Виатаф
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Виатаф
Халықаралық патенттелмеген атауы
Силденафил
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 50 мг, 100 мг
Құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді зат – 70.240 мг және 140.480 мг силденафил цитраты, сәйкесінше 50 мг және 100 мг силденафилге баламалы,
қосымша заттар: сусыз кальций гидрофосфаты, микрокристалды целлюлоза (санаты - 200), натрий кроскармеллозасы, сусыз коллоидты кремний, магний стеараты,
қабықтың құрамы: Опадрай II Ақ 32К18425 (лактоза моногидраты, гипромеллоза (15ср), титанның қостотығы (Е171), триацетин).
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, екі жағы дөңес, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында "SL" өрнегі, екінші жағында & "50" өрнегі бар таблеткалар (50 мг доза үшін).
Дөңгелек пішінді, екі жағы дөңес, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында "SL" өрнегі, екінші жағында & "100" өрнегі бар таблеткалар (100 мг доза үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Несеп-жыныс жүйесі және жыныс гормондары. Урологиялық препараттар. Эректильді дисфункция кезінде қолданылатын препараттар. Силденафил.
ATХ коды G04BE03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Ішке қабылдағаннан кейін силденафил жылдам сіңеді. Силденафил қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрацияларына (Cmax) ашқарынға ішу арқылы қабылдағаннан кейін 30-дан 120 минутқа (медиана 60 минут) дейінгі аралықта жетеді. Препаратты ішу арқылы қабылдаған кездегі абсолюттік биожетімділігі 41 % құрайды (мәндердің 25 - 63% диапазонымен). Силденафилді ұсынылған дозалар ауқымында (25 - 100 мг) ішу арқылы қолданғаннан кейін фармакокинетикалық қисық астындағы ауданы (AUC) мен Cmax мәндері қабылданған дозасына тікелей пропорционалды артады.
Силденафилді тамақпен бірге қабылдаған кезде сіңу жылдамдығы қан плазмасында ең жоғарғы концентрацияларына (tmax) жетудің 60 минут орташа уақыт кідірісімен және Cmax мәнінің 29 %-ға орташа азаюымен төмендейді.
Таралуы
Силденафил үшін таралуының орташа тепе-теңдік көлемі (Vd) 105 л құрайды, бұл оның организм тіндеріне таралатындығын көрсетеді.
Силденафилді бір реттік 100 мг дозада ішу арқылы қабылдағаннан кейін силденафилдің қан плазмасындағы ең жоғарғы орташа концентрациясы 440 нг/мл жуықты құрайды (40 % ауытқу коэффициентімен). Силденафил (және оның айналыстағы негізгі метаболиті - N-десметил-метаболит) қан плазмасы ақуыздарымен 96 %-ға байланысатындығына байланысты, бос силденафилдің қан плазмасындағы ең жоғарғы орташа концентрациясы 18 нг/мл (38 нМ) құрайды. Ақуыздармен байланысуы препараттың жалпы концентрацияларына тәуелсіз.
Силденафилді бір рет 100 мг дозада қабылдағанда, дозасын қабылдағаннан кейін 90 минуттан соң эякулятта препараттың қабылданған дозасының 0,0002 %-дан азы (орташа алғанда - 188 нг) анықталды.
Метаболизмі
Силденафилдің метаболизмі көбінесе бауырдың микросомалық CYP3A4 (негізгі жолы) және CYP2C9 изоферменттері (қосалқы жолы) мен P450 цитохромының қатысуымен жүзеге асады.
N-деметилдену жолымен силденафилдің айналыстағы негізгі метаболиті түзіледі, ол жартылай шығарылуының шамамен 4 сағатты құрайтын ақырғы кезеңімен ары қарай метаболизмге ұшырайды. Метаболиті силденафилдің осындайымен салыстырмалы фосфодиэстеразаға селективтілік бейінімен сипатталады, ал метаболиттің 5-ші типті фосфодиэстеразаға (ФДЭ-5) қатысты белсенділігі препараттың бастапқы затының 50 %-ға жуығын құрайды.
Бұл метаболиттің қан плазмасындағы концентрациялары силденафил концентрациясының 40 %-ға жуығын құрайды.
Шығарылуы
Силденафилдің жалпы клиренсі 41 л/сағатты құрайды, ал жартылай шығарылуының ақырғы кезеңі 3-тен 5 сағатқа дейін. Ішу арқылы қабылдағаннан кейін, силденафил метаболиттер түрінде негізінен нәжіспен (қабылданған пероральді дозасының 80 %-ға жуығы) және аз дәрежеде несеппен (қабылданған пероральді дозасының 13 %-ға жуығы) шығарылады.
Пациенттердің ерекше топтарындағы фармакокинетикасы
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде (65 жас шамасындағы және одан үлкен) силденафил клиренсінің төмендеуі байқалды, бұл силденафил мен оның белсенді N-деметилденген метаболитінің плазмадағы концентрацияларының шамамен 90 %-ға артуына түрткі болды. Жас ерекшеліктеріне байланысты, қан плазмасы ақуыздарымен байланысуында, қан плазмасындағы бос силденафил концентрациясының артуы шамамен 40 %-ды құрайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бүйрек функциясы бұзылуының жеңіл немесе орташа дәрежесі бар пациенттерде (креатинин клиренсі 30-80 мл/мин) 50 мг дозада бір рет ішу арқылы қабылдағаннан кейін силденафилдің фармакокинетикасы өзгермейді. N-деметилденген метаболитінің AUC және Cmax орташа көрсеткіштерінің жоғарылауы сәйкесінше 126 %-ға және 73 %-ға дейінді құрады. Алайда пациенттер арасында көрсеткіштердің ауытқымалылығы жоғары болуына байланысты, бұл ерекшеліктер статистикалық тұрғыдан маңызды болған жоқ. Бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) пациенттерде силденафилдің клиренсі төмендеді, бұл AUC және Cmax көрсеткіштерінің жас шамалары ұқсас, бүйрек функциясы бұзылмаған пациенттермен салыстырғанда сәйкесінше 100 % және 88 %-ға орташа жоғарылауларына алып келді. Бұдан өзге, N-деметилденген метаболиті үшін AUC және Cmax мәндері де айтарлықтай - сәйкесінше 200 % және 79 %-ға артты.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер
Ауырлық дәрежесі жеңіл және орташа бауыр циррозы бар пациенттерде (Чайлд-Пью жіктеуі бойынша А және В сатылары) силденафилдің клиренсі төмен болды, бұл AUC (84 %-ға) және Cmax (47 %-ға) көрсеткіштерінің артуына алып келді.
Бауыр функциясы бұзылуының ауыр дәрежесі бар пациенттердегі силденафилдің фармакокинетикасы зерттелген жоқ.
Фармакодинамикасы
Әсер ету механизмі
Силденафил, эректильді дисфункцияны емдеуге арналған пероральді дәрілік препарат, яғни сексуалдық стимуляция кезінде ол бұзылған эректильді функцияны жыныс мүшесіне келетін қан ағымын арттыру арқылы қалпына келтіреді.
Жыныс мүшесі эрекциясының физиологиялық механизміне сексуалдық стимуляция кезінде қуыс денелерде азот тотығының (NO) босап шығуы кіреді. Азот тотығы гуанилатциклаза ферментін белсендіреді, бұл циклдық гуанозинмонофосфат (цГМФ) деңгейлерінің жоғарылауына, кейіннен қуыс денелердегі тегіс бұлшықеттердің босаңсуына және қан ағымының артуына алып келеді.
Силденафил қуыс денелердегі цГМФ ыдырауына жауап беретін цГМФ - 5-ші типті спецификалық фосфодиэстеразаның (ФДЭ-5) күшті және іріктелген тежегіші болып табылады. Силденафил эрекцияға шеткері әсер береді. Силденафил адамдағы оқшау қуыс денеге тікелей босаңсытқыш әсер бермейді, бірақ осы тінге NO босаңсытыш әсерін айтарлықтай күшейтеді. Сексуалдық стимуляция кезінде орын алатындай, NO/цГМФ метаболизм жолы белсенділенген кезде, силденафилдің ФДЭ-5 тежеуі қуыс денелердегі цГМФ деңгейлерінің артуына алып келеді. Сондықтан, силденафил күтілгендей өнімді фармакологиялық әсер беруі үшін, сексуалдық стимуляция қажет.
Қолданылуы
- жыныс мүшесінің қанағаттанарлық жыныстық қатынас үшін жеткілікті эрекцияға жетуге немесе оны сақтап тұруға қабілетсіздігімен сипатталатын эректильді дисфункцияда.
Виатаф тек сексуалдық стимуляция кезінде ғана тиімді.
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішу арқылы қолдануға арналған.
Виатаф препаратын тамақпен бірге немесе бөлек қабылдауға болады. Дегенмен, Виатаф препаратының әсері басталуы үшін тамақпен бірге қабылданған жағдайда көп уақыт қажет болуы мүмкін.
Дозалау режимі
Ересектерде қолданылуы
Виатаф препаратының ұсынылатын дозасы жыныстық қатынасқа дейін шамамен 1 сағат бұрын ішке қабылданатын 50 мг құрайды. Тиімділігі мен көтерімділігін ескере отырып, дозасын 100 мг дейін арттыруға болады. Ұсынылатын ең жоғарғы дозасы 100 мг құрайды.
Таблетканы тұтастай, бір стақан сумен ішіп жұту керек.
Ұсынылатын ең жоғарғы қабылдау жиілігі – тәулігіне 1 рет.
Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде (≥ 65 жас) дозасын түзету қажет емес.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бүйрек функциясы бұзылуының жеңіл және орташа дәрежесі кезінде (креатинин клиренсі 30-80 мл/мин) дозасын түзету қажет емес. Бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) пациенттердегі силденафил клиренсінің төмендеуіне байланысты, Виатаф препаратын 25 мг дозада қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Препараттың тиімділігі мен көтерімділігіне байланысты, қажет болса оның дозасын сатылап, 50 мг дейін және 100 мг дейін арттыруға болады.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бауыр функциясының бұзылуы бар (мысалы, циррозы бар) пациенттерде силденафил клиренсінің төмендігіне байланысты, препаратты 25 мг дозада қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Препараттың тиімділігі мен көтерімділігіне қарай, қажет болса, оның дозасын сатылап, 50 мг дейін және 100 мг дейін арттыруға болады.
Балалар мен жасөспірім пациенттер
Силденафил балалар мен жасөспірімдерге (< 18 жас) қолдануға арналмаған.
Басқа дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерде қолданылуы
Силденафилмен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайтын ритонавирден басқа, препаратты CYP3A4 тежегіштерімен қатарлас ем қабылдап жүрген пациенттерде бастапқы 25 мг дозасында қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.
Альфа-адреноблокаторлармен емделіп жүрген пациенттерде постуральді артериялық гипотензияның даму қаупін төмендету мақсатында, силденафилмен емдеуді бастамас бұрын, альфа-адреноблокаторларды қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын тұрақтандыру керек. Бұдан өзге, силденафилді 25 мг дозасынан бастап қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.
Жағымсыз әсерлері
Төменде келтірілген жағымсыз әсерлері кездесу жиілігіне сәйкес жіктелген. Жиілік санаттары MedDRA (Реттеушілік әрекет терминдерінің медициналық сөздігі) белгілемелеріне сәйкес анықталған: өте жиі (≥1/10); жиі (≥1/100 - <1/10 дейін); жиі емес (≥1/1000 - <1/100 дейін); сирек (≥1/10000 - <1/1000 дейін); өте сирек (<1/10000); белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес).
Өте жиі
- бас ауыруы
Жиі
- бас айналуы
- түстерді ажыратудың бұрмалануы (хлоропсия, хроматопсия, цианопсия, эритропсия, ксантопсия), көру бұзылысы, көру жітілігінің нашарлауы
- гиперемия, ысынулар
- мұрынның бітелуі
- жүрек айнуы, диспепсия
Жиі емес
- ринит
- аса жоғары сезімталдық
- ұйқышылдық, гипестезия
- көзден жас ағумен байланысты бұзылулар (көздің құрғауы, көз жасы бездері функциясының бұзылуы, көзден жас ағудың артуы), көздің ауыруы, фотофобия, фотопсия, көз қантамырларының гиперемиясы, көру арқылы қабылдаудың айқындығы, конъюнктивит
- кеңістіктегі бағдарсыздық (вертиго), құлақтағы шуыл
- тахикардия, жүрек қағуын сезіну
- артериялық гипертензия, артериялық гипотензия
- мұрыннан қан кету, мұрынның қосалқы қойнауларының бітелуі
- гастроэзофагеальді рефлюкстік ауру, құсу, іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, ауыздың құрғауы
- бөртпе
- миалгия, аяқ-қолдардың ауыруы
- гематурия
- кеуде қуысының ауыруы, қатты қажу, ысыну сезімі
- жүректің жиырылу жиілігінің артуы
Сирек
- ми қанайналымының жедел бұзылуы, транзиторлық ишемиялық шабуыл, құрысу ұстамасы*, құрысу ұстамасының қайталануы*, естен тану
- көру жүйкесінің алдыңғы артерииттік емес ишемиялық нейропатиясы*, торқабық қантамырларының окклюзиясы*, торқабықтың қанталауы, артериосклероздық ретинопатия, торқабық ауруы, глаукома, көру аясының ақауы, диплопия, көру жітілігінің төмендеуі, миопия, астенопия, шыны тәрізді дененің буалдырланып бұлыңғырлануы, нұрлы қабықтың ауруы, мидриаз, көру аясында нұрлы шеңберлердің болуы, көздің ісінуі, көздің домбығуы, көру бұзылысы, конъюнктивальді гиперемия, көздің тітіркенуі, көздегі әдеттен тыс сезінулер, қабақтың ісінуі, аққабық түсінің өзгеруі
- кереңдік
- кенеттен жүректен болатын өлім*, миокард инфарктісі, қарыншалық аритмия*, жүрекшелердің фибрилляциясы, тұрақсыз стенокардия
- тамақтың қысылу сезімі, мұрынның ісінуі, мұрынның шырышты қабығының құрғауы
- оральді гипестезия
- Стивенс - Джонсон синдромы,* уытты эпидермалық некролиз*
- жыныс мүшесінен қан кету, приапизм*, гематоспермия, эрекцияның күшеюі- ашушаңдық
*тек тіркеуден кейінгі қадағалау кезеңінде ғана тіркелген жағымсыз әсерлер.
Болжалды жағымсыз реакциялар туралы деректерді хабарлау
Дәрілік препарататы тіркеуден кейін анықталған болжалды жағымсыз реакциялар туралы деректерді хабарлаудың маңызы зор. Бұл дәрілік препараттың пайдасы мен қаупінің арақатынасына мониторинг жүргізуді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Медицина қызметкерлері мен пациенттерден кез келген жағымсыз реакциялар туралы, осы медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтың соңында көрсетілген мекенжай бойынша хабарлап отыру сұралады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- белсенді затына немесе қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық
- азот тотығының донаторлары (амилнитрит) болып табылатын препараттарды немесе нитраттарды кез келген формада бір мезгілде қабылдау
- гуанилатциклаза стимуляторларымен (риоцигуат) бір мезгілде қабылдау
- бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
- көздің торқабығының тұқым қуалайтын дегенеративті аурулары (мысалы, тұқым қуалайтын пигменттік ретинит (бұл пациенттердің азғантай санында торқабық фосфодиэстеразалары функциясының тұқым қуалайтын бұзылулары))
-бұл көріністің ФДЭ-5 тежегішін алдыңғы қолданумен байланысты немесе байланысты еместігіне қарамастан, көру жүйкесінің алдыңғы артерииттік ишемиялық нейропатиясының салдарынан бір көздің көрмей қалуы
- артериялық гипотензия (АҚ < 90/50 мм сын. бағ.)
- ауыр жүрек-қантамыр аурулары (мысалы, ауыр жүрек жеткіліксіздігі, тұрақсыз стенокардия)
- соңғы 6 айда бастан өткерген миокард инфарктісі
- соңғы 6 айда бастан өткерген инсульт
- сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар ерлерге
Тіркелген көрсетілім бойынша препарат 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде және әйелдерде қолдануға арналмаған.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Басқа дәрілік заттардың силденафилге әсері
Силденафилдің метаболизміне негізінен P450 цитохромының (CYP) 3A4 (негізгі жолы) және 2C9 (қосалқы жолы) изоформалары түрткі болады. Осы себепті, аталған изоферменттердің тежегіштері силденафил клиренсін төмендетуі, ал аталған изоферменттердің индукторлары – арттыруы мүмкін.
Силденафилді CYP3A4 тежегіштерімен (кетоконазол, эритромицин және циметидин сияқты) бір мезгілде қабылдағанда силденафилдің клиренсінің төмендегені байқалады. Пациенттердің аталған тобында жағымсыз әсерлері жиілігінің жоғарылағаны байқалмайды, дегенмен, Виатаф препаратымен емдеуді бастапқы 25 мг дозасында бастау қажет.
P450 цитохромының күшті тежегіші болып табылатын АИТВ протеазасы тежегіші ритонавирді тепе-теңдік жағдайында (тәулігіне екі рет 500 мг) силденафилмен (100 мг бір реттік дозасымен) бір мезгілде қабылдау силденафилдің ең жоғарғы концентрациясының (Cmax) 300 %-ға артуына (4 есе), сондай-ақ қан плазмасындағы силденафил AUC 1000 %-ға (11 есе) артуына алып келеді. 24 сағаттан соң силденафилдің қан плазмасындағы деңгейлері тек силденафилді қабылдағаннан кейінгі 5 нг/мл-ге жуықпен салыстырғанда, шамамен 200 нг/мл құрайды. Бұл деректер P450 цитохромы субстраттарының кең ауқымына ритоновирдің айқын әсерлерімен сәйкес келеді. Жоғарыда көрсетілген деректерді негізге ала отырып, силденафилді ритонавирмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Виатаф ритонавирдің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Силденафилдің ең жоғарғы дозасы ешбір жағдайда 48 сағат ішінде 25 мг аспауы тиіс.
CYP3A4 тежегіші болып табылатын АИТВ протеазасының тежегіші саквинавирді тепе-теңдік жағдайында (тәулігіне үш рет 1200 мг) силденафилмен (100 мг бір реттік дозасымен) бір мезгілде қабылдау силденафилдің Cmax 140 %-ға артуына, сондай-ақ силденафил AUC 210 %-ға артуына алып келеді. Силденафил саквинавирдің фармакокинетикасына әсер етпейді. Кетоконазол және итраконазол сияқты CYP3A4 күштірек тежегіштерінің әсері айқынырақ болады.
Силденафилді 100 мг дозада CYP3A4 орташа тежегіші эритромицинмен бірге тепе-теңдік жағдайында бір рет қабылдағанда (5 күн бойы тәулігіне екі рет 500 мг), силденафилдің жүйелі әсерінің 182 %-ға артқаны байқалады (AUC мәні бойынша анықталады).
Азитромицин (3 күн бойы тәулігіне 500 мг дозада) AUC, Cmax, Tmax көрсеткіштеріне, элиминациясы жылдамдығының константасына, силденафилдің немесе оның айналымдағы негізгі метаболитінің жартылай шығарылуының келесі кезеңіне әсер етпейді.
P450 цитохромының тежегіші және CYP3A4 спецификалық емес тежегіші болып табылатын циметидинді (800 мг) силденафилмен (50 мг дозада) бір мезгілде қолдану, қан плазмасындағы силденафил концентрациясының 56 %-ға артуын туғызады.
Грейпфрут шырыны ішек қабырғасындағы CYP3A4-түрткі болған метаболизмнің әлсіз тежегіші болып табылады және қан плазмасындағы силденафил деңгейінің орташа жоғарылауын туғызуы мүмкін.
Антацидтік дәріні (магний гидроксидін/алюминий гидроксидін) бір рет қабылдау силденафилдің биожетімділігіне әсер етпейді.
CYP2C9 тежегіштері (толбутамид, варфарин және фенитоин), CYP2D6 тежегіштері (серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштері, трициклдық антидепрессанттар), тиазидтік және тиазид тәрізді диуретиктер, ілмектік және калий жинақтаушы диуретиктер, ангиотензин-өзгертуші ферменттің (АӨФ) тежегіштері, кальций өзекшелерінің блокаторлары, бета-адренергиялық рецепторлардың блокаторлары және P450 метаболизмдік белсенділігінің индукторлары (рифампицин, барбитураттар) силденафилдің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Эндотелин бозентан антагонисі (CYP3A4, CYP2C9 орташа индукторы CYP2C19) (тәулігіне екі рет 125 мг) мен тепе-теңдік жағдайындағы силденафилмен (тәулігіне үш рет 80 мг) бір мезгілде қолдану силденафил үшін AUC және Cmax мәндерінің сәйкесінше 62,6 % және 55,4 %-ға төмендеуіне алып келеді. Осылайша, рифампин сияқты CYP3A4 күшті индукторларымен бір мезгілде қолдану силденафилдің қан плазмасындағы концентрацияларының айқынырақ төмендеуіне түрткі болады деп шамаланып отыр.
ФДЭ-5 басқа тежегіштерімен немесе эректильді дисфункцияны емдеудің басқа әдістерімен бір мезгілде қолдану
Силденафилдің ФДЭ-5 басқа тежегіштерімен немесе өкпенің артериялық гипертензиясын (ӨАГ) емдеуге арналған құрамында силденафил бар дәрілік басқа препараттармен немесе эректильді дисфункцияны емдеуге арналған басқа препараттармен біріктіріп қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген. Осыған байланысты, препараттардың мұндай біріктірілімін пайдалану ұсынылмайды.
Никорандил калий өзекшелері мен нитрат активаторының гибриді болып табылады. Нитратты компонентінің есебінен оның силденафилмен елеулі өзара әрекеттестікке түсуге қабілеттілігі зор.
Силденафилдің басқа дәрілік заттарға әсері
Силденафил Р450 цитохромы 1А2, 2С9, 2С19, 2D6, 2Е1 және 3А4 изоформаларының әлсіз тежегіші (ІС50>150мкМ) болып табылады. Силденафилдің қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациялары препараттың ұсынылған дозаларын қабылдағаннан кейін шамамен 1 мкМ құраған жағдайда, силденафилдің аталған изоферменттер субстаттарының клиренсін өзгерту ықтималдығы аз. Силденафилдің теофиллин немесе дипиридамол сияқты фосфодиэстеразалардың спецификалық емес тежегіштерімен өзара әрекеттесетіндігі туралы мәліметтер жоқ.
Силденафилдің NO/цГМФ дабыл жолына белгілі әсеріне сәйкес, силденафил нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтуге, атап айтқанда артериялық қысымды елеулі төмендетуге қабілетті. Сондықтан оны азот тотығының донаторларымен (амилнитрит) немесе кез келген формадағы нитраттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Риоцигуат
Риоцигуат ФДЭ-5 тежегіштерінің гипотензиялық әсерін күшейтетіні туралы деректер бар. Мұндай біріктірілімді зерттеліп отырған популяцияда қолданған кезде жағымды клиникалық әсері туралы деректер болмаған. Риоцигуатты ФДЭ-5 тежегіштерімен, соның ішінде силденафилмен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Альфа-адреноблокаторлармен бір мезгілде қабылдау
Силденафилді альфа-адреноблокаторлар тобының препаратын қабылдап жүрген пациенттерде сақтықпен қолдану ұсынылады, өйткені оларды бір мезгілде пайдалану кейбір сезімтал пациенттерде симптоматикалық артериялық гипотензияға алып келуі мүмкін. Ең алдымен бұл силденафилдің дозасын қабылдағаннан кейін 4 сағат ішінде байқалуы мүмкін. Постуральді артериялық гипотензияның даму қаупін төмендету үшін, силденафилмен емдеуді бастамас бұрын альфа-адреноблокаторлармен ем қабылдаған пациенттердің гемодинамикалық тұрақтылық жағдайына қол жеткізу керек. Силденафилді 25 мг дозасынан бастап қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Бұдан өзге, дәрігерлер пациенттерге постуральді гипотензия симптомдары туындаған жағдайда әрекет ету туралы нұсқау беруі керек.
Силденафил мен доксазозинді доксазозинмен емдеудің көмегімен тұрақтандырылған пациенттерде бір мезгілде қолданғанда, симптоматикалық артериялық гипотензия, бас айналуы және естен тану емес, бірақ естен тану алдындағы жағдай туындаған сирек жағдайлар туралы хабарланды.
Силденафилді (50 мг дозада) екеуі де CYP2C9 арқылы метаболизденетін толбутамидпен (250 мг дозада) немесе варфаринмен (40 мг дозада) бір мезгілде қолданғанда, елеулі өзара әрекеттесулер анықталған жоқ.
Силденафил (50 мг дозада) ацетилсалицил қышқылын қабылдаудан (150 мг дозада) туындаған қан кету уақытының ұзаруына ықпал етеді.
Силденафил (50 мг дозада) қандағы алкоголдің 80 мг/дл орташа ең жоғарғы деңгейлері кезінде дені сау еріктілерде алкогольдің гипотензиялық әсерінің күшеюіне ықпал етпейді.
Гипертензияға қарсы дәрілік препараттардың төмендегі кластарын: диуретиктерді, бета-блокаторларды, АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II антагонистерін, гипертензияға қарсы дәрілік заттарды (тамырды кеңітетін және орталықтық әсер ететін), адренергиялық нейроблокаторларды, кальций өзекшелерінің блокаторлары мен альфа-адренорецепторлардың блокаторларын біріктіру - плацебо қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, силденафилді қабылдаған пациенттерде жағымсыз әсерлері бейінінің айырмашылықтарын анықтап берген жоқ. Силденафил (100 мг дозада) амлодипинмен бір мезгілде қолданылған дәрілік заттардың өзара әрекеттесулерін арнайы зерттеулерде артериялық гипертензиясы бар пациенттерде систолалық артериялық қысымның шалқадан жатқан қалыпта қосымша төмендеуі 8 мм. сын. бағ. құрады. Диастолалық артериялық қысымның шалқадан жатқан қалыпта сәйкесінше қосымша төмендеуі 7 мм. сын. бағ. құрады. Артериялық қысымның бұл қосымша төмендеулері шамасы жағынан силденафилді монотерапия ретінде пайдаланған кезде байқалғандармен ұқсас болды.
Силденафил (100 мг дозада) тепе теңдік жағдайында АИТВ протеазасы тежегіштерінің, екеуі де CYP3A4 субстраттары болып табылатын саквинавир мен ритонавирдің фармакокинетикасына әсер етпейді.
Бозентанмен бір мезгілде қолданғанда силденафил тепе теңдік жағдайында (тәулігіне үш рет 80 мг) бозентанның AUC мен Cmax (тәулігіне екі рет 125 мг) сәйкесінше 49,8 % және 42 % артуын туғызады.
Айрықша нұсқаулар
Эректильді дисфункцияның диагностикасы және оның болуы мүмкін алғашқы себептерін анықтау үшін аурудың тарихын зерттеу және фармакологиялық емдеу мүмкіндіктері қарастырылғанға дейін медициналық тексеру жүргізу керек.
Жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары
Эректильді дисфункцияны емдеуді бастар алдында емдеуші дәрігер өзінің пациенттерінің жүрек-қантамырлық статусына баға беруі керек, өйткені сексуалдық белсенділікпен байланысты жүрек асқынулары қаупінің белгілі бір дәрежесі болады.
Силденафилді тағайындар алдында дәрігерлер бұл препараттың белгілі бір негізгі аурулары бар пациенттердің жағдайына, әсіресе олардың сексуалдық белсенділікпен үйлесіміне жағымсыз салдарының ықтималдылығын мұқият тексеруі керек. Тамырды кеңейтетін дәрілерге сезімталдығы жоғары топқа сол жақ қарыншаның шығар бөлігінің тарылуы (мысалы, аорта клапанының стенозы, гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатиясы) бар пациенттер, сондай-ақ артериялық қысымның автономдық бақылануы бұзылуының ауыр дәрежесі түрінде білінетін сирек көптүрлі жүйелі атрофия синдромы бар пациенттер жатады.
Виатаф нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтеді.
Тіркеуден кейінгі кезең барысында миокард инфарктісін, тұрақсыз стенокардияны, кенеттен жүрек ауруынан өлуді, қарыншалық аритмияны, цереброваскулярлық қан кетуді, транзиторлық ишемиялық шабуылды, силденафилді қолданған кездегі артериялық гипертензия мен артериялық гипотензияны қоса, күрделі жүрек-қантамыр асқынулары жағдайлары тіркелді. Бұл пациенттердің барлығында емес, бірақ көпшілігінде жүрек-қантамыр аурулары қаупінің ізашар факторлары болды. Бұл құбылыстардың көпшілігі жыныстық қатынас кезінде немесе ол аяқталғаннан кейін жуық арада тіркелді, сондай-ақ бірнеше құбылыс силденафилді қабылдағаннан кейін жуық арада сексуалдық белсенділіксіз тіркелген. Бұл құбылыстардың тікелей силденафилді қабылдаумен, сексуалдық белсенділікпен, бұрыннан бар жүрек-қантамыр ауруымен, осы факторлардың белсенділігімен немесе басқа факторлармен байланысты болған-болмағанын анықтау мүмкін емес.
Приапизм
Эректильді дисфункцияны емдеуге арналған дәрілік препараттарды, соның ішінде силденафилді, жыныс мүшесінің анатомиялық деформациясы бар (ангуляция, каверноздық фиброз немесе Пейрони ауруы сияқты) пациенттерде, сондай-ақ приапизм дамуына бейімдейтін аурулары (орақтәрізді-жасушалы анемия, көптүрлі миелома немесе лейкемия сияқты) бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Силденафилді тіркеуден кейін қолдану кезеңінде ұзаққа созылған эрекция мен приапизм жағдайлары хабарланды. 4 сағаттан артыққа созылған эрекция жағдайында, пациент жедел медициналық жәрдемге хабарласуы керек. Дереу ем жүргізілмеген жағдайда приапизм жыныс мүшесі тіндерінің зақымдануына және потенцияның қайтымсыз жоғалуына алып келуі мүмкін.
Көруге әсері
Силденафил мен ФДЭ-5 басқа тежегіштерін қабылдаумен байланысты бұзылулардың, атап айтқанда сирек ауру – көру жүйкесінің алдыңғы артерииттік емес ишемиялық нейропатиясы жағдайлары болды. Көру жітілігінде кез келген ақаулар туындаған жағдайда, Виатаф препаратын қабылдауды тоқтату және дәрігерге хабарласу қажет.
Ритонавирмен бір мезгілде қолдану
Силденафилді ритонавирмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Альфа-адреноблокаторлармен бір мезгілде қабылдау
Альфа-адреноблокаторлар тобының препаратын қабылдап жүрген пациенттерде силденафилді сақтықпен қолдану ұсынылады, өйткені оларды бір мезгілде пайдалану кейбір сезімтал пациенттерде симптоматикалық артериялық гипотензияға әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл силденафилді қабылдағаннан кейін 4 сағат ішінде байқалуы әбден ықтимал. Постуральді артериялық гипотензияның даму қаупін төмендету үшін, силденафилмен емдеуді бастамас бұрын, альфа-адреноблокаторлармен ем қабылдап жүрген пациенттерде гемодинамикалық тұрақтылық жағдайына қол жеткізу керек. Силденафилді 25 мг дозасынан бастап қолдану мүмкіндігін қарастыру керек. Бұдан өзге, дәрігерлер пациенттерге постуральді гипотензия симптомдары туындаған жағдайдағы әрекеттер туралы нұқсау беруі керек.
Қанның ұюына әсері
Адам тромбоциттерін пайдаланған кезде силденафилдің натрий нитропруссидінің антиагрегациялық әсерін күшейтетіні туралы деректер бар. Силденафилді қан ұюының бұзылулары немесе белсенді пептидтік ойық жарасы бар пациенттерде қолданудың қауіпсіздігі туралы деректер жоқ, сондықтан силденафилді пайда/қауіп арақатынасына мұқият баға бергеннен кейін қолдану керек.
Ұрпақ өрбіту функциясы
Силденафилді 100 мг дозада бір рет ішу арқылы қабылдағаннан кейін, препараттың сперматозоидтардың қозғалғыштығына немесе олардың морфологиясына әсері анықталған жоқ.
Дәрілік заттың автокөлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Силденафилдің автокөлік құралдарын басқару немесе қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсері зерттелген жоқ.
Автокөлік құралдарын басқарудың немесе механизмдермен жұмыс істеудің алдында препараттың бас айналуы және көру арқылы қабылдаудың бұзылуы сияқты жағымсыз әсерлеріне байланысты, пациенттер өздерінің организмі Виатаф препаратын қабылдауға қандай реакция беретіндігін анықтап алуы керек.
Артық дозалануы
Препарат 800 мг дейінгі дозада бір рет қабылданған кезде тіркелген жағымсыз реакциялар, препараттың төменірек дозаларын пайдаланған кездегімен салыстырмалы болды, бірақ олардың туындау жиілігі мен көріністерінің ауырлығы жоғарырақ болды. Виатаф препаратының жоғары дозаларын (200 мг) қабылдау препараттың тиімділігінің артуына емес, тек жағымсыз реакциялардың (бас ауыруы, гиперемия, бас айналуы, диспепсия, мұрынның бітелуі және көру арқылы қабылдаудың бұзылуы) жиілігінің артуына алып келеді.
Артық дозаланған жағдайда стандартты симптоматикалық шараларды қолдану керек.
Гемодиализ силденафилдің клиренсін жеделдетпейді, өйткені силденафил қан плазмасы ақуыздарымен белсенді байланысады және несеппен шығарылмайды.
Шығарылу түрі және қаптамасы
2 таблеткадан (50 мг дозасы үшін) және 4 таблеткадан (100 мг дозасы үшін) ПВХ/ПВДХ (поливинихлоридті/поливинилдихлоридті) үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші/қаптаушы
Aurobindo Pharma Limited
Unit VII, SEZ, TSIIC, Plot.No.S1, Survey No’s: 411/P, 425/P, 434/P, 435/P & 458/P, Green Industrial Park, Polepally Village, Jadcherla Mandal, Mehaboobnagar District, Telangana State, Үндістан.
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы:
Aurobindo Pharma Limited, Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:
Rogers Pharma ЖШС, 050043, Қазақстан, Алматы қ., Мирас ықшам ауд., 157/732, тел. (727) 311-81-96/97, e-mail: irina.volovnikova@gmail.com
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері
Канумуру И.Г., 050043, Қазақстан, Алматы қ., Мирас ықшам ауд, 157/732, тел. (727) 311-81-96/97, e-mail: irina.volovnikova@gmail.com