Триампур композитум
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Триампур композитум
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 25 мг триамтерен,
12,5 мг гидрохлорoтиазид;
қосымша заттар: лактоза моногидраты, картоп крахмалы, поливидон К 25, жоғары дисперсті кремнийдің қостотығы, карбоксиметилкрахмал натрий тұзы, магний стеараты.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, беткейі тегіс және жиектері бүлінбеген, бір жағында сындыру сызығы мен екінші жағында ойығы бар, сары түсті біртекті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Диуретиктер. Калий жинақтаушы препараттармен біріктірілген диуретиктер. Калий жинақтаушы препараттармен біріктірілген, Генле ілмегінің кортикальді сегментіне әсер етуші диуретиктер. Калий жинақтаушы препараттармен біріктірілген гидрохлоротиазид.
АТХ коды С03ЕА01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейін триамтереннің 80%-ы асқазан-ішек жолынан жылдам сіңеді. Бауырдан алғашқы өту әсеріне байланысты биологиялық тиімділігі 50%-ға азаяды. Триамтереннің 60%-ға жуығы қан плазмасының ақуыздарымен байланысады. Диуретикалық әсері 1-ден 2 сағатқа дейінгі аралықта байқалады. Триамтереннің калий жинақтаушы әсері 24 сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Қан плазмасындағы жартылай ыдырау кезеңі 4-7 сағатты құрайды. Триамтерен бауырда метаболизденеді. Аздаған бөлігі өзгермеген күйінде организмнен несеппен және өтпен бірге шығарылады, негізгі метаболиттің үлкен бөлігі бүйрек арқылы, ал оның мардымсыз бөлігі өт арқылы бөлініп шығады.
Ішке қабылдағаннан кейін гидрохлорoтиазидтің шамамен 80%-ы асқазан-ішек жолынан сіңеді. Биологиялық жетімділігі 70% құрайды. Дәрілік заттың үштен екісі қан плазмасының ақуыздарымен байланысады. Қан плазмасындағы жартылай ыдырау кезеңі 6-8 сағатты құрайды. Тиазидтер бауырда метаболизденбейді. Гидрохлортиазид өзгермеген күйінде бүйрек арқылы толық дерлік шығарылады. Диуретикалық әсері қабылдағаннан кейін 1-2 сағаттан соң білінеді және 10-12 сағат бойы жалғасады. Гипотензиялық әсері 24 сағатқа созылады.
Фармакодинамикасы
Триампур композитумның белсенді заттары: триамтерен мен гидрохлорoтиазид өзекшелік диуретиктер тобына жатады.
Гидрохлорoтиазид бүйректің дистальді өзекшелерінің бастапқы бөлігінде натрий иондарының қайта сіңуін азайтады. Бастапқы әсері электролиттердің күшті шығарылуына, ал екінші әсері осмостық байланысқан су әсерінен туындаған несептің бөлініп шығуының жоғарылауына негізделген.
Негізгі әсері натрий, хлор иондары мен судың шығарылуының күшеюімен байқалады, сонымен бірге препарат калийдің бөлініп шығуын күшейтеді, ал ұзақ қолданғанда - кальцийдің организмнен бөлініп шығуын азайтады. Несеп қышқылының секрециясы азаяды, ал магнийдің шығарылуы артады. Гидрохлоротиазидті жоғары дозаларда қолданғанда карбоангидразаның тежелуіне байланысты бикарбонаттың организмнен шығарылуы күшеюі мүмкін.
Триамтерен дистальді өзекшелердің соңғы бөлігінде әсер етуші калий жинақтаушы салуретиктер тобына жатады. Альдостеронға қарамастан, ол осы аумақтағы натрий иондарының калий мен сутегі иондарымен алмасуын тежейді, соның нәтижесінде калий иондарының іркілуі және натрийдің организмнен аздаған мөлшерде шығарылуы байқалады. Препарат несеп қышқылының секрециясына әсерін тигізбейді.
Гидрохлорoтиазид пен триамтеренді 1:2 арақатынас мөлшерінде біріктіргенде олардың натрийуретикалық және диуретикалық әсерлері анық күшейеді. Калийдің бөлінуіне екі дәрілік заттың да қарама-қарсы әсері калий теңгерімінің қажетті компенсациясына және бейтараптануына әкеледі.
Триампур композитумнің гипотензиялық әсер ету механизмінде натрий иондары секрециясының күшеюі маңызды рөл атқарады, мұның салдарынан жасушадан тыс сұйықтық және қан плазмасының көлемі азаяды, бүйрек қантамырларының кедергісі өзгереді, сондай-ақ қантамыр қабырғасы рецепторларының норадреналин мен ангиотензин ІІ-ге сезімталдығы төмендейді.
Қолданылуы
- артериялық гипертензияда
- негізінен организмде калийдің жоғалуына жол бермеу үшін қажетті жағдайларда, жүрек, бауыр немесе бүйрек ауруларынан туындайтын ісінулерде
- жүрек жеткіліксіздігінде, егер сұйықтықты қосымша шығару және калийдің организмнен бөлініп шығуын азайту қажет болса (жүрек гликозидтерімен біріктірілімде)
Қолдану тәсілі және дозалары
Препараттың дозаларын дәрігер әрбір науқас үшін жекелей таңдайды.
Ересектер мен дене салмағы 50 кг-нан асатын жөсөспірімдер үшін препаратты дозалаудың мынадай сызбалары бар:
Артериялық гипертензия:
Препараттың бастапқы дозасы таңертең 2 таблетка және түсте 2 таблетканы құрайды. Басқа да гипотензивтік дәрілерді қосымша қабылдағанда немесе ұзақ ем жүргізу үшін Триампур композитумді күніне 2 таблетка (таңертең және түсте 1 таблеткадан) қабылдау жеткілікті болады.
Шығу тегі кез келген ісінулер:
Емдеудің басында таңертең және түсте препаратты 2 таблеткадан тағайындайды. Диуретикалық әсерінің айқындылығы жеткіліксіз болғанда бір реттік дозаны 4 таблеткаға дейін арттыруға болады. Одан әрі қарайғы дозаларды организмнің сусыздану дәрежесіне қарай тағайындайды. Демеуші доза күн сайын таңертең қабылданатын 1 таблетканы немесе күнара (таңертең және түсте 1 таблеткадан) 2 таблетканы құрайды. Қажет болғанда демеуші дозаны күніне 4 таблеткаға дейін (таңертең және түсте 2 таблеткадан) арттыруға болады.
Жүрек жеткіліксіздігін гликозидтермен емдегенде қатар жүргізілетін ем:
Препараттың дозасын науқасты тексеру деректеріне байланысты таңдап алады. Жалпы алғанда науқастарға күніне 2 таблеткадан тағайындайды, 1 таблеткадан таңертең және түсте, қажет болғанда күніне ең көбі 4 таблетка береді.
Таблеткаларды тамақтан кейін, шайнамай және аз ғана мөлшерлі сұйықтықпен ішіп қабылдайды. Триампур композитуммен емдеу кезінде сұйықтық қабылдауды шектеудің қажеті жоқ.
Емдеу курсының ұзақтығын дәрігер анықтайды.
Ұзақ емдегеннен кейін Триампур композитум қабылдауды күрт тоқтатуға болмайды. Препаратты қабылдауды тоқтатуды дозаны біртіндеп төмендету арқылы жүргізу керек.
Жағымсыз әсерлері
- ауыздың құрғауы, шөлдеу, жүректің айнуы, құсу, іштің жоғарғы жағының ауыруы, іштің шаншып ауыруы, іш қатумен және ішінара ішектің бітелуімен паралитикалық ішектің бітелуінің дамуына дейін баратын АІЖ тегіс бұлшықеттерінің адинамиясы, диарея
- емдеудің басында несеппен бірге бөлініп шығатын құрамында азот бар заттардың (мочевина, креатинин) концентрациясы жоғарылауы мүмкін
- препаратты үздіксіз ұзақ қолданғанда электролиттік теңгерімнің бұзылуы (қандағы натрий, магний мен хлоридтер мөлшерінің азаюы, калий мөлшерінің төмендеуі немесе жоғарылауы), сондай-ақ, гиперкальциемия және су алмасуы бұзылуы мүмкін. Қандағы несеп қышқылының мөлшері артуы, осының негізінде кейбір науқастарда подагра ұстамалары өршуі мүмкін.
- кейбір бейім емделушілерде препараттың қабылданған жиынтық дозасына байланысты қанда холестерин мен триглицеридтердің жоғарылауы байқалуы мүмкін
- қандағы қант концентрациясының жоғарылауымен байланысты жасырын қант диабеті пайда болуы немесе оның бұрыннан бар түрі асқынуы мүмкін
- препарат қандағы ұшпайтын қышқылдардың жиналып қалуына (метаболизмдік ацидоз) ықпал етуі мүмкін
- жоғары дозалар және/немесе шамадан тыс диурез сусыздану және гиповолемия салдарынан гемоконцетрацияға және сирек жағдайларда құрысуларға, сананың шатасуы жай-күйлеріне, тамыр коллапсына және жедел бүйрек жеткіліксіздігіне, сондай-ақ, гемоконцетрация нәтижесінде тромбоздарға және эмболияларға әкелуі мүмкін
- терінің аллергиялық реакциялары (қызару, терінің қышынуы, есекжем, терінің қызыл жегісі, күн сәулесінің әсеріне тері сезімталдығының артуы (фотоаллергиялық экзантема) және дәрілік қызба)
Сирек:
- қимыл-қозғалыстың үйлесімсіздігі, ұйқышылдық, бұлшықеттің ширығуы, бұлшықеттердің босаңсуы, бұлшықеттің деформациялануы, балтыр бұлшықеттерінің құрысулары, шаршау сезімі, бас ауыру, ашушаңдық, жүректің қағуы, ЭКГ-дегі өзгерістер, артериялық қысымның төмендеуі, бас айналумен, сананың бұзылуымен немесе естен тануға бейімділікпен ортостатикалық реттеудің бұзылуы мүмкін
- көрудің әлсіз білінетін бұзылыстары, бұрыннан бар алыстан көре алмаудың нашарлауы немесе көз жасы сұйықтығының азаюы (жанаспалы линзаны тағатындар осыған назар аударулары керек)
- несеп шығару жолдарында тастардың түзілуі
Жекелеген жағдайларда:
- бұрыннан бар өт-тас ауруымен сарғаю, геморрагиялық панкреатит, жедел холецистит
- апластикалық анемия, лейкопения, тромбопения, агранулоцитоз, организмде бұған дейін фолий қышқылы тапшылығы кезінде болған мегалобласттық анемия; метилдопаны бір мезгілде қолданғанда қанда гидрохлорoтиазидке антиденелердің пайда болуы нәтижесінде туындаған гемолиз
- анафилактоидтық реакциялар, некроздық васкулит, жедел бүйрек жеткіліксіздігінің өршуі, асептикалық интерстициальді нефрит кейінгі жедел бүйрек жеткіліксіздігімен
- шок симптомдары бар өкпенің кенеттен пайда болған ісінуі сипатталған. Науқастардың әсер етуші зат гидрохлорoтиазидке аллергиялық рекциясы осыған себеп болуы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- белсенді заттарға, препараттың қосымша компоненттеріне немесе сульфаниламидтерге жоғары сезімталдық
- ауыр бүйрек жеткіліксіздігі (КК 30 мл/мин төмен, сарысудағы креатинин деңгейі 1,8 мг/дл жоғары)
- анурия
- жедел гломерулонефрит
- бауыр функциясының ауыр бұзылулары (прекома және бауыр комасы)
- гиперкалиемия
- емге төзімді гипокалиемия
- ауыр гипонатриемия
- гиповолемия
- жүктілік, лактация кезеңі
- қант диабетінің және подаграның ауыр түрі
- дене салмағы 50 кг-ден төмен балалар мен жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Триампур композитумды басқа гипотензивтік, несеп айдайтын, қантамырды кеңейтетін, ОЖЖ функциясын тежейтін дәрілермен (барбитураттармен, фенотиазинмен) немесе депрессияны жоятын дәрілермен (үшциклді антидепрессанттармен) бір мезгілде қолданғанда гипотензивтік әсері күшейеді. Ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерін қосымша қолданғанда емдеудің басында артериялық қысымның кенеттен төмендегені білінуі мүмкін.
Гидрохлорoтиазидтің белсенді затының гипотензивтік және несеп айдайтын әсері ауыруды басатын, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілердің және ревматизмге қарсы препараттардың ықпалымен бәсеңдеуі мүмкін. Триампур композитум мен индометацинді бір мезгілде қолдану бүйрек функциясына жағымсыз әсерін тигізуі (шумақтық сүзілісті төмендетуі) мүмкін.
Холестирамин мен колестипол гидрохлорoтиазидтің әсер етуші затының асқазан-ішек жолында сіңуін азайтады, бұл оның әсерінің бәсеңдеуіне және қандағы калий концентрациясының жоғарылауына әкеледі.
Препаратты метилдопамен бір мезгілде қолданғанда гидрохлортиазидке антидененің пайда болуы сирек білінген.
Калий тұздарын қабылдағанда, калий жинақтаушы дәрілік заттармен немесе белгілі бір гипотензивтік препараттармен (ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерімен) емделгенде қандағы калий мөлшерінің тым жоғарылап кеткені байқалуы мүмкін. Глюкокортикоидтармен немесе іш жүргізетін дәрілермен бір мезгілде емдегенде (шамадан тыс пайдаланғанда) қандағы калий мөлшерінің тым төмендеп кеткені байқалуы мүмкін. Триампур композитум басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттескенде мынадай әсерлер білінуі мүмкін:
-
қант диабетін және подаграны емдеу үшін қолданылатын дәрілік заттардың, құрамында норадреналин мен адреналин бар препараттар әсерінің бәсеңдеуі
-
литий препараттарын жоғары дозаларда бір мезгілде қолданғанда литийдің кардиоуытты және нейроуытты әсерінің күшеюі
-
салицилаттарды жоғары дозаларда бір мезгілде тағайындағанда олардың орталық жүйке жүйесіне жағымсыз әсерлерінің күшеюі
-
бұлшықет релаксанттары (кураре тәрізді) әсерінің күшеюі
-
организмде калий және/немесе магний тапшылығы болғанда жүрек гликозидтері әсерлерінің және жағымсыз әсерінің күшеюі
-
хинидин препараттарымен бір мезгілде емдегенде хинидиннің организмнен шығарылуының азаюы
-
цитостатиктермен бір мезгілде емдегенде сүйек кемігінің зақымдануы
-
бета-адреноблокаторлармен бір мезгілде емдегенде потенцияның бұзылуы
Бұл деректер Триампур композитуммен емдеуді бастағанға дейін біраз бұрын қабылданған дәрілік заттар үшін маңызды.
Айрықша нұсқаулар
Подаграда, сарысу креатинині жоғарғы қалыпты мән мен 1,8 мл/дл арасында болатын немесе креатинин клиренсінің аз ғана шектелуімен (30-60 мл/мин) бүйрек функциясы шектелген, бүйрек тастары бар, бауыр функциясы бұзылған, қант диабеті бар және фолий қышқылының тапшылығына күдікті емделушілерге абайлап тағайындаған жөн.
Триампур композитуммен ұзақ ем жүргізгенде қанның зертханалық параметрлерін (қалдық азотты, электролиттердің концентрациясын, әсіресе калийдің, креатининнің, липидтердің, қанттың және несеп қышқылының көрсеткіштерін) әлсін-әлсін бақылап отыру керек. Егде адамдарда немесе жүрек гликозидтерімен, бүйрек үсті безінің қыртысы гормондарымен немесе іш жүргізетін дәрілермен бір мезгілде ем жүргізгенде қандағы калий, креатинин және глюкоза концентрациясын жиі анықтайды.
Организмде фолий қышқылы тапшылығына күдік болғанда (мысалы, бауырдың алкоголдік циррозы) қан көрінісін жүйелі түрде талдап отыру керек, өйткені триамтерен фолий қышқылының әлсіз антагонисі болып табылады және мегалобластоздың пайда болуын туындатуы мүмкін. Қалқанша маңындағы без қызметін тексерудің алдында және қант жүктемесімен сынама жүргізгенге дейін кемінде үш күн бұрын Триампур композитуммен емдеуді тоқтатады, өйткені керісінше жағдайда жалған көрсеткіштер алынуы мүмкін.
Диуретиктерді шамадан тыс қолданғанда ісінумен бірге Барттер жалған синдромы пайда болуы мүмкін. Ісінулер рениннің ұлғаюымен қатар жүреді, соның салдарынан салдарлық гиперальдостеронизм пайда болады.
Препараттың құрамында лактоза бар, сондықтан препаратты тұқым қуалайтын галақтоза көтере алмаушылық, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза/галактоза мальабсорциясы бар емделушілерге қабылдауға болмайды.
Жүктілік және лактация
Электролиттік теңгерімнің бұзылуына байланысты жүкті әйелде ұрыққа жағымсыз ықпалын тигізуі, сондай-ақ, плацентаның қанмен қамтамасыз етілуі нашарлауы мүмкін. Сондықтан препаратты жүктілік кезінде қолдануға болмайды. Препаратты қабылдау кезінде бала емізуді тоқтата тұру қажет.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Препаратты қабылдау кезеңінде жоғары зейін шоғырландыруды қажет ететін әрекеттерді тоқтата тұру ұсынылады.
Артық дозалануы
Симптомдары: жедел артық дозалану артериялық қысымның төмендеуін туғызуы мүмкін (тым сирек жағдайларда ортостатикалық коллапс). Созылмалы артық дозалануда сұйықтық жоғалтуға қауіп төндіруі және электролиттік теңгерімнің бұзылуы мүмкін. Препаратты артық дозаланудың алғашқы белгілері кезінде жедел түрде тоқтату керек: жиі кіші дәретке барғысы келу, әлсіздік, шаршау, сананың шатасуы, парестезиялар, сананың бұзылуы, жүйке-бұлшықет қозуының ұлғаюы, артериялық қысымның төмендеуі, ЭКГ-де өзгерулер болатын жүрек ырғағының бұзылулары, сондай-ақ, гипо-, гиперкалиемия, құрысулар. Шұғыл жағдайларда адинамия, қозу жағдайы, алкалоз немесе ацидоз пайда болуы мүмкін.
Қант диабетіндегі, бұған дейін бүйрек немесе бауыр зақымданған кездегі (кома болуы мүмкін), сондай-ақ жүрек гликозидтерімен бір мезгілде қабылдаған кездегі несеп айдайтын компонентпен уыттану қатерлі болып табылады.
Емі: құстыру және асқазанды шаю, симптоматикалық емдеу, арнайы у қайтарғысы жоқ.
Электролиттік теңгерімді, қышқылды-сілтілі тепе-теңдікті, қандағы глюкозаны, несеппен шығарылуы тиіс заттарды және қан айналымын мұқият бақылау және қажет болғанда оларды түзету қажет. Бүйректе триамтереннің кристалдануының алдын алу мақсатында организмге сұйықтықтың жеткілікті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз ету керек. Жедел ацидоз натрий бикарбонатының изотониялық ерітіндісін енгізу арқылы компенсациялануы мүмкін.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
Пластмасса қақпақшамен тығындалған шыны құтыға 50 таблеткадан салынған.
1 құтыдан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Pliva Hrvatska d.o.o.,
Прилаз баруна Филиповича, 25
10 000 Загреб, Хорватия
Тіркеу куәлігінің иесі
Teva Pharmaceutical Industries Ltd, Израиль
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндгі шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«ратиофарм Қазақстан» ЖШС
050000, Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Әл-Фараби д-лы 19,
Нұрлы Тау бизнес орталығы 1Б, 603, 604 кеңсе
Телефон, факс (727) 311-09-15; 311-07-34
E-mail teva@teva.co.il