Артоксан (20 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Артоксан
Халықаралық патенттелмеген атауы
Теноксикам
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат: 20 мг теноксикам,
қосымша заттар: лактоза моногидраты, желатинделген жүгері крахмалы, тальк, магний стеараты,
қабықтың құрамы: опадри сары 02F22025 (гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), макрогол 6000, темірдің сары тотығы (Е172), тальк.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жағы дөңес таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Қаңқа-бұлшықет жүйесінің ауруларын емдеуге арналған препараттар. Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы препараттар. Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар. Оксикамдар. Теноксикам.
АТХ коды M01AC02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Теноксикам асқазан-ішек жолынан (АІЖ) жылдам әрі толық сіңеді, тамақты және антацидтерді қабылдау жалпы сіңу дәрежесіне ықпал етпестен, сіңірілу жылдамдығын баяулатады. Қан плазмаында ең жоғары концентрациясына 2 сағаттан кейін жетеді. Биожетімділігі 100%. Препарат плазма ақуыздарымен 99% байланысады. Теноксикамның өзіне тән ерекшелігі – әсерінің ұзаққа созылатындығы және жартылай шығарылу кезеңінің ұзақтығы – 72 сағат. Теноксикам синовиальді сұйықтыққа жақсы өтеді. Гистогематикалық бөгеттер арқылы оңай өтеді. Бауырда белсенді емес метаболиттер түзе отырып трансформацияға ұшырайды. Жартылай шығарылуының орташа кезеңі 60-75 сағатты құрайды. Экскрециясы негізінен несеппен және ішінара өтпен жүзеге асады.
Фармакодинамикасы
Артоксан – күшті қабынуға қарсы, ауыруды басатын және орташа ыстықты түсіретін әсері бар тиімді қабынуға қарсы стероидты емес препарат (ҚҚСП). Препараттың қасиеттеріне циклооксигеназа ферментінің екі изоформасының да тежелуі түрткі болады, бұл арахидон қышқылы метаболизмінің бұзылуына және простагландиндер синтезінің блокадасына алып келеді.
Қабынуға қарсы әсеріне капиллярлардың өткізгіштігінің азаюы (экссудацияны шектейді), лизосомалық жарғақшалардың тұрақтануы (тіндердің зақымдануын тудыратын лизосомалар ферменттерінің шығуына кедергі келтіреді), қабыну медиаторлары синтезінің бәсеңдеуі немесе белсенділігінің жойылуы (простагландиндер, гистамин, брадикинин, лимфокиндер, комплемент факторларының) түрткі болады. Қабыну ошағындағы бос радикалдар санын азайтады, хемотаксис пен фагоцитозды бәсеңдетеді. Қабынудың пролиферациялық сатысын тежейді, тіндердің қабынудан кейінгі склероздалуын төмендетеді. Хондропротекторлы әсер көрсетеді.
Препарат кез келген этиологиядағы ауыру синдромын басады немесе қарқындылығын азайтады, зақымдалған буындардың таңертеңгі құрысуын азайтады, қимылдауын арттырады. Ұзақ қолданған кезде десенсибилизациялаушы әсер береді.
Теноксикамның ерекшелігі ұзақ уақыт әсер етуі болып табылады.
Қолданылуы
- остеоартрит және ревматоидты артрит кезіндегі ауыру мен қабынуды жеңілдету үшін;
- созылуларды, шығып кетулерді және жұмсақ тіндердің басқа зақымдануларын қоса, тірек-қимыл аппаратының жедел ауруларын қысқа мерзімді емдеу үшін.
Қолдану тәсілі және дозалары
Артоксанды ішке қабылдайды.
Тамақ ішкен кезде немесе тамақтан кейін қабылдаған жөн.
Препаратты 20 мг дозада тәулігіне 1 рет белгіленген уақытта тағайындайды.
Жоғарырақ дозаларын тағайындаудан аулақ болу керек, өйткені клиникалық елеулі әсерге жетуі байқалмайды, сонымен қатар жағымсыз реакциялардың даму қаупі артады.
Әдетте препаратты 7 күннен асырмай қабылдайды, бірақ ауыр жағдайларда ең көбі 14 күнге дейін қабылдануы мүмкін.
Жағымсыз әсерлері
Байқалған жағымсыз әсерлері әдетте әлсіз әрі өткінші болды. Пациенттердің аз санында жағымсыз әсерлердің салдарынан емдеуі тоқтату қажет болды.
Жүйелер мен ағзалардың зақымдануын жіктеу бойынша кластар ішінде жағымсыз реакциялар мынадай белгілеулерді қолдана отырып жиілігі (аталған реакцияның пайда болуы күтілетін пациенттер саны) бойынша тізбеленген:
Өте жиі (≥1/10)
Жиі ( ≥1/100 - <1/10)
Жиі емес (≥1/1000 - <1/100)
Сирек (≥1/10000 - <1/1000)
Өте сирек (<1/10000)
Жиілігі белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес).
Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар
Жиілігі белгісіз: агранулоцитоз, анемия, апластикалық анемия, гемолиздік анемия, лейкопения, тромбоцитопения, тромбоцитопениялық емес пурпура, эозинофилия.
Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар
Жиілігі белгісіз: демікпе, анафилаксиялық реакциялар, ангионевроздық ісіну сияқты аса жоғары сезімталдық реакциялары.
Метаболизм және тамақтану бұзылулары
Жиі: анорексия.
Сирек: метаболизм бұзылулары (мысалы, гипергликемия, дене салмағының артуы/азаюы).
Психика бұзылулары
Сирек: ұйқы бұзылулары (мысалы, ұйқысыздық), депрессия, күйгелектік, қалыптан тыс түс көрулер.
Жиілігі белгісіз: сананың шатасуы, елестеулер.
Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар
Жиі: бас айналуы, бас ауыруы.
Жиілігі белгісіз: ұйқышылдық, парестезиялар.
Көру мүшесі тарапынан бұзылулар
Жиілігі белгісіз: көру бұзылулары (көру өткірлігінің нашарлауы және көздің бұлдырауы сияқты), көздің ісінуі, көздің тітіркенуі.
Есту мүшелері мен тепе-теңдік тарапынан бұзылулар
Сирек: вертиго.
Жиілігі белгісіз: құлақтағы шуыл.
Жүрек тарапынан бұзылулар
Сирек: жүрек соғуының жиілеуі
Жиілігі белгісіз: жүрек жеткіліксіздігі
Егде жастағы пациенттер мен жүрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің туындау ықтималдығын ескеру қажет.
Тамырлар тарапынан бұзылулар
Сирек: тромбоздық құбылыстар (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт).
Жиілігі белгісіз: васкулит, гипертензия.
Клиникалық және эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері, циклооксигеназа-2 іріктелген тежегіштері (ЦОГ-2 тежегіштерін) мен кейбір ҚҚСД қолдану (әсіресе жоғары дозаларда және ұзақ уақыт бойы) артериялық тромбоздық құбылыстардың (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) туындау қаупінің аздап жоғарылауына алып келуі мүмкін екенін көрсетеді. Теноксикам миокард инфарктісі сияқты тромбоздық құбылыстардың туындау жиілігін арттырмағанына қарамастан, қолда бар деректер теноксикамның ондай қаупін жоққа шығару үшін жеткіліксіз болып табылады.
Тыныс алу, кеуде қуысы мен көкірек ортасы ағзалары тарапынан бұзылулар
Сирек: бронх түйілуі, асқынған демікпе, ентігу.
Жиілігі белгісіз: мұрыннан қан кету.
Бронх түйілуі мен асқынған демікпе ҚҚСД-мен емдеу кезінде байқалды.
Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар
Өте жиі: асқазанның, эпигастрий аймағы мен іш тұсының ауыруы және жайсыздық, диспепсия, жүрек айнуы, құсу, метеоризм, іш қату, ас қорытудың бұзылуы, эпигастральді жайсыздық, стоматит.
Жиі: асқазан-ішектен қан кету, асқазан-ішек жолының тесілуі, асқазан-ішек жолының ойық жарасы, кейде өлімге соқтыратын пептидтік ойық жара (әсіресе егде жастағы пациенттерде), қан құсу, қан аралас нәжіс, іш қату, ауыз қуысының ойық жаралануы, гастрит, ауыздың құрғауы, колит пен Крон ауруының өршуі («Пайдалану кезіндегі ееркше сақтандырулар және сақтық шаралары» 4.4. бөлімін қараңыз).
Өте сирек: панкреатит.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Жиі емес: бауыр ферменттері деңгейлерінің жоғарылауы.
Жиілігі белгісіз: гепатит, сарғаю.
Тері мен теріасты тіндері тарапынан бұзылулар
Жиі емес: қышыну, эритема, экзантема, бөртпе, есекжем.
Сирек: везикула-буллездік реакциялар.
Өте сирек: терінің ауыр жағымсыз реакциялары (ТАЖР): Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз.
Жиілігі белгісіз: фотосезімталдық реакциясы.
ҚҚСД-мен емдеуден кейін тырнақтар тарапынан болатын бұзылулар мен фотосезімталдық реакциялары туындаған сирек жағдайлар туралы хабарланған.
Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Жиі емес: қандағы мочевина немесе креатинин деңгейлерінің жоғарылауы. Жиілігі белгісіз: нефроуыттылық (мысалы, бүйрек жеткіліксіздігі, интерстициальді нефрит, нефроздық синдром, қандағы мочевина немесе креатинин деңгейлерінің жоғарылауы).
Ұрпақ өрбіту жүйесі мен сүт бездері тарапынан бұзылулар
Теноксикамды қоса, циклооксигеназа/простагландиндер синтезін бәсеңдететін препараттармен емдеу кезінде әйелдердегі бедеуліктің жекелеген жағдайлары туралы хабарланды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне, ацетилсалицил қышқылына немесе басқа ҚҚСП жоғары сезімталдық
- салицилаттарға, ибупрофенге, аспиринге немесе басқа ҚҚСД жоғары сезімталдық (демікпе симптомдарын, ринитті, ангионевроздық ісінуді немесе есекжемді қоса)
- белсенді немесе анамнездегі қайталанатын пептидтік ойық жара/қан кету (ойық жаралану немесе қан кетудің дәлелденген екі немесе одан да көп айқын жағдайы);
асқазан-ішектен қан кету (мелена, қан құсу), ҚҚСД алдыңғы қолданудан туындаған тесілу, немесе анамнездегі ауыр гастрит;
бауыр және бүйрек функциясының айқын бұзылулары
қант диабеті
артериялық гипертензия, жүрек жеткіліксіздігі, ісінулер
жүктілік, лактация кезеңі
тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар тұлғалар
18 жасқа дейінгі балалар.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Циклооксигеназа-2 іріктелген тежегіштерін қоса, басқа анальгетиктер
Екі немесе одан көп ҚҚСД (аспиринді қоса) бір мезгілде қолданылуын болдырмау керек, өйткені бұл кезде жағымсыз реакциялардың туындау қаупі артуы мүмкін.
Ацетилсалицилаттар мен салицилаттар
Салицилаттар Артоксан препаратының клиренсі мен таралу көлемін арттыра отырып, теноксикамды ақуыздармен байланысу орнынан ығыстырып шығаруға қабілетті. Осы себепті, салицилаттардың бір мезгілде қолданылуын болдырмау керек, өйткені бұл кезде жағымсыз реакциялардың (атап айтқанда, асқазан-ішек тарапынан) туындау қаупі артады.
Антацидтер мен H2 рецепторларының антагонистері
Антацидтер Артоксан препаратының сіңірілу дәрежесін емес, сіңірілу жылдамдығын азайтуы мүмкін. Айырмашылығы клиникалық тұрғыдан маңызды емес. Бір мезгілде қабылданған циметидинмен өзара әрекеттесуі байқалған жоқ.
Антикоагулянттар
Теноксикам қан сарысуының альбуминімен елеулі дәрежеде байланысады және, барлық ҚҚСД тәрізді, варфарин сияқты антикоагулянттардың әсерлерін күшейтеді. Антикоагулянттар мен ішуге арналған гликемиялық дәрілердің әсерлерін, әсіресе, Артоксан препаратымен емдеудің бастапқы сатыларында мұқият бақылау ұсынылады. Дигоксинмен өзара әрекеттесуі байқалған жоқ. Дені сау субъектілерде Артоксан препараты мен молекулалық салмағы төмен гепарин арасындағы клиникалық тұрғыдан елеулі өзара әрекеттесу байқалған жоқ.
Жүрек гликозидтері
ҚҚСД жүрек гликозидтерімен бір мезгілде қолданылғанда жүрек жеткіліксіздігін өршітуі, шумақтық сүзіліс жылдамдығын азайтуы және қан плазмасындағы жүрек гликозидтерінің деңгейлерін арттыруы мүмкін.
Циклоспорин
Басқа ҚҚСД-мен жағдайлардағы сияқты, нефроуыттылық қаупінің жоғарылығы себепті, циклоспоринді бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту ұсынылады.
Хинолондық антибиотиктер
Жануарларға жүргізілген зерттеулердің нәтижелері, ҚҚСД хинолондық антибиотиктер туғызатын құрысулардың туындау қаупін арттыруға қабілетті екенін көрсетеді. ҚҚСД мен хинолондарды қабылдап жүрген пациенттерде құрысулардың туындау қаупі артуы мүмкін.
Литий
Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер литийдің шығарылуын төмендеткен. Литий қабылдайтын пациентке теноксикамды тағайындаған кезде, литий деңгейіне мониторинг жиілігін арттыру және пациентке сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдау қажеттігін және литийден уланудың симптомдары туралы ескерту керек.
Диуретиктер және гипертензияға қарсы дәрілер
Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер натрийдің, калийдің және сұйықтықтың іркілуін туғызуға және диуретиктердің натрийурездік әсеріне кедергі келтіруге қабілетті, бұл ҚҚСД нефроуыттылығы қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін. Жүрек функциясының бұзылуы немесе гипертензиясы бар пациенттерді емдеу кезінде осы ерекшеліктерді есте ұстау қажет, өйткені олар аталған жай-күйдің нашарлауына сезімтал болуы мүмкін.
Артоксан препараты мен фуросемид арасында клиникалық тұрғыдан маңызды өзара әрекеттесу байқалған жоқ, алайда Тилкотил препараты гидрохлортиазидтен туындаған қан қысымының төмендеу әсерін әлсіретеді. Басқа ҚҚСД туралы ақпараттардан белгілі болғандай, Артоксан препараты альфа-адренергиялық блокаторлар мен АӨФ тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін әлсіретуі мүмкін.
Артоксан препараты мен орталықтық әсері бар альфа-агонистер немесе кальций өзекшелерінің блокаторлары арасындағы өзара әрекеттесу туралы хабарланған жоқ.
Артоксан препаратын атенололмен бір мезгілде қолданғанда клиникалық тұрғыдан елеулі өзара әрекеттесу байқалған жоқ. Клиникалық зерттеулер кезінде оймақгүл препараттарын бір мезгілде қабылдаған пациенттерде өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Осылайша, Артоксан препараты мен дигоксинді бір мезгілде қолданғанда елеулі қауіп күтілмейді.
Метотрексат
Метотрексатты бір мезгілде қолданған кезде оның уыттылығы күшеюі мүмкін болғандықтан сақтық таныту ұсынылады, өйткені ҚҚСД әсерінен метотрексаттың шығарылуы төмендегені туралы хабарланған.
Диабетке қарсы ішуге арналған дәрілер
Диабетке қарсы ішуге арналған дәрілер глиборнуридтің, глибенкламидтің, толбутамидтің клиникалық әсері Артоксан препаратының әсерінен өзгерген жоқ. Дегенмен, басқа ҚҚСД-мен жағдайлардағы сияқты, диабетке қарсы ішуге арналған дәрілерді бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге мұқият бақылау жүргізу ұсынылады.
Колестирамин
Колестирамин теноксикамның шығарылуын күшейтуі және жартылай шығарылу кезеңін қысқартуы мүмкін.
Декстрометорфан
Теноксикам мен декстрометорфанды бір мезгілде қолдану монотерапиямен салыстырғанда, анальгетиктік әсерін күшейтуі мүмкін.
Тағам
Тамақ ішумен бір мезгілде қабылдағанда теноксикамның сіңірілу дәрежесі өзгермейді, бірақ сіңірілу жылдамдығы (Cmax) ашқарынға қабылдағанға қарағанда баяуырақ болуы мүмкін.
Басқалары
Пробенецид пен теноксикамды бір мезгілде қолдану қан плазмасындағы теноксикам концентрациясын арттыруы мүмкін. Мұның клиникалық тұрғыдан маңыздылығы анықталған жоқ.
Мифепристон
Мифепристонды қолданғаннан кейін 8-12 күн бойы ҚҚСД қабылдамау керек, өйткені ҚҚСД мифепристонның әсерін төмендетуі мүмкін.
Кортикостероидтар
Барлық басқа ҚҚСД-мен жағдайдағы сияқты, асқазан-ішектің ойық жарасы немесе қан кетудің туындау қаупінің жоғарылығы себепті, кортикостероидтарды бір мезгілде қолданған кезде сақтық таныту қажет.
Тромбоцитке қарсы дәрілер және серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштері (СКҚІТ)
Асқазан-ішектен қан кетудің туындау қаупі тромбоцитке қарсы дәрілер мен серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштерін (СКҚІТ) ҚҚСД-мен бір мезгілде қолданған кезде арта түседі.
Такролимус
ҚҚСД такролимуспен бірге қолданған кезде нефроуыттылық қаупі артады.
Зидовудин
Гематологиялық уыттылық қаупі ҚҚСД зидовудинмен бірге қолданған кезде арта түседі. Гемофилиясы бар, зидовудин мен ибупрофенді бір мезгілде қабылдаған АИТВ-оң пациенттерде гемартроз бен гематомалардың туындау қаупінің артқандығына дәлелдер бар.
Айрықша нұсқаулар
Асқазан-ішектен қан кету, ойық жара және тесілу
Өлімге соқтыруы мүмкін АІ қан кету, ойық жара және тесілу барлық ҚҚСД қолданғанда емдеу курсының кез келген сәтінде, анамнезде ескертуші симптомдар немесе күрделі АІ құбылыстары бар немесе жоқ кезде де байқалған.
АІ қан кетулердің, ойық жаралануы немесе тесілуінің туындау қаупі ҚҚСД дозасын арттырған кезде, сондай-ақ анамнезінде, әсіресе қан кетумен немесе тесілумен асқынған ойық жара бар пациенттерде, және егде жастағы пациенттерде арта түседі. Ондай пациенттерге емдеуді мүмкіндігінше ең төменгі дозасынан бастау керек. Мұндай пациенттерде, сондай-ақ аспириннің немесе асқазан-ішектік қауіпті арттыруға қабілетті басқа да препараттардың төмен дозаларын қолдану қажет пациенттерде қорғағыш дәрілермен (мысалы, мизопростолмен немесе протондық сорғы тежегіштерімен) біріктіріп емдеу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Анамнезінде АІ уыттылығы бар пациенттер, атап айтқанда, егде пациенттер құрсақ тарапынан әдеттен тыс симптомдардың барлығы туралы (әсіресе АІ қан кетулер туралы), әсіресе емдеудің бас кезінде хабарлауы тиіс.
Ішуге арналған кортикостероидтар, антикоагулянттар, мысалы, варфарин, сияқты ойық жаралану немесе қан кету қаупін арттыруы мүмкін препараттарды, серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштерін немесе аспирин сияқты тромбоцитке қарсы дәрілерді бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерді емдеу кезінде сақтық таныту керек.
Теноксикамды қабылдап жүрген пациенттерде АІ қан кету немесе ойық жарасы туындаған жағдайда, емдеуді тоқтату қажет.
Анамнезінде асқазан-ішек аурулары бар (ойық жаралы колит, Крон ауруы) пациенттерде ҚҚСД қолданған кезде сақтық таныту керек, өйткені ол жағдайлар өршіп кетуі мүмкін.
Тыныс алу жүйесі тарапынан бұзылулар
Анамнезінде бұрыннан бар немесе көрсетілген бронх демікпесі бар пациенттерді емдеу кезінде сақтық таныту қажет, өйткені ондай пациенттерде ибупрофен бронх түйілуін туғызған.
Жүрек-қантамырлық және цереброваскулярлық әсерлері
Анамнезінде гипертензиясы және/немесе орташа іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге тиісті мониторинг және кеңес беру қажет, өйткені ҚҚСД-мен емдеу кезінде сұйықтықтың іркілуі және ісінулер туралы хабарлар болған.
Клиникалық және эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері, кейбір ҚҚСД қолдану (әсіресе жоғары дозаларында және ұзақ уақыт емдеген кезде) артериялық тромбоздық құбылыстар (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) қаупінің аздап жоғарылауын туғызуы мүмкін екенін көрсетеді. Мәліметтер теноксикам үшін осындай қауіпті жоққа шығаруға жеткіліксіз.
Бақыланбайтын гипертензиясы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, жүректің анықталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың ауруы және/немесе цереброваскулярлық ауруы бар пациенттерді теноксикаммен тек мұқият баға берілгеннен кейін ғана емдеуге болады. Осыған ұқсас бағалау жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторы бар (мысалы, гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) пациенттерді ұзақ уақыт емдеуді бастар алдында да қажет.
Артоксан препаратының құрамында лактоза бар.
Галактоза жақпаушылығының сирек тұқым қуалайтын жағдайлары, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы керек.
Педиатрияда қолданылуы
Препаратты 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды (клиникалық деректер жеткіліксіз болғандықтан).
Жүктілік және лактация
Препаратты жүктілік кезеңінде және лактация кезеңінде қолдануға болмайды.
Теноксикам және оның метаболиттері емшек сүтіне өтеді, сондықтан препаратты емшек емізген кезеңде қолданбаған жөн.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Емдеу кезеңінде жоғары зейінділікті және психомоторлық реакциялардың жылдамдығын қажет ететін қауіптілігі зор қызмет түрлерімен айналысудан тартыну қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі байқалады.
Емі: арнайы антидоты жоқ. Теноксикаммен артық дозалануға күдік болған жағдайда симптоматикалық ем ұсынылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлорид үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.
Сақтау шарттары
250 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші/Қаптаушы
«Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.», Түркия
(Багджылар Илчеси, Гюнешли, Эврен Махаллеси, Джами Йолу Джад. №50 К. 1В Земин 4-5-6, Стамбул)
“World Medicine İlaç San. ve Tic. А.Ş.”, Turkey
(Bağcılar İlçesi, Güneşli, Evren Mahallesi, Cami Yolu Cad. No:50 K. 1B Zemin 4-5-6, İstanbul).
Тіркеу куәлігінің иесі
«РОТАФАРМ ИЛАЧЛАРЫ ЛИМИТЕД ШИРКЕТИ», ТҮРКИЯ
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
ҚР, Алматы қ., «TROKA-S PHARMA» ЖШС, Сүйінбай д-лы, 222 Б
Тел/факс: 8 (7272) 529090
Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:
«TROKA-S PHARMA» ЖШС, ҚР, Алматы қ., Сүйінбай д-лы, 222 Б
Ұялы тел +7 701 786 33 98, (24 сағат бойы).
е-mail: pvpharma@worldmedicine.kz