Аспирин кардио® (100 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Аспирин кардио
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ацетилсалицил қышқылы
Дәрілік түрі
Ішекте еритін қабықпен қапталған 100 мг және 300 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 100 мг немесе 300 мг ацетилсалицил қышқылы бар.
қосымша заттар: целлюлоза ұнтағы, жүгері крахмалы, эудрагит L 30 D, полисорбат 80, натрий лаурилсульфаты, тальк, триэтилцитрат.
Сипаттамасы
Дөңгелек, екі жақ беті дөңес, сәл кедір-бұдырлы, шетіне қарай кертілген ақ түсті таблеткалар, бөлінген жерінде - ақ түсті бір текті масса, қабығы сондай түспен қоршалған.
Фармакотерапиялық тобы
Антикоагулянттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері, гепаринді қоспағанда. Ацетилсалицил қышқылы
АТХ коды B01AC06
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдағаннан кейін ацетилсалицил қышқылы (АСҚ) АІЖ-нан жылдам және толық сіңіріледі.
Сіңірілу кезеңінде және одан кейін бірден ацетилсалицил қышқылы негізгі белсенді метаболитке – салицил қышқылына айналады.
Қан плазмасында ацетилсалицил қышқылы ең жоғарғы концентрациясына 10-20 минуттан кейін, салицил қышқылы ең жоғарғы концентрациясына 0.3-2 сағаттан соң жетеді.
Аспирин кардио® таблеткаларының ішекте еритін қабығының қышқыл әсеріне төзімділігінің арқасында, белсенді субстанцияның шығуы асқазанда емес, ішектің сілтілік ортасында жүреді. Осының есебінен ацетилсалицил қышқылының сіңірілуі, ішекте еритін қабықпен қапталмаған таблеткалармен салыстырғанда, 3-6 сағатқа кейінге қалдырылады.
Ацетилсалицил және салицил қышқылдары плазма ақуыздарымен елеулі дәрежеде байланысады және тіндерге жылдам таралады.
Салицил қышқылы емшек сүтіне бөлінеді және плаценталық кедергі арқылы өтеді.
Салицил қышқылы салицилурат, салицилфенолды глюкуронид, салицилацил глюкурониді, гентизинді және гентизур қышқылдары метаболиттерін түзе отырып, негізінен, бауырда метаболизденеді.
Салицил қышқылының бөлініп шығуы дозаға байланысты деп саналады. Жартылай шығарылу кезеңі препаратты аз дозаларда қабылдағанда 2-3 сағатты, препаратты жоғары дозаларда қабылдағанда 15 сағатты құрайды. Салицил қышқылы және оның метаболиттері, негізінен, бүйрек арқылы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Ацетилсалицил қышқылының әсер ету механизмінің негізінде циклооксигеназаның (ЦОГ-1) қайтымсыз тежелуі жатыр, соның нәтижесінде А2 тромбоксанының синтезі бөгеледі және тромбоциттер агрегациясы бәсеңдейді. Антиагреганттық әсер тромбоциттерде мейлінше айқын білінеді, өйткені олар циклооксигеназаны қайталап синтездеуге қабілетсіз. Ацетилсалицил қышқылының тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін басқа да механизмдері бар деп саналады, олар әртүрлі тамыр аурулары кезінде оның қолданылу аймағын кеңейтеді.
Ацетилсалицил қышқылы қабынуға қарсы стероидты емес препараттар тобына жатады, және ауыруды басатын, ыстықты түсіретін және қабынуға қарсы әсер иеленген.
Жоғарырақ дозалары ауыруды басу үшін және суық тию мен тұмау сияқты елеусіз қызба ахуалдарында, температураны түсіру, бұлшықет және буын ауруларын азайту үшін, сондай-ақ ревматоидтық артрит, остеоартрит және шорбуынданған спондилит сияқты жедел және созылмалы қабыну ауруларында қолданылады.
Қолданылуы
- жедел миокард инфарктісіне күдігі бар емделушілердегі өлім қаупін азайту үшін
- миокард инфарктісін өткерген емделушілердегі аурушаңдықты және өлім қаупін азайту үшін
- инсульттің екіншілік алдын алу үшін
- өткінші ишемиялық шабуылдың (ӨИШ) және ӨИШ бар емделушілердегі инсульттің өршу қаупін азайту үшін
- тұрақты және тұрақсыз стенокардия кезіндегі аурушаңдық пен өлім санын азайту үшін
- операциядан және тамырларға инвазивті араласулардан кейінгі тромбоэмболиялардың алдын алу үшін (мысалы, тері арқылы транслюминальді катетерлік ангиопластика, қолқакоронарлық шунттау, ұйқы күретамырларының эндартерэктомиясы, артериялық-көктамырлық шунттау)
- ұзақ иммобилизация кезінде терең көктамырлар тромбозының және өкпе артериясы тромбоэмболиясының алдын алу үшін (мысалы, ауқымды хирургиялық араласулардан кейін)
- жүрек-қан тамырларының қауіпті факторлары кезінде жедел миокард инфарктісінің өршу қаупін азайту үшін (мысалы, қант диабеті, гиперлипидемия, артериялық гипертензия, семіру, шылым шегу, егде жас)
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке қабылдауға арналған.
Ішекте еритін қабықпен қапталған Аспирин кардио таблеткаларын мол мөлшерлі сұйықтықпен жұта отырып, тамақтанудың алдында қабылдау керек.
Жедел миокард инфарктісі бар емделушілердегі өлім қаупін азайту үшін
Емделуші бастапқы 100-300 мг дозаны (алғашқы таблетканы жылдамырақ сіңуі үшін шайнап жұту қажет) жедел миокард инфарктісінің дамуына күдік пайда болғаннан кейін мейлінше тезірек қабылдауға тиіс.
Миокард инфарктісінің өршуінен кейінгі әріқарайғы 30 күнде күніне 100-300 мг демеуші доза қабылдануға тиіс.
30 күннен соң қайталанған миокард инфарктісі өршуінің алдын алу үшін әріқарай емдеудің қажеттігін қарастыру керек.
Миокард инфарктісін өткерген емделушілердегі аурушаңдықты және өлім қаупін азайту үшін
тәулігіне 100-300 мг
Инсульттің салдарының алдын алу үшін
тәулігіне 100-300 мг
ӨИШ бар емделушілердегі ӨИШ және инсульт қаупін азайту үшін
тәулігіне 100-300 мг
Тұрақты және тұрақсыз стенокардия кезіндегі аурушаңдық пен өлім санын азайту үшін
тәулігіне 100-300 мг
Операциядан және тамырларға инвазивті араласулардан кейінгі тромбоэмболиялардың алдын алу үшін
тәулігіне 100-300 мг
Терең көктамырлар тромбозының және өкпе артериясы тромбоэмболиясының алдын алу үшін
тәулігіне 100-200 мг немесе күнара 300 мг.
Жедел миокард инфарктісінің өршу қаупін азайту үшін
күніне 100 мг немесе күнара 300 мг.
Жағымсыз әсерлері
Төменде тізбеленген жағымсыз әсерлер маркетингтен кейінгі ішкі есептемелерге және Аспириннің барлық түрлерін, емдеудің қысқа және ұзақ курсына арналған ішілетін түрлерін қоса қолдану тәжірибесіне негізделген. Осыған орай, оларды CIOMS III санаттарына сәйкес жиілік бойынша ұсыну мүмкіндігі жоқ.
Жиі:
- диспепсия, абдоминальді ауырулар және гастроинтестинальді аймақтағы ауырулар
Сирек:
- асқазан-ішек жолының қабынуы, асқазан мен он екі елі ішек шырышты қабығының ойық жаралары (тым сирек асқазан-ішектік қан кетулерге және тесілулерге әкелетін клиникалық-зертханалық белгілерімен сәйкес)
Сирек және өте сирек:
- жекелеген жағдайларда өмірге қауіпті сипат алуы мүмкін асқазан-ішектік қан кетулер, миға қан құйылуы сияқты (әсіресе, бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар және/немесе антикоагулянттық дәрілермен қатарлас ем алатын емделушілерде) қан кетулердің ауыр жағдайлары.
Өте сирек:
- аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары, анафилактикалық шокты қоса
- «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің артуымен бауыр қызметінің өтпелі бұзылулары
Белгісіз жиілікпен:
- операция тұсындағы қан кетулер, гематомалар, эпистаксис (мұрыннан қан кету), несеп-жыныс жолдарынан қан кету, қызыл иектердің қанағыштығы сияқты қан кетулер
-глюкоза-6-фосфат дегидрогеназа жеткіліксіздігінің ауыр түрлері бар емделушілердегі гемолиз және гемолитикалық анемия
- бүйрек функциясының бұзылулары және жедел ағымды бүйрек жеткіліксіздігі
- тиісті клиникалық-зертханалық көріністермен сәйкес келетін аса жоғары сезімталдық реакциялары (демікпе синдромы, тері бөртпесі, есекжем, ісінулер, тері қышымасы, ринит, мұрынның шырышты қабығының ісінуі, кардио-респираторлық дистресс-синдромын қоса алғанда тері жабындары, тыныс алу жолдары, асқазан-ішек жолы және жүрек-қан тамырлары жүйесі жағынан жеңіл және орташа ауырлық реакциялары)
- бас айналулар мен құлақтағы шыңылдар да препаратпен артық дозаланудың белгісі болып саналуы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ацетилсалицил қышқылына немесе басқа салицилаттарға, немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық
- сыртартқыдағы салицилаттарды және соған ұқсас әсер ететін заттарды қабылдаумен, әсіресе қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен (ҚҚСП) индукцияланған бронх демікпесі
- ойық жара ауруының жедел кезеңі
- геморрагиялық диатез
- ауыр бүйрек жеткіліксіздігі
- ауыр бауыр жеткіліксіздігі
- ауыр жүрек жеткіліксіздігі
- аптасына 15 мг және одан да көп дозада метотрексатпен қосып қолдану
- Аспирин ® кардио 100 мг үшін жүктіліктің соңғы триместрі
(«Жүктілік және лактация» бөлімін қараңыз)
- Аспирин ® кардио 300 мг үшін жүктілік кезеңі ( барлық 3 триместр) («Жүктілік және лактация» бөлімін қараңыз)
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Қарсы көрсетілімді өзара әрекеттесулер
Аптасына 15 мг және одан да көп дозадағы метотрексат
АСҚ-ын метотрексатпен бір мезгілде қолданғанда метотрексаттың гематологиялық уыттылығы артады, соның салдарынан ҚҚСД метотрексаттың бүйректік клиренсін төмендетеді, ал салицилаттар, ішінара, оны плазма ақуыздарымен байланысудан ығыстырады.
Сақтық шараларын қадағалауды талап ететін біріктірілімдер
Ибупрофен
Ибупрофен АСҚ-мен бір мезгілде қолданылғанда оның тромбоциттерге оң ықпалына қарсы әсер етеді.
Жүрек-қан тамыр ауруларының жоғары қаупі бар емделушілерде ибупрофен мен АСҚ-ын бір мезгілде қолдану оның кардиопротективті әсерінің төмендеуіне әкеледі.
Антикоагулянттар, тромболитикалық және басқа антиагреганттық препараттар
Қан кетулердің даму қаупі кездеседі.
Жоғары дозадағы салицилаттармен бірге басқа да ҚҚСД (тәулігіне 3г және одан да көп)
Синергизмнің әсері салдарынан АІЖ шырышты қабығында ойық жаралардың түзілу және қан кету қаупі жоғарылайды.
Серотонинді кері қармайтын іріктеуші тежегіштер
Синергизмнің әсері салдарынан АІЖ-ның жоғарғы бөліктерінен қан кету дамуы қаупі жоғарылайды.
Дигоксин
Бүйрек клиренсін төмендету есебінен АСҚ қан плазмасындағы дигоксин концентрациясын арттырады.
Диабетке қарсы дәрілер, мысалы инсулин, сульфонилмочевина туындылары
АСҚ-ның жоғары дозалары, ацетилсалицил қышқылының гипогликемиялық әсерінің және сульфонилмочевина туындыларын қан плазмасының ақуыздарымен байланысудан ығыстырудың есебінен, гипогликемиялық препараттардың әсерін күшейтеді.
АСҚ-ның жоғары дозаларымен біріктірілген диуретиктер
Бүйректегі простагландиндер синтезінің төмендеуі нәтижесінде гломерулярлық сүзілудің төмендегені байқалады.
Жүйелі глюкокортикостероидтар (ГКС), Аддисон ауруында орын басушы ем үшін пайдаланылатын гидрокортизонды қоспағанда
Кортикостероидтармен емдеу кезінде қандағы салицилаттар концентрациясының деңгейі төмендейді және, ГКС соңғысының шығарылуын күшейтетіндіктен, емдеуді тоқтатқаннан кейін салицилаттармен артық дозаланудың даму қаупі пайда болады.
АСҚ-ның жоғары дозаларымен біріктірілген ангиотензинөзгертуші ферменттің (АӨФ) тежегіштері
Тамыр кеңейткіш әсерге ие простагландиндерді тежеу нәтижесінде гломерулярлық сүзілудің төмендеуі, соған сәйкес гипотензиялық әсердің әлсіреуі байқалады.
Вальпрой қышқылы
Қан плазмасының ақуыздарымен байланысудан ығыстыру есебінен вальпрой қышқылының уыттылығы артады.
Этанол
АСҚ мен этанол әсерлерінің өзара күшеюі нәтижесінде АІЖ шырышты қабығының зақымдалу қаупінің артуы және қан кету уақытының ұзаруы байқалады.
Бензбромарон, пробенецид сияқты урикозуриялық препараттар
Несеп қышқылының бәсекелі бүйректік тубулярлық жолмен шығарылуының салдарынан урикозуриялық әсері төмендейді.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты төмендегі жағдайларда сақтықпен қолдану керек:
- анальгетиктерге, қабынуға қарсы, ревматизмге қарсы дәрілерге аса жоғары сезімталдықта және аллергияның басқа түрлері кезінде
- сыртартқыда асқазан-ішек жолының ойық жаралы зақымданулары, соның ішінде созылмалы немесе қайталанған ойық жаралы ауру немесе асқазан-ішектік қан кетулер болғанда
- антикоагулянттармен бірге қолданылғанда («Дәрілермен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз)
- бүйрек қызметінің немесе қан айналымының бұзылулары бар емделушілерде (мысалы, қан тамырлық сипаттағы бүйрек ауруларында, іркілісті жүрек жеткіліксіздігінде, айналымдағы қан көлемі азайғанда, ауқымды хирургиялық араласуларда, сепсисте немесе ауыр қан кетулерде), өйткені ацетилсалицил қышқылы бүйрек зақымдалуының немесе жедел бүйрек жеткіліксіздігінің одан әрі даму қаупінің жоғарылауына ықпал етуі мүмкін
- глюкоза-6-фосфат дегидрогеназа (Г6ФД) жеткіліксіздігінің ауыр түрінен зардап шегетін емделушілерде ацетилсалицил қышқылы гемолиздің немесе гемолитикалық анемияның дамуын индукциялауы мүмкін. Гемолиздің өршу қаупін арттыруы мүмкін факторларға, мысалы, препараттың жоғары дозалары, қызба немесе жедел жұқпалардың болуы жатады.
- бауыр функциясының бұзылуында
Ибупрофен АСҚ-ның тромбоциттер агрегациясын бәсеңдету әсеріне кедергі бола алады. АСҚ-мен емделіп жүрген және ауыруды жеңілдету үшін ибупрофен қабылдайтын емделушілер бұл жөнінде дәрігерге мәлімдегені дұрыс.
АСҚ бронх түйілуіне түрткі болып, сондай-ақ бронх демікпесінің ұстамаларын және басқа аса жоғары сезімталдық реакцияларын туғызуы мүмкін. Сыртартқыда бронх демікпесінің, пішен қызбасының, мұрын полипозының, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларының, сондай-ақ басқа заттарға аллергиялық реакциялардың (мысалы, тері реакциялары, қышыну, есекжем) болуы қауіп факторлары болып саналады.
Тромбоциттерді тежегіш әсері салдарынан Аспирин кардионың қолданылуы қан кету даму қаупі жоғарылығымен байланысты болуы мүмкін.
Препаратты қабылдағаннан кейін бірнеше күн бойы сақталатын тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін көрсетілген қабілетінің арқасында, ацетилсалицил қышқылы хирургиялық араласулар кезінде және одан кейін (кіші хирургиялық араласуларды қосқанда, мысалы тісті жұлғанда) жоғары қанағыштыққа әкелуі мүмкін.
Қан кетулер тиісті клиникалық-зертханалық белгілері мен астения, тері жабындарының бозаңдығы, гипоперфузия сияқты симптомдары бар жедел немесе созылмалы постгеморрагиялық/темір тапшылығы анемиясы (мысалы, жасырын микро қан кетулер салдарынан) дамуына алып келуі мүмкін.
АСҚ төмен дозаларда несеп қышқылының шығарылуын азайтады, бұл подаграға бейім адамдарда оның дамуына түрткі болуы мүмкін.
Педиатрияда қолданылуы
Белгілі бір вирустық аурулары бар балаларда пайдаланғанда Аспиринді қабылдау мен Рейе синдромының дамуының арасында өзара байланыс болады. Құрамында АСҚ бар препараттарды үйлестіре қолданғанда қауіп жоғарылауы мүмкін, алайда себеп-салдарлық байланысы анықталған жоқ. Мұндай аурулар кезінде персистентті құсудың дамуы Рейе синдромының нышаны болуы мүмкін.
Рейе синдромы ми мен бауырдың зақымдалуын туғызатын және өліммен аяқталуы мүмкін өте сирек ауру болып табылады.
Осы орайда Аспирин Кардионы, айрықша көрсетілімдер жағдайларын қоспағанда, 18 жастан аспаған балалар мен жасөспірімдерде қолдануға болмайды.
Жүктілік кезеңінде қолданылуы
Простагландиндер синтезінің тежелуі жүктілікке және эмбрионның немесе ұрықтың дамуына теріс әсерін тигізуі мүмкін.
Эпидемиологиялық зерттеулердің деректері жүктіліктің ерте кезеңдерінде простагландиндер синтезінің тежегіштерін қолдану кезінде болатын ақаулар мен мальформациялардың жоғары даму қаупін айғақтайды. Сол орайда, дозаны арттырғанда және емдеу ұзаққа созылғанда қауіптің жоғарылайтыны жорамалданады. Қолда бар деректер ацетилсалицил қышқылын қолдану мен жүктілікті мерзімінен бұрын үзу қаупінің артуы арасында қандай да бір өзара байланыстың барын растамайды. Даму ақауларына қатысты қолжетімді эпидемиологиялық деректер қарама-қарсы, дегенмен, алдыңғы құрсақ қабырғасының бітелмеуі - даму ақауының жоғары қаупін жоққа шығаруға болмайды.
АСҚ-ның жүктіліктің ерте кезеңінде (1-4 ай) тәртіп бойынша қолданылуы 14.800 әйел/балаларда даму ақауларының жоғары жиілігімен қандай да бір астасуды анықтаған жоқ.
Клиникаға дейінгі зерттеулер деректері өсіп-өну қабілетіне уыттылығын көрсетті. Құрамында ацетилсалицил қышқылы бар препараттарды жүктіліктің бірінші және екінші триместрлерінде тағайындау, бұл аса қажет болғандықтан талап етілмесе, көрсетілмеген.
Осыны ескере отырып, 100 мг дозадағы Аспирин® кардионы жүктіліктің бірінші және екінші триметрінде тек дәрігердің қауіп/пайда қатынасын мұқият бағалауынан кейін ғана қабылдауға болады.
Әйел ұрықтану кезеңінде немесе жүктіліктің бірінші және екінші триместрлерінде құрамында ацетилсалицил қышқылы бар препараттарды қолдану барысында препараттың мүмкіндігінше төмен дозасын қолданып, емдеудің қысқа курсынан өтуі қажет.
Жүктіліктің үшінші триместрінде простагландиндер синтезінің барлық тежегіштері ұрықта мынадай жай-күйлер туғызуы мүмкін:
-
жүрек-өкпе уыттануы (боталлов түтігінің мерзімінен бұрын жабылуымен және өкпе гипертензиясымен);
-
су азайған кезде бүйрек жеткіліксіздігіне дейін үдеп кетуі мүмкін бүйрек қызметінің бұзылуы;
Жүктіліктің соңында ана мен ұрықта:
-
қан кету уақытының ұзаруы мүмкін, тіпті аздаған дозаларда туындауы ықтимал антиагреганттық әсер
-
мерзімінен ұзақ көтеруге немесе босанудың ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін жатырдың жиырылу белсенділігінің бәсеңдеуі
Осыған байланысты, АСҚ-ын жүктіліктің үшінші триместрінде қолдануға болмайды.
Лактация кезеңінде қолданылуы
Салицилаттар және олардың метаболиттері аздаған мөлшерлерде емшек сүтімен бөлініп шығады. Лактация кезеңінде салицилаттардың кездейсоқ қабылдануы бала емізуді тоқтатуды талап етпейді. Алайда дәрігердің препаратты ұзақ қолдануын тағайындағанда немесе ацетилсалицил қышқылын жоғары дозаларда қабылдағанда бала емізуді тоқтату керек.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бас айналуы сияқты жағымсыз әсерлері болуы мүмкіндігін ескере отырып, көлік құралдарын немесе қауіптілігі потенциалды механизмдерді басқаруда сақтық жасау керек.
Артық дозалануы
Салицилаттық улану (2 тәуліктен аса уақыт бойына тәулігіне 100 мг/кг дозадағы АСҚ-ын қабылдаған кезде дамиды) препараттың емдік мақсатта дұрыс қолданылмауы салдарынан препараттың уытты дозаларын ұзақ уақыт қолданудың (созылмалы улану) немесе ересек адам мен баланың препараттың уытты дозасын кездейсоқ бір дүркін немесе мақсатты түрде қабылдауы (жедел улану) нәтижесінде болуы мүмкін.
Созылмалы артық дозалану белгілерінің өзіндік ерекшелігі жоқ және көбіне қиын диагностикаланады.
Ауырлығы жеңіл дәрежедегі созылмалы артық дозалану әдетте препараттың үлкен дозаларын бірнеше дүркін пайдаланғаннан кейін ғана дамиды.
Симптомдары: бас айналуы, құлақтың шуылдауы, естудің кемуі, қатты терлеу, жүрек айнуы және құсу, бас ауыруы және сананың шатасуы. Көрсетілген белгілер қатары препарат дозасын азайтқаннан кейін жоғалады. Құлақ ішіндегі шуыл қан плазмасындағы АСҚ-ның 150-ден 300 мкг/мл-ге дейінгі концентрациясы кезінде пайда болуы мүмкін. Бұдан ауырлау белгілер АСҚ-ның 300 мкг/мл-ден асатын концентрациясында пайда болады.
Жедел ағымды улану
Симптомдары: жедел уланудың басты көрінісі қышқылды-негізді жағдайдың ауыр бұзылуы болып табылады, оның көріністері науқастың жасына және уланудың ауырлық дәрежесіне қарай ауытқуы мүмкін. Балаларға көбірек тән көрініс метаболизмдік ацидоздың дамуы болып саналады. Уланудың ауырлығы қан плазмасындағы АСҚ-ның концентрациясымен ғана бағалана алмайды. АСҚ-ның сіңірілуі асқазанның босауы, асқазанда конкременттердің түзілуі салдарынан немесе ішекте еритін қабықпен қапталған таблеткаларды қабылдаудың нәтижесінде кідіруі мүмкін.
Емі: қабылданған стандарттарға сәйкес жүргізіледі және уланудың ауырлық дәрежесіне және клиникалық көрініске байланысты болады және, негізінен, препаратты шығаруға және су-электролиттік теңгерімді және қышқылды-негізді жағдайды қалпына келтіруге бағытталуға тиіс.
Жеңілден орташа дәрежеге дейінгі артық дозалану
Симптомдары: тахипное, асқын желдетілу, респираторлық алкалоз (алкалемия және алкалурия), қатты терлеу, жүрек айнуы және құсу.
Емі: асқазандық лаваж, белсендірілген көмірді көп дүркін қабылдау, несепті сілтілендіруге арналған препараттармен қарқынды диурез, су-электролиттік теңгерімді және қышқылды- негізді жағдайды қалпына келтіру.
Орташадан ауыр дәрежеге дейінгі артық дозалану
Симптомдары:
-қалпына келтірілген метаболизмдік ацидозы бар респираторлық алкалоз (ацидемия және ацидурия)
- гиперпирексия
- тыныс алудың бұзылулары: асқын желдетілу, өкпенің кардиогендік емес ісінуі, тыныс алудың бәсеңдеуі, асфиксия
- жүрек-қан тамырларының жүйесі жағынан бұзылулар: жүрек ырғағының бұзылуы, артериялық гипотензия, жүрек қызметінің бәсеңдеуі (артериялық қысым, электрокардиограмма көрсеткіштерінің өзгеруі)
- су-электролиттік теңгерімнің бұзылуы: сусыздану, олигуриядан бастап бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына дейін апаратын бүйрек қызметінің бұзылуы (гипокалиемия, гипернатриемия, гипонатриемия)
- глюкоза метаболизмінің бұзылуы: гипергликемия, гипогликемия (әсіресе, балаларда), кетоацидоз
- құлақ шуылдауы, саңыраулық
- асқазан-ішектік қан кетулер
- гематологиялық бұзылулар: тромбоциттер агрегациясының тежелуінен коагулопатияға дейін, протромбиндік уақыттың ұзаруы, гипопротромбинемия
- неврологиялық бұзылулар: уытты энцефалопатия және орталық жүйке жүйесі қызметінің бәсеңдеуі (ұйқышылдық, сананың шатасуы, кома, құрысулар)
Емі: мамандандырылған шұғыл ем жүргізу бөлімдеріне дереу жатқызу - асқазандық лаваж, белсенділендірілген көмірді көп дүркін қабылдау, қарқынды сілтілік диурез, гемодиализ.
Су-электролиттік теңгерімді және қышқылды-негізді жағдайды қалпына келтіру, белгісіне қарай емдеу.
Шығарылу түрі және қаптамасы
14 немесе 10 таблеткадан полипропиленді үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
14 таблеткасы бар 2 пішінді ұяшықты қаптамадан немесе 10 таблеткасы бар 3 пішінді ұяшықты қаптамадан қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.
Сақтау мерзімі
5 жыл Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Сақтау мерзімі
25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
Байер Фарма АГ, Леверкузен, Германия
Тіркеу куәлігінің иесі
Байер Фарма АГ, Берлин, Германия
Қаптаушы
Байер Биттерфельд ГмбХ, Германия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Байер КАЗ» ЖШС, Тимирязев к-сі, 42,
«Экспо-Сити» бизнес орталығы,, пав. 15
050057 Алматы, Қазақстан Республикасы,
тел. +7 727 258 80 40,
факс: +7 727 258 80 39, e-mail: kz.claims@bayer.com