Дексаметазон (4мг/мл) (Белмедпрепараты РУП) (Dexamethasone)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Дексаметазон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Дексаметазон
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 4 мг/мл, 1 мл, 2 мл ерітінді
Құрамы
1 мл препарат құрамында
белсенді зат – 4 мг дексаметазон натрий фосфаты (дексаметазон фосфатына шаққанда),
қосымша заттар: глицерин, динатрий фосфаты дигидраты немесе динатрий фосфаты додекагидраты, динатрий эдетаты, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Мөлдір түссіз немесе ақшыл-сары түсті ерітінді.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Дексаметазон.
АТХ коды H02AB02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Көктамыр ішіне енгізгенде арнайы тасымалдаушы-ақуызбен– транскортинмен – 70-80% ға байланысады; препараттың жоғарғы дозасын енгізгенде ақуыздармен байланысуы транскортиннің қанығуына байланысты 60-70% - ға төмендейді. Гистогематикалық бөгет арқылы гематоэнцефалдық және плацентарлықты қоса жеңіл өтеді. Парентеральді енгізгенде метаболизденуі жылдамырақ және тиісінше фармакологиялық әсері де қысқа. Смах 1-2 сағат аралығында жетеді. Негізінен глюкурон және күкірт қышқылынан белсенді емес метаболиттерге дейін конъюгациялануы арқылы бауырда биотрансформацияға ұшырайды.
Қаннан Т1/2 жартылай шығарылу кезеңі 3-5 сағатты құрайды, жартылай шығарылуының биологиялық кезеңі – 36-54 сағат. 17-кетостероидтар, глюкуронидтер, сульфаттар түрінде, негізінен несеп арқылы шығарылады (аздаған бөлігі – емшек сүтімен). Өзгермеген түрінде несеппен дексаметазонның 15%-ға жуығы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Арнайы цитоплазмалық рецепторлармен өзара әрекеттесіп, мРНҚ синтезін ынталандыратын және жасуша ядросына енетін жиынтық түзеді: жасушалық әсері арқылы ақуыздардың оның ішінде липокортиннің түзілуін индукциялайды. Липокортин А2 фосфолипазаны бәсеңдетеді, арахидон қышқылының либерациясын басады және қабыну, аллергия және басқа да үдерістерге ықпал ететін эндоасқынтотығы, простагландиндер, лейкотриендер биосинтезін тежейді. Эозинофилдер мен жуан жасушалардан қабыну медиаторларының босап шығуын тежейді. Гиалуронидазалар, коллагеназалар және протеазалар белсенділігін тежейді, сүйек тіндері мен шеміршек тіндерінің жасуша аралық матриксінің функциясын қалпына келтіреді. Қылтамырлардың өткізгіштігін төмендетеді, жасушалық, оның ішінде лизосомалық жарғақшаны тұрақтандырады, лимфоциттер мен макрофагтардан цитокиндердің (интерлейкиндер мен гамма-интерферондар) босап шығуын бәсеңдетеді, лимфалық тіндердің инволюциясын туындатады. Адренорецепторлардың катехоламиндерге сезімталдығын қалпына келтіреді. Ақуыздар катаболизмін жеделдетеді, глюкозаның шеткергі тіндермен утилизациясын төмендетеді және бауырдағы глюконеогенезді жоғарылатады. Кальцийдің шығарылуын арттырады және сіңуін азайтады; натрийді (және суды) іркіп қалып, АКТГ сөлінісін азайтады.
Қолданылуы
- препаратты пероральді қабылдау мүмкін болмаған жағдайда
- жылдам әсер ететін глюкокортикостероидты енгізуді талап ететін аурулар
- буынның айқын қабынуында (инфекциядан басқа), әдеттегі ем тиімсіз болса, сондай-ақ синовитпен және жалқықпен (синовиальді сұйықтықтың аспирациясынан кейін) басқа жағдайларда – шокта (күйіктік, жарақаттық, операциялық, уыттық)
-фиброзды-тығыздалған фолликулитте, сақина тәрізді гранулемада, саркоидозда
- мидың ісінуінде
- аллергиялық реакцияларда
-эметогенді химиотерапия жүргізу кезінде лоқсудың және құсудың профилактикасында
- жаңа туған балалардың респираторлық дистресс-синдромында
- бүйрек үсті безі қыртысының жедел жеткіліксіздігінде
- бронх демікпесінде
- тиреотоксикоздық кризде
- жедел гепатитте
- бауыр комасында
Қолдану тәсілі және дозалары
Көктамыр ішіне (к/і), бұлшықет ішіне (б/і), буын ішіне, периартикулярлы.
Ересектерге жедел және шұғыл жағдайларда к/і ақырын, сорғалатып немесе тамшылатып немесе бұлшықет ішіне 4-20 мг дозада тәулігіне 3-4 рет енгізеді. Ең жоғарғы бір реттік дозасы – 80 мг. Демеуші дозасы – тәулігіне 0,2-9 мг. Емдеу курсы 3-4 күн, содан кейін дексаметазонды пероральді қолдануға көшеді.
Балаларға – б/і, 0,02776-0,16665 мг/кг дозада, 12-24 сағат сайын.
Буын ішіне енгізгенде ұсынылған доза бір рет, 0.4 мг-ден 4 мг-ге дейін. Буынішілік инъекцияларды 3-4 айдан соң қайталауға болады; препаратты бір жыл бойы сол буынға ең көбі 3-4 рет енгізу керек; препаратты 2 буынға бір мезгілде енгізуге болады. Тым жиі қолдану буын шеміршегінің зақымдануына әкеледі. Препараттың дозасы зақымдалған буынның көлеміне байланысты. Әдетте үлкен буындарға 2-4 мг, ал кіші буындарға 0.8-1 мг дексаметазон енгізіледі. Синовиальді қапқа енгізілетін дексаметазонның дозалары 2-3 мг құрайды; сіңірдің қынабына енгізілетін дозалар 0.4-1 мг құрайды; сіңірге енгізілетін дозалар 1-2 мг құрайды.
Зақымданған жерге енгізілетін дексаметазонның дозасы буын ішіне енгізілетін дозаға тең. Препаратты ең көбі 2 зақымданған жерге бір мезгілде енгізуге болады.
Буынның айналасындағы жұмсақ тіндерге енгізу үшін 2-ден 6 мг-ге дейін дозаларды қолдану ұсынылады.
Шокта (ересектерге) – к/і бір рет 20 мг, содан кейін 24 сағат ішінде 3 мг/кг үздіксіз инфузия түрінде немесе к/і бір рет 2-6 мг/кг, не к/і әрбір 2-6 сағат сайын 40 мг, к/і бір рет 1 мг/кг енгізуге де болады. Әдетте ұзақтығы кемінде 2-3 тәулік болатын шокты емдеу пациенттің хал-жағдайы тұрақталған жағдайда тоқтатылады.
Мидың ісінуі кезінде (ересектерге) – к/і 10 мг, содан кейін симптомдары жойылғанға дейін б/і әрбір 6 сағат сайын 4 мг; 2-4 тәуліктен кейін дозаны азайтады және біртіндеп – 5-7 тәулік ішінде – емдеуді тоқтатады.
Аллергиялық аурулар – б/і бірінші инъекцияны 4-8 мг. Бұдан әрі емдеу пероральді дәрілік түрмен жүргізіледі.
Жүрек айнуы және құсу кезінде химиотерапия жүргізу кезінде – химиотерапия сеансына дейін 5-15 минутта к/і 8-20 мг. Бұдан әрі химиотерапия пероральді дәрілік түрді қолданумен жүргізілуі тиіс. Нәрестелердің респираторлық дистресс-синдромын емдеу кезінде - б/і әрбір 12 сағат сайын 5 мг-ден 4 рет енгізу керек, келесісі жетінші күннен бастап 24 сағат сайын. Ең жоғарғы тәуліктік дозасы - 80 мг.
Дексаметазонды қолдану ұзақтығы патологиялық үдерістің сипатына және емнің тиімділігіне тәуелді және бірнеше күннен бірнеше айға дейінді және одан көпті құрайды.
Бүйрек безі қыртысының жедел жеткіліксіздігі кезінде (балаларға) б/і тәулігіне 0,0233 мг/кг (0,67 мг/м2) әрбір үшінші тәулікте 3 инъекциядан, немесе күн сайын тәулігіне 0,00776-0,01165 мг/кг (0,233-0,335 мг/м2).
Препаратты кенеттен тоқтатқанда, әсіресе жоғары дозаларды қолданған жағдайда, глюкокортикостероидтарды тоқтату синдромы дамуы мүмкін: анорексия, жүрек айнуы, мәңгіру, жайылған бұлшықет-қаңқа ауыруы, жалпы әлсіздік. Ұзақ емнен кейін дозаны өте тез төмендету бүйрек асты безінің жедел жеткіліксіздігіне, артериялық гипотензияға, өлім жағдайына алып келуі мүмкін. Препаратты тоқтатқаннан кейін бірнеше ай бойына салыстырмалы бүйрек үсті безі қыртысының жеткіліксіздігі сақталуы мүмкін. Егер бұл кезеңде күйзеліс жағдайлары туындаса, уақытша глюкокортикоидтар, ал қажет болғанда – минералокортикоидтарды тағайындайды.
Жағымсыз әсерлері
Жағымсыз әсерлердің даму жиілігі және айқындығы қолдану ұзақтығына, қолданылатын дозаның көлеміне және тағайындалған циркадты ырғақты сақтау мүмкіндігіне байланысты.
- глюкозаға төзімділіктің кемуі, "стероидты" қант диабеті немесе латентті қант диабетінің манифестациясы, бүйрек безі функциясын бәсеңдету, Иценко-Кушинг синдромы (ай тәрізді бет әлпеті, гипофизарлық түрдегі семіру, гирсутизм, артериялық қысымның жоғарылауы, дисменорея, аменорея, миастения, стриялар), балалардың жыныстық дамуының кідіруі
- тәбеттің жоғарылауы немесе төмендеуі, метеоризм, ықылық ату, жүрек айнуы, құсу, панкреатит, асқазанның және 12-елі ішектің "стероидты" ойық жарасы, эрозивті эзофагит, асқазан-ішек жолынан қан кетуі және оның тесілуі. Сирек жағдайларда - "бауырдың" трансаминазаларының және сілтілі фосфатазасы белсенділігінің артуы
- аритмия, брадикардия (жүректің тоқтап қалуына дейін); созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің айқындылығының дамуы (бейім пациенттерде) немесе күшеюі, гипокалиемияға тән электрокардиограммадағы өзгерістер, артерияық қысымның жоғарылауы, гиперкоагуляция, тромбоздар. Жедел және жай өрбитін миокард инфарктымен ауыратындарда - некроз ошағының таралуы, тыртық тінінің қалыптасуының баяулауы, бұл жүрек бұлшықетінің жыртылуына әкелуі мүмкін.
- делирий, бағдардан жаңылу, эйфория, елестеулер, маниакальді-депрессивті психоз, депрессия, паранойя, бассүйекішілік қысымның жоғарылауы, күйгелектік немесе мазасыздық, ұйқысыздық, бас айналу, вертиго, мишықтың жалған ісігі, бас ауыруы, құрысу
- көзбен көру қабілетін кенеттен жоғалту (басқа, мойынға, мұрынға, бастың терісіне парентеральді енгізу кезінде көздің қан тамырларында препарат кристалдарының жиналып қалуы мүмкін), артқы субкапсулярлы катаракта, көру жүйкесінің зақымдану мүмкіндігімен көзішілік қысымның жоғарылауы, көздің салдарлы бактериялық, зеңдік немесе вирусты инфекциялардың дамуына бейімділік, мөлдір қабықтың трофикалық өзгерістері, экзофтальм
- Ca2+ көп бөлінуі, гипокальциемия, дене салмағының артуы, теріс азотты теңгерім (ақуыздардың көптеп ыдырауы), қатты тершеңдік. Минералокортикостероидты белсенділікпен шартталған – сұйықтықтың және Na+ іркілуі (шеткергі ісінулер), гипернатриемия, гипокалиемиялық синдром (гипокалиемия, аритмия, миалгия немесе бұлшықеттің түйілуі, әдеттегіден тыс әлсіздік және қажығыштық)
- балаларда өсуінің және сүйектену үдерісінің баяулауы (өсудің эпифизарлық аумағының уақытынан бұрын жабылып қалуы), остеопороз (өте сирек – сүйектің патологиялық сынықтары, иық және жамбас сүйектері басының асептикалық некрозы), бұлшықет сіңірлерінің үзілуі, "стероидты" миопатия, бұлшықет массасының азаюы (атрофия)
- жараның баяу жазылуы, петехиялар, экхимоздар, терінің жұқаруы, гипер- немесе гипопигментация, стероидты секпіл, стриялар, пиодермияның және кандидоздың дамуына бейімділік
- аллергиялық реакциялар: жайылған (тері бөртпесі, терінің қышуы, анафилактикалық шок), жергілікті аллергиялық реакциялар
- инфекциялардың дамуы немесе күшеюі (мұндай жағымсыз әсердің пайда болуына иммунодепрессанттар мен вакцинацияны бірге жасау әсер етеді), лейкоцитурия, "тоқтату" синдромы
- парентеральді енгізу кезіндегі жергілікті реакциялар: күйдіру, ұйып қалу, ауыру, енгізу орнындағы парестезиялар және инфекциялар, сирек – айналадағы тіндердің некрозы, инъекция орнында тыртық пайда болу; б/і ішіне енгізу кезінде терінің және тері асты шелінің атрофиясы (әсіресе дельта тәрізді бұлшықетке енгізу қауіпті). К/і енгізу кезінде: аритмия, қанның бетке "тебуі", құрысу. Интракраниальді енгізу кезінде – мұрыннан қан кету. Буын ішіне енгізу кезінде – буында ауырудың күшеюі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- өмірлік көрсеткіштер бойынша қысқа уақытта қолдану үшін жалғыз қарсы көрсетілімі аса жоғары сезімталдық болып табылады.
- буын ішіне енгізу үшін: бұдан бұрынғы артропластикада, патологиялық қан кетуде (эндогенді немесе антикоагулянттар қолданғандықтан), сүйектің буынішілік сынығында, буынның инфекциялық (сепсистік) қабыну үдерісінде және периартикулярлық инфекцияларда (соның ішінде сыртартқысында), сондай-ақ жалпы инфекциялық ауруларда, айқындалған буын маңайы остеопорозында, буында қабыну белгілерінің болмауында, ("құрғақ" буын деп аталады, мысалы, синовитсіз остеоартроз кезінде), сүйектің айқын деструкциясында және буынның деформациясында (буын саңылауының кенеттен тарылуы, анкилоз), артриттің нәтижесі ретінде буынның тұрақсыздығында, сүйектер эпифиздері буындарында қалыптасқан асептикалық некрозында
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Дексаметазон өзге дәрілік заттармен фармацевтикалық үйлеспейді (ерімейтін қосылыстар пайда болуы мүмкін). Дексаметазон жүректің гликозидтерінің уыттылығын жоғарылатады (туындайтын гипокалиемияның салдарынан аритмияның даму қаупі жоғарылайды). Ацетилсалицил қышқылының шығарылуын жеделдетеді, оның қандағы деңгейін төмендетеді (дексаметазонды тоқтатқан кезде қандағы салицилат концентрациясы ұлғайып, жағымсыз әсерлердің даму қаупі артады). Тірі вирусқа қарсы вакцинамен бір мезгілде қолданған кезде және иммунизацияның өзге де түрлерінің аясында вирустардың белсенділігін және инфекциялардың даму қаупін ұлғайтады. Изониазидтің, мексилетиннің (әсіресе "жылдам ацетиляторларда") метаболизмін жоғарылатады, бұл олардың плазмалық концентрацияларының азаюына әкеледі. Парацетамолдың гепатоуытты әсерінің даму қаупін ұлғайтады ("бауыр" ферменттерінің индукциясы және парацетамолдың уытты метаболитінің пайда болуы). Фолий қышқылының мөлшерін (ұзақ емдеу кезінде) арттырады. Дексаметазонды енгізуден туындаған гипокалиемия миорелаксанттар аясында бұлшықет бөгелісінің айқындылығын және ұзақтығын арттыруы мүмкін. Жоғары дозада соматропиннің тиімділігін төмендетеді. Дексаметазон гипогликемикалық дәрілік заттардың әсерін төмендетеді; кумарин туындыларының антикоагулянтты әсерін күшейтеді. Ішектің саңылауында Ca2+ сіңірілуіне D витаминінің әсерін әлсіретеді. Эргокальциферол және паратгормон дексаметазонмен туындаған остеопатияның дамуына кедергі келтіреді. Қанда празиквантел концентрациясын азайтады. Циклоспорин (метаболизмді бәсеңдетеді) және кетоконазол (клиренсті азайтады) дексаметазонның уыттылығын арттырады. Тиазидті диуретиктер, карбоангидраза тежегіштері, глюкокортикостероидтар және В амфотерицин гипокалиемия даму қаупін арттырады, құрамында Na+ бар ДЗ – ісінуді және артериялық қысымды жоғарылатады. Стероидты емес қабынуға қарсы препараттар және этанол асқазан-ішек жолының шырышты қабықтарының ойық жаралануының дамуын және қан кету қаупін арттырады, стероидты емес қабынуға қарсы препараттармен біріктіріп артритті емдеу үшін емдік тиімділік жиынтығының салдарынан глюкокортикостероидтардың дозасы азайтылуы мүмкін. Индометацин, дексаметазонды альбуминдермен байланыстан шеттетіп, оның жағымсыз әсерінің даму қаупін көбейтеді. Амфотерицин В және карбоангидраза тежегіштері остеопороздың даму қаупін арттырады. Дексаметазонның емдік әсері фенитоиннің, барбитураттың, эфедриннің, теофиллиннің, рифампициннің және басқа "бауырдың" микросомалды ферменттерінің (метаболизмнің жылдамдығы артады) индукторларының әсерінен төмендейді. Митотан және бүйрек безі қабының функциясының басқа тежегіштері глюкокортикостероидтардың дозасын жоғарылату қажеттігіне шартталуы мүмкін. Глюкокортикостероидтардың клиренсі қалқанша безі гормондарының аясында артады. Иммунодепрессанттар инфекциялардың және лимфомалардың немесе Эпштейн-Барр вирусына байланысты басқа да лимфопролиферативті бұзылулардың даму қаупін жоғарылатады. Эстрогендер (пероральді эстрогеннен тұратын контрацептивтерді қоса) глюкокортикостероидтар клиренсін азайтады, жартылай шығарылу кезеңін және олардың емдік және уытты әсерін ұзартады. Гирсутизм мен безеулердің пайда болуына басқа да стероидты гормональді дәрілік заттарды - андрогенді, эстрогенді, анаболиктерді, пероральді контрацептивтерді бір мезгілде қолдану ықпал етеді. Үшциклді антидепресанттар глюкокортикостероидтарды қабылдаудан туындаған депрессияның айқындығын күшейтуі мүмкін (аталған жағымсыз әсерлерін емдеу үшін көрсетілмеген). Катарактаның даму қаупі басқа да глюкокортикостероидтар, психозға қарсы дәрілік заттарды (нейролептик), карбутамидті және азатиопринді қолдану аясында жоғарылайды. М-холиноблокаторлармен (антигистаминдік дәрілік заттарды, үш циклді антидепрессантармен қоса), нитраттармен бір мезгілде тағайындау көзішілік қысымның жоғарылауының дамуына әкеледі. Йофендилатпен бір мезгілде интертекальді қолдану кезінде арахноидит даму қаупі жоғарылайды.
Айрықша нұсқаулар
Абайлап: вирустық, зеңдік немесе бактериальді табиғатынан паразитарлық және инфекциялық аурулар (қазіргі кезде немесе жақында ауырып тұрған, аурумен жақындағы қарым-қатынасты қоса) – қарапайым герпес, белдемелі герпес (виремиялық фаза), желшешек, қызылша; амебиаз, стронгилоидоз
(анықталған немесе күмәнді); жүйелі микоз; белсенді және латентті туберкулез. Ауыр инфекциялық аурулар кезінде арнайы ем аясында ғана қолдануға жол беріледі. Вакцинациядан кейінгі кезең (кезеңнің ұзақтығы вакцинацияға дейін 8 апта және одан кейін 2 апта), БЦЖ қарсы егуден кейін лимфаденит. Иммунитет тапшылығы жағдайлары (соның ішінде ЖИТС немесе АИТВ-жұқпа жұқтырғандар). Асқазан-ішек аурулары: асқазан және 12-елі ішектің ойық жаралары, эзофагит, гастрит, жедел немесе латентті пептикалық ойық жара, жақында жасалынған ішек анастомозы, тесілу немесе абсцесс қатерімен спецификалық емес ойық жара колиті, дивертикулит. Жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары, соның ішінде жақында өткерген миокард инфарктісі (жедел және жедел алды миокард инфарктісімен науқастарда некроз ошағы таралуы, тыртық тінінің қалыптасуының баяулауы және соның салдарынан – жүрек бұлшық етінің жыртылуы мүмкін), декомпенсацияланған созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия, гиперлипидемия. Эндокриндік аурулар – қант диабеті (соның ішінде көмірсуға төзімділігінің бұзылуы), тиреотоксикоз, гипотиреоз, Иценко-Кушинг ауруы. Ауыр созылмалы бүйрек және/немесе бауыр жеткіліксіздігі, нефроуролитиаз. Гипоальбуминемия және оның туындауына бейім жағдайлар. Жүйелі остеопороз, gravis миастениясы, жедел психоз, семіру (III-IV сатысы), полиомиелит (бульбарлық энцефалиттен басқасы), жүктілік, лактация кезеңі. Буынның ішіне енгізу кезінде: пациенттің жалпы ауыр жағдайы, 2 алдыңғы енгізудің (глюкокортикоидты қолданғандағы жеке қасиеттерді есепке алғанда) тиімсіздігі (немесе уақытының қысқалығы).
Арнайы емес ойық жаралы колитте, ішектің дивертикулитінде, гипоальбуминемия аясында тағайындау кезінде абай болу қажет. Интеркурренттік инфекциялар жағдайында, туберкулезде, сепсистік жағдайда тағайындау алдын ала және содан кейін бір мезгілдік бактерияға қарсы емді талап етеді. Гипотиреозда және бауыр циррозында, психоздық симптоматиканың және эмоциялық құбылмалылықтың аггравациясында, олардың бастапқы деңгейі жоғары болғанда әсерінің күшеюін ескеру қажет, инфекциялардың кейбір симптомдарының бүркемеленуі, дексаметазонды тоқтатқаннан кейін (әсіресе ұзақ уақыт қолданғанда) бүйрек үсті безінің салыстырмалы жеткіліксіздігінің бірнеше ай бойы сақталуы ықтимал (1 жылға дейін). Ұзақ уақыт емдеу курсында балалардың өсуі мен даму динамикасын мұқият қадағалап, жүйелі түрде офтальмологиялық тексеру жүргізіп, гипоталамо-гипофизарлы-бүйрек үстілік жүйені, қандағы глюкоза деңгейін бақылау керек. Емді біртіндеп қана тоқтатады. Әртүрлі операциялар жасағанда, инфекциялық аурулар дамыған жағдайларда, жарақаттарда сақтық шараларын ұстану ұсынылады, иммунизация жасаудан, спирттік ішімдіктер қабылдаудан аулақ болған жөн. Балаларда артық дозалануының алдын алу үшін, дозаны дене беткейінің көлеміне байланысты есептейді. Қызылша, желшешек және басқа да инфекциялары бар науқастармен қарым-қатынаста болғанда қосымша профилактикалық ем тағайындайды.
Жүктілік және лактация кезеңі
Дексаметазонды жүктілік кезінде өмірлік көрсеткіштері бойынша ғана, яғни анасы үшін болжанған пайда ұрыққа деген қаупінен жоғары болғанда ғана, қолдануға болады.
Емдеу уақытында емшекпен емізуді тоқтату керек, себебі препарат баланың өсуіне және эндогендік глюкокортикостероидтардың сөлінісіне әсер етеді.
Педиатрияда қолданылуы
Жасы 1 айдан асқан балаларға медициналық көрсеткіштер бойынша дәрілік заттың қолданылуы мүмкін.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дәрілік затты қолдану бас айналуы және бұлшықет әлсіздігі секілді жағымсыз әсерлер шақыруы мүмкін.
Көлік құралдарын және әлеуетті қауіпті механизмдерді басқаруда сақтық шараларын сақтау керек.
Артық дозалануы
Симптомдары: глюкокортикоидтардың артық дозалануы салдарынан жедел уытты уланулар және/немесе өліммен аяқталулары туралы хабарлаулар өте сирек болған. Жағымсыз әсерлері күшеюі мүмкін.
Емі: препаратты тоқтату, өмірлік маңызы бар функцияларды демеуге бағытталған симптоматикалық ем; Иценко-Кушинг синдромында –аминоглутемид тағайындалады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Инъекцияға арналған 4 мг/мл. ерітінді.
1 мл немесе 2 мл ден бейтарап шыныдан жасалған ампулаларға құйылған.
5 ампуладан пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
1 немесе 2 пішінді ұяшықты қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен және ампула скарификаторымен бірге картон қорапшаға салынған.
10 ампуладан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен және ампула скарификаторымен бірге картоннан жасалған қорапқа салынған. Сындыратын сақинасы бар ампуланы қолданғанда, ампуланы ампула скарификаторынсыз қаптауға жол беріледі.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде 25 0С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Белмедпрепараттар» РУК, Беларусь Республикасы
Заңды мекенжайы және шағымдарды қабылдау үшін мекенжайы:
220007, Минск қ., Фабрициус к-сі, 30,
т./ф.: (+375 17) 220 37 16,
e-mail: medic@belmedpreparaty.com.
Тіркеу куәлігі иесінің атауы мен елі
«Белмедпрепараттар» РУК, Беларусь Республикасы
Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сапасы жөнінде тұтынушылардан шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«КазБелМедФарм» ЖШС
Заңды мекенжайы / Нақты мекенжайы: ҚР 050028, Алматы қ., Бейсебаев к-сі. 151 үй
Телефон/факс нөмірлері: 8(727) 383-93-74; 383-93-69
Электронды поштасы: info@kmbf.kz