АКуриТ-4
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
АКуриТ-4
Халықаралық патенттелмеген атауы
жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
1 таблетканың құрамында:
белсенді заттар - рифампицин 153 мг (100% затқа шаққанда)150 мг, изониазид 75 мг, пиразинамид 400 мг, этамбутол гидрохлориді 275 мг
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, кросповидон (полипласдон), желатинделген крахмал 1500, аскорбин қышқылы, коллоидты кремнийдің қостотығы (Аэросил 200), магний стеараты, желатин
қабықтың құрамы: Wincoat WT-MPAQ-01266P (Brown LD) (поливинил спирті, соя лецитині, ксантин шайыры, титанның қостотығы (Е171), тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172)).
Сипаттамасы
Капсула пішінді, қоңыр түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында сызығы бар және екінші жағы тегіс таблеткалар
Фармакотерапиялық тобы
Микобактерияға қарсы препараттар. Туберкулезді емдеуге арналған препараттар. Туберкулезге қарсы препараттардың біріктірілімі. Рифампицин, пиразинамид, изониазид және этамбутол.
АТХ коды J04AM06
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Рифампицин
Сіңірілуі
Рифампицин ашқарынға қабылдаған кезде асқазан-ішек жолында жақсы әрі жылдам сіңіріледі. Оның биожетімділігі ересектерде 90-95% құрайды. Бір мезгілде тамақ ішу сіңуін баяулатады және жоғарғы шекті концентрациясын төмендетеді, бірақ биожетімділігін төмендетпейді. Қан плазмасында ең жоғарғы концентрацияларына қабылдаудан кейін 2 сағ. соң жетеді.
Таралуы
Рифампицин бүкіл организмге тез таралады. Алайда жұлын сұйықтығындағы концентрациясы, менингит кезіндегіні қоспағанда, төмен. Таралу көлемі 55 л жуықты құрайды. Ақуыздармен байланысуы жоғары (80%). Байланыспаған фракцияларының басым бөлігі иондалмаған және сондықтан да тіндерге, оның ішінде плацентаға да еркін өтеді.
Метаболизмі
Рифампицин гидролиз және дезацетилдену жолымен бірнеше метаболиттерге, оның ішінде белсенді метаболит дезацетилрифампицинге метаболизденеді. Рифампицин өзінің жеке метаболизмін стимуляциялайды; қайталанған дозаларын енгізгеннен кейін биожетімділігі шамамен 70% дейін төмендейді, және клиренстің ұлғайғаны байқалады. Рифампициннің жартылай ыдырау кезеңі 1,5-тен 5 сағатқа дейін ауытқиды және бауыр дисфункциясы кезінде ұлғаяды; ол осы препараттың баяу инактиваторы болып табылатын изониазидті бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде төмен болуы мүмкін.
Шығарылуы
Бір рет қабылдаудан кейін жартылай ыдырау кезеңі 3-тен 5 сағатқа дейін құрап, қайталап қолданған кезде 2-3 сағатқа дейін азаяды. Элиминация жылдамдығы бауырдың микросомальді оксидативтік ферменттерінің өзіндік индукциясына орай емнің алғашқы 6 - 10 күні ішінде артады. Жоғары дозалардан кейін экскрециясы өттің қаныққан экскрециясы салдарынан баяуырақ болуы мүмкін. Рифампицин және оның метаболиттері негізінен өтпен экскрецияланады, және рифампицин ішек-бауырлық рециркуляцияға ұшырайды. Дозаның шамамен 25% несеппен шығарылады.
Пациенттердің ерекше топтары:
Рифампициннің жартылай шығарылу кезеңі бауыр бұзылыстары немесе өт шығару жолдарының обструкциясы бар пациенттерде ұзаққа созылады.
Изониазид
Сіңірілуі
Изониазидті ішу арқылы қабылдағаннан кейін, ≥80% биожетімділікпен жылдам сіңеді, қан сарысуындағы жоғары шекті концентрацияларына 1-2 сағаттан кейін жетеді. Изониазидті тамақпен бірге қолданғанда сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесі азаяды. Изониазид аш ішек қабырғасында және бауырда елеулі жүйеалдылық (алғашқы өту) метаболизміне ұшырайды.
Таралуы
Изониазид организмнің көптеген биологиялық сұйықтықтары мен тіндеріне молынан өтеді. Таралу көлемі 43 л жуықты құрайды. Ақуыздармен байланысуы өте төмен, шамамен 0-ден 10% дейін.
Метаболизмі
Изониазид елеулі метаболизмге ұшырайды, ол аш ішектің шырышты қабығының жасушаларында және бауырда өтеді. Изониазид N-ацетилтрансферазамен N-ацетилизониазидке дейін ацетилденеді. Содан соң ол изоникотин қышқылына және моноацетилгидразинге биотрансформацияланады. Соңғысы реактивті аралық метаболит түзу арқылы гепатоуыттылықпен байланысты болады. Изониазидтің ацетилденуі пациенттердің әртүрлі этникалық топтарында генетикалық детерминацияланған болып табылады.«Жылдам» және «баяу» ацетилаторлар болады, бұл метаболиздеуші фермент N-ацетилтрансферазаның генетикалық полиморфизмімен байланысты. Ацетилатордың статусы изозианиазидтің әсерінің негізгі анықтағышы болып табылады. Шамамен 50% кавказдықтар және афро-америкалықтар «баяу» ацетилаторларға жатады, азиаттардың көпшілігі «жылдам» ацетилаторлар болып табылады. «Баяу» ацетилаторлар бауырлық N-ацетилтрансферазаның салыстырмалы жеткіліксіздігімен сипатталады. Баяу ацетилдену дәрілік препараттың қандағы жоғары деңгейіне әкелуі мүмкін, бұл уытты әсерін арттырады. Ұсынылған дозаларда, препараттың концентрациясы «жылдам» ацетилаторларда «баяу» ацетилаторлардан анықталатын дозаның шамамен жартысын құрайды.
Шығарылуы
Жартылай шығарылу кезеңі әдетте 1-ден 4 сағатқа дейін құрайды, бірақ ацетилдену жылдамдығына байланысты 0,5-тен 6 сағатқа дейін ауытқуы мүмкін. Дозаның шамамен 75-95% 24 сағат ішінде бүйрекпен, негізінен N-ацетилизониазидтің және изоникотин қышқылының белсенді емес метаболиттері түрінде шығарылады. 10%-дан азы асқазан-ішек жолы арқылы шығарылады. «Баяу» ацетилаторларда изониазидтің жартылай шығарылу кезеңі ұзарған және препараттың қандағы концентрациясы жоғарылаған.
Этамбутол
Сіңірілуі
Этамбутол ішке қабылдағаннан кейін жақсы сіңеді. Биожетімділігі 80% жуықты құрайды. Сіңірілуі тамақпен бірге қабылдауға тәуелді емес. Плазмадағы ең жоғарғы концентрацияларына дозаны енгізгеннен кейін 2-4 сағаттан соң жетеді. 15 мг/кг бір дозасы плазмада 24 сағат ішінде 5 мкг/мл жуық концентрацияны береді.
Таралуы
Этамбутол көптеген тіндерде кеңінен таралады. Ол жұлын сұйықтығына таралмайды. Алайда туберкулездік менингиті бар пациенттерде жұлын сұйықтығындағы концентрациясы емдік деңгейге жетуі мүмкін. Эритроциттердегі концентрациялары сарысудағыға қарағанда 2-3 есе жоғары. Ақуыздармен байланысуы төмен (20-дан 30% дейін). Таралу көлемі 20 л жуықты құрайды.
Метаболизмі
Этамбутол бауырда белсенді емес метаболиттерге дейін, 15% дейін метаболизденеді.
Шығарылуы
Этамбутолдың жартылай шығарылу кезеңі 3-тен 4 сағатқа дейін құрайды, бірақ бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде 8 сағатқа дейін ұлғаяды. 24 сағаттың ішінде 80% дейін бүйрекпен шығарылады (кемінде 50% өзгермеген күйде және 15% дейін белсенді емес метаболиттер түрінде). Этамбутолдың бауырлық клиренсі шамамен 7 мл/ мин.кг құрайды. Препарат гломерулярлық сүзілуге қосымша тубулярлы сөлініс арқылы шығарылады. 20% жуығы өзгермеген күйде асқазан-ішек жолы арқылы шығарылады.
Пиразинамид
Сіңірілуі
Асқазан-ішек жолынан жақсы сіңеді. Сіңірілуі тамақпен бірге қабылдауға тәуелді емес. Плазмадағы ең жоғарғы концентрацияларына 1-2 сағаттан соң жетеді. Плазмадағы концентрациялары әдетте 20-дан 25 мг/кг дейінгі дозаларда 30-дан 50 мкг/мл дейін құрайды
Таралуы
Бауырды, өкпені және жұлын сұйықтығын қоса, организмнің тіндері мен сұйықтықтарына жылдам әрі кеңінен таралады. Шамамен 10% плазма ақуыздарымен байланысады.
Метаболизмі
Пиразинамид микросомальді дезаминазамен пиразин қышқылына, белсенді метаболитке дейін гидролизденеді, содан соң ксантиноксидазамен 5-гидроксипиразин қышқылына дейін гидроксилденеді.
Шығарылуы
Жартылай шығарылу кезеңі бүйрек пен бауыр функциясы қалыпты пациенттерде 9-дан 10 сағатқа дейін құрайды. Препараттың жартылай шығарылу кезеңі бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылған пациенттерде ұлғаюы мүмкін. 24 сағаттың ішінде пиразинамидтің пероральді дозасының шамамен 70% несеппен, негізінен шумақтық сүзілістің көмегімен шығарылады. Дозаның 4-тен 14% дейін организмнен өзгеріссіз шығарылады; қалған бөлігі метаболиттер түрінде бөлінеді.
Ерекше қауіп тобындағы пациенттер үшін сипаттама
Рифампицин
Бүйрек функциясы бұзылғанда жартылай шығарылу кезеңі күніне 600 мг-ден (10 мг/кг) асатын дозаларда ұлғаяды. Рифампицин қаннан гемодиализ арқылы шығарылмайды. Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде плазмадағы концентрациялары жоғарылайды, ал жартылай шығарылу кезеңі ұлғаяды.
Изониазид
Бүйрек функциясы қатты бұзылған «баяу» ацетилаторларда изониазидтің жинақталуы жүруі мүмкін. Мұндай жағдайларда изониазидтің сарысудағы концентрациясын мұқият бақылау және, қажет болса, дозаны азайту керек. Бауыр функциясының бұзылуы бар болғанда изониазидтің жартылай шығарылу кезеңі ұзарады.
Пиразинамид
Бауырдың цирроздық жеткіліксіздігі бар пациенттерде пиразинамид клиренсінің елеулі төмендеуі және жартылай шығарылу кезеңінің ұлғаюы байқалады. Пиразин қышқылының (негізгі метаболиттің) қисық астындағы ауданы үш есе ұлғаяды. Пиразинамид қаннан гемодиализбен шығарылады.
Этамбутол
Этамбутолдың жартылай шығарылу кезеңі бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде ұлғаяды, бұл дозаны түзетуді қажет етуі мүмкін. Этамбутол қаннан гемодиализбен шығарылмайды.
Фармакодинамикасы
Рифампицин
Әсер ету механизмі сезімтал бактериялық штаммдардың ДНҚ-тәуелді РНҚ-полимеразасын тежеуге негізделеді, бірақ қожайынның ферментативтік жүйелеріне әсер етпейді. Туберкулез кезінде рифампицин жасушаішілік те, жасушадан тыс микроорганизмдер үшін де бактерицидті болып табылады. Микроорганизмдердің рифампицинге төзімділігі дамуы мүмкін, әйтсе де кейбір рифампицинге төзімді бактериялар вируленттілігін азайтады. Бастапқы резистенттілік сирек кездеседі. Бактериялық резистенттілік жылдам дамиды, бір сатылы үдеріс ретінде жүреді, сондықтан әдетте басқа препараттармен бірге тағайындалады. Әрбір 107-108 туберкулездік бациллалардың біреуі рифампицинге төзімді; сондықтан препаратты жеке-дара пайдалануға болмайды. Рифампицинді әдетте ашқарында 450-600 мг дозада енгізеді.
Бактерияға қарсы әсері: Рифампицин Mycobacterium tuberculosis өсуін тежейді және ЕТТК 4 мг/л-ден аз M kansasii, M scrofulaceum және M intracellular сияқты атипиялық микобактерияларға қарсы біршама белсенділігі бар. Рифампицин стрептомициннің және изониазидтің белсенділігін арттырады.
Этамбутол
Бактериостатикалық әсер көрсетеді. Микобактерияларда диффузияланады және РНҚ синтезіне кедергі жасап, көбеюін басады. Белсенді бөліну сатысындағы микобактерияға қарсы ғана тиімді. ЕТТК 0,5-тен 8 мкг/мл дейінгі Mycobacterium tuberculosis және M. bovis қарсы тиімді, бірақ аздаған стерилизациялық белсенділігі бар. Ол басқа туберкулезге қарсы агенттерге төзімді туберкулездік бациллаларға қарсы тиімді. Миколин қышқылдарының қолсылуының алдын алып, жасуша қабырғасының синтезін тежейді. Іс жүзінде Mycobacterium tuberculosis және M. bovis барлық штаммдарына қарсы тиімді және M. Kansasii сияқты басқа микобактерияларға да қарсы белсенді. Изониазидке және стрептомицинге резистентті микобактериялардың өсуін басады. Этамбутолға төзімділік өте баяу дамиды, бірақ клиникалық тәжірибеде препаратты монотерапия түрінде 6 ай бойы енгізген кезде шамамен 50% пациенттерде этамбутолға жүре пайда болған резистенттілік дамиды.
Изониазид
Негізінен Mycobacterium tuberculosis жылдам өсетін популяцияларына бактерицидтік әсер көрсетеді. Оның әсер ету механизмі ең алдымен миколин қышқылы синтезінің тежелуіне негізделген болуы ықтимал, өйткені миколин қышқылы микобактериялық жасуша қабырғасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Пиразинамид
Әсер етуінің нақты механизмі белгісіз. Пиразинамид аздап қышқылды pH (pH 5,5) кезінде ғана белсенді. Егер ол адам туберкулезін емдеу үшін жеке пайдаланыла, пиразинамидке резистенттілік жылдам дамиды. «Атипиялық микобактериялар» әдетте пиразинамидке резистентті болып табылады, бірақ препаратты M. avium жасушаішілік инфекцияларын емдеуге қолданады.
Қолданылуы
АКуриТ-4 өкпедегі және өкпеден тыс туберкулезді емдеуге арналған.
Қолдану тәсілі және дозалануы
АКуриТ-4 туберкулезді емдеу жөнінде оқу курсынан өткен дәрігердің бақылауымен қабылдау керек.
Ішке қабылдауға арналған
АКуриТ-4 тәуліктік дозасын тамақтан кем дегенде 30 минут бұрын ашқарынға немесе тамақтан кейін 2 сағат өткенде қабылдаған дұрыс болады.
Дене салмағы орташа 50 кг болғанда, күніне 3 таблеткадан.
АКуриТ-4 - бұл туберкулезге қарсы бекітілген дозалы біріктірілген препарат (БДБП), ересектерде туберкулезге қарсы емнің қарқынды бастапқы фазасында пайдалануға арналған, сондықтан оны тағайындаған кезде туберкулезге қарсы дәрілерді дұрыс пайдалануға қатысты ДДҰ Нұсқауларын және басқа ресми ұсынымдарды да ескеру керек.
Егде адамдарда пайдалану: мұндай пациенттерде, әсіресе бауыр функциясы бұзылуының белгілері бар болса, сақтық таныту керек.
Жағымсыз әсерлері
Рифампицинге анағұрлым маңызды жағымсыз реакцияларға гепатоуыттылық, әсіресе холестаздық реакциялар, сондай-ақ тері реакциялары жатады. Рифампицин субклиникалық, конъюгацияланбаған гипербилирубинемияны немесе гепатоцеллюлярлық бұзылыстарсыз сарғаюды тудыруы мүмкін, бірақ кейде гепатоцеллюлярлық зақымдануды тудырады. Ол туберкулезге қарсы басқа препараттардың да гепатотоуыттылығын күшейтуі мүмкін.
Изониазидке анағұрлым маңызды жағымсыз реакциялар шеткері және орталық нейроуыттылық әсерлер, және гепатоуыттылық болып табылады. Изониазидпен емдеу салдарынан ауыр және кейде өліммен аяқталған гепатиттер туралы хабарланды. Жағдайлардың көпшілігі емнің алғашқы үш айы ішінде орын алды, бірақ гепатоуыттылық одан ұзағырақ емдеу кезеңінен кейін де дамуы мүмкін.
Төменде кездесу жиілігі бойынша ұсынылған жағымсыз әсерлер, негізінен постмаркетингтік кезеңде жарияланған әдеби дерек көздерінен алынған мәліметтерге негізделген. Сондықтан, көбінесе кездесу жиілігі туралы мәліметтерді ұсыну мүмкін емес.
Жиіліктері былайша анықталады:
өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100 - < 1/ 10 дейін); кейде (≥ 1/1,000 - <1/100 дейін); сирек (≥ 1/10,000 - <1/1,000 дейін); өте сирек (<1/10,000), белгісіз (белгілі деректер бойынша бағалау мүмкін емес).
Рифампицин
Жиі
- шаршау, ұйқышылдық, бас ауыруы, сандырақтау, бас айналу
- организмнің, мысалы, несеп, қақырық, көз жасы сұйықтығы, нәжіс, сілекей және тер сияқты сұйықтықтары мен бөліністерінің қызғылттанған түссізденуі.
- бауыр ферменттерінің симптомсыз жоғарылауы
- тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, іштің ауыруы, метеоризм
- ысыну, тері бөртпесімен немесе онсыз қышыну, есекжем
- көздің қызаруы, жұмсақ жанаспалы линзалар түсінің ұдайы өзгеруі
ұйқышылдық, бас ауыруы, сандырақтау, бас айналу
Сирек
- өтпелі лейкопения, эозинофилия, агранулоцитоз. Тромбоцитопения және тромбоцитопениялық пурпура үздіксіз күн сайын емдеу кезінде өте ауыр жағдайларда ғана кездеседі, ал бұған қарағанда үзік-үзік емде жиірек кездеседі. Пурпура пайда болғаннан кейін рифампицинді енгізу жалғастырылған кезде, миға қан құйылуы және өліммен аяқталу оқиғалары туралы хабарланды; гемолиз, гемолиздік анемия; таралған тамырішілік коагуляция
- етеккір оралымының бұзылуы (айрықша жағдайларда аменорея); Аддисон ауруы бар пациенттерде дағдарыс туғызады
- сананың шатасуы, психоз.
- атаксия, бұлшықет әлсіздігі, миопатия
- көрудің бұзылулары, мысалы, экссудативті конъюнктивит сияқты ауыр белгілер мен симптомдар
- құсу немесе диарея, эрозиялық гастриттің және жалған жарғақшалы колиттің бірлі-жарым жағдайлары, панкреатит
- Стивенс-Джонсон синдромы және жайылған аса жоғары сезімталдық реакциялары сияқты терінің ауыр реакциялары, мысалы, эксфолиативті дерматит, Лайелл синдромы және пемфигоидты реакциялар.
- гепатит немесе сарғаю, порфирия индукциясы
- ҚМА (қан мочевинасы азотының) және сарысулық несеп қышқылының жоғарылауы. Гемоглобинурия, гематурия, интерстициальді нефрит, гломерулонефрит және тубулярлы некроз салдарынан болған бүйректің жедел жеткіліксіздігі туралы хабарланды.
- коллапс, шок, ісіну
Изозианид
Жиі
- шеткері нейропатия (дозаға байланысты және тойып тамақтанбайтын пациенттерде, маскүнемдерде, «баяу» ацетилаторларда және диабетиктерде жиі кездеседі), әдетте оның алдында табан мен қол білезігі парестезиясы болады
- жүрек айну, құсу, эпигастральді бұзылыстар
- бауыр функциясының бұзылуы (әдетте сарысулық трансаминаза деңгейінің орташа және қысқа мерзімдік жоғарылауы), тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, шаршау, дімкәстік және әлсіздік
- аллергиялық және басқа да дәрілік экзантема және температура сияқты реакциялар
Кейде:
- гепатит
Сирек
- эозинофилия, тромбоцитопения, анемия (гемолиздік, сидеробластық)
- етеккір оралымының бұзылуы; гинекомастия; Кушинг синдромы,
мерзімінен бұрын жыныстық жетілу, бақылануы қиын диабет
- гипергликемия және метаболизмдік ацидоз
- психоздар, аса жоғары белсенділік, эйфория, ұйқысыздық
- көру жүйкесінің зақымдануы; құрысулар, бас айналу, бас ауыруы, уытты энцефалопатия; жоғары дозалары эпилептиктерде ұстамалар жиілігін арттыруы мүмкін
- ауыр гепатит
- уытты эпидермалық некролиз, эозинофилияның жүйелі симптомдары
- аллергиялық және ауыздың құрғауы, қыжыл, несеп шығару бұзылыстары, ревматизмдік синдром сияқты басқа да реакциялар, қызыл жегіге ұқсас белгілер мен симптомдар, пеллагра, лимфаденопатия, акне
Өте сирек
- агранулоцитоз
- шұғыл дамитын гепатит
Жиілігі белгісіз
- васкулит
- панкреатит
Пиразинамид
Жиі
- жүрек айну, құсу, анорексия, іштің ауыруы
- емдеудің ерте сатысында сарысулық трансаминаза деңгейінің орташа және уақытша жоғарылауы, порфирия
- гиперурикемия (көбінесе симптомсыз), емдеуді қажет ететін подагра
- жеңіл артралгия және миалгия сияқты аллергиялық және басқа да реакциялар.
Сирек
- тромбоцитопения, сидеробласты анемия, қан ұю механизмдеріне жағымсыз ықпал ету, спленомегалия
- ауыр гепатоуыттылық (дозаға байланысты); гепатомегалия, сарғаю
- интерстициальді нефрит, дизурия
- тері бөртпесі, жарыққа сезімталдық, есекжем, қышыну, температура, акне сияқты аллергиялық және басқа да реакциялар
Этамбутол
Кейде
- елестеулер
- бас айналу, бағдарсыздық, сананың шатасуы, бас ауыруы, дімкәстік
- іштің ауыруы, тәбеттің жоғалуы, жүрек айну және құсу, анорексия
- қышыну, есекжем, бөртпе
- гиперурикемия, ол жедел подагралық артритке әкелуі мүмкін (қалтырау; буындардың ауыруы мен домбығуы, әсіресе аяқтың үлкен бақайының, тілерсектің немесе тізенің; зақымданған буын үстінің тығыздалған, ыстық терісі)
Сирек
- тромбоцитопения, лейкопения
- шеткері неврит (қолдардың немесе аяқтардың ұюы, шаншуы, ашып ауыруы немесе әлсіздігі)
- көру жүйкесінің дозаға тәуелді ретробульбарлық невриті (көздің бұлдырауы, көздің ауыруы, қызыл-жасыл түстің көрінбеуі, көрмей қалу)
- аса жоғары сезімталдық (тері бөртпесі, қызба, буындардың ауыруы), анафилаксиялық реакциялар
Болжамды жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар
Препараттың болжамды жағымсыз реакциялары туралы деректерді ұсыну дәрілік заттың қауіп/пайда арақатынасының үздіксіз мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өте маңызды сәт болып табылады. Медицина қызметкерлері нұсқаулықтың соңында көрсетілген байланыстар бойынша, сондай-ақ ұлттық ақпарат жинау жүйесі арқылы кез келген болжамды жағымсыз реакциялар туралы ақпаратты ұсынуы керек.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- рифампицинге, изониазидке, этамбутолға, пиразинамидке, сондай-ақ препараттың қосымша компоненттерінің кез келгеніне белгілі немесе болжамды аса жоғары сезімталдығы бар пациенттер
- анамнезінде дәрілік гепатиттің және бауырдың жедел ауруларының болуы, оның шығу тегіне байланыссыз
- толық дозада немесе күніне екі рет 600 мг қабылдаған кезде вориконазолмен, элвитегравирмен, АИТВ протеаза тежегіштерімен, ритонавирді қоспағанда, бір мезгілде қабылдау.
- бүйректің ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі <25 мл / мин)
жедел подагралық артрит
- көру жүйкесінің невриті
- порфирия
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Препараттармен өзара әрекеттесуі
Тағаммен өзара әрекеттесуі
Құрамында тирамин немесе гистамин мөлшері жоғары тағамнан аулақ болу керек. Изониазид моноаминоксидазаны және диаминоксидазаны тежеуі мүмкін. Құрамында тирамин (мысалы, ірімшік, қызыл шарап) немесе гистамин бар (мысалы, тунец) тамақты ішу бас ауыруына, жүрек қағысының жиілеуіне, қан тебуіне және т.б. әкелуі мүмкін.
Басқа дәрілік препараттардың АКуриТ-4-ке әсері
Антацидтер рифампициннің және изониазидтің биожетімділігін азайтады. Осы өзара әрекеттесуді болдырмау үшін, АКуриТ-4 антацидтерді қабылдаудан 1 сағат бұрын қабылдау керек. Кортикостероидтар метаболизмін және/немесе бүйрек клиренсін ұлғайта отырып, изониазидтің плазмадағы деңгейін төмендетуі мүмкін.
АКуриТ-4-тің басқа дәрілік заттарға әсері
Рифампицин
P-450 цитохромы ферменттерінің индукторы бола отырып, рифампицин осы жолмен метаболизденетін белгілі бір препараттардың шығарылуын жылдамдатуы мүмкін Оларға фенитоин, аритмияға қарсы дәрілер (дизопирамид, мексилетин, хинидин), антикоагулянттар, зеңдерге қарсы дәрілер (флуконазол, итраконазол, кетоконазол), барбитураттар, бета-блокаторлар, кальций өзекшелерінің блокаторлары (дилтиазем, нифедипин, верапамил), хлорамфеникол, ципрофлоксацин, кортикостероидтар, циклоспорин, жүрек гликозидтері, оральді контрацептивтер, клофибрат, дапсон, диазепам, галоперидол, пероральді гипогликемиялық дәрілер, есірткілік анальгетиктер, прогестиндер және теофиллин жатады. Егер олар АКуриТ-4 препаратымен бір мезгілде енгізілсе, осы препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Изониазид
Изониазид құрысуға қарсы препараттардың, бензодиазепиндердің, галоперидолдың, кетоконазолдың, теофиллиннің және варфариннің метаболизмін тежейді. Егер олар АКуриТ-4 препаратымен бір мезгілде енгізілсе, осы препараттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Пиразинамид
Пиразинамидті бірге енгізген кезде циклофосфамидтің уыттылығы орташа жоғарылайды. Пиразинамид изониазидтің сарысудағы деңгейін, әсіресе изониазидтің «баяу» ацетиляторларында аздап төмендетеді, бірақ мұның клиникалық мәні жоқ. Препарат туберкулезді емдеу кезінде басқа дәрілермен бірге пайдаланылады.
Этамбутол гидрохлориді
Әлеуетті қауіпті өзара әрекеттесулер туралы хабарланған. Алюминий гидроксиді этамбутолдың сіңуін төмендетеді, және қажет болса баламалы антацидті пайдалану керек.
Айрықша нұсқаулар
Рифампицин
Интермиттирлеуші ем үшін ұсынылмайды; пациенттерге күнделікті дозалау режимін әдейі немесе кездейсоқ үзудің салдарлары туралы ескерту керек, өйткені мұндай жағдайларда емді жаңғыртқан кезде бүйрек тарапынан аса жоғары сензімталдықтың сирек реакциялары болғаны туралы хабарламалар бар.
Рифампицин кумарин типі антикоагулянттық препараттарға талаптарды ұлғайтады. Құбылыстың себебі белгісіз. Антикоагулянттарды және рифампицинді қабылдайтын пациенттерге, антикоагулянттың қажетті дозасын анықтау және ұстап тұру үшін протромбиндік уақытты күн сайын немесе қажеттілігіне қарай тексеріп отыру ұсынылады.
Несеп, нәжіс, сілекей, қақырық, тер және көз жасы рифампициннен және оның метаболиттерінен қызыл–қызғылт-сары түске боялуы мүмкін. Жұмсақ жанаспалы линзалар тұрақты түске енуі мүмкін. Пациенттерге осыны ескерту керек.
Рифампицинді қабылдау рифампицинді туберкулезге қарсы басқа препаратпен біріктіріп пайдаланумен туберкулезден емделіп жүрген пациенттерде оральді контрацептивтердің сенімділігіне ықпал етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда контрацепцияның баламалы әдістерін қарастыру қажет.
Туберкулезге қарсы басқа препараттармен біріктіріп тағайындалған рифампицин метазонның, пероральді гипогликемиялық препараттардың, дигитоксиннің, хинидиннің, дезопирамидтің, дапсонның және кортикостероидтардың фармакологиялық белсенділігін төмендетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда өзара әрекеттесетін препараттардың дозасын реттеген жөн.
Рифампициннің емдік деңгейлері сарысулық фолаттың және B12 дәруменінің стандартты микробиологиялық талдауларын тежейтіні көрсетілген. Рифампициннің қатысуымен фолат және B12 дәруменінің концентрациясын анықтаған кезде баламалы әдістерді ескеру керек.
Рифампицин плаценталық бөгет арқылы өтетіндіктен және кіндік қаны мен ана сүтінде байқалатындықтан, рифампицинді қабылдаған аналардан жаңа туған нәрестелер мен сәбилерді кез келген жағымсыз құбылыстардың пайда болуына қатысты мұқият бақылау керек.
Изониазид
Аса жоғары сезімталдық реакциясының алғашқы белгілері кезінде барлық дәрілерді қабылдауды тоқтату және пациенттің жай-күйіне баға беру керек.
Келесі жағдайларда изониазидті пайдалануды мұқият қадағалау керек:
1. Фенитоинды (дифенилгидантоин) изониазидпен бір мезгілде қабылдайтын пациенттер, соңғысы фенитоинның экскрециясын төмендетуі немесе оның әсерін күшейтуі мүмкін. Фенитоиннан улануды болдырмау үшін, құрысуға қарсы препараттың дозасына тиісінше түзету жүргізу қажет.
2. Күн сайын алкоголь қабылдау. Алкогольді күн сайын тұтыну изониазидті қабылдаумен байланысты гепатиттің пайда болуының жиілеуімен байланысты болуы мүмкін.
3. Бауырдың ағымдағы созылмалы ауруы немесе бүйректің ауыр дисфункциясы бар пациент. Изониазидпен ем кезінде көрудің бұзылу симптомдары пайда болған жағдайда мезгіл-мезгіл офтальмоскопиялық тексеру жүргізу ұсынылады.
Этамбутол
Бүйрек функциясы төмендеген пациенттерге сарысудағы этамбутол деңгейлерімен анықталатын дозалауды төмендету қажет, өйткені бұл препараттың негізгі шығарылу жолы бүйрек болып табылады.
Препарат көруге қолайсыз әсерін тигізуі мүмкін болғандықтан, физикалық тексеру офтальмоскопияны, периметрияны және түстерді ажыратуын тестілеуді қамтуы тиіс. Катаракта, көздің қайталанған қабыну жай-күйлері, көру жүйкесінің невриті және диабеттік ретинопатия сияқты көру қабілетінің бұзылыстары бар пациенттерде көру өткірлігінің өзгерістеріне баға беру қиынырақ, және көрудегі өзгерістер негізгі аурудан туындамауын қадағалау қажет. Мұндай пациенттерде көрудің нашарлауы мүмкін, өйткені көру өзгерістеріне баға беру қиын. Кез келген күшті дәрілік зат жағдайындағы сияқты, ұзақ емдеген кезде бүйрек, бауыр және гематопоэтиндік жүйені қоса, ағзалар жүйесінің функциясына мезгіл-мезгіл баға беріп отыру керек.
Пиразинамид
Ураттардың бүйрекпен экскрециялануын тежейді, бұл көбінесе гиперурикемияға әкеліп соғады, ол әдетте симптомсыз өтеді. Пиразинамид жедел подагралық артритпен қатар жүретін гиперурикемияны да туғызады.
Пациенттер сарысудағы несеп қышқылын және бауыр функциясын анықтаудан өтуі тиіс. Анамнезінде бауыр аурулары бар пациенттерді немесе дәрілік гепатиттің (мысалы, алкогольді шамадан тыс пайдаланғанда) дамуының жоғары қаупі бар пациенттерді мұқият қадағалау керек. Препараттың құрамында пиразинамид бар болғандықтан, 4 дәріден тұратын БДБП енгізгенде АКуриТ-4 тоқтату керек және егер жедел подагралық артритпен қатар жүретін гепатоцеллюлярлық зақымдану немесе гиперурикемия белгілері пайда болса, қайта жаңғыртпау керек. Егер бауыр дисфункциясынсыз, жедел подагралық артритпен қатар жүретін гиперурикемия пайда болса, пациентті пиразинамидті қолданбайтын емге ауыстыру керек.
Жүктілік Рифампицин
Үлкен дозаларда тағайындағанда жануарларда тератогендік әсері бар. Жүкті әйелдерде АКуриТ-4-пен ешқандай бақыланатын зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан шаранаға ықпал етуі белгісіз. Жүктіліктің соңғы бірнеше аптасында енгізген кезде рифампицин анасында және нәрестеде босанудан кейінгі қан кетулерді туғызуы мүмкін, ол үшін K дәруменімен ем тағайындауға болады. Рифампицинді жүктілерде, әлеуетті пайдасы шарана үшін әлеуетті қауіпті ақтайтын жағдайда ғана қолдану керек.
Изониазид
Жүктілік кезінде пероральді енгізген кезде жануарларда изониазид эмбриокардиальді әсер көрсетуі мүмкін екені хабарланды. Изониазид плацентаға өтуі және балаға нейроуыттылық әсерін тигізуі мүмкін, сондықтан пиридоксинді –В6 дәруменін қабылдау ұсынылады. АКуриТ-4 жүкті әйелдерге әлеуетті пайдасы шарана үшін әлеуетті қауіпті ақтайтын болса ғана қолдану керек.
Этамбутол
Этамбутолды туберкулезге қарсы басқа препараттармен біріктірудің шаранаға әсері туралы белгісіз. Препаратты жүктілік кезінде шаранаға айқын қолайсыз әсерінсіз қабылдаған бес әйел туралы хабарламалар бар. Этамбутолды жүкті әйелдерге енгізу шаранаға елеулі ықпалын көрсетпесе де, тератогендік әсері болуы мүмкіндігінен емнің қауіп-пайда арақатынасын мұқият таразылау керек.
Пиразинамид
Пиразинамидтің жүктілік кезіндегі қауіпсіздігі мен тератогенділігі туралы дерктер жоқ.
Емшек емізу
Рифампицин, изониазид, пиразинамид және этамбутол емшек сүтіне өтеді, бірақ емшек еметін балалар үшін жағымсыз әсерлері байқалған жоқ. Алайда изониазидтің және этамбутолдың нейроуыттылық әсерінің теориялық ықтималдығына орай емшек емізу ұсынылмайды.
Көлік құралын басқару және күрделі механизмдерді пайдалану қабілетіне ықпал етуі
АКуриТ-4-тің көлік құралын басқару қабілетіне ықпалы туралы деректер жоқ. Этамбутолдың көруге әсер етуі мүмкін болғандықтан, пациенттің машинаны басқару немесе онымен жұмыс істеу қабілетін нашарлатуы мүмкін екенін ескеру керек.
Артық дозалануы
АКуриТ-4 препаратының артық дозалану оқиғалары жоқ, төменде әрбір жеке компоненттің артық дозалануы туралы әдеби дерек көздерінен алынған ақпарат ұсынылған:
Рифампицин
Симптомдары: жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, қышыну, бас ауыруы және ұйқышылдықтың күшеюі екпінді дозаны ішке қабылдағаннан кейін аз уақыттың ішінде пайда болуы мүмкін; бауырдың ауыр сипатты ауруында естен тану орын алуы мүмкін. Бауыр ферменттерінің және/немесе билирубиннің уақытша жоғарылауы байқалуы мүмкін. Терінің, несептің, тердің, сілекейдің, көз жасының және нәжістің қоңырқай-қызыл немесе қызғылт-сары реңі пайда болуы ықтимал, қарқындылығы ішке қабылданған препараттың мөлшеріне пропорционалды. Педиатриялық пациенттерде беттің ісінуі немесе периорбитальді ісіну байқалады. Кейбір фатальді жағдайларда гипотония, синустық тахикардия, қарыншалық аритмия, құрысулар және жүрек тоқтап қалуы байқалды. Алкоголь немесе анамнезде алкогольді шамадан тыс тұтыну кейбір фатальді және фатальді емес хабарлармен байланысты болды.
Емі: қарқынды демеуші шаралар қабылдануы тиіс, ал жекелеген симптомдар пайда болуына қарай қарастырылады. Жүрек айнуы және құсу ықтимал болғандықтан, құсық шақырғаннан гөрі асқазанды шайған дұрыс. Асқазанның ішіндегісін шығарғаннан кейін белсендірілген көмірдің суспензиясын енгізу препараттың қалдықтарын асқазан-ішек жолынан сіңіріп алуға көмектесуі мүмкін. Құсуға қарсы препараттар қатты жүрек айнуы мен құсуды бақылау үшін қажет болуы мүмкін. Белсенді диурез (тұтынылуы мен шығарылуын өлшей отырып) препараттың шығарылуын жылдамдатуға көмектеседі. Кейбір пациенттер үшін гемодиализ қажет болуы мүмкін.
Изониазид
Уыттылығы: уыттылығын алкоголь күшейтеді.
Симптомдары: құрысулар, метаболизмдік ацидоз, кетонурия және гипергликемия. Бұдан басқа, периорбитальді миоклонус, бас айналуы, құлақтың шуылдауы, тремор, гиперрефлексия, парестезия, елестеулер, сананың бұзылуы. Тыныстың тарылуы, апноэ. Тахикардия, аритмиялар, гипотония. Жүрек айнуы, құсу.
Температура, рабдомиолиз, ДТҰ-синдром, гипергликемия, гиперкалиемия. Бауырдың зақымданулары. Изониазидтің 10 мг/кг-ден асатын дозалары жүйке жүйесіне қолайсыз ықпал етуі мүмкін, мысалы, шеткері нейропатия түрінде, осылайша, пациенттің автокөлікті басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу қабілетін нашарлатады.
Емі: егер мүмкін болса, асқазанды босату (пациентте құрысу ұстамалары бомаған жағдайда), көмір. Қандағы газды, электролиттерді, ҚМА (қан мочевинасы азоты), глюкозаны және т.б. дереу анықтау үшін қан үлгілерін алады. Құрысулар және метаболизмдік ацидоз жағдайында изониазидтің әрбір г пиридоксинді 1 г дозада енгізеді. Құрысулар және белгііз дозалар жағдайында 5 г пиридоксинді тағайындайды, вена ішіне енгізеді. Құрысулар болмаған кезде 2-3 г пиридоксинді профилактика ретінде вена ішіне енгізеді. Тамырлардың тітіркенуін азайту үшін пиридоксинді сұйылту және инфузиялық сорғы немесе шприцтік сорғы арқылы 30 минут бойы енгізу керек. Қажет болғанда дозаны қайталайды. Диазепам пиридоксиннің әсерін күшейтеді. Егер пиридоксинге қол жетпесе, диазепамның жоғары дозасын құрысулармен күресу үшін де байқап көруге болады. Ауыр жағдайларда – респираторлық ем. Метаболизмдік ацидозды және электролиттік бұзылыстарды түзету. Жақсы диурезді қамтамасыз ету. Төтенше ауыр улану жағдайында гемодиализ немесе гемоперфузия. Жоғарыда көрсетілген емдеу әдістеріне қосымша, қажет болса сондай-ақ, симптоматикалық емдеуді де жүргізеді.
Пиразиномид
Симптомдары: бауыр функциясының бұзылуы, гиперурикемия
Этамбутол
Симптомдары: тәбеттің жоғалуы, асқазан-ішек бұзылыстары, қызба, бас ауыруы, бас айналуы, сананың шатасуы, елестеулер
Шығарылу түрі және қаптамасы
28 таблеткадан алюминий фольгамен жабылған ПВХ/ПВДХ-дан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
24 пішінді ұяшықты қаптамадан бөлетін аралықтары бар картон қорапқа салынады, әрбір 12-ші блистерден кейін қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулық қоса салынады.
6 таблеткадан алюминий фольгамен жабылған ПВХ/ПВДХ-дан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.
15 пішінді ұяшықты қаптамадан қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Люпин Лимитед, Мумбай, Үндістан
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Люпин Лимитед, Мумбай, Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
ConsultAsia ЖШС
050061, Алматы, Қазақстан,
Шевченко к-сі 165 Б
тел./факс: +7(727) 379 42 58
+77051708876 ; +77051708825
e-mail: pv@consultingasia.kz