Этамзилат (12.5 %) (завод ГНЦЛС ООО)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Этамзилат
Халықаралық патенттелмеген атауы
Этамзилат
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 12,5% ерітінді
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат – 125 мг этамзилат,
қосымша заттар: натрий метабисульфиті, сусыз натрий сульфиті, динатрий эдетаты (Трилон Б), инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Мөлдір, түссіз немесе аздаған крем реңді сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Гемостатиктер. К витамині және басқа да гемостатиктер. Басқа да жүйелік гемостатиктер. Этамзилат.
АТХ коды B02B X01.
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Этамзилатты 500 мг дозада көктамыр ішіне (к/і) немесе бұлшықет ішіне (б/і) енгізгеннен кейін қан плазмасындағы оның концентрациясы 1 сағаттан соң 30 мкг/мл құрайды. Этамзилатты к/і енгізгенде гемостатикалық тиімділігі 5-15 минуттан кейін, ең жоғарғы тиімділігі – 1-2 сағаттан соң орын алады, әсері 4-6 сағатқа жалғасады. Б/і енгізгенде гемостатикалық әсері 30-60
минуттан соң басталады. К/і енгізгеннен кейінгі жартылай шығарылу кезеңі 1,9 сағатты, б/і енгізгеннен кейін - 2,1 сағатты құрайды. Енгізілген препараттың 95%-ы қан плазмасындағы ақуыздармен байланысады. Этамзилат метаболизденбейді және организмнен негізінен өзгермеген түрде несеппен ( 80 %), ішінара өтпен және нәжіспен шығарылады.
Фармакодинамикасы
Препараттың гемостатикалық әсері бар. Қан тоқтату әсері эндотелий мен тромбоциттердің өзара әсерінің күшеюіне байланысты, ол тромбоциттердің адгезиясы мен агрегациясына түрткі болады, бұл түптеп келгенде қан кетуінің тоқтауына немесе азаюына әкеледі. Этамзилат тромбоциттердің түзілуін және олардың жілік кемігінен шығуын көтермелейді, тромбопластин тіндерінің түзілуін жылдамдатады, зақымданған жерде алғашқы тромб түзілуінің жылдамдығын арттыруға және оның ретракциясын күшейтуге ықпал етеді. Этамзилат молекулярлық массасы үлкен мукополисахаридтердің қылтамырлар жақтауында түзілуін күшейтеді, қылтамырлар төзімділігін жоғарылатады, патологиялық үдерістерде олардың өткізгіштігін қалыпқа келтіреді және микроайналымды жақсартады. Этамзилатпен емдеу аясында гемостаздың патологиялық өзгерген көрсеткіші қайта қалпына келеді.
Қолданылуы
Операциялық араласуларда қан кетуін тоқтату және алдын алу үшін:
-
оториноларингологияларда (тонзилэктомияда, құлаққа шағын хирургиялық операция жасауда)
-
офтальмологияда (кератопластикада, катарактаны аластағанда, глаукомаға қарсы операцияда)
-
стоматологияда (киста, гранулемаларды алып тастауда, тіс экстракциясында)
-
урологияда (простатэктомияда)
-
хирургияда (жақсы тамырланған ағзалар мен тіндерге операция жасағанда)
-
гинекологияда
-
травматологияда
-
өкпеден, ішектен қан кетулер кезіндегі шұғыл жағдайларында
-
фибромалар кезіндегі метро- және меноррагияларда
-
диабеттік ангиопатияда
-
геморрагиялық диатездерде (сонымен қоса шұғыл жағдайларда)
Қолдану тәсілі және дозалары
Этамзилатты көктамыр ішіне, бұлшықет ішіне, субконъюнктивальді немесе ретробульбарлы қолданады. Ересектерге алдын алу мақсатымен препаратты көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне операцияға дейін 1 сағат бұрын 0,25-0,5 г-нан (12,5% ерітіндінің 2-4 мл-ін) енгізеді. Операция кезінде қажет болғанда көктамыр ішіне дозасы 2-4 мл 12,5% ерітінді енгізеді. Операциядан кейінгі қан кетулер қаупі болғанда алдын алу мақсатымен тәулігіне 12,5% ерітіндінің 4-6 мл-ін енгізеді. Емдеу мақсатында, шұғыл жағдайларда ересектерге Этамзилатты көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне (12,5% ерітіндінің 2-4 мл-ін), ал одан кейін әр 4-6 сағат сайын 2 мл-ден енгізеді. Метроррагияны және меноррагияны емдеуде Этамзилатты 0,25 г-нан (12,5% ерітіндінің 2 мл-ін), парентеральді 5-10 күн бойы әр 6-8 сағат сайын, ал әрі қарай – 0,25 г-нан (12,5% ерітіндінің 2 мл-ін) қан кету кезінде және келесі 2 циклінде парентеральді күніне 2 рет тағайындайды.
Диабеттік ангиопатияларда Этамзилатты ересектерге бұлшықет ішіне күніне 2 рет 2 мл-ден (10-14 күн) тағайындайды.
Субконъюнктивальді немесе ретробульбарлы (кератопластика, катарактаны алып тастау, глаукома кезіндегі операция және басқаларында) түрде 12,5% ерітіндінің 1 мл-ін енгізеді.
Балаларға, жаңа туған балаларды қоса алғанда, ауыр геморрагияларда препаратты көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне дене салмағын ескере отырып (10-15 мг/кг) 0,5-2 мл-ден бір рет енгізу керек.
Инъекцияға арналған ерітіндіні жергілікті қолдануға болады: препарат сіңірілген стерильді тампонды жараға қою керек.
Ересектерге арналған ең жоғарғы бір реттік доза 4 мг (0,5г), тәуліктік 14 мг (1,75г) құрайды.
Жағымсыз әсерлері
- бас ауыруы, бас айналуы
- артериялық қысымның төмендеуі, жүрек маңында ауырлықты сезіну
- бет гиперемиясы, аяқ парестезиялары
- аллергиялық бөртпе
- қыжыл
- аллергиялық реакциялар (тері бөртпелері, анафилактикалық шок, өмірге қауіпті демікпе ұстамалары)
- арқаның ауыруы
- жүрек айнуы, ауыздың ащы дәм татуы, эпигастральдік ауыру, диарея
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препаратқа жоғары сезімталдық
- антикоагулянттық дәрілер туғызған геморрагиялар
- сыртартқысындағы тромбоздар немесе эмболиялар
- лактация кезеңі
- бронх демікпесі
-балалардағы гемобластоз (лимфатикалық және миелоидты лейкемия, остеосаркома)
- жедел порфирия
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Этамзилат ерітіндісін басқа препараттармен бір еккіште араластыруға болмайды. Реополиглюкинмен біріктіріп қолданғанда екі препараттың да әсері толық тежеледі. Препаратты көктамыр ішіне тамшылатып енгізу қажет болғанда Этамзилатты глюкоза ерітіндісіне немесе натрий хлоридінің физиологиялық ерітіндісіне қосу керек.
Айрықша нұсқаулар
Сыртартқысында тромбозы немесе тромбоэмболиясы бар науқастарға тағайындағанда сақтық таныту керек. Антикоагулянттарды артық дозалауға байланысты геморрагиялық асқынуларда арнайы у қайтарғыны пайдалану керек. Этамзилатты негізінен гемостаздың тромбоцитарлы-қантамырлар компоненті бұзылған кезінде қосымша дәрі ретінде тағайындайды.
Препараттың тромбоцитопениясы бар емделушілерге әсері болмайды.
Жүрек ырғағы бұзылғанда және жүктеме кезіндегі стенокардиясы бар емделушілерге сақтықпен тағайындау керек.
Этамзилат құрамында сульфиттер бар, сол себепті де оны бронх демікпесі және аллергиясы бар науқастарға сақтықпен енгізу талап етіледі.
Аллергиялық реакциялар туындаған жағдайда емдеуді дереу тоқтату керек. Жүктілік
Этамзилатты жүктілік кезінде тек емнің болжамды әсері ұрыққа төнетін зор қауіптен артық болатын жағдайларда ғана қолдануға болады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емдеу кезінде қозғалыс және психикалық реакциялардың жылдамдығын талап ететін қауіпті қызмет түрлерімен (оның ішінде автомобиль жүргізу), сақтықпен айналысу керек, өйткені препарат өтпелі бас айналуын немесе артериялық қысымның төмендеуін туындатуы мүмкін.
Артық дозалануы
Препараттың артық дозалануы туралы деректері жоқ. Жағымсыз әсерлері өтпелі сипатта және арнайы шара қолдануды талап етпейді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
2 мл препараттан шыны ампулаларға құяды.
10 ампуладан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен және скарификаторы немесе кесетін керамикалық дискімен бірге картон пәшкеге салынады.
Ампулада сындыру сақинасы немесе сындыру нүктесі болған жағдайда пәшкеге скарификатор немесе кесетін керамикалық диск салынбайды.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 15°С-ден 25°С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі аяқталған соң қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
“Опытный завод “ГНЦЛС” ЖШҚ.
Украина, Харьков қ., Воробьев к-сі, 8.
Тіркеу куәлігінің иесі
“Опытный завод “ГНЦЛС” ЖШҚ.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы Мекенжайы: “Опытный завод “ГНЦЛС” ЖШҚ.
Украина, Харьков қ., Воробьев к-сі, 8.
Телефон: 752-30-17
Факс: 752-30-17
Электронды поштасы: phoenix@gncls.com
Қазақстан Республикасы аумағындағы сенімді тұлғасы
Мекенжайы: «КФК Медсервис Плюс» ЖШС
050004, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Маметова к-сі, 54
Телефон/факс: (727) 279 98 21
Электронды поштасы: pharmanadzor@medservice.kz