Бетаспан® Депо

МНН: Бетаметазон
Производитель: Фармак ПАО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Betamethasone
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№021126
Информация о регистрации в РК: 23.12.2019 - бессрочно
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 1 367.48 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Бетаспан® Депо

Халықаралық патенттелмеген атауы

Бетаметазон

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 1 мл суспензия

Құрамы

1 мл суспензияның құрамында

белсенді заттар - 6,43 мг бетаметазон дипропионаты 100 % құрғақ затқа шаққанда (5 мг бетаметазонға баламалы), 2,63 мг бетаметазон натрий фосфаты 100 % құрғақ затқа шаққанда (2 мг бетаметазонға баламалы),

қосымша заттар: метилпарагидроксибензоат, пропилпарагидроксибензоат, бензил спирті, натрий хлориді, сусыз натрий гидрофосфаты, динатрий эдетаты, натрий карбоксиметилцеллюлозасы, полисорбат 80, полиэтиленгликоль 4000, инъекцияға арналған су

Сипаттамасы

Оңай суспензияланатын ақ немесе ақ дерлік түсті бөлшектен тұратын мөлдір түссіз немесе сарғыш сәл тұтқыр сұйықтық

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Бетаметазон.

АТХ коды Н02А В01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Бетаметазон натрий фосфаты – енгізілген жерінен тез сіңірілетін оңай еритін компонент, бұл емдік әсерінің жылдам басталуын қамтамасыз етеді. Бетаметазон дипропионаты – инъекция орнында түзілетін деподан баяу сіңірілетін және препараттың ұзақ әсер етуіне жағдай жасайтын аз еритін компонент.

Плазма ақуыздарымен байланысуы – 62,5 %. Бауырда метаболизденеді. Элиминациясы көбінесе бүйрекпен атқарылады, мардымсыз бөлігі өтпен шығарылады.

Фармакодинамикасы

Бетаспан® Депо бұлшықетішілік, буынішілік, буын маңындағы және теріішілік инъекцияларға арналған, сондай-ақ тікелей зақымдану ошағына енгізілетін бетаметазонның еритін және аз еритін эфирлер біріктірілімі болып табылады. Бетаспан® Депоның жоғары глюкокортикостероидтық белсенділігі және болымсыз минералокортикостероидтық белсенділігі бар, бұдан басқа, препарат көмірсу алмасуын және су-электролит теңгерімін реттейді.

Бетаметазон дипропионаты кристалдарының мардымсыз өлшемдері теріішілік енгізулерге және тікелей зақымдану ошағына енгізуге арналған диаметрі шағын (0,9 мм дейін) инелерді қолдануға мүмкіндік береді.

Қолданылуы

ревматоидты артрит, остеоартриттер, бурситтер, тендосиновииттер, тендиниттер, перитендиниттер, шорбуынданатын спондилит, эпикондилит, радикулит, кокцидиния, ишиас, люмбаго, қисық мойын, ганглиялық киста, экзостоз, фасциит, табан аурулары, қатты мүйізгек аясындағы бурсит, өкше тепкілері, аяқтың үлкен башпайының қимыл шектелісінде

бронх демікпесі, демікпе статусы, пішен қызбасы, аллергиялық бронхит, аллергиялық ринит, дәрі-дәрмектік аллергия, сарысу құю ауруы, жәндіктердің шағуына реакцияларда

атопиялық дерматит (монета тәрізді экзема), нейродермит, жанаспалы дерматит, күн сәулесінен айқын дерматит, есекжем, қызыл жалпақ теміреткі, инсулиндік липодистрофия, ұяшықты алопеция, дискоидтық эритематозды жегі, псориаз, келоид тыртықтары, әдеттен тыс сулы бөртпе, герпестік дерматит, кистозды безеулерде

жүйелік эритематозды жегі, склеродермия, дерматомиозит, түйінді периартериитте

ересектердегі лейкоз және лимфомалардың паллиативті емінде

адреногенитальді синдромда

ішек ауруларында (ойық жаралы колит, регионарлы илеит, спру)

кортикостероидты ем жүргізуді талап ететін қанның патологиялық өзгерістерінде

нефрит, нефротикалық синдромда

бүйрек үсті бездері қыртысының алғашқы және салдарлы жеткіліксіздігінде (минералокортикоидтарды міндетті түрде бір мезгілде енгізгенде).

Қолдану тәсілі және дозалары

Бетаспан® Депо организмге глюкокортикостероидтің жүйелі түсуі қажет болғанда бұлшықет ішіне енгізуге; тікелей зақымданған жұмсақ тінге немесе артриттер кезінде буынішілік және периартикулярлық инъекциялар түрінде; терінің әртүрлі ауруларында теріішілік инъекциялар түрінде; кейбір табан ауруларында зақымдану ошағына жергілікті инъекциялар түрінде ұсынылады.

Дозалау режимі және енгізу тәсілі көрсетілімдерге, аурудың ауырлығына және емдеуге науқастың реакциясына қарай әркімге жеке белгіленеді. Доза ең төмен және қолдану кезеңі барынша қысқа болуы тиіс.

Егер белгілі бір уақыт аралығы өткенде қанағаттанарлық клиникалық әсерге жетпесе, препаратпен емдеуді тоқтатып, басқа тиісті ем тағайындалу керек.

Жүйелік ем. Көпшілік жағдайларда препараттың бастапқы дозасы 1-2 мл құрайды. Қажет болса, емделушінің жай-күйіне қарай енгізуді қайталайды. Препарат бөксенің бұлшықетіне терең енгізіледі:

– шұғыл шараларды талап ететін ауыр жай-күйлерде (қызыл жегі және демікпе статусы), препараттың бастапқы дозасы 2 мл құрауы мүмкін;

әртүрлі дерматологиялық ауруларда, әдетте,1 мл препарат жеткілікті;

тыныс алу жүйесінің ауруларында препараттың әсері бұлшықетішілік инъекциядан кейін бірнеше сағат ішінде басталады. Бронх демікпесінде, пішен қызбасында, аллергиялық бронхитте және аллергиялық ринитте жағдайдың елеулі жақсаруына 1-2 мл препарат енгізгеннен кейін жетеді;

жедел және созылмалы бурситтерде бұлшықет ішіне енгізілетін доза 1-2 мл препарат құрайды. Қажет болса, бірнеше қайталанатын енгізу жасалады.

Жергілікті енгізу. Жергілікті жансыздандыратын препаратты бір мезгілде қолдану бірлі-жарым жағдайларда ғана қажет. Егер жансыздандыратын затты бір мезгілде енгізген дұрыс болса, прокаин гидрохлориді немесе лидокаиннің 1 % немесе 2 % ерітіндісі және құрамында парабендер жоқ дәрілік түрлер пайдаланылады. Құрамында метилпарабен, пропилпарабен, фенол бар анестетиктер және соларға ұқсас басқа заттарды қолдануға рұқсат етіледі. Бетаспан® Депо препаратымен біріктірілген анестетикті қолданғанда әуелі құтыдан еккішке препараттың қажетті дозасын сорып алады, сонан соң осы еккішке ампуладан жергілікті анестетиктің қажетті мөлшерін толтырып, қысқа уақыт кезеңі аралығында сілкиді. Лидокаин қолданар алдында жоғары сезімталдыққа тері сынамасын жасау қажет.

Жедел бурситтерде (субдельта тәрізді, жауырын астындағы, шынтақтық және тізенің алдыңғы жақ үстіндегі) 1-2 мл Бетаспан® Депо препаратын синовиальді қалтаға енгізу ауыруды жеңілдетіп, қозғалғыштықты бірнеше сағатқа толық қалпына келтіре алады. Созылмалы бурситті емдеу жедел ауыру ұстамасы басылған соң препараттың аз дозаларымен жүргізіледі.

Жедел тендосиновииттерде, тендиниттерде және перитендиниттерде Бетаспан® Депо препаратының бір инъекциясы науқастың жағдайын жеңілдетеді, созылмалы түрлерінде реакцияға қарай препарат инъекциясын жүргізген жөн. Препаратты сіңірлерге тікелей енгізуден аулақ болу қажет. Препаратты 0,5-2 мл дозада буын ішіне енгізу ревматоидты артритте және остеоартритте енгізгеннен кейінгі 2-4 сағат ішінде буындардың ауыруын, ауырсынуын және қимылының шектелуін азайтады. Препараттың емдік әсерінің ұзақтығы үнемі өзгертіліп, 4 апта және одан көп құрауы мүмкін.

Препараттың ұсынылған дозалары үлкен буындарға енгізгенде 1-2 мл; орта буындарға 0,5-1 мл; кіші буындарға 0,25-0,5 мл.

Терінің кейбір ауруларында препаратты тікелей зақымдану ошағына теріішілік енгізу тиімді болып табылады, доза 0,2 мл/см2 құрайды. Туберкулинді еккіш немесе диаметрі шамамен 0,9 мм ине көмегімен зақымданған жерге біркелкі шаншиды. Бүкіл енгізу орындарына 1 апта ішінде енгізілетін препараттың жиынтық дозасы 1 мл-ден аспауы тиіс.

Бетаспан® Депо препаратының ұсынылған бір реттік дозалары (енгізулер арасындағы 1 апталық аралықпен): қатты мүйізгекте 0,25-0,5 мл (әдетте, 2 инъекция тиімді); өкше тепкісінде 0,5 мл; табанның үлкен башпай қимылының шектелісінде 0,5 мл; синовиальді кистада 0,25-тен 0,5 мл дейін; тендосиновиитте 0,5 мл; жедел подагра артритінде 0,5-тен 1 мл дейін. Диаметрі шамамен 1 мм инесі бар туберкулинді еккіш пайдалану ұсынылады.

Емдік әсеріне жеткеннен кейін демеуші дозаны тиісті уақыт аралықтары арқылы енгізілетін ерітіндідегі бетаметазон концентрациясын азайту есебінен бастапқы дозасын біртіндеп төмендету арқылы таңдап алады. Дозаны азайтуды ең төмен тиімді дозасына жеткенше жалғастырады.

Стресс жағдайы пайда болғанда немесе пайда болу қатерінде (аурумен байланыссыз) препарат дозасын арттыру қажет болуы мүмкін.

Ұзаққа созылатын емнен кейін препаратты тоқтатуды дозаны біртіндеп азайту арқылы жүргізген жөн. Ұзақ уақыттық ем аяқталғаннан кейін немесе препаратты жоғары дозаларда қолданғаннан кейін, ең болмаса, бір жыл бойы науқас жағдайын бақылау жалғастырылады.

Жағымсыз әсерлері

Басқа глюкокортикостероидтар қолдану кезіндегідей, жағымсыз құбылыстар дозаға және препаратты қолдану ұзақтығына байланысты болады. Бұл реакциялар, әдетте, қайтымды және оларды дозаны төмендетумен азайтуға болады:

– натриемия, калийдің көп бөлінуі, гипокалиемиялық алкалоз, кальцийдің көп шығарылуы, тіндердегі сұйықтық іркілісі

– осы ауруға бейім науқастардағы іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия

– бұлшықет әлсіздігі, миопатия, бұлшықет салмағының кемуі, ауыр жалған салдану миастениясы кезіндегі миастениялық симптомдар өршуі, остеопороз, сан немесе иық сүйегі басының асептикалық некрозы, түтікшелі сүйектердің патологиялық сынулары, сіңірлердің жарылуы, буындардың орнықсыздығы (көп реттік инъекциялардан соң)

– ықылықтау, асқазан-ішек жолының тесілу мен қан кетуге ұласуы мүмкін эрозиялы-ойық жаралы зақымдануы, өңеш ойық жаралары, панкреатит, метеоризм

– жаралардың нашар жазылуы, тері атрофиясы, терінің жұқаруы, петехиялар мен экхимоздар, беттің эритемасы, қатты тершеңдік, дерматит сияқты тері реакциялары, бөртпе, ангионевротикалық ісіну

– құрысулар, көру жүйкесі дискісінің ісінуімен бассүйекішілік қысымның көтерілуі (әдетте, ем аяқталғаннан кейін), бас айналу, бас ауыру, эйфория, көңіл-күйдің өзгеруі, депрессия (айқын психоздық реакциялармен), қатты ашушаңдық, ұйқысыздық

– етеккір оралымының бұзылуы, Кушинг синдромы, ұрықтың даму немесе сәбидің өсу кідірісі, глюкозаға төзімділіктің бұзылуы, жасырын қант диабетінің көріністері, инсулин инъекцияларына немесе диабетке қарсы ішуге арналған дәрілер қолдануға қажеттіліктің артуы

– артқы субкапсулярлы катаракта, көзішілік қысымның көтерілуі, глаукома, экзофтальм

– ақуыз катаболизмі салдарынан болатын азоттың теріс теңгерімсіздігі, липоматоз (неврологиялық асқынуларға әкелуі мүмкін медиастинальді және эпидуральді липоматозды қоса), денеге салмақ қосу

– анафилактикалық реакция немесе препаратты енгізуге аса жоғары сезімталдық реакциясы және гипотензиялық реакция

– бет және бас аймағына жергілікті қолданумен қатар жүретін көрудің бұзылуы, гипер- немесе гипопигментация, теріастылық немесе тері атрофиясы, асептикалық абсцестер, инъекциядан кейін бетке қан тебу (буын ішіне енгізу) және нейрогенді артропатия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

– бетаметазонға, препараттың басқа компоненттеріне немесе басқа глюкокортикостероидтарға жоғары сезімталдық

– жүйелі микоздар

– идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпурасы бар емделушілерге бұлшықетішілік енгізу

– жұқпалы артрит, орнықсыз буын, жұқпа жұқтырған тері беткейіне және омыртқа аралық кеңістікке енгізу

– лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Бір мезгілде фенобарбитал, рифампицин, фенитоин немесе эфедрин қолдану кортикостероидтар метаболизмін жеделдете алады, бұл емдік әсерінің әлсіреуіне әкеледі.

Бір мезгілде глюкокортикостероидтар мен эстрогендер қолданғанда препарат дозасын түзету қажет болуы мүмкін (артық дозалану қатерімен байланысты).

Бір мезгілде кортикостероидтар мен калий иондарын шығаратын диуретиктер қолдану гипокалиемияны туындатуы мүмкін.

Кортикостероидтарды жүрек гликозидтерімен біріктіріп қолдану аритмиялардың пайда болу ықтималдығын арттыруы немесе гликозидтер уыттылығын күшейтуі мүмкін.

Кортикостероидтар амфотерицин Б туғызған калий иондарының шығарылуын күшейте алады. Бетаспан® Депо препараты мен тікелей емес антикоагулянттарды бір мезгілде қабылдау қанның ұю жылдамдығының өзгеруіне әкелуі мүмкін, бұл дозаны түзетуді талап етеді.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер немесе алкогольді глюкокортикостероидтармен бірге қолдану асқазан-ішек жолы ойық жаралары көріністері жиілігінің немесе ағымы ауырлығының артуына әкелуі мүмкін.

Кортикостероидтар қолданғанда қандағы салицилаттар концентрациясы төмендеуі мүмкін.

Бір мезгілде глюкокортикостероидтар мен соматотропин енгізу соңғысының сіңірілуін баяулатуы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Бетаспан® Депо суспензиясы көктамыр ішіне немесе тері астына енгізуге арналмаған.

Препаратты қолдану кезінде асептика ережелерін қатаң сақтау міндетті.

Препаратты қандай да бір енгізу (жұмсақ тіндерге, зақымдану ошағына, буын ішіне және т.б.) бір мезгілде айқын жергілікті әсер ету кезінде жүйелі әсерге әкелуі мүмкін.

Тромбоцитопениялық пурпурада Бетаспан® Депоны бұлшықет ішіне айрықша сақтықпен енгізген жөн.

Глюкокортикостероидтардың бұлшықетішілік инъекцияларын тіндердің ошақтық атрофиясын болдырмау үшін бұлшықет ішіне терең енгізу қажет.

Буыншілік инъекцияларды медицина мамандары ғана салуы тиіс. Сепсис үдерісін жоққа шығару үшін буын ішіндегі сұйықтыққа талдау жасаған жөн. Буын ішінде жұқпа болғанда препаратты енгізуге болмайды. Буын ауырсынуының, ісінуінің байқалымды күшеюі, қоршаған тіндер температурасының көтерілуі және буын қозғалғыштығының әріқарай шектелуі сепсистік артрит барын айғақтайды. Диагноз расталғанда бактерияға қарсы ем тағайындау қажет.

Глюкокортикостероидтарды орнықсыз буынға, жұқпа жұққан аймақтарға және омыртқа арасындағы кеңістікке енгізуге болмайды. Буынға қайта салынатын инъекциялар остеоартритте буынның ыдырау қаупін арттыруы мүмкін. Буын ішіне жүргізілген сәтті емнен кейін емделуші буынына артық жүк түсірмеу керек.

Препаратты гипотиреоз немесе бауыр циррозы, көздің герпеcті зақымдануы (мөлдір қабықтың тесілуі мүмкін екенімен байланысты) бар емделушілерге; спецификалық емес ойық жаралы колитте, тесілу қатерінде, абсцесте немесе басқа да іріңді жұқпаларда, сондай-ақ дивертикулитте, таяуда түзілген ішек анастомоздарында, асқазан мен он екі елі ішектің белсенді немесе жасырын ойық жаралы ауруында, бүйрек жеткіліксіздігінде, артериялық гипертензияда, остеопорозда, ауыр миастенияда сақтықпен қолдану керек.

Препаратты қолдану аясында (әсіресе, эмоциялық тұрақсыздығы немесе психоздарға бейімділігі бар емделушілерге) психиканың бұзылуы мүмкін.

Қант диабетімен науқастарды препаратпен емдегенде қантты төмендететін емді түзету керек болуы мүмкін.

Глюкокортикостероидтар алатын науқастарға шешекке қарсы екпелер жасаған жөн. Неврологиялық асқынулардың даму қаупімен және жауап ретіндегі төмен иммундық реакциямен (антиденелер түзілуінің болмауы) байланысты кортикостероидтар алатын (әсіресе, жоғары дозаларда) науқастарға басқа иммунизация жүргізген жөн. Орын басу емі жүргізілгенде (мысалы, бүйрек үсті бездері қыртысының алғашқы жеткіліксіздігінде) иммунизация жасауға болады.

Бетаспан® Депоны иммунитетті бәсеңдететін дозаларда алатын емделушілерге желшешек пен қызылшаға шалдыққан науқастармен қарым-қатынас жасамау қажет. Препаратты қолданғанда глюкокортикостероидтардың жұқпалы ауру белгілерін бүркемелеп, сондай-ақ организмнің қарсы тұруын төмендетуі мүмкін екенін ескеру қажет.

Препаратты белсенді туберкулезде талапқа сай туберкулезге қарсы еммен біріктірілген тез өтетін немесе диссеминацияланған туберкулез жағдайларында ғана тағайындауға болады. Жасырын туберкулезі немесе туберкулинге оң реакциясы бар емделушілерге бәрінен бұрын дәрігермен туберкулезге қарсы алдын алу емі жөніндегі мәселені шешіп алуы тиіс.

Глюкокортикостероидтарды ұзақ уақыт қолдану катарактаның (әсіресе, балаларда), көру жүйкесін зақымдауы мүмкін глаукоманың дамуына әкеліп, көздің салдарлы жұқпасының (зеңдік немесе вирустық) дамуына ықпал етуі мүмкін. Офтальмологиялық тексеруден, әсіресе, Бетаспан® Депоны 6 айдан артық алатын науқастарға мезгіл-мезгіл өту қажет.

Артериялық қысым көтерілуінде, тіндердегі сұйықтық пен натрий хлоридінің іркілісінде және организмнен калий көп шығарылғанда (бұл ісінулермен, жүрек жұмысындағы ауытқулармен көрініс беруі мүмкін) ас үй тұзын шектейтін емдәм және құрамында калий бар препараттарды қосымша қабылдау ұсынылады.

Препаратпен біріктірілген ацетилсалицил қышқылын гипопротромбинемияда, қанағыштықтың арту мүмкіндігімен байланысты, абайлап қабылдау керек.

Ем аяқталғаннан кейін бірнеше ай ішінде бүйрек үсті бездері қыртысының салдарлы жеткіліксіздігінің дамуы мүмкін екенін есте ұстау қажет. Стресс жағдайы пайда болғанда немесе пайда болу қатерінде осы кезең ішінде Бетаспан® Депо препаратымен емді жаңғырту қажет.

Глюкокортикостероидтар қолданғанда сперматозоидтар саны мен қозғалғыштығы өзгеруі мүмкін.

Үйлеспеушілігі. Препаратты жергілікті анестетиктермен бір еккіште араластыруға болады («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз); дегенмен, үйлесімділігін үнемі бақылауға алу қажет.

Педиатрияда қолдану

Препаратты балаларға қолдану туралы клиникалық деректер жеткіліксіз, сондықтан оны осы жас санатындағы емделушілерге қолданбаған дұрыс (өспей қалу және бүйрек үсті бездері қыртысының салдарлы жеткіліксіздігінің дамуы мүмкін).

Жүктілік немесе лактация кезеңінде қолдану

Препаратты жүкті әйелдерге қолдану қауіпсіздігі бойынша бақыланатын зерттеулердің болмауына байланысты, оны ана үшін пайдасы мен ұрыққа/сәбиге төнетін зор қатерінің арақатынасын мұқият бағалаудан кейін тағайындау керек. Жүктілік кезеңінде кортикостероидтардың емдік дозалары енгізілген аналардан туған балалар медициналық бақылауда болуы тиіс (бүйрек үсті бездері қыртысының жеткіліксіздік белгілерін ерте анықтау үшін).

Бетаспан® Депо препаратын лактация кезеңінде тағайындау қажет болғанда, ана үшін емнің маңыздылығын ескеріп, бала емізуді тоқтату мәселесін шешу керек (балаларда қалаусыз жағымсыз әсерлер болуы мүмкін екенімен байланысты).

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік басқарғанда немесе басқа механизмдермен жұмыс істегенде, әдетте, Бетаспан® Депо емделушінің реакция шапшаңдығына ықпал етпейді.

Алайда, бірлі-жарым жағдайларда бұлшықет әлсіздігі, құрысулар, көрудің нашарлауы, бас айналу, бас ауыру, көңіл-күйдің өзгеруі, депрессия (айқын психоз реакцияларымен), қатты ашушуаңдық болуы мүмкін, сондықтан препаратпен емделгенде автокөлік басқарудан немесе басқа механизмдермен жұмыс істеуден бас тартуға кеңес беріледі.

Артық дозалануы

Бетаметазонның жедел артық дозалануы өмірге қатер төндіретін жағдайларға жол береді. Бірнеше күн бойы глюкокортикостероидтардың жоғары дозаларын енгізу қолайсыз зардаптарға әкеп соқтырады (өте жоғары дозалар қолданылатын жағдайларды қоспағанда немесе қант диабетінде, глаукомада, АІЖ эрозиялы-ойық жаралы зақымдануларының өршуінде қолданған жағдайда немесе дигиталис препараттарымен, тікелей емес антикоагулянттармен немесе калийді шығаратын диуретиктермен бір мезгілде ем алатын науқастарға).

Емі. Науқастың жай-күйіне мұқият медициналық бақылау қажет. Сұйықтықтың ұтымды тұтынылуын сақтау және плазма мен несепте электролиттер мөлшерін (әсіресе, организмдегі натрий мен калий теңгерімін) бақылау қажет. Осы иондардың теңгерімсіздігі анықталғанда тиісті ем жүргізу қажет.

Шығарылу түрі және қаптамасы

1 мл препараттан сындыру сақинасы (немесе сындыру нүктесі) бар шыны ампулаларға құйылады. 1 немесе 5 ампуладан полимерлі үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

Ампулалары бар 1 пішінді қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Фармак» ЖАҚ, Украина, 04080, Киев қ., Фрунзе к-сі, 63.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Фармак» ЖАҚ, Украина

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

Қазақстан Республикасы, 050012, Алматы қ., Амангелді к-сі 59 «А», «Шартас» бизнес орталығы, 9 қабат.

Тел. +7 (727) 267-64-63, факс +7 (727) 267-63-73, электронды пошта: a.liadobruk@gmail.com

Прикрепленные файлы

975552501477976553_ru.doc 120.5 кб
975700611477977719_kz.doc 142.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники