құсу
-
қатты тер бөлінуі, безеулі бөртпе, қышынумен және есекжеммен болатын тері реакциясы
-
шаншу
Жекелеген жағдайларда
-
бас айналуы, сананың шатасуы
-
құрысу
-
препаратты енгізген жердегі тітіркену; жүйелі реакциялар жылдам енгізгенде немесе артық дозаланғанда болады
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
препарат компоненттеріне жекелей сезімталдық
-
декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігі, жүрек өткізгіштігінің бұзылуы
-
жүктілік және лактация кезеңі
-
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
В1 дәрумені. Тиамин құрамында сульфиттер бар ерітінділерде толық ыдырайды. Басқа дәрумендер В1 дәруменінің ыдырау өнімдері болғанда белсенділігі жойылады (темір иондарының төмен концентрациясы осы инактивацияны болдырмауы мүмкін).
В6 дәруменінің емдік дозалары леводопаның тиімділігін әлсіретуі мүмкін. Изониазидпен, D-пеницилламинмен және циклосеринмен өзара әрекеттесу байқалады.
Тиамин тотықтырғыш заттармен, сынап хлоридімен, йодидпен, карбонатпен, ацетатпен, темір сульфатымен, танин қышқылымен, темір аммоний-цитратпен, сондай-ақ натрий фенобарбиталмен, рибофлавинмен, бензилпенициллинмен, глюкозамен және метабисульфитпен үйлеспейді. Мыс тиаминнің ыдырауын тездетеді; одан өзге, тиамин рН мәндері ұлғайғанда (3-ден артық) өзінің әсерін жоғалтады.
В6 дәрумені. Леводопа В6 дәруменінің емдік дозаларының әсерін төмендетеді. В6 дәруменінің циклосеринмен, Д-пеницилламинмен, адреналинмен, норадреналинмен, пиридоксиннің әсерін төмендететін сульфонамидтермен өзара әрекеттесуі орын алуы мүмкін.
В12 дәрумені. Цианокобаламин тотықтырғыш заттармен және ауыр металл тұздарымен үйлеспейді, тиамин туындатқан аллергиялық реакцияларды күшейтуі мүмкін. Рибофлавин, әсіресе жарықтың әсер етуімен деструктивті әсер етуі мүмкін. Никотинамид фотолизисті күшейтеді, ал антиоксиданттар бұл үдерісті тежейді.
Лидокаинді парентеральді енгізген жағдайда адреналинмен норадреналинмен, сульфонамидтермен бір уақытта қолданғанда жүрекке жағымсыз әсерлер күшеюі мүмкін.
Айрықша нұсқаулар
В Complex дәрумені тек бұлшықет ішіне (б/і) енгізіледі және ешқандай жағдайда вена ішіне (в/і) қан ағысына емес. Кездейсоқ венаға түскенде науқасты дәрігер қадағалауы тиіс немесе симптомдардың ауырлығына байланысты ауруханаға жатқызылуы тиіс.
Препаратты алты айдан астам қолданғанда нейропатия туындатуы мүмкін.
В Complex дәрумені дозаның (2 мл) бірлігіне натрий мөлшері 1 ммольден (23 мг) кем.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Препаратты көлік құралдарының жүргізушілері және қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істейтін адамдардың қолдануына қатысты сақтандыру туралы ақпарат жоқ.
Артық дозалануы
Симптомдары: бас айналуы, аритмия, құрысу.
Емі: препаратты тоқтату, симптоматикалық ем.
Шығарылу түрі және қаптамасы
2 мл препараттан нүктесі немесе сындыратын сақинасы бар шприцпен толтырылатын жарықтан қорғайтын шыны ампулаларға құйылады.
Әрбір ампулаға заттаңба жапсырады.
5 ампуладан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға қапталады.
1 немесе 2 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бекітілген нұсқаулықпен бірге картоп қаптамаға салынады.
Пішінді ұяшықты қаптамаларды (қорапшаға салмай) картон қорапқа салуға жол беріледі. Қаптамалардың санымен әрбір қорапқа медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бекітілген нұсқаулықтар салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 2°С-ден 8°С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші/қаптаушы ұйымның атауы және елі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі, 81
Тіркеу куәлігі ұстаушысының атауы және елі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі, 81
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі +7 7252 (610151)
Автожауапбергіш нөмірі +7 7252 (561342)
Электронды пошта complaints@santo.kz
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ-сы, Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі +7 7252 (610150)
Электронды пошта phv@santo.kz; infomed@santo.kz