Бризаль

МНН: Бринзоламид
Производитель: Фармак ПАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Brinzolamide
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023836
Информация о регистрации в РК: 17.09.2021 - 17.09.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Бризаль

Халықаралық патенттелмеген атауы

Бринзоламид

Дәрілік түрі

Көзге тамызатын дәрі, суспензия 10 мг/мл 5 мл

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат: 100% құрғақ затқа шаққанда 10,00 мг бринзоламид бар;

қосымша заттар: тилоксапол, карбомер (карбопол 974Р), динатрий эдетаты, бензалконий хлориді, маннит (Е 421), натрий хлориді, 1 М натрий гидроксидінің ерітіндісі немесе 1 М хлорсутек қышқылының ерітіндісі, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік біртекті суспензия

Фармакотерапиялық тобы

Офтальмологияда қолданылатын дәрілер. Глаукомаға қарсы препараттар және миотикалық дәрілер. Карбоангидраза тежегіштері. Бринзоламид.

АТХ коды S01E С04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Көзге жергілікті қолданғаннан кейін бринзоламид жүйелі қан ағынына сіңіріледі. Өзінің КА-ІІ-мен жоғары тектестігі есебінен, бринзоламид қызыл қан түйіршіктеріне (эритроциттерге) белсенді түрде өтеді және қанда ұзақ жартылай ыдырау кезеңін байққатады (орташа алғанда шамамен 24 апта). Клиникалық тәжірибеде метаболит N-дезэтилбринзоламидтің түзілуі байқалған, ол да КА-мен байланысады және эритроциттерде жинақталады. Бұл метаболит бринзоламидтің қатысуымен негізінен КА-І-мен байланысады. Қан плазмасында бринзоламидтің де, N-дезэтилбринзоламидтің де концентрациялары төмен, әдетте, сандық анықтау шегінен төмен (< 7,5 нг/мл).

Қан плазмасының протеиндерімен байланысуы толық емес (шамамен 60 %). Бринзоламид негізінен бүйрекпен шығарылады (шамамен 60 %). 20%-ға жуық дозасы метаболит түрінде несептен анықталды. Бринзоламид және N-дезэтилбринзоламид басымдылыққа ие компоненттер болып табылады, олар N-дезметоксипропил және О-дезметил метаболиттердің іздік мөлшерлерімен бірге (< 1%) несеппен шығарылады.

Фармакокинетикалық зерттеулер барысында дені сау еріктілер бринзоламидті ішу арқылы капсулаларда 1 мг-ден тәулігіне 2 рет 32 апта бойы қабылдады. КА жүйелі бәсеңдеу деңгейіне баға беру үшін эритроциттердегі КА белсенділігі өлшенді.

КА-ІІ эритроциттердің бринзоламидпен қанығуына 4 аптаның ішінде қол жетті (концентрациясы шамамен 20 мкМ құрады). N-дезэтилбринзоламид эритроциттерде 6-30 мкМ ауқымындағы тұрақты концентрацияға жеткенге дейін 20-28 апта бойы жинақталды. КА-ІІ эритроциттердің жалпы белсенділігінің бәсеңдеуі тұрақты жағдайларда шамамен 70-75 % құрады.

Орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі минутына 30-60 мл) пациенттерге 1 мл бринзоламид тәулігіне 2 рет ішу арқылы 54 апта бойы енгізілді. Эритроциттердегі бринзоламид концентрациясы 4 аптадан кейін 20-дан 40 мкМ дейінгі шекте болды. Эритроциттердегі бринзоламид және оның метаболиттерінің концентрациясы тұрақты жағдайларда тиісінше 22-ден 46,1 дейінгі және 17,1-ден 88,6 мкМ дейінгі аралықта болды.

Креатинин клиренсі азайған кезде N-дезэтилбринзоламидтің эритроциттердегі концентрациялары өсті, ал эритроциттердегі КА жалпы белсенділігі азайды, бірақ бринзоламидтің эритроциттердегі концентрациялары және КА-II белсенділігі өзгеріссіз қалды. Ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде КА жалпы белсенділігінің бәсеңдеуі үлкен болды, әйтсе де ол тұрақты жағдайларда 90 %-дан азды құрады.

Көзге жергілікті қолдану кезіндегі зерттеулерде бринзоламидтің эритроциттердегі концентрациялары тұрақты жағдайларда ішу арқылы қабылдау кезінде анықталған концентрациялар сияқты болды, ал N-дезэтилбринзоламид концентрациялары төменірек болды.

Карбоангидраза белсенділігі өзінің бастапқы деңгейінен шамамен 40-70 % құрады.

Фармакодинамикасы

Карбоангидраза (КA) – бұл адам организмінің көптеген тіндерінен, оның ішінде көз тіндерінен анықталған фермент. Карбоангидраза көміртек қостотығының қайтымды гидратация реакциясын және көмір қышқылының дегидратациясын катализдейді.

Көздің цилиарлы денесінде карбоангидразаның бәсеңдеуі негізінен бикарбонат иондарының түзілуін баяулата, одан әрі натрийдің және сұйықтықтың тасымалдануын азайта отырып, көзішілік сұйықтықтың сөлінісін азайтады. Нәтижесінде көзішілік қысымның (КІҚ) төмендеуі жүзеге асады, ол көру жүйкесі зақымдануының патогенезінде және глаукома салдарынан көру өрісін жоғалтудың басты қауіп факторы болып табылады. Бринзоламид карбоангидраза ІІ (КА-ІІ), көздің үстем күйдегі изоферментінің тежегіші, КА-II қатысты in vitro IC50 = 3,2 нМ және Ki = 0,13 нМ көрсеткіштері бар.

Дәстүрлі клиникаға дейінгі зерттеу нәтижелері бойынша қауіпсіздігі, көп рет қолданудағы уыттылығы, геноуыттылығы және канцерогендік әсері жағынан, бринзоламидті қолдану кезінде адам үшін ерекше қаупі анықталған жоқ.

Қолданылуы

Бризаль мыналарда көзішілік қысымның жоғарылауын төмендетуге арналған:

көз гипертензиясында,

ашықбұрышты глаукомада,

бета-блокаторларға сезімтал емес ересек пациенттерде, бета-блокаторларды қолдануға болмайтын ересек пациенттерде монотерапия ретінде, немесе бета-блокаторларды немесе простагландиндердің аналогтарын қолданған кезде қосымша ем ретінде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Бризальді монотерапия немесе қосымша ем ретінде қолданғанда дозасы зақымданған көздің (көздердің) конъюнктивальді қапшығына тәулігіне 2 рет 1 тамшыны құрайды. Кейбір пациенттерде тәулігіне 3 рет 1 тамшы тамызған кезде жақсы нәтижелерге жетуі мүмкін.

Басқа офтальмологиялық глаукомаға қарсы дәріні Бризальге ауыстырған жағдайда басқа дәріні қолдануды тоқтату және келесі күннен бастап Бризальді қолдана бастау керек.

Егер біреуден артық офтальмологиялық дәріні жергілікті қолданса, оларды қолдану аралығы 5 минуттан кем болмауы тиіс.

Егер дозасын өткізіп алған болса, келесі дозаны емдеу сызбасына сәйкес қолданып, емдеуді жалғастыру қажет. Доза зақымданған көзге (көздерге) тәулігіне 3 рет 1 тамшыдан аспауы тиіс.

Қолдану тәсілі

Офтальмологиялық қолдану үшін.

Мұрын-көзжасы тесігінің тұсынан қысып тұру немесе тамызғаннан кейін қабақтарды абайлап жабу ұсынылады. Бұл көзге енгізілген дәрілік заттардың жүйелі сіңірілуін төмендетеді, яғни жүйелі жағымсыз әсерлердің ықтималдығын азайтады.

Препаратты қолданар алдында құтыны жақсылап шайқау керек. Тамшылатқыштың шеттерінің және құтының ішіндегісінің ластануын болдырмау үшін сақтық таныту қажет және қабақтарға, айналасындағы және басқа беткейлерге тамшылатқыш құтының шетін тигізбеу керек. Құтыны сақтау кезінде тығыз жабылған күйде ұстау керек.

Егде жастағы адамдарға қолдану

Егде жастағы пациенттерге дозаны түзету қажет емес.

Бауыр және бүйрек функциясының бұзылуында қолдану

Бринзоламидті бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеуге қолдану зерттелген жоқ, сондықтан препарат мұндай пациенттерді емдеу үшін ұсынылмайды.

Бринзоламидті ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) пациенттерге немесе гиперхлоремиялық ацидозы бар пациенттерге қолдануға зерттеулер жүргізілмеген. Бринзоламид және оның негізгі метаболиті көбінесе бүйрекпен шығарылатындықтан, Бризальді мұндай пациенттерді емдеу үшін қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).

Жағымсыз әсерлері

Жүрек жүйесі тарапынан бұзылулар: кардио-респираторлық дистресс, стенокардия, брадикардия, аритмия, тахикардия, артериялық гипертензия, артериялық қысымның төмендеуі.

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар: эритроциттер санының азаюы, қандағы хлоридтер деңгейінің жоғарылауы.

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: дисгевзия (ащы немесе әдеттен тыс дәм), бас ауыруы, ұйқышылдық, қимыл үйлесімінің бұзылуы, амнезия, жадының нашарлауы, бас айналу, парестезия, тремор, гипестезия, агевзия.

Офтальмологиялық бұзылулар: блефарит, көрудің тұмандануы, көздің тітіркенуі, көздің ауыруы, көздің құрғауы, көзден бөлінетін заттар, көздің қышынуы, көзде бөгде затты сезіну, көз гиперемиясы, мөлдір қабықтың эрозиясы, кератит, нүктелі кератит, кератопатия, көздегі преципитаттар, мөлдір қабықтың боялуы, мөлдір қабықтың эпителийінің ақауы, көзішілік қысымның жоғарылауы, көру жүйкесі дискінің экскавациясының ұлғаюы, мөлдір қабықтың ісінуі, конъюнктивит, көздің ісінуі, мейбомит, диплопия, қатты жарыққа жоғары сезімталдық, жарықтан қорқу, фотопсия, көз өткірлігінің төмендеуі, аллергиялық конъюнктивит, птеригиум, аққабықтың пигментациясы, астенопия, көздегі жайсыздық, көздің әдеттен тыс сезімталдығы, құрғақ кератоконъюнктивит, көз гипестезиясы, субконъюнктивальді киста, конъюнктиваның гиперемиясы, қабақтың қышынуы, қабақ жиектерінің қабыршақтануы, жастың көп ағуы, мөлдір қабықтың эпителийінің бұзылуы, мөлдір қабық тарапынан бұзылулар, көрудің бұзылуы, көз тарапынан аллергиялар, мадароз, қабақтар тарапынан бұзылулар, қабақ эритемасы.

Есту ағзалары тарапынан бұзылулар: құлақтағы шуыл, вертиго.

Тыныс алу жүйесі тарапынан бұзылулар, торакальді және медиастинальді бұзылулар: ентігу, бронхтардың аса жоғары белсенділігі, жөтел, мұрыннан қан кету, жұтқыншақтың және көмейдің ауыруы, тамақтың тітіркенуі, мұрынның бітелуі, жоғарғы тыныс жолдарындағы іркіліс, мұрынжұтқыншақ шырышының шамадан тыс сөлінісі, тұмау, түшкіру, мұрынның құрғауы, бронх демікпесі.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: ауыздың құрғауы, эзофагит, диарея, жүрек айну, құсу, диспепсия, іштің жоғарғы тұсының ауыруы, абдоминальді жайсыздық, асқазандағы жайсыздық, метеоризм, ішек перистальтикасының күшеюі, асқазан-ішек жолының бұзылыстары, ауыз қуысының гипестезиясы немесе парестезиясы.

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар: бүйрек тұсының ауыруы, полакиурия.

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: есекжем, бөртпе, макуло-папулезді бөртпе, жайылған қышыну, алопеция, терінің қатпарлануы, дерматит, эритема.

Қаңқа-бұлшықет жүйесі және дәнекер тіні тарапынан бұзылулар: арқаның ауыруы, бұлшықет түйілуі, миалгия, артралгия, аяқ-қолдың ауыруы.

Инфекциялық және паразиттік аурулар: назофарингит, фарингит, синусит, ринит.

Жарақаттар, улану және емшаралық асқынулар: көздегі бөгде затты сезіну.

Жалпы сипаттағы бұзылулар: ауыру, кеудедегі жайсыздық, астения, шаршау сезімі, жайсыздық, үрейлену сезімі, ашушаңдық, кеуденің ауыруы, шеткері ісіну, дімкәстік, дәрілік препараттың қалдықтары.

Ұрпақ өрбіту функциясының және сүт бездері функциясының бұзылуы: эрекцияның бұзылуы.

Психикалық бұзылыстар: апатия, депрессия, көңіл-күйдің бәсеңдеуі, либидоның азаюы, түнгі қорқыныштар, ұйқысыздық, күйгелектік.

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: жоғары сезімталдық.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: бауыр сынамалары көрсеткіштерінің қалыптан ауытқуы.

Бринзоламидті қысқа мерзімдік клиникалық зерттеулер кезінде шамамен 12,5 % балаларда осы дәрілік затты қолданумен байланысты жағымсыз әсерлер байқалды, олардың басым бөлігі конъюнктиваның гиперемиясы, көздің тітіркенуі, көзден бөлінетін заттар, жастың көп ағуы сияқты күрделі емес жергілікті офтальмологиялық әсерлер болды.

Дисгевзия (инстиляциядан кейін ауыздағы ащы немесе әдеттен тыс дәм) бринзоламид көзге тамызатын дәрісін қолданумен байланысты жүйелі жағымсыз реакция болды, ол туралы клиникалық зерттеулерде жиі хабарланды. Ол, шамасы, көзге тамызылған дәрінің мұрын-көзжасы өзекшесі арқылы мұрынжұтқыншаққа өтуінен туындаған болуы мүмкін. Мұрын-көзжасы окклюзиясы немесе инстиляциядан кейін қабақтарды қатты жабу бұл әсердің ықтималдығын азайта алады.

Бринзоламид сульфонамид тобындағы карбоангидраза тежегіші болып табылады, ол жүйелі сіңіріледі.

Асқазан-ішектік, жүйке, гематологиялық, бүйрек және метаболизмдік жағымсыз әсерлер, әдетте, карбоангидразаның жүйелі тежегіштерін қолданғанда пайда болады. Карбоангидразаның пероральді тежегіштеріне тән жағымсыз әсерлердің дәл сондай типтері жергілікті қолдану кезінде де пайда болуы мүмкін.

Бринзоламид көзге тамызатын дәрісін қолданып травопростпен бір мезгілде біріктірілген ем жүргізген кезде болжанбаған жағымсыз әсерлер байқалған жоқ. Біріктіріп емдеу кезінде байқалған жағымсыз әсерлер әрбір препаратты жеке қолданған кезде де байқалды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе препараттың қандай да бір басқа компонентіне жоғары сезімталдық

Айрықша нұсқаулар

- ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі

- гиперхлоремиялық ацидоз

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бринзоламидтің басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуіне арнайы зерттеулер жүргізілмеген. Клиникалық зерттеулер барысында бринзоламидті простагландиндердің аналогтарымен және тимололмен көзге тамызатын дәрі түрінде біріктіріп қолданды, қолайсыз өзара әрекеттесудің дәлелдері анықталған жоқ. Глаукоманы біріктіріп емдеген кезде бринзоламид пен миотиктердің, немесе адренергиялық рецепторлардың агонистерінің арасындағы өзара әрекеттесуге баға берілген жоқ.

Бринзоламид карбоангидраза тежегіші болып табылады, және препаратты жергілікті қолданса да, ол жүйелі сіңіріледі. Карбоангидраза тежегіштерін ішу арқылы қолданған кезде қышқылдық-сілтілік теңгерімнің бұзылуы туралы хабарланды. Бризальді қолданатын пациенттерде өзара әрекеттесудің осындай көріністерін ескеру керек.

Бринзоламидтің метаболизміне жауап беретін Р450 цитохромының изоферменттері CYP3A4 (бастысы), CYP2A6, CYP2С8 және CYP2С9 болып табылады. Кетоконазол, итраконазол, клотримазол, ритонавир және тролеандомицин сияқты CYP3A4 тежегіштері бринзоламидтің CYP3A4 ферментімен метаболизмін бәсеңдетеді деп күтіледі. CYP3A4 тежегіштерін қатар қолданған кезде сақ болған жөн. Бринзоламид негізінен бүйрекпен шығарылатындықтан, оның жинақталу ықтималдығы аз. Бринзоламид Р450 цитохромы изоферменттерінің тежегіші болып табылмайды.

Айрықша нұсқаулар

Жүйелі әсері

Бризаль сульфонамид тобындағы карбоангидраза тежегіші болып табылады, және ол жергілікті қолданылса да, жүйелі сіңіріледі. Сульфонамидтерге тән жағымсыз реакциялар жергілікті қолдану кезінде де пайда болуы мүмкін. Егер күрделі жағымсыз реакциялардың немесе жоғары сезімталдықтың белгілері пайда болса, препаратты қолдануды тоқтату керек.

Карбоангидраза тежегіштерін пероральді қолданған кезде қышқылдық-сілтілік теңгерімнің бұзылуы туралы хабарланды. Бринзоламидті шала туған нәрестелерге (36 аптадан аз жүктілік) немесе жасы 1 аптаға дейінгі жаңа туған нәрестелерге қолдану зерттелмеген. Бүйрек өзекшелері елеулі дәрежеде толық жетілмеген немесе олардың аномалиясы бар пациенттерге бринзоламидті пайда мен қауіп арақатынасын тиісінше бағалағаннан кейін ғана қолдануға болады, өйткені метаболизмдік ацидоз пайда болуының ықтимал қаупі бар.

Карбоангидразаның пероральді тежегіштері егде жастағы пациенттерде ақыл-ойын жұмылдыруды және/немесе физикалық қимыл үйлесімін қажет ететін тапсырмаларды орындау қабілетін нашарлатуы мүмкін. Бризаль жүйелі сіңіріледі, сондықтан мұндай әсерлер жергілікті қолданған кезде де пайда болуы мүмкін.

Бір мезгілде қолдану

Карбоангидраза тежегіштерін ішу арқылы және Бризальді қабылдайтын пациенттерде, карбоангидраза тежегіштерінің белгілі жүйелі жағымсыз реакцияларының күшею ықтималдығы бар. Бризальді және пероральді қолдануға арналған карбоангидраза тежегіштерін бір мезгілде қолдану зерттелмеген, сондықтан ұсынылмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін де қараңыз).

Бринзоламид негізінен глаукоманы біріктіріп емдеуде тимололмен бір мезгілде қолдану кезінде бағаланды. Бұдан басқа, көзішілік қысымның (КІҚ) төмендеу әсері бринзоламидті простагландиннің аналогы травопростпен біріктірілген емде қолданған кезде зерттелді. Бринзоламидті травопростпен біріктірілген ем ретінде қолданудың ұзақ мерзімдік зерттеулері жоқ.

Бринзоламидті жалған эксфолиативтік глаукомасы және пигменттік глаукомасы бар пациенттерді емдеуге қолданудың шектеулі тәжірибесі бар. Мұндай пациенттерді сақтықпен емдеу және көзішілік қысымды мұқият бақылау ұсынылады. Бринзоламидті жабықбұрышты глаукомасы бар пациенттерге қолдануға зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан препаратты мұндай пациенттерге қолдану ұсынылмайды.

Мөлдір қабығы зақымданған пациенттерде (атап айтқанда эндотелиальді жасушалар саны аз пациенттерде) бринзоламидтің мөлдір қабықтың эндотелийінің функциясына ықтимал әсеріне зерттеу жүргізілмеген. Жанаспалы линзаларды тағатын пациенттерге препараттың әсеріне тікелей зерттеу жүргізілмеген, сондықтан бринзоламидті қолданған кезде мұндай пациенттерді мұқият бақылау ұсынылады, өйткені карбоангидраза тежегіштері мөлдір қабықтың гидратациясына әсер етуі мүмкін, және бұл кезде жанаспалы линзаларды қолдану мөлдір қабықтың зақымдану қаупін арттыруы мүмкін. Мөлдір қабықтың басқа зақымдануларында, мысалы, қант диабетімен ауыратын пациенттерде де мұқият бақылау ұсынылады.

Әдетте офтальмологиялық препараттарда консервант ретінде пайдаланылатын бензалконий хлориді нүктелі кератопатияны және/немесе уытты ойық жаралы кератопатияны тудыруы мүмкін. Бризаль құрамында бензалконий хлориді болғандықтан, көздің құрғақтығы бар науқастарды немесе мөлдір қабығы зақымданған науқастарды препаратпен жиі немесе ұзақ емдеген кезде мұқият бақылау қажет.

Бринзоламидті жанаспалы линзаларды тағатын пациенттерге қолдану зерттелген жоқ. Бризальдің құрамында бензалконий хлориді бар, ол көздің тітіркенуін тудыруы және, белгілі болғандай, жұмсақ жанаспалы линзаларды түссіздендіруі мүмкін. Жұмсақ жанаспалы линзалармен жанастырмау керек. Бризаль көз тамшы дәрісін қолданар алдында жанаспалы линзаларды шешу қажеттігін және тамызғаннан кейін жанаспалы линзаларды киерден бұрын 15 минут күте тұру керектігін пациенттерге ескерткен жөн.

Бризаль препаратымен емдеуді тоқтатқаннан кейін, көзішілік қысымның төмендеуі 5-7 күн бойы жалғасады және әлеуетті түрде тоқтату әсері пайда болады деп күтіледі.

Педиатрияда қолдану

18 жасқа дейінгі пациенттерді Бризальмен емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған, мұндай пациенттерді емдеу үшін препаратты қолдану ұсынылмайды. Балаларға қолдану тәжірибесі шектеулі.

Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану

Жүктілік

Бринзоламидті жүкті әйелдерге қолдану туралы деректер жоқ немесе олардың саны шектеулі. Жануарлардағы зерттеулер ұрпақ өрбіту функциясына уытты әсері барын көрсетті. Бризальді жүктілік кезеңінде және контрацептивтік дәрілерді қолданбайтын ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге тағайындамау керек.

Емшек емізу

Емшек емізу кезеңінде Бризальді қолданбау керек, өйткені препарат емшек сүтіне өтуі мүмкін.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Көздің көруінің уақытша бұлдырауы немесе көрудің басқа да бұзылулары, не болмаса жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялар (ұйқышылдық, бас айналуы, қимыл үйлесімінің бұзылуы) автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне теріс ықпал етуі мүмкін («Жағымсыз реакциялар» бөлімін де қараңыз). Егер көрудің бұлдырауы тамызу кезінде пайда болса, пациент көруі қалпына келгенше күте тұруы тиіс.

Артық дозалануы

Артық дозалану жағдайлары туралы хабарланбаған.

Артық дозалану кезіндегі емдеу симптоматикалық және демеуші болуы тиіс. Электролиттік теңгерімсіздік, ацидоздық жай-күй пайда болуы мүмкін, сондай-ақ жүйке жүйесіне ықпал етуі ықтимал. Сарысудағы электролиттердің (әсіресе калийдің) деңгейлерін және қанның рН бақылау қажет.

Шығарылу түрі және қаптамасы

5 мл-ден полиэтиленді тамшылатқыштармен және алғашқы ашылуы бақыланатын бұралатын қақпақшалармен жабдықталған полиэтиленді құтыларда.

Құтыға өздігінен желімделетін заттаңба жапсырылады.

Әрбір құты медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқа қаптамасында 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.

Құтыны ашқаннан кейінгі сақтау мерзімі – 28 тәулік.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Фармак» ЖАҚ, Украина, 04080, Киев қ., Фрунзе к-сі, 74.

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Фармак» ЖАҚ, Украина

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):

«Фармак» ЖАҚ Қазақстан Республикасындағы өкілдігі

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., индекс 050012, Амангелді к-сі, 59 "А", "Шартас" Бизнес орталығы, 9-қабат. Тел./факс: +7 (727) 267 63 73,  электронды поштасы: а.aspetova@farmak.kz

Прикрепленные файлы

Бризаль,_капли_глазные_ИМП,_рус._04072018_.docx 0.03 кб
Бризаль,_капли_глазные_ИМП,_каз._24072018_.docx 0.03 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту