АМИСУЛЬПРИД-САНТО®

МНН: Амисульприд
Производитель: Химфарм АО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Amisulpride
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024975
Информация о регистрации в РК: 03.04.2021 - 03.04.2026

Инструкция

Саудалық атауы

АМИСУЛЬПРИД–САНТО®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Амисульприд

Дәрілік түрі, дозасы

Ішуге арналған ерітінді 100 мг / мл, 60 мл

Фармакотерапиялық тобы

Жүйке жүйесі. Психолептиктер. Антипсихотиктер. Бензамидтер. Амисульприд.

АТХ коды N05AL05

Қолданылуы

Айқын байқалатын өнімді (мысалы: сандырақтау, елестеулер, ойлау қабілетінің бұзылуы) және/немесе жағымсыз (мысалы: бейжайлық, эмоцияның жоқтығы және қарым-қатынас орнатудан алшақтау) бұзылыстармен қатар жүретін, оның ішінде жағымсыз симптоматика басым байқалатын пациенттерді, жедел және созылмалы шизофренияны емдеу.

Қолданудың басталуына дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- қатар жүретін пролактинге тәуелд ісіктер, мысалы: гипофиз пролактиномасы және емшек обыры

- феохромоцитома

- клиникалық деректердің жоқтығына байланысты 15 жасқа дейінгі балаларға

- леводопамен біріктірілімі.

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Басқа нейролептиктерді қолданғанда гипертермиямен, бұлшықеттердің сіресуімен, перифериялық жүйке жүйесінің дисфункциясымен, креатинининфосфокиназаның жоғары деңгейімен сипатталатын қатерлі нейролептиктік синдром дамуы мүмкін. Гипертермия дамығанда, әсіресе жоғары дозаларды қолданғанда АМИСУЛЬПРИД–САНТО®-ны қоса алғанда, барлық антипсихоздық препараттар тоқтатылуы керек.

Кейбір антипсихоздық препараттар, оның ішінде амисульприд қабылдаған пациенттерде гипергликемияның даму жағдайлары немесе глюкозаға төзімділіктің бұзылуы, сондай-ақ қант диабетінің туындау немесе өршу жағдайлары тіркелген. АМИСУЛЬПРИД-САНТО® қабылдайтын пациенттер қолданыстағы ұсыныстарға сәйкес клиникалық және зертханалық бақылауда болуы тиіс. Қант диабетіне шалдыққан немесе диабеттің даму қаупі факторлары бар пациенттерге ерекше назар аудару керек.

Амисульприд несеппен бірге шығуына байланысты, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін дозаны азайту немесе баламалы емді таңдау керек. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі ауыр пациенттер туралы деректер жоқ.

Амисульприд құрысу шегін төмендетуі мүмкін. Сондықтан эпилепсиямен ауыратын пациенттер АМИСУЛЬПРИД-САНТО® препаратымен емдеу кезінде мұқият бақылаудан өтуі тиіс.

Егде жаста АМИСУЛЬПРИД-САНТО®-ны басқа нейролептиктер сияқты препараттарды артериялық гипотензияның немесе седацияның даму қаупіне байланысты ерекше сақтық шараларымен қолданған жөн.

Паркинсон ауруына шалдыққанда сақтықпен қабылдау керек. АМИСУЛЬПРИД-САНТО® нейролептиктік емді жүргізбесе болмайтын жағдайда ғана қолданған жөн.

Нейролептиктердің жоғары дозаларын қабылдауды кенеттен тоқтатқаннан кейін пайда болған симптомдар сипатталған. Амисульприд қабылдауды тоқтатқан кезде пациенттерде еріксіз қозғалыстар туындағаны туралы хабарланған (мысалы, акатизия, дистония және дискинезия туралы). Осылайша, амисульпридпен емдеуді біртіндеп тоқтату ұсынылады.

QT аралығының ұзаруы

Жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққан немесе отбасылық анамнезінде ұзартылған QT бар пациенттерге амисульпридті тағайындағанда сақ болу керек, сондай-ақ нейролептиктермен бір мезгілде қолданбау керек.

Инсульт

Рандомизацияланған плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулерде белгілі бір атипиялық антипсихоздық препараттарды қабылдаған деменциясы бар егде пациенттерде инсульттің даму қаупі плацебо алған топқа қарағанда 3 есе жоғары болды. Мұндай қауіптің жоғарылау себебі белгісіз. Басқа антипсихоздық препараттармен немесе пациенттердің басқа топтарына қолданған кезде қауіптің жоғарылауын жоққа шығармау керек. Осы дәрілік препаратты инсульттің даму қаупі факторлары бар пациенттерге сақтықпен қабылдау керек.

Деменцияға шалдыққан егде пациенттер

Деменциямен байланысты психозға шалдыққан, антипсихоздық препараттарды қабылдайтын егде жастағы пациенттерде өлім қаупі артады.

Атипиялық антипсихоздық препараттарды қабылдаған пациенттер арасында өткізілген 17 плацебо-бақыланатын зерттеулерді талдау (орташа ұзақтығы - 10 апта) плацебо тобымен салыстырғанда, дәрілік препараттарды алған пациенттерде өлім қаупінің 1,6-1,7 есеге артқанын көрсетті. Ұзақтығы 10 аптаны құрайтын негізгі емдеуден кейін өлім қаупі плацебо қабылдаған топта 2,6% салыстырғанда дәрілік препараттарды алған топта 4,5% құрады.

Эпидемиологиялық зерттеулер әдеттегі антипсихоздық препараттармен емдеу атипиялық антипсихоздық препараттармен байланысты жағдайдағыдай өлім-жітім көрсеткішін арттыруы мүмкін екендігін көрсетеді. Антипсихоздық препараттарды қабылдау және пациенттердің жеке ерекшеліктерінің эпидемиологиялық зерттеулердегі өлім-жітімнің көрсеткішінің жоғарылауына әсері беймәлім.

Веноздық тромбоэмболия

Антипсихоздық препараттарды қабылдағанда веноздық тромбоэмболияның (ВТЭ) даму жағдайлары тіркелді. Антипсихоздық препараттарды қабылдаған пациенттерде ВТЭ-ның даму қаупі факторлары жиі туындағандықтан, АМИСУЛЬПРИД-САНТО® препаратымен емдеуге дейін және емдеу кезінде ВТЭ-ның даму қаупінің кез келген әлеуетті факторларын анықтау және қажет болған жағдайда алдын алу шараларын қолдану қажет.

Емшек обыры

АМИСУЛЬПРИД-САНТО® пролактин деңгейін арттыруы мүмкін. Осылайша, анамнезінде емшек обыры болған кезде немесе жақын туыстарында анықталғанда АМИСУЛЬПРИД–САНТО® тағайындаған кезде сақтық таныту керек, АМИСУЛЬПРИД–САНТО® тағайындаған кезде мұқият бақылау қажет.

Гипофиздің қатерсіз ісігі

Амисульприд қан плазмасындағы пролактин концентрациясын арттыруы мүмкін. Амисульпридті қолданғанда пролактинома сияқты гипофиздің қатерсіз ісіктерінің даму жағдайлары туралы хабарланған. Қан плазмасындағы пролактиннің жоғары концентрациясы немесе гипофиз ісігінің клиникалық белгілері мен симптомдары байқалғанда(көру өрісінің ақаулары және бас ауыруы сияқты) гипофизді рентгенологиялық тексеру (мысалы, магниттік-резонанстық томография) қажет. Гипофиз ісігі диагнозы расталған кезде амисульпридпен емдеу тоқтатылуы тиіс.

Нейролептиктерді, оның ішінде АМИСУЛЬПРИД–САНТО® препаратын қолданған кезде лейкопения, нейтропения және агранулоцитоз жағдайлары тіркелген. Этиологиясы белгісіз инфекцияның немесе қызбаның пайда болуы лейкопенияның бар екендігін көрсетеді және қан талдауын дереу жүргізуді талап етеді.

Амильсупридті қолданған кезде бауырдың уытты зақымдануы тіркелді. Пациентте астения, анорексия, жүрек айну, құсу, іш ауыруы немесе сарғаю сияқты симптомдар туындаған жағдайда пациент дереу дәрігерге хабарлау керек. Клиникалық зерттеулер мен бауыр функциясын бағалауды қоса алғанда, дереу зерттеу жүргізу қажет.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Қолдануға болмайтын біріктірілімдер

Леводопа: леводопа мен нейролептиктер арасындағы әсерлердің өзара антагонизмі. Дофаминергиялық агонисттермен (бромокриптин, энтакапон, ропинирол) — дофаминергиялық рецепторлар және нейролептиктер агонисттері әсерлерінің өзара антагонизмі

Ұсынылмайтын біріктірілімдер

Алкоголь нейролептиктердің седативті әсерін күшейтеді.

Назарға алу керек біріктірілімдер

Есірткілік анальгетиктерді, антипсихоздық препараттарды (нейролептиктерді), седативті әсері бар антигистаминді препараттармен, барбитураттармен, бензодиазепиндермен және басқа да анксиолитик препараттармен қоса, ОЖЖ функциясын тежейтін препараттармен қатар қабылдау препараттың бәсеңдеткіш әсерінің айқын күшейтеді.

Антигипертензиялық препараттар - антигипертензиялық әсердің күшеюі.

Амисульприд пен клозапинді бірлесіп қолдану плазмадағы амисульприд деңгейін арттыруы мүмкін.

Амисульпридті QT аралығын ұзартатын дәрілік препараттармен бірге тағайындағанда, мысалы, ІА кластағы (мысалы, хинидин, дисопирамид) және ІІІ кластағы (мысалы, амиодарон, соталол) аритмияға қарсы препараттармен, кейбір антигистаминдік дәрілермен, кейбір басқа да антипсихоздық дәрілермен және безгекке қарсы дәрілермен (мысалы, мефлохинмен) тағайындағанда сақ болу керек.

Арнайы сақтандырулар

Жүктілік немесе лактация кезінде

Жүктілік кезінде Амисульпридті қабылдау қауіпсіздігі анықталмаған. Амисульприд плацента арқылы өтеді. Жануарларға жүргізілген зерттеулер репродукциялық уыттылықты көрсетті.

Репродукция жасындағы әйелдерге амисульпридті қабылдағанда контрацепцияны қолдану керек.

Жүктіліктің үшінші триместрі кезінде АМИСУЛЬПРИД–САНТО®-ны қоса алғанда нейролептиктердің құрсақішілік әсеріне ұшыраған жаңа туған нәрестелерде ауырлық дәрежесі және ұзақтылығы бойынша өзгеруі мүмкін экстрапирамидтік симптомдарды немесе «тоқтату» синдромын қоса алғанда, жағымсыз реакциялардың туылғаннан кейін даму қаупі бар. Қозу, бұлшықет гипертониясы, бұлшықет гипотониясы, тремор, ұйқышылдық, тыныс алу бұзылыстары немесе тамақтандыру кезінде байқалатын бұзылыстар дамуы туралы хабарланған. Сондықтан мұндай нәрестелер тұрақты медициналық бақылауда болуы тиіс.

Амисульприд емшек сүтіне ана салмағын ескере отырып түзетілген дозаның 10% - ы қабылданған мөлшерден асатын өте үлкен мөлшерде бөлінеді, бірақ емшектегі балалардың қанындағы препарат концентрациясы бағаланбаған. Жаңа туған нәрестелерге/сәбилерге амисульпридтің әсері туралы деректер жеткіліксіз. Бала үшін емшек емізудің пайдасын және әйел үшін емнің пайдасын назарға ала отырып, емшек сүтімен емізуді тоқтату немесе амисульпридпен емуден бас тарту туралы шешім қабылдау қажет.

Жануарларға жүргізілген зерттеулерде препараттың фармакологиялық әсерімен байланысты фертильділіктің төмендегені байқалды (пролактин арқылы жанама әсер).

Препараттың көлік құралдарын және аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсері.

Әсіресе автомобильді және жұмыс механизмдерін басқаратын пациенттерді осы дәрілік препаратты қолдануға байланысты бас айналу қаупі туралы ескерту қажет.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Жедел психоздық эпизодтар кезінде

Ішуге тәулігіне 4 мл-ден (400 мг) 8 мл-ге (800 мг) дейін дозада қолдану ұсынылады. Жекелеген жағдайларда күндізгі доза тәулігіне 12 мл (1200 мг) дейін артуы мүмкін. Дозаны жекелей көтерімділігін ескере отырып арттыру керек. Тәулігіне 12 мл-ден (1200 мг) асатын дозалардың қауіпсіздігі жеткілікті дәрежеде зерттелмеген, сондықтан оларды қолдануға болмайды.

Аралас теріс және оң симптомдары бар пациенттер үшін:

Емнің басында өнімді симптомдарды оңтайлы бақылауды қамтамасыз ету үшін дозаны, яғни тәулігіне 4-8 мл-ден (400-800 мг) таңдаған жөн. Кейіннен дозаны пациенттің реакциясына байланысты ең төменгі тиімді дозалар деңгейінде жеке анықтау керек.

Жағымсыз симптоматикасы басым байқалатын пациенттер үшін:

Тәулігіне 0,5 мл-ден (50 мг) бастап 3 мл-ге (300 мг) дейін дозаларды тағайындау ұсынылады. Дозаларды әр адамға жеке таңдау керек. Оңтайлы доза тәулігіне 10 мл (100 мг) жуық құрайды.

Ерекше топтағы пациенттер

Егде жастағы пациенттер

Амисульпридтің қауіпсіздігі егде жастағы пациенттердің шектеулі саны үшін бағаланды. Осы топтағы пациенттер дәрі-дәрмекті гипертонияның даму қаупі мен тыныштандыратын әсері бойынша аса сақтықпен пайдаланған жөн. Дозаны азайту бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін де қажет болуы мүмкін.

Балалар

Жыныстық жетілу жасындағы, 18 жасқа дейінгі балалар үшін амисульпридтің тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған: шизофрениямен ауыратын жасөспірімдерде амисульпридті қолдану туралы қолжетімді деректер шектеулі. Нәтижесінде, амисульпридті жыныстық жетілу жасындағы, 18 жасқа дейінгі пациенттерге пайдалануға болмайды. АМИСУЛЬПРИД–САНТО® 15 жастан кіші балаларға қолдануға болмайды, өйткені оның қауіпсіздігі анықталмаған.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі

Амисульприд несеппен бірге шығарылады. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде, егер креатинин клиренсінің (КК) мәні 30-60 мл/мин құраса, дозаны жартылай азайту керек, ал КК 10-30 мл/мин болатын пациенттер үшін үш есе азайту керек. Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (КК <10 мл/мин) бар пациенттер туралы деректер жоқ болғандықтан, халықтың осы тобы үшін мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі

Амисульприд аз метаболизденетіндіктен, бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін дозаны азайту қажет емес.

Қолдану тәсілі және жолы

Ішуге арналған

Пипетка-дозатордың көмегімен белсенді заттардың дозасын миллилитрмен өлшейді. Пипетка-дозаторды құтыға салғаннан кейін поршеньді енгізілетін миллилитр санына сәйкес градуирленген сызығына дейін тартыңыз. Ішуге арналған ерітіндіні құрамында алкоголь жоқ сұйықтықпен ішу керек.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

АМИСУЛЬПРИД-САНТО®-мен артық дозалануға байланысты тәжірибе шектеулі. Препараттың белгілі фармакологиялық әсерлерінің күшеюін айғақтайтын белгілер мен симптомдар туралы хабарланады. Олар бас айналуды және седацияны, гипотензияны және экстрапирамидалық симптомдарды қамтиды. Амисульпридке арналған спецификалық антидот туралы белгісіз.

Жедел артық дозаланғанда бірнеше препараттың өзара әрекеттесу мүмкіндігін болжап, тиісті шаралар қолдану керек:

  • организмнің өмірлік маңызды функцияларын қатаң бақылау;

  • пациенттің жағдайы қалпына келгенге дейін жүрек жағдайын үздіксіз бақылау (QT аралығының ұзаққа созылу қаупі);

  • елеулі экстрапирамидалық симптомдар пайда болған жағдайда, антихолинергиялық дәрілерді тағайындау керек;

  • амисульпридке диализдің әсері әлсіз, осылайша оны гемодиализ арқылы жою әрекеті тиімсіз.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алу кезіндегі қажетті шаралар

Ұмытылған дозаның орнын толтыру үшін қос дозаны қабылдамаңыз.

Тоқтату синдромы қаупінің болуына көрсетілім

Қатысты емес

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі кеңестер

Дәрілік препаратты қолданар алдында дәрігерге немесе фармацевтке жүгініңіз

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: лейкопения, нейтропения

Сирек: агранулоцитоз

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: аллергиялық реакциялар

Эндокриндік бұзылулар:

Жиі: амисульприд қан плазмасындағы пролактин деңгейін арттырады, ол препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін пролактиннің бұрынғы мәніне қайтып келеді. Бұл галакторея, аменорея, гинекомастия, кеуденің ауыруы, импотенция туындатуы мүмкін, сондай-ақ дене салмағының артуы мүмкін.

Сирек: пролактинома сияқты гипофиздің қатерсіз ісігі

Метаболизмнің және тамақтанудың бұзылуы:

Жиі емес: гипергликемия, гипертриглицеридемия және гиперхолестеринемия

Сирек:гипонатриемия, антидиурездік гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромы (SIADH)

Психикалық бұзылыстар:

Жиі: ұйқысыздық, мазасыздық, қозғыштық, оргазмның бұзылуы

Жиі емес: сананың шатасуы

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар:

Өте жиі: экстрапирамидалық симптомдар - тремор, сіреспелілік, гипокинезия, гиперсаливация, акатизия, дискинезия.

Бұл симптомдар әдетте оңтайлы дозада қабылдағанда орташа айқын көрінеді және АМИСУЛЬПРИД–САНТО препаратымен емдеуді тоқтатпай антихолинергиялық антипаркинсондық препараттарды қабылдағанда жартылай қайтымды болады. Экстрапирамидалық симптомдардың туындау жиілігі дозаға байланысты. Сондықтан препаратты 0,5-3 мл/күн (50-300 мг/күн) дозада қабылдайтын жағымсыз симптомдары бар пациенттерде экстрапирамидалық бұзылыстардың туындау жиілігі өте төмен болады.

Жиі: ұйқышылдық, жедел дистония (спазмдық қисықмойын, окулогирлік криздер, тризм). Мұндай әсерлер амисульпридпен емдеуді тоқтатпай антихолинергиялық паркинсонға қарсы препараттарды қосқан кезде қайтымды болып табылады.

Жиі емес: құрысулар, тілдің және/немесе бет бұлшықетінің еріксіз қозғалыстарымен сипатталатын кеш дискинезия, көбінесе препаратты ұзақ қабылдағаннан кейін пайда болады. Антихолинергиялық антипаркинсондық препараттар бұл жағдайларда тиімсіз болады немесе симптоматиканы күшейтуі мүмкін.

Сирек: Өлімге әкелетін асқыну болып табылатын нейролептиктік қатерлі синдром

Белгісіз: тынымсыз аяқ синдромы

Көру ағзалары тарапынан бұзылыстары:

Жиі: көру өрісінің бұлыңғырлануы

Жүрек тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: брадикардия

Сирек: QT аралығының ұзаруы. Пируэттік қарыншалық тахикардия немесе қарыншалық пароксизмалды тахикардия сияқты ырғақтың қарыншалық бұзылуы, олар қарыншалардың фибрилляциясын туындатуы және жүректі тоқтауы және кенеттен өлімге әкелуі мүмкін.

Қантамырлар тарапынан бұзылулар:

Жиі: гипотония

Жиі емес: қан қысымының жоғарылауы

Сирек: өкпе эмболиясы жағдайларын қоса алғанда, веноздық тромбоэмболияның даму жағдайлары, кейбіреулері өліммен аяқталатын және терең веналар тромбозы тіркелген.

Тыныс алу жүйесінің, кеуде және көкіректорта ағзалары тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: мұрынның бітелуі, пневмония аспирациясы (негізінен басқа антипсихотиктермен және ОЖЖ депрессанттарымен бірге қабылдағанда).

Асқазан-ішек бұзылыстары:

Жиі: іш қату, жүрек айну, құсу, ауыздың құрғауы

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: гепатоцеллюлярлық зақымдану

Терінің және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар:

Сирек: ангионевроздық ісіну, есекжем

Белгісіз: фотосезімталдық

Бұлшықет, қаңқа және дәнекер тін тарапынан бұзылулар:

Жиі емес: остеопения, остеопороз

Бүйрек және несеп шығару жолдарының бұзылулар:

Жиі емес: несептің кідіруі

Жүктілік, босанғаннан кейінгі кезең және перинаталдық жағдайлар:

Белгісіз: жаңа туған нәрестелерде абстиненттік синдром

Зертханалық және аспаптық деректер:

Жиі: дене салмағының артуы

Жиі емес: бауыр ферменттері деңгейінің артуы, негізінен трансаминазалардың артуы

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

100 мл препараттың құрамында

белсенді зат - амисульприд 10.00 г,

қосымша заттар: пропиленгликоль, натрий сахарині, глюконолактон, натрий глюконаты, калий сорбаты, метилпарагидроксибензоат, пропилпарагидроксибензоат, 3 М хлорсутек қышқылы, тағамдық хош иістендіргіш, тазартылған су

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Карамельге тән иісі бар сары түсті мөлдір сұйықтық.

Шығарылу түрі және қаптамасы

60 мл препараттан алғашқы ашылуы бақыланатын сақинасы бар бұралатын полиэтилен қақпақтармен тығындалған шыныдан жасалған құтыларға құйылады.

Әрбір құтыға заттаңба жапсырылады.

Әрбір құты медициналық қолдану жөніндегі бекітілген қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен және пипетка-дозатормен бірге картон қорапшаға салынады.

Препараты бар қорапшалар картон қорапқа салынады.

Жарамдылық мерзімі

2 жыл

Қаптаманы алғаш ашқаннан кейін препараттың сақтау мерзімі 8 апта.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шаралары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан шығару шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81

Телефон нөмірі +7 7252 (610151)

Автожауап беру нөмірі +7 7252 (561342)

Электронды поштасы complaints@santo.kz

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81

Телефон нөмірі +7 7252 (610151)

Автожауап беру нөмірі +7 7252 (561342)

Электронды поштасы complaints@santo.kz

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81

Телефон нөмірі +7 7252 (610150)

Электронды поштасы phv@santo.kz; infomed@santo.kz

Прикрепленные файлы

Амисульприд_санто,_каз.docx 0.06 кб
АМИСУЛЬПРИД–САНТО_рус.docx 0.05 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту