Азитремис (500 мг)

МНН: Азитромицина дигидрат
Производитель: Линкольн Фармасеутикалс Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Azithromycin
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023299
Информация о регистрации в РК: 11.10.2017 - 11.10.2022

Инструкция

Саудалық атауы

Азитремис

Халықаралық патенттелмеген атауы

Азитромицин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 250 мг, 500 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - азитромицин дигидраты (азитромицинге баламалы) 262.0 (250.0) мг, 524.00 (500.00) мг.

қосымша заттар: микрокристалды целюлоза lain), натрий лаурилсульфаты, желатинделген крахмал, натрий кроскармеллозасы, натрий крахмал гликоляты (А типі), микрокристалды целюлоза (рН 102), тазартылған тальк, магний стеараты

қабықтың құрамы ақ бояғыш SC-SP-3180 (Spraycel): гидроксипропилметилцеллюлоза, полиэтиленгликоль, тальк, титанның қостотығы (Е 171).

Сипаттамасы

Екі беті дөңес, дөңгелек пішінді, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында «250» өрнегі бар және екінші жағы тегіс таблеткалар (250 мг дозасы үшін).

Капсула пішінді, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында «500» өрнегі бар және екінші жағы тегіс таблеткалар (500 мг дозасы үшін).

Фармакотерапиялық тобы Жүйелі қолдануға арналған бактерияға қарсы дәрілер. Макролидтер, линкозамидтер және стрептограминдер. Макролидтер. Азитромицин.

АТХ коды J01FA10

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішу арқылы қабылдаудан кейін биожетімділігі шамамен 37% құрайды.

Қан сарысуындағы ең жоғарғы концентрациясына препаратты қабылдаудан кейін 2-3 сағаттан соң жетеді.

Қабылдау кезінде азитромицин бүкіл организмге таралады. Фармакокинетикалық зерттеулерде қан плазмасындағыға қарағанда азитромициннің тіндердегі концентрациясы едәуір жоғары (50 есе) екені көрсетілген, бұл препараттың тіндермен қатты байланысын растайды.

Қан сарысуының ақуыздарымен байланысы плазмалық концентрацияларға байланысты ауытқиды және қан сарысуында 0,5 мкг/мл болғанда 12 %-дан 0,05 мкг/мл болғанда 52 %-ға дейін құрайды. Тепе-тең күйдегі жорамалды таралу көлемі (VVss) 31,1 л/кг құрайды.

Плазмалық жартылай шығарылудың соңғы кезеңі 2-4 күн ішінде тіндерден жартылай шығарылу кезеңін толығымен қайталайды.

Азитромициннің шамамен 12 % дозасы келесі үш күн ішінде өзгермеген күйде несеппен бөлінеді. Өзгермеген азитромициннің ерекше жоғарғы концентрациялары адам өтінде анықталған. Сондай-ақ өтте он метаболит анықталған, олар дезозамин және агликон сақиналарының гидроксилденуі, N- және O-деметилденуі және кладиноз конъюгаты ыдырауының көмегімен түзілді. Сұйықтық хроматографиясы және микробиологиялық талдаулар нәтижелерін салыстыру азитромицин метаболиттері микробиологиялық тұрғыдан белсенді емес екенін көрсетті.

Фармакодинамикасы

Азитромицин макролидтік антибиотиктер тобы – азалидтердің өкілі болып табылады. Молекула азот атомын А эритромицинінің лактондық сақинасына енгізу нәтижесінде түзіледі. Азитромициннің әсер ету механизмі рибосомалардың 50 S-субъбірлігімен байланысы есебінен бактериялық ақуыздың синтезін тежеуге және пептидтер транслокациясын бәсеңдетуге негізделген.

Резистенттілік механизмі.

Эритромицинге, азитромицинге, басқа макролидтерге және линкозамидтерге толық айқаспалы резистенттілік метициллин-резистентті жылтыр стафилококкты (MRSA) қоса, Streptococcus pneumoniae, бета- А тобының гемолиздік стрептококктары, Enterococcus faecalis және Staphylococcus aureus арасында бар.

Жүре пайда болған резистенттіліктің таралымдылығы жекелеген түрлері үшін орнына және уақытына байланысты әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан резистенттілік туралы жергілікті ақпарат, әсіресе ауыр инфекцияларды емдеу кезінде қажет. Қажет болғанда, егер жергілікті резистенттіліктің таралымдылығы инфекциялардың кемінде кейбір типтерін емдеу кезінде препарат тиімділігі күмәнді болған кезде білікті кеңеске жүгінуге болады.

Азитромициннің микробқа қарсы әсер ауқымы

Әдетте сезімтал түрлері:

  • аэробты грамоң бактериялар: Staphylococcus aureus (метициллинге сезімтал); Streptococcus pneumoniae (пенициллинге сезімтал); Streptococcus pyogenes;

  • аэробты грамтеріс бактериялар: Haemophilus influenzae; Haemophilus parainfluenzae; Legionella pneumophila; Moraxella catarrhalis; Pasteurella multocida;

  • анаэробты бактериялар: Clostridium perfringens; Fusobacterium spp. (түрлері); Prevotella spp.; Porphyromonas spp.;

  • басқа микроорганизмдер: Chlamydia trachomatis; Chlamydia pneumoniae; Mycoplasma pneumoniae.

Жүре пайда болған резистенттілік проблема болуы мүмкін түрлері:

  • грамоң бактериялар: Streptococcus pneumoniae (пенициллинге аралық сезімталдықпен және пенициллин-резистентті).

Туа біткен резистентті организмдер:

  • аэробты грамоң бактериялар: Enterococcus faecalis; MRSA, MRSE* стафилококктары (метициллин-резистентті жылтыр стафилококк).

  • анаэробты бактериялар: Bacteroides fragilis бактероидтар тобы.

*Метициллин-резистентті жылтыр стафилококк макролидтерге жүре пайда болған төзімділіктің өте жоғарғы таралымдылығына ие және мұнда азитромицинге сирек сезімталыққа байланысты көрсетілген.

Қолданылуы

Азитромицинге сезімтал микроорганизмдер туындатқан инфекциялар:

  • ЛОР-ағзалардың инфекцияларында (бактериялық фарингит/тонзиллит, синусит, ортаңғы отит);

  • тыныс алу жолдарының инфекцияларында (бактериялық бронхит, ауруханадан тыс пневмония);

  • тері мен жұмсақ тіндердің инфекцияларында: көшпелі эритема (Лайм ауруының бастапқы сатысы);

  • жыныстық жолмен берілетін инфекцияларда: Chlamydia trachomatis туындатқан асқынбаған және асқынған уретрит/цервицит.

Қолдану тәсілі және дозалары

Азитремис 500 мг таблеткаларын тамақ ішуге қарамастан бір реттік доза түрінде қабылдау керек. Таблеткаларды шайнамай жұту керек. Препараттың 1 дозасын жіберіп алған жағдайда жіберіп алған дозаны барынша ерте, ал келесілерді – 24 сағат аралықпен қабылдау керек.

Ересектер

ЛОР-ағзалардың, тыныс алу жолдарының, тері мен жұмсақ тіндердің инфекцияларында (созылмалы көшпелі эритемадан басқа): азитромициннің жалпы дозасы 1500 мг (тәулігіне 1 рет 500 мг) құрайды. Емнің ұзақтығы 3 күнді құрайды.

Көшпелі эритемада азитромициннің жалпы курстық дозасы 3 г құрайды, оны келесі сызба бойынша қабылдау керек: бірінші күні 1 г (2 таблеткадан бір рет 500 мг), одан кейін2-ші күннен 5-ші күнге аралығында тәулігіне 500 мг 1 рет.

Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларда азитромициннің ұсынылған дозасы 1000 мг (2 таблеткадан 500 мг) құрайды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Бүйрек функциясы аздап бұзылған (шумақтық сүзіліс жылдамдығы 10-80 мл/мин) пациенттер үшін бүйрек функциясы қалыпты пациенттердің дозасындай дозаны пайдалануға болады. Азитромицинді бүйрек функциясы ауыр бұзылған (шумақтық сүзіліс жылдамдығы < 10 мл/мин) пациенттерге сақтықпен тағайындау қажет.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Азитромицин бауырда метаболизденетіндіктен және өтпен шығарылатындықтан препаратты бауыр функциясы ауыр бұзылған пациенттерге қолданбаған жөн. Мұндай пациенттерді азитромицин қолданылған емдеумен байланысты зерттеулер жүргізілмеді.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі (≥1/10):

- диарея, іш ауыруы, жүрек айнуы, метеоризм.

Жиі (≥1/100, < 1/10):

- анорексия, бас айналуы, бас ауыруы, парестезия, дисгевзия;

- сұйық нәжіс;

- көру бұзылыстары;

- кереңдікті қоса, естудің нашарлауы;

- құсу, диспепсия;

- бөртпе, қышыну;

- артралгия;

- қатты қажығыштық;

- қан бикарбонаты деңгейінің төмендеуі.

Жиі емес (≥1/1000, < 1/100):

- кандидоз, оральді кандидоз, қынаптық кандидоз;

- лейкопения, нейтропения;

- ангионевроздық ісіну, жоғары сезімталдық реакциялары, Стивенс-Джонсон синдромы, фотосезімталдық, есекжем;

- жүйкенің тозуы, гипестезия, ұйқышылдық, ұйқысыздық;

- естудің бұзылуы, құлақтың шуылдауы, вертиго;

- пальпитация;

- гастрит, іш қатуы;

- гепатит;

- кеуденің ауыруы, ісіну, дімкәстік, астения;

- аспартатаминотрансфераза және аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауы, қандағы мочевина деңгейінің жоғарылауы, қандағы креатинин деңгейінің жоғарылауы, қандағы калий көрсеткіштерінің өзгеруі, эозинофилия.

Сирек (≥1/10000, < 1/1000):

- ажитация;

- вертиго;

- бауыр функциясының бұзылуы.

Жиілігі белгісіз:

- пневмония, зеңдік инфекция, бактериялық инфекция, фарингит, гастроэнтерит, тыныс алу функциясының бұзылуы, ринит, жалған жарғақшалы колит;

- делирий, елестеулер;

- диспное, мұрыннан қан кету;

- дисфагия, ауыздың құрғауы, кекіру, ауыз қуысының ойық жарасы, сілекей гиперсекрециясы;

- тромбоцитопения, гемолиздік анемия;

- анафилаксиялық реакция, дерматит, терінің құрғақтығы, гипергидроз, уытты эпидермалық некролиз, полиморфты эритема;

- остеоартрит, миалгия, арқа ауыруы, мойынның ауыруы;

- озбырлық, мазасыздық;

- дизурия, бүйрек ауыруы;

- жатырдан қан кету, тестикулярлық бұзылыстар;

- беттің ісінуі, гипертермия, ауыру, шеткері ісіну;

- естен тану, құрысулар, психомоторлық жоғары белсенділік, аносмия, агевзия, паросмия, миастения гравис;

- қарыншалардың дірілдеу-жыпылықтауы, қарыншалық тахикардияны қоса, аритмия, қан кернеулері, артериялық гипотензия, ЭКГ-де QT аралығының ұзаруы;

- панкреатит, тіл түсінің өзгеруі;

- бауыр жеткіліксіздігі (ол сирек өліммен аяқталуға әкелген), фульминантты гепатит, некроздық гепатит, холестаздық сарғаю;

- жедел бүйрек жеткіліксіздігі, интерстициальді нефрит;

- базофилдер деңгейінің жоғарылауы, моноциттер деңгейінің жоғарылауы, нейтрофилдер деңгейінің жоғарылауы, сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы, хлорид деңгейінің жоғарылауы, глюкоза деңгейінің жоғарылауы, тромбоциттер деңгейінің жоғарылауы, гематокрит деңгейінің төмендеуі, бикарбонат деңгейінің жоғарылауы, натрий деңгейінің ауытқуы;

- емшарадан кейінгі асқыну.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • азитромицинге, эритромицинге, кез келген басқа макролидтік немесе кетолидті антибиотикке, препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық;

  • эрготизмнің теориялық ықтималдығына байланысты азитромицинді қастауыш туындыларымен бір уақытта тағайындамаған жөн;

  • бауыр функциясының ауыр бұзылуы;

  • балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер.

  • жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Азитромицинді пациенттерге QT аралығын ұзартуы мүмкін басқа дәрілермен бірге тағайындағанда сақ болу керек.

Антацидтер. Антацидтерді бір уақытта қолданудың азитромицин фармакокинетикасына ықпалын зерттегенде жалпылай алғанда биожетімділігінде өзгерістер байқалмады, алайда азитромициннің плазмалық ең жоғарғы концентрациялары шамамен 25% төмендеді. Азитромицинді антацид қабылдауға дейін кемінде 1 сағат бұрын немесе 2 сағат кейін қабылдау қажет.

Цетиризин. Азитромицинді цетиризинмен бір уақытта қолданғанда QT аралығының өзгерісіне ықпал етпейді.

Диданозин. Азитромициннің тәуліктік 1200 мг дозасын диданозинмен бір уақытта қолданғанда диданозин фармакокинетикасына ықпалы анықталмады.

Дигоксин. Азитромицинді және дигоксин сияқты Р-гликопротеині субстраттарын қоса макролидтік антибиотиктерді бір уақытта қолдану қан сарысуындағы Р-гликопротеині субстраты деңгейінің жоғарылауына әкелді. Демек, азитромицин мен дигоксинді бір уақытта қолданғанда қан сарысуындағы дигоксин концентрациясының жоғарылау ықтималдығын ескеру қажет.

Зидовудин. Азитромициннің бір реттік 1000 мг және 1200 мг дозалары немесе көп реттік 600 мг дозалары плазмалық фармакокинетикаға немесе зидовудиннің немесе оның глюкуронидтік метаболиттерінің несеппен бөлінуіне ықпал етпейді. Алайда азитромицин қабылдау шеткері қан айналымындағы мононуклеарларда клиникалық тұрғыдан белсенді метаболит – фосфорланған зидовудин концентрациясын жоғарылатқан. Бұл деректердің клиникалық мәні анық емес, бірақ пациенттер үшін пайдалы болуы мүмкін.

Қастауыш. Эрготизм туындауының теориялық ықтималдығын ескеріп, азитромицинді қастауыш туындыларымен бір уақытта енгізу ұсынылмайды.

Азитромицинде Р450 цитохромының бүйректік жүйемен елеулі әрекеттесуі жоқ. Препаратта эритромицинмен және басқа макролидтермен байқалатын фармакокинетикалық дәрілік әрекеттесуі жоқ деп есептеледі. Азитромицин цитохром-метаболизмдік кешен арқылы Р450 цитохромының индукциясын немесе белсенділігін жоюын туындатпайды.

Азитромицин мен метаболизмі едәуір дәрежеде Р450 цитохромының қатысуымен жүретін келесі препараттарды қолдануға фармакокинетикалық зерттеулер жүргізілген болатын.

Аторвастатин. Аторвастатин (тәулігіне 10 мг) мен азитромицинді (тәулігіне 500 мг) бір уақытта қолдану қан плазмасындағы аторвастатин концентрациясының өзгеруін туындатпады (CoA-редуктаза HMG тежеуін талдау негізінде).

Циметидин. Азитромицинді қабылдағанға дейін 2 сағат бұрын қабылданған циметидиннің бір реттік дозасына ықпалын фармакокинетикалық зерттеуде азитромицин фармакокинетикасында ешқандай өзгерістер байқалмады.

Кумарин типті ішілетін антикоагулянттар. Азитромицинді және кумарин типті ішілетін антикоагулянттарды бір рет қолданудан кейін антикоагулянттық әсердің күшеюі туралы белгілі болды.

Себептік байланысы анықталмағанмен, азитромицинді кумарин типті ішілетін антикоагулянттарды қабылдайтын пациенттерге тағайындағанда протромбиндік уақытты жиі мониторингілеу қажеттілігін ескеру керек.

Циклоспорин. Туыстас макролидтік антибиотиктердің кейбіреулері циклоспорин метаболизміне ықпал етеді. Азитромицин мен циклоспоринді бір уақытта қабылдағанда ықтимал өзара әрекеттесуге фармакокинетикалық және клиникалық зерттеулер жүргізілмегендіктен бұл дәрілерді бір уақытта қабылдау тағайындалғанға дейін емдік жағдайда мұқият саралау керек. Егер біріктірілген ем мақұлданған деп есептелсе циклоспорин деңгейлеріне мұқият мониторинг жүргізу және тиісінше дозаны реттеу қажет.

Эфавиренц. Азитромициннің бір реттік дозасын 600 мг және 400 мг эфавиренцпен 7 күн бойы күнделікті бір уақытта қолдану қандай да бір клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық әрекеттесулер туындатпады.

Флуконазол. Азитромициннің бір реттік 1200 мг дозасын бір уақытта қолдану флуконазолдың бір реттік 800 мг дозасы фармакокинетикасының өзгеруіне әкелмеді. Азитромициннің жалпы экспозиция және жартылай шығарылу кезеңі флуконазолмен бір уақытта қолданғанда өзгермеді, алайда азитромициннің клиникалық тұрғыдан елеусіз төмендеуі Cmax (18 %) байқалды.

Индинавир. Азитромициннің бір реттік 1200 мг дозасын бір уақытта қолдану 5 күн бойы әулігіне 3 рет 800 мг дозада тағайындалатын индинавир фармакокинетикасына статистикалық тұрғыдан нақты ықпалын туындатпады.

Метилпреднизолон. Препаратты азитромицинмен бір уақытта қабылдау метилпреднизолон фармакокинетикасына елеулі ықпал етпеді.

Мидазолам. Азитромицинді бір уақытта қолдану мидазолам фармакокинетикасының және фармакодинамикасының клиникалық тұрғыдан маңызды өзгерістерін туындатпады.

Нелфинавир. Азитромицин (1200 мг) мен нелфинавирді тепе-тең концентрацияларда (тәулігіне 3 рет 750 мг) бір уақытта қолдану азитромицин концентрациясының жоғарылауына әкеледі. Клиникалық тұрғыдан елеулі жағымсыз құбылыстар байқалмады, тиісінше, дозаны түзету қажеттілігі жоқ.

Рифабутин. Азитромицин мен рифабутинді бір мезгілде қолдану бұл препараттардың қан сарысуындағы концентрациясына ықпал етпеді. Азитромицин мен рифабутинді бір мезгілде қолданғанда нейтропения байқалды.

Терфенадин. Фармакокинетикалық зерттеулерде азитромицин мен терфенадин арасындағы өзара әрекеттесулер туралы хабарланбады. Кейбір жағдайларда мұндай өзара әрекеттесу ықтималдығын толығымен жоққа шығаруға болмайды; алайда мұндай өзара әрекеттесудің болғаны туралы деректер жоқ.

Теофиллин. Азитромицин мен теофиллинді бір уақытта қолдану кезінде клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық әрекеттесу туралы деректер жоқ.

Триазолам. 0,125 мг триазоламмен бірінші күні азитромициннің 500 мг және екінші күні 250 мг бір уақытта қолдану триазоламмен және плацебомен салыстырғанда триазоламның барлық фармакокинетикалық көрсеткіштеріне елеулі ықпал етпеді.

Айрықша нұсқаулар

Аллергиялық реакциялар. Эритромицинмен және басқа да макролидтік антибиотиктермен болатындай, ангионевроздық ісінуді және анафилаксияны (жекелеген жағдайларда – өліммен аяқталған) қоса, сирек күрделі аллергиялық реакциялар туралы хабарланды. Азитромициннен туындаған бұл реакциялардың кейбіреулері қайталанған симптомдар туындатты және ұзағырақ қадағалауды және емдеуді қажет етті.

Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр азитромициннің негізгі шығарылу жолы болып табылатындықтан азитромицинді күрделі бауыр аурулары бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Азитромицин қабылдағанда өмірге қауіп төндіретін бауыр функциясының бұзылуына себепші болатын фульминантты гепатит жағдайлары туралы хабарланды. Кейбір пациенттердің анамнезінде бауыр аурулары болған немесе басқа гепатоуытты дәрілік заттар қолданған болуы мүмкін.

Бауыр дисфункциясының белгілері мен симптомдары, мысалы, жылдам дамитын және сарғаюмен, қарайған несеппен, қан кетуге бейімділікпен немесе бауыр энцефалопатиясымен қатар жүретін астения дамыған жағдайда бауыр функциясына талдау/сынама жүргізу қажет.

Бауыр функциясының бұзылуы анықталған жағдайда азитромицин қолдануды тоқтату керек.

Препараттың құрамында лактоза бар, мұны лактаза жеткіліксіздігі, галактоземиясы немесе глюкоза/галактоза сіңірілуінің бұзылу синдромы бар пациенттерге ескеру керек.

Қастауыш. Қастауыш туындыларын қабылдайтын пациенттерде макролидтік антибиотиктерді бір уақытта қолдану эрготизмнің жылдам дамуына ықпал етеді. Қастауыш пен азитромицин арасындағы өзара әрекеттесу ықтималдығы туралы деректер жоқ. Алайда эрготизмнің теориялық ықтималдығына байланысты азитромицинді қастауыш туындыларымен бір уақытта тағайындамаған жөн.

Суперинфекциялар. Басқа антибиотиктермен болатындай зеңдерді қоса, сезімтал емес организмдер туындатқан суперинфекциялардың белгілеріне қатысты қадағалау жүргізу ұсынылады.

Азитромицинді қоса барлық дерлік бактерияға қарсы препараттарды қабылдағанда күрделілігі айқындығы әлсіз диареядан өліммен аяқталған колитке дейін ауытқыған Сlostridium difficile-астасқан диарея (CDAD) туралы хабарланды. Бактерияға қарсы препараттармен емдеу тоқ ішектегі қалыпты флораны өзгертеді, бұл С. difficіle шамадан тыс өсуіне әкеледі.

С. difficіle А және В токсиндерін өндіреді, олар CDAD дамуына ықпал етеді. Токсиндерді өте көп өндіретін С. difficіle штаммдары ауру және өлім деңгейінің жоғарылау себебі болып табылады, өйткені бұл инфекциялар микробқа қарсы емге төзімді болуы және колэктомия жүргізуді қажет етуі мүмкін. Антибиотиктер қолданудан туындаған диареясы бар барлық пациенттерде CDAD даму ықтималдығын қарастыру қажет. Ауру тарихын мұқият жүргізу керек, өйткені, хабарланғандай, CDAD бактерияға қарсы препараттарды қабылдаудан кейін 2 айдан соң байқалуы мүмкін.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Күрделі бүйрек дисфункциясы (шумақтық сүзіліс жылдамдығы <10 мл/мин) бар пациенттерде азитромициннің жүйелі экспозициясының 33 % ұлғаюы байқалды.

Жүрек аритмиясының және қарыншалар жыпылықтауы-дірілдеуінің (torsade de pointes) даму қаупін жоғарылатқан жүрек реполяризациясы мен QT аралығының ұзаруы басқа макролидтік антибиотиктермен емдеу кезінде байқалды. Азитромициннің осындай әсерін ұзарған жүрек реполяризациясының жоғары қаупі бар пациенттерде толығымен жоққа шығаруға болмайды, сондықтан препаратты төмендегідей пациенттерге сақтықпен тағайындау керек:

  • QT аралығының туа біткен немесе тіркелген ұзаруы бар;

  • QT аралығын ұлғайтатыны белгілі басқа белсенді заттармен қазір емделіп жүргендер, мысалы, ІА (квинидин және прокаинамид) және ІІІ (дофетилид, амиодарон және соталол) классты аритмияға қарсы препараттар, цизаприд және терфенадин, пимозид сияқты нейролептикалық дәрілер; циталопрам сияқты антидепрессанттар, сондай-ақ моксифлоксацин және левофлоксацин сияқты фторхинолондар;

  • электролиттік алмасу бұзылыстары бар, әсіресе гипокалиемия және гипомагниемия болғанда;

  • клиникалық тұрғыдан релевантты брадикардиясы, жүрек аритмиясы немесе ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар.

Миастения гравис. Миастения гравис симптомдарының өршуі туралы немесе азитромицинмен ем алатын пациенттерде миастениялық синдромның жаңадан дамуы туралы хабарланды.

Стрептококктық инфекциялар. Азитромицин жалпы алғанда ауыз жұтқыншақтың стрептококктық инфекциясын емдеуде тиімді, ревматизмдік шабуылдың профилактикасына қатысты азитромициннің тиімділігін көрсететін ешқандай деректер жоқ. Анаэробты белсенділікке ие микробқа қарсы препаратты, егер анаэробты микроорганизмдер инфекцияның дамуын туындататыны болжамдалса, азитромицинмен біріктірілімде қабылдау қажет.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Азитромициннің автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс істеу қабілетін нашарлатуы мүмкін екені туралы дәлелдер жоқ, бірақ бас айналуы, ұйқышылдық, көрудің нашарлауы сияқты жағымсыз реакциялардың даму ықтималдығын ескеру керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: азитромицинді клиникалық қолдану тәжірибесі ұсынылғаннан жоғары дозаларды қабылдау кезінде дамитын жағымсыз әсерлер әдеттегі емдік дозаларды қолданғанда байқалатындарға ұқсас, атап айтқанда: оларға диарея, жүрек айнуы, құсу, қайталанған естімей қалу кіруі мүмкін екенін растайды.

Емі: артық дозалану жағдайында, қажет болса, белсенділендірілген көмір қабылдау және жалпы симптоматикалық және демеуші ем шараларын жүргізу ұсынылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

3 немесе 6 таблеткадан поливинилхлорид үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

1 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекетік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде 30оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Жарамдылық мерзімі

3 жыл

Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Lincoln Pharmaceuticals Limited, Үндістан

Тіркеу куәлігінің иесі

Lincoln Pharmaceuticals Limited, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

Greenlife Biosciences Private Limited, Қазақстан, Алматы қ., Амангелді к-сі,

49А үй,

тел.: +77272675182

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:

Greenlife Biosciences Private Limited, Қазақстан, Алматы қ., Амангелді к-сі,

49А үй,

тел.: +77272675182

Прикрепленные файлы

Азитремис_каз.doc 0.13 кб
Азитремис.doc 0.09 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту